Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.11.09 № 1179 Қаулысымен.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 18 қыркүйектегі
N 857 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру
тұжырымдамасы 1. Кіріспе
Мемлекет басшысы ел халқына жыл сайынғы жолдауларында мемлекеттік басқару органдарының жеке кәсіпкерлікпен қарым-қатынастарының сапалы жаңа үлгісін қалыптастыру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмысының маңызды бағытын атап өтеді, кәсіпкерлерді қорғау деңгейін арттыру, әкімшілік тосқауылдарды жою, шағын және орта бизнес үшін бизнес-климатты жақсарту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу міндеттерін қояды.
Қазақстанның қазіргі даму кезеңі экономикалық дамудың жоғарғы қарқынымен сипатталады. 2007 жылы ел экономикасының өсу қарқыны 8,5%-ды құрады, тұтастай алғанда 2001 жылдан бастап экономика орта есеппен жылына 10% өсті. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі бойынша міндеттерді іске асыруда және елді индустрияландыруда жеке кәсіпкерлік субъектілері маңызды рөл атқарады.
Сонымен бірге сандық өсумен қатар терең сапалық өзгерістер болып жатыр, бұлар төтенше жағдайлардың туындау қаупінің елеулі түрде өсуіне жиі алып келеді.
Қазіргі таңда республикадағы өрттердің жалпы саны барлық төтенше табиғи және техногендік авариялардың жартысынан астамын, ал олардан келетін материалдық шығын олардың сексен пайыздан астамын құрайды. Қазақстан Республикасында жыл сайын 19 мыңнан астам өрт тіркеледі, материалдық шығын 3-4 млрд. теңгеге артық, өрттерде бір мыңнан астам адам қаза тауып, түрлі дәрежедегі ауыр жарақат алады.
Өрттердің туындау қаупін тудыруға басты себеп тозған жабдықты пайдалану, технологиялық және өндірістік тәртіптің төмендігі, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау, ведомствоішілік және өндірістік бақылаудың төмендігі, жұмысшылар мен инженерлік-техникалық жұмыскерлердің біліктілігінің төмендігі, республикаға тозығы жеткен және ескірген жабдықты әкелу болып табылады.
Халықтың басым бөлігі өрттердің шынайы қаупі туралы ойланбайды, мұның нәтижесінде өрт кәсіпкерлердің көпшілігі үшін күмәнді оқиға болып көрініп, соның салдарынан олар өрттен қорғау талаптарын орындамайды.
Сонымен қатар өрттен кейін зардап шеккен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тек шамалы бөлігі ғана оның салдарын бастан өткеріп, өзінің күнелтуін жалғастырады, ал көптеген ұйымдар жабылады.
Экономикалық дамудың нарықтық үлгісіне көшу, мемлекеттік басқару жүйесінің күрделі реформасы өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесінің рөлі мен орнын қайта ойластыруды талап етеді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түбегейлі өзге тәсілін қалыптастыруға, мемлекеттік өрт бақылау жүйесін өскелең уақыт талаптарына сәйкес келтіруге аса қажеттілік туындап отыр.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру тұжырымдамасында (бұдан әрі - Тұжырымдама) өрттердің алдын алу, олардан келетін материалдық шығындарды төмендету саласындағы қызметті одан әрі дамыту бойынша негізгі идеялар баяндалған.
Республикадағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін өрттердің алдын алу мен олардан келетін шығынды төмендетуге бағытталған жиынтық экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, ғылыми-техникалық және құқықтық шараларды қабылдау қажет.
2. Халықаралық тәжірибе
Еуропа, Америка Құрама Штаттары және Канада елдерінде сақтандыру ұйымдарының дамыған желісінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын өрт қауіп-қатерлерін бағалаудың әдістемелері бар. Бұл елдерде сақтандырылмаған объектіде өрт болған жағдайда өртке қарсы қызметке оны сөндіргені үшін шығындарды өтеу сомалары сақтандыру төлемдерінің мөлшерінен елеулі түрде асып түсетін болғандықтан, өрттен сақтандыру азаматтар мен кәсіпкерлер үшін міндетті болып табылады. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында Азаматтық қорғаныс, халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру тұжырымдамасы әзірленді. Көрсетілген құжатта қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруды енгізу көзделген.
Қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүзеге асыру тетіктерін практикалық сынақтан өткізу экперимент ретінде Краснодар өңірінің, Владимир, Волгоград, Нижегородск облыстарының аумақтарында орналасқан "Лукойл" ашық акционерлік қоғамының ведомстволық бағынысты компанияларында (420 объектіде) жүргізілді. Осыған ұқсас тәжірибе Удмурт Республикасында және Хакасия Республикасында, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өңірлік деңгейде жүргізілуде.
ТМД-ның басқа елдерінің аумағында бұған ұқсас жүйелер жоқ.
3. Ө рт қ ауіпсіздігі саласында ғ ы мемлекеттік
ба қ ылау ж ү йесіні ң қ азіргі жай-к ү йі
Елді мекендерді салу кезінде қала құрылысы нормаларын сақтамау, өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамай ғимараттар мен құрылыстарды (әсіресе, тұрғын үйлерді) қайта жабдықтау, қайта жаңарту, техникалық қайта жарақтандыру, өртке қарсы су құбырларын техникалық ақаусыз күйге келтіру шараларын қолданбау, ғимараттарды салу және өңдеу кезінде жанғыш және уытты материалдарды пайдалану өрттердің құбандары мен олардан келетін материалдық шығын санын арттырады.
Өрттердің көбеюі және олардан болатын салдардың - тікелей және жанама шығындардың ұлғаюы, адамдардың өлімі мемлекеттік органдардың, коммерциялық ұйымдардың қызметін жетілдіруге арналған жаңа әдістерді іздеуге мәжбүр етеді.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жүзеге асыратын өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы мақсатында жүргізілетін тексерістер түрінде орындалады.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік өрт бақылауы 92700 шаруашылық жүргізу субъектілерінде жүзеге асырылады және бақыланатын объектілер саны жыл сайын артып отырады. Сондай-ақ бақылау қызметкерлерінің саны соңғы бес жыл ішінде өзгеріссіз қалып отыр және бір мың адамнан аспайды.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлері тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі республикада жаңа объектілерді салу, қолданыстағы объектілерді қайта жаңарту және пайдалану кезінде өртке қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету қиындығын тудырып отыр.
Өрттердің алдын алу және өрт бақылауын жүзеге асыру проблемасы мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық пен қызметтік жағдайын теріс пайдалану фактілерімен шиеленісіп отыр.
Мемлекеттік деңгейдегі мұндай келеңсіз құбылыстардың алдын алу ретінде мемлекеттік бақылауды өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерді бағалау жөніндегі тәуелсіз сарапшылардың қызметімен ішінара ауыстыруға және өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау негізінде жеке кәсіпкерлік субъектілерін өрт болған жағдайдағы шығыннан сақтандырған кезде мемлекеттік органның олардың өртке қарсы жай-күйін жоспарлы тексеруді толығымен алып тастауға болады.
"Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының 6-бабына сәйкес өрт шығынынан сақтандыру сияқты мұндай сақтандыру сыныбы бар, алайда сақтандыру ұйымдарында өрттердің туындау мүмкіндігін сандық бағалаудың ғылыми негізделген әдістемесі, сондай-ақ мамандандырылған сараптау ұйымдары жоқ.
4. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құрудың мақсаттары мен міндеттері
1. Тұжырымдаманың негізгі мақсаттары халықты, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлкінің қауіпсіздік жай-күйін бағалау саласына мемлекеттік бақылау органдарымен қатар тәуелсіз сараптау ұйымдары мен қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жөніндегі сарапшыларды қосу жолымен оларды қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік өрт бақылау органдары жүзеге асыратын тексерістердің санын қысқарту есебінен, сондай-ақ бақылау қызметінің нысандары мен әдістерін өзгерту есебінен қорғау объектілеріне әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
2. Көрсетілген мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттерді шешуге тура келеді:
1) кәсіпкерлік қызмет субъектілерін мемлекеттік бақылау органы қызмет көрсететін саладан шығару нәтижесінде оларға әкімшілік жүктемені төмендету;
2) мемлекеттік өрт бақылау органдарын адамдар жаппай жиналатын
объектілерді (мәдени ойын-сауық, көңіл көтеретін, спорттық, сауда
мақсатындағы, емдеу мекемелері мен бір мезгілде 100 және одан астам адам жиналатын оқу орындары), тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін
(пайдалануды тоқтату (тоқтата тұру) елді мекендер мен аумақтардың
әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары қызметінің бұзылуына әкеп
соқтыратын денсаулық сақтау, телекоммуникациялар, байланыс, газбен,
электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, өндіріс және тұтыну
қалдықтарын жинау және пайдаға асыру) және мемлекеттік меншік
объектілерін тексеруді қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді жүргізуден босату;
3) сақтандыру алымдарының сомасын тағайындау кезінде қауіп-қатерлерді бағалау нәтижелерін есепке алу және объектіні өрттен қорғау деңгейіне байланысты оларды саралау;
4) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, осы қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу;
5) қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалаудың әдіснамалық және құқықтық негіздерін жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу.
5. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру қағидаттары
Өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құрудың негізін қалаушы қағидаттар:
1) еріктілік;
2) қауіп-қатерлерді бағалау жүргізу нәтижелеріне қызығушылық танытқан, мұндай бағалау рәсімдерін мойындайтын және орындайтын әр түрлі ұйымдардың қатысуы үшін жүйенің ашықтығы және сараптау ұйымдарын аккредиттеу тәртібі;
3) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің сараптау ұйымдарын олардың қауіп-қатерлерді бағалау саласындағы жұмысты орындауға құзыреттілігі мәніне аккредиттеуі;
4) сараптау ұйымдары мен сарапшылардың қауіп-қатерлерді бағалау жүргізілетін объектілерден тәуелсіз болуы;
5) қауіп-қатерлерді бағалауды әр түрлі объектілердің (жобалау, салу, пайдалану және пайдаға асыру) тіршілік циклының барлық сатысында жүргізу;
6) мемлекеттік өрт бақылау органдарының қауіп-қатерлерді бағалау бойынша сараптау қорытындыларын мойындауы және мұндай бағалау негізінде өрт нәтижесінде болатын шығыннан сақтандырылған объектілерді бақылау жөніндегі іс-шаралар жоспарларына қоспау болып табылады.
6. Тұжырымдаманың мақсаттарына жету және міндеттерін орындау жөніндегі шаралар
Кәсіпкерлерді қорғау деңгейін арттыру, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік тосқауылдарды жою және бизнес-климатты жақсарту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік басқару органдарының жеке кәсіпкерлікпен қарым-қатынасының жаңа үлгісін енгізу ұсынылады.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалауға тапсырыс берушілер, оның ішінде сақтандыру және жобалау ұйымдары, белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз сараптау ұйымдары мен аттестаттаудан өткен сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік өрт бақылау органдары жүйеге қатысушылар болады.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде "Өрт қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) Қазақстан Республикасының Үкіметіне тәуелсіз сараптау ұйымдарын аккредиттеу тәртібін анықтау жөніндегі өкілеттіктерді беру, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның құзыретіне өрт шығу қауіп-қатерлерін тәуелсіз бағалау жүйесіне қатысушылар мен оның объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді жатқызу бөлігінде толықтырулар мен өзгерістер енгізу талап етіледі.
Бұдан басқа, жоғарыда көрсетілген Заңға жүргізілген қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау негізінде кәсіпкерлік субъектілерінде олар өрт болған жағдайдағы шығыннан мүлікті сақтандырған, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын объектілердің өлшемдерін анықтаған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын мемлекеттік бақылау жөніндегі жоспарлы іс-шараларды алып тастау туралы норма енгізілетін болады.
Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде мемлекеттік өрт бақылау адамдар жаппай жиналатын, тіршілікті қамтамасыз ету және мемлекеттік меншік объектілерінде міндетті түрде сақталады.
7. Қорытынды
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаңа жүйені өте жылдам енгізу шаруашылық жүргізу субъектілерінің өрт қауіпсіздігі деңгейінің нашарлауына, өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік әкімшілік ету жүйесінің қисынсыз күрделенуіне әкелуі мүмкін. Осы жүйеде көзделген әдістер мен рәсімдер іс жүзінде меңгеруді талап етеді. Бұдан басқа, осы Тұжырымдамада көзделген ұсыныстарды іске асыру мемлекеттік өрт бақылаудың жұмыс істеу негіздерін қамтиды және елеулі заңнамалық өзгерістер енгізуді талап етеді.
Осыған байланысты "Өрт қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына және өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау әдістемесін әзірлеуге бастамашылық етіледі.
Осы Тұжырымдамада көзделген ережелерді іске асыру халықты, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкін өрттердің салдарынан қорғау деңгейін арттыруға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.