Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кеден одағы комиссиясы Кедендік статистика орталығының мәртебесі туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Кеден одағы комиссиясы Кедендік статистика орталығының мәртебесі туралы хаттамаға қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 8 маусымдағы
N 844 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Кеден одағы комиссиясы Кедендік статистика орталығының мәртебесі туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімді іске асыру мақсатында
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Кеден одағы комиссиясының Кедендік статистика орталығы (бұдан әрі - Орталық) Тараптар мемлекеттерінің сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу, Тараптардың уәкілетті органдарының статистикалық қызметін үйлестіру, осы салада ақпарат алмасуды ұйымдастыруға және жалпы ұсынымдарды әзірлеуге жәрдемдесу мақсатында құрылады.
Орталық Кеден одағы комиссиясы хатшылығының (бұдан әрі - Хатшылық) құрылымдық бөлімшесі болып табылады және өзінің функцияларын Хатшылық Департаментінің құқығында жүзеге асырады.
Орталық өз қызметінде 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартты , 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Кеден одағы комиссиясының хатшылығы туралы келісімді , кеден одағы шеңберінде қабылданған өзге де халықаралық құжаттарды, сондай-ақ осы Хаттаманы басшылыққа алады.
Орталық өз қызметін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарымен өзара тығыз іс-қимылда жүзеге асырады.
2-бап
Орталықтың негізгі функциялары:
Тараптар мемлекеттерінің тауарлармен сыртқы және өзара сауда туралы статистикалық деректерінің толық және дұрыс есебін қамтамасыз ету;
Тараптар мемлекеттерінің сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасы көрсеткіштерінің жүйесін қалыптастыру;
Комиссия бекітетін Орталықтың статистикалық жұмыстар бағдарламасына сәйкес кеден одағының сыртқы және өзара саудасы жөніндегі статистикалық және ақпараттық материалдарды шығару, жариялау және Тараптардың мемлекеттік органдарына жіберу;
Тараптардың мемлекеттік органдарының сұрау салуы бойынша кеден одағының сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін ұсыну;
кеден одағына қатысушы мемлекеттер шеңберінде және үшінші елдермен саудада сыртқы және өзара сауда, экономикалық ынтымақтастықтың серпіні және үрдістері жөнінде ақпараттық және талдау материалдарын дайындау;
Тараптардың уәкілетті органдарының сыртқы сауда статистикасы және өзара сауда статистикасы саласындағы қызметін үйлестіру, деректердің салыстырмалығын қамтамасыз ететін және халықаралық ережелер мен стандарттарға негізделген сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасын жүргізудің бірыңғай әдіснамасын әзірлеу;
кеден одағының шеңберінде бірыңғай ақпараттық-статистикалық кеңістікті қалыптастыру;
кадрларды оқытуды ұйымдастыру, семинарлар және сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасын дамытуға байланысты басқа да іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша Тараптардың уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
халықаралық статистикалық ынтымақтастықты жүзеге асыру, халықаралық статистикалық ұйымдардың жұмысына қатысу;
сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасында алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды енгізуге жәрдемдесу;
Тараптардың кеден одағы шеңберінде ақпараттық технологияларды пайдалану саласындағы қызметін үйлестіру;
сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын қалыптастыру кезінде пайдаланылатын бірыңғай жіктеуіштерді енгізу болып табылады.
3-бап
Орталық өзіне жүктелген функцияларды орындау үшін:
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарынан Тараптар мемлекеттерінің сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының жалпы қорын құру үшін қажетті статистикалық ақпаратты өтеусіз негізде алуға;
Тараптар мемлекеттерінің ақпараттық жүйелерін қолдануға және Кеден одағы комиссиясы белгілеген тәртіппен өзінің дерекқорын құруға;
Кеден одағы комиссиясының тапсырмасы бойынша өз құзыретінің шеңберінде кеден одағының нормативтік және өзге де құқықтық актілерінің жобалары бойынша қорытынды беруге;
Кеден одағы комиссиясына кеден одағының құрамына енбейтін елдермен статистикалық ақпарат алмасуды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
Кеден одағы комиссиясына жұмыс топтарын құру және ол жүргізуге тиіс мәселелер бойынша кеңестер өткізу жөнінде ұсыныстар енгізуге;
Кеден одағы комиссиясының қарауына статистикалық есеп мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізуге;
Кеден одағы комиссиясының қарауына сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасын жүргізудің бірыңғай әдіснамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
Кеден одағы комиссиясының құзыретіне жатқызылған өзге мәселелер бойынша шешім қабылдауға құқығы бар.
4-бап
Тараптар арасындағы осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар ең алдымен, консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
Егер дауды даудың бір тарабы даудың екінші тарабына жіберген оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші күнінен бастап алты ай ішінде дау тараптары консультациялар және келіссөздер жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешуге қатысты басқа уағдаластық болмаған кезде, кез келген дау тарабы бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін жібере алады.
5-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Хаттамаға жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
6-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2009 жылғы "__"__________ __________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағы комиссиясының депозитарийі функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтық Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий Тараптардың әрқайсысына осы Хаттаманың расталған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін