Кеден одағының комиссиясы туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 24 маусымдағы N 45-IV Заңы

      Душанбеде 2007 жылғы 6 қазанда қол қойылған Кеден одағының комиссиясы туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н.НАЗАРБАЕВ

Кеден одағының комиссиясы туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар кеден одағының бірыңғай тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы ретінде Кеден одағының комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      Комиссияның негізгі міндеті кеден одағының жұмыс істеуі және дамуы жағдайын қамтамасыз ету болып табылады.

2-бап

      Комиссия өзінің қызметін:
      Тараптардың мемлекеттік органдары өкілеттіктерінің бір бөлігін Комиссияға ерікті түрде кезең-кезеңімен беруі;
      Тараптардың өзара пайдасы мен ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету;
      қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігі;
      ашықтық, жариялылық және әділдік принциптері негізінде жүзеге асырады.

3-бап

      Комиссия өзінің қызметін осы Шартта, Тараптар арасындағы басқа да халықаралық шарттарда, сондай-ақ кеден одағының жоғарғы органының шешімдерінде көзделген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.

4-бап

      Комиссияға әрбір Тараптан қажетті өкілеттіктер берілген үкімет басшысының орынбасары немесе үкімет мүшесі болып табылатын бір өкілден кіреді. Тараптардың өкілдері Комиссияда тұрақты негізде жұмыс істейді.
      Комиссия құрамын кеден одағының жоғарғы органы бекітеді.
      Әрбір Тараптан Комиссия мүшелерінің саны мен олардың мәртебесі кеден одағының қалыптасуы аяқталғаннан кейін өзгертілуі мүмкін.

5-бап

      Комиссияның отырыстары айына кемінде бір рет өткізіледі. Тараптардың тым болмаса бір өкілінің өтініші бойынша Комиссияның кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.
      Комиссиядағы төрағалық кеден одағының жоғарғы органы белгілеген тәртіппен кезекпен жүзеге асырылады.
      Комиссия рәсімдерінің ережесін кеден одағының жоғарғы органы бекітеді.

6-бап

      Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      кеден одағының жоғарғы органы қабылдаған шешімдерді орындайды;
      кеден одағын қалыптастыру жөніндегі халықаралық шарттардың орындалу мониторингін жүзеге асырады;
      кеден одағының қалыптастыру және оның жұмыс істеу мәселелері бойынша Тараптар үкіметтерінің қатысуымен кеден одағының жоғарғы органы үшін ұсынымдар әзірлейді;
      өзінің өкілеттіктері шегінде кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінгенге дейін дауларды кеден одағының шеңберінде реттеуде Тараптарға жәрдем көрсетеді;
      өзінің өкілеттіктері шегінде Тараптардың мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
      кеден одағын қалыптастыру жөніндегі халықаралық шарттардың депозитарийі функциясын атқарады.
      Комиссияның өз қызметінің нақты салаларындағы функцияларын жүзеге асыру тәртібі мен талаптары Тараптар арасындағы жекелеген халықаралық шарттармен белгіленеді.
      Кеден одағының және оның органдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Комиссия жекелеген мәселелер бойынша Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұсыныстарын қарау мен ұстанымдарын келісу, сондай-ақ Комиссияға тиісті ұсынымдар дайындау үшін үйлестіруші және консультативтік органдар құруға құқылы.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 № 489-ІV Заңымен.

7-бап

      Комиссия өзінің өкілеттіктері шегінде Тараптар үшін міндетті сипаты бар шешімдер қабылдайды.
      Комиссия міндетті сипаты жоқ ұсынымдарды қабылдай алады.
      Комиссияда Тараптар арасындағы дауыстар мынадай ретпен бөлінеді:
      Беларусь Республикасы - 21,5;
      Қазақстан Республикасы - 21,5;
      Ресей Федерациясы - 57.
      Шешімдер 2/3 көпшілік дауыспен қабылданады.
      Егер Тараптардың біреуі Комиссия қабылдаған шешіммен келіспеген болса, мәселе шешімді консенсуспен қабылдайтын мемлекет басшылары деңгейіндегі кеден одағының жоғарғы органының қарауына енгізіледі.
      Комиссия шешімдерді, егер бұл кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттарда көзделген болса да, консенсуспен қабылдайды.
      Кез келген Тараптың кеден одағының жоғарғы органына Комиссияның шешімін қайта қарау туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар.
      Егер шешімді қабылдау кезінде қажетті дауыс саны жиналмаған болса, Комиссия мәселені кеден одағының жоғарғы органының қарауына беруге құқылы.

8-бап

      Комиссияның міндетті сипаты бар шешімдері ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң күшіне енеді, ал жедел реттеуді талап ететін ерекше жағдайларда Комиссия шешімінде оның күшіне енуінің өзге, бірақ мұндай шешімнің ресми жарияланған күнінен бұрын емес мерзімі белгіленуі мүмкін.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.09 № 489-ІV Заңымен.

9-бап

      Комиссияның қызметін қаржыландыру Комиссиядағы Тараптарға берілген дауыстар санына тепе-теңдікте Тараптардың үлестік жарналарының есебінен жүзеге асырылады.

10-бап

      Комиссия кеден одағына мүше мемлекеттерде өзінің өкілдіктерін аша алады.
      Комиссия барлық Тараптардың аумақтарында заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады.

11-бап

      Комиссия Хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық) Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Хатшылықтың функциялары мен құрылымы, персоналының саны және лауазымды адамдарының мәртебесі Комиссияның функцияларын негізге ала отырып, Тараптар арасындағы халықаралық шарттармен белгіленеді.
      Хатшылық Комиссияның жұмысын ұйымдастыруды және оның жұмысын ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

12-бап

      Орыс тілі Комиссияның жұмыс тілі болып табылады.

13-бап

      Комиссияның орналасқан жері Мәскеу қаласы болып табылады.
      Комиссияның және оның өкілдіктерінің орналасқан мемлекетте болу жағдайлары Комиссия мен орналасқан мемлекет арасындағы жекелеген шартпен белгіленеді.

14-бап

      Осы Шартқа ескертпелер жасауға жол берілмейді.

15-бап

      Осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Шартты түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

17-бап

      Осы Шарт ратификациялауға жатады.
      Осы Шарттың күшіне енуі, одан шығу және оған қосылу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен белгіленеді.
      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Шарттың түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, депозитарийдің функциясын Комиссияға бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті депозитарий болып табылады.
      Депозитарий осы Шарттың куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жібереді.

      Беларусь Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Осымен 2007 жылғы 6 қазанда Душанбеде жасалған Кеден одағының комиссиясы туралы Шарттың қазақ тіліндегі көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
      департаментінің директоры                       Е. Бөлегенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады