Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 наурыздағы N 459 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 27 маусымдағы
N 998 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің
Үкіметі арасындағы Стандарттау, метрология және сәйкестікті
бағалау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі,
Тараптардың мемлекеттері арасындағы саудадағы техникалық кедергілерді жоюға және экономикалық қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,
стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттерінің экономикалық мүдделеріне сәйкес метрология және стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар қабылдаған принциптер мен нормаларға сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім бойынша міндеттемелерін орындау кезінде Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын басшылыққа алады.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі мен Израиль Мемлекетінің Индустрия, сауда және еңбек министрлігі уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) болып табылады.
3-бап
Тараптар стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласында осы Келісімнің, сондай-ақ қосымша келісімдердің, хаттамалардың және бағдарламалардың негізінде ынтымақтасады, олар мыналарды:
1) саудадағы техникалық кедергілерді жою және стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде халықаралық стандарттарды мемлекеттік стандарттар ретінде қабылдауды;
2) өзара келісілген шарттар негізінде экспортты немесе импортты ескере отырып, сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануға қатысты іс-қимылдарды жүзеге асыруды (сынақтар хаттамалары, калибрлеу туралы сертификаттар, сәйкестік сертификаттары);
3) стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы қызметті жүзеге асыру мақсатында Тараптардың ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды қамтиды.
4-бап
Тараптар:
1) техникалық регламенттерді, сондай-ақ стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау жөніндегі ұлттық органдардың баспа басылымдарын қоса алғанда, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы нормативтік құқықтық актілермен;
2) ұлттық стандарттардың каталогтарымен және мәтіндерімен;
3) сәйкестікті бағалау жөніндегі жалпы ақпаратпен және
жарияланымдармен;
4) стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы
ақпаратпен және тәжірибемен;
5) міндетті сертификаттауға жататын өнімдер тізбелерімен;
6) стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы персонал мен мамандардың біліктілік деңгейін арттыруға ықпал ететін оқыту бағдарламаларына қатысты мәліметтермен және материалдармен және басқа да ақпаратпен;
7) стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы келісімдерді өзара тану туралы болашақтағы ықтимал келіссөздер туралы пікірлермен алмасуды жүзеге асырады.
5-бап
1. Егер беруші Тарап олардың құпиялылығын ескертсе, Тараптар алынатын құжаттама мен осы Келісім шеңберінде жүргізілетін жұмыстар туралы және қол жеткізген ғылыми-техникалық нәтижелер туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Ынтымақтастық барысында Тараптардың бірі алатын құжаттама мен ғылыми-техникалық ақпарат осы құжаттама мен ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімімен ғана үшінші Тарапқа берілуі мүмкін.
2. Келіссөздер және ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың бірлесіп алынған нәтижелері туралы ақпарат Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша жариялануы мүмкін.
6-бап
Тараптар стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы екінші Тараптың тәжірибесін зерделеу және сарапшыларды оқыту мақсатында мамандардың және нұсқаушылардың делегацияларымен алмасу жолымен өзара іс-қимыл жасайды.
7-бап
Тараптардың біреуі мүшесі болып табылатын стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық ұйымдарға кіру кезінде Тараптар өзара қолдау көрсетеді.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.
9-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, Тараптардың осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде Тараптар дербес көтереді.
10-бап
Жеке және заңды тұлғалардың өнімдерді сертификаттық сынау жөніндегі міндеттемелері үшін Тараптар үшінші тұлғалардың алдында жауапты болмайды.
11-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес олар қабылдаған құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
12-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Кез келген мұндай түзету осы Келісімнің 13-бабында баяндалған рәсімге сәйкес күшіне енеді.
13-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың біреуінің оның әрекетін өзінің тоқтату ниеті туралы басқа Тараптан жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
Осыны куәландыру үшін төменде қол қоюшы Тараптар осы Келісімге қол қойды.
2009 жылғы "___"____________ ________________қаласында бірдей заңды күші бар, әрқайсысы қазақ, иврит және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертуі: Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні қоса беріліп отыр