Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 64-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесі бекітілсін.
2. "Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі N 363 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы "___" ________
N _______ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Республикалық бюджет жобасын әзірлеу
ЕРЕЖЕСІ 1. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджет жобасын әзірлеудің ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді және республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібін айқындайды.
2. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу процесі мынадай кезеңдерді:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын әзірлеу және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің мақұлдауын;
2) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын, бюджеттік өтінімдерді әзірлеу және оларды республикалық бюджет комиссиясында қарауды;
3) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеуді қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын әзірлеу
3. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлерінің болжамын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
4. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлерінің болжамы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып әзірленеді және:
макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын, әлеуметтік параметрлердің болжамын, Қазақстан Республикасының бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының үрдістері мен басымдықтарын;
бюджеттік параметрлердің үш жылға арналған болжамын қамтитын құжат болып табылады.
Бюджеттік параметрлердің болжамы:
Қазақстан Республикасының салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын;
мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетінің болжамдарын;
республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін қамтуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің қосымша көрсеткіштерін енгізуі мүмкін.
5. Бюджет түсімдерінің болжамды көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Бюджет түсімдерін болжау әдістемесіне сәйкес айқындалады.
6. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін айқындау мынадай кезеңдерді:
1) республикалық бюджет шығыстарының болжанатын көлемін айқындауды;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін айқындауды қамтиды.
7. Республикалық бюджет шығыстарының болжанатын көлемі:
жалпы сипаттағы трансферттердің бекітілген көлемдеріне және жалпы сипаттағы трансферттер туралы тиісті заңмен қамтылмаған олардың жылдарға арналған болжанатын көлемдеріне;
мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге;
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар мен келісімдерді орындауға;
мемлекеттік кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындауға;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервін қалыптастыруға байланысты шығыстарды бөле отырып айқындалады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің болжанатын көлемін айқындау кезінде есепті және ағымдағы қаржы жылына белгіленген резерв көлемі ескеріледі.
8. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі ағымдағы қаржы жылының 15 сәуірінен кешіктірмей мақұлдайды.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлерінің болжамы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
3. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын, бюджеттік өтінімдерді әзірлеу
10. Республикалық бюджет шығыстарын жоспарлау үшін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері:
1) стратегиялық жоспарлардың жобаларын;
2) бюджеттік өтінімдерді әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Ереженің осы тармағында көрсетілген құжаттарға нәтижелерді бағалауды жүргізген жағдайда бағалау нәтижелері қоса беріледі.
11. Мемлекеттік органдардың жоспарлы кезеңге арналған стратегиялық жоспарларының жобалары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, мақұлданған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджет параметрлерінің болжамы негізінде әзірленеді.
12. Бюджеттік бағдарламалар Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамында бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне көзделген шығыстардың бюджет қаражатының болжамды көлемі шегінде әзірленеді.
Республикалық бюджет шығыстарының болжалды көлемі осы Ереженің 7-тармағында айтылған шығыстарды шегере отырып, базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарға бөлінеді.
Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделі шығыстар, сондай-ақ бюджеттен қоса қаржыландыру жағдайында басталған (жалғасатын) бюджеттік инвестициялық жобаларға және концессиялық жобаларға арналған шығыстар базалық шығыстар болып табылады.
Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді орындауға және мемлекеттік қызмет көрсетулер тізіліміне сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге, сондай-ақ трансферттер төлеуге және мемлекеттің басқа да міндеттемелеріне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:
кейіннен жаңа бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын іске асыруға;
макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттік бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттік функциялардың, өкілеттіктердің және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көлемін кеңейтуді) көздейтін базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
13. Базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға республикалық бюджет шығыстарының көлемін Республикалық бюджет комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстары негізінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөледі.
Базалық шығыстар шығыстардың бар құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде есептелген кезекті жоспарлы кезеңнің үшінші жылына арналған болжамды көлемдерді қоса отырып, ағымдағы жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары шығыстарының бекітілген көлемі негізінде айқындалады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген елдің дамуының басымдықтарын, есепті қаржы жылының бюджеттік мониторингі нәтижелерін, есепті қаржы жылында стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есептерді, нәтижелерді бағалауды ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында бөлінеді.
14. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жаңа бастамаларға арналған шығыстарын жоспарлау қосымша бюджет қаражатын бөлу есебінен де, өткен жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекітілген осы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің базалық шығыстары қаражатын қайта бөлу есебінен де жүзеге асырылады.
15. Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша өткен жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгермейтін болса, онда осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептер жасалмайды.
Осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептер тек қана үшінші жылға жасалады.
Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша өткен жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарлама бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгеретін болса, онда осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептер жоспарлы кезеңнің жылдары бөлінісінде жасалып ұсынылады.
16. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдері түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде оларды қарайды және олар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін қорытындылар дайындайды.
17. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдердің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамына, Қазақстан Республикасының бюджеттік және басқа да заңнамасына, мемлекеттік қызмет көрсетудің қолданылып жүрген заттай нормаларына және стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды, сәйкес келмеген жағдайда стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне тиісті ескертулермен пысықтауға қайтарады.
Бюджеттік өтінім жасалуы мен ұсынылуы бойынша Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган оны қарамастан республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне қайтарады.
18. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдер қайтарылған жағдайда оларды пысықтайды және қайтарылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
19. Стратегиялық жоспарлардың жобалары мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындылары Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
Республикалық бюджет комиссиясы республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын стратегиялық жоспарлардың жобаларымен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларымен өзара байланысты қарайды және олар бойынша ұсыныстар әзірлейді.
20. Республикалық бюджет комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауға дайындаған материалдарды, жоспар кестеге сәйкес қарайды.
21. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері стратегиялық жоспарларды Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес келтіреді және ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарлардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді ұсынады.
4. Республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу
22. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы және Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері пысықтаған стратегиялық жоспарлардың жобалары негізінде республикалық бюджет жобасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
Республикалық бюджет жобасын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 1 тамызынан кешіктірмей аяқталады.
23. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджет жобасы бойынша ұсыныстары негізінде республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзірлейді және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады.
24. Республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 13-бабында көзделген бюджет құрылымына сәйкес Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 71-бабында көзделген талаптарды ескере отырып әзірленеді.
25. Республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бір мезгілде мынадай құжаттарды және материалдарды:
1) республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамын;
2) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын;
3) соңғы есеп берген күнгі мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың жай-күйі туралы деректерді;
4) республикалық бюджет жобасында енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны ұсынады.