Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі N 363 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы N 861 Жарлығымен

      Ескерту. Жарлықтың күші жойылды - ҚР Президентінің 2009.08.26. N 861 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Жарлығымен.

      Республикалық баспасөзде
жариялануға тиіс    

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексіне сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу ережелері бекітілсін.

      2. "Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 7 шілдедегі N 1401 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2007 жылғы 5 шілдедегі
N 363 Жарлығымен 
БЕКІТІЛГЕН   

Республикалық бюджет жобасын және төтенше
мемлекеттік бюджетті әзірлеу
ЕРЕЖЕЛЕРІ

      Осы Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу ережелері (бұдан әрі - Ережелер) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді, алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу тәртібін айқындайды.

1-бөлім. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспары (бұдан әрі - Орта мерзімді жоспар ), Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзімді фискалдық саясаты (бұдан әрі - Орта мерзімді фискалдық саясат ), мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламалар, Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі ахуал және республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары, өткен және ағымдағы қаржы жылдарындағы бюджеттік бағдарламалардың іске асырылу тиімділігін бағалау және республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу үшін негіз болып табылады.
      2. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:
      1) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетке түсетін түсімдердің және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін бюджетке түсетін түсімдердің болжамды көрсеткіштерін айқындау;
      2) ағымдағы бюджеттік бағдарламалар, бюджеттік даму бағдарламалары үшін шығыстардың лимиттерін айқындау;
      3) басым бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қамтитын басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесін айқындау;
      4) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерді жасауы;
      5) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарау;
      6) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы
заңның жобасын әзірлеу.

2-тарау. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық
бюджетке түсетін түсімдердің және Қазақстан
Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін бюджетке
түсетін түсімдердің болжамды көрсеткіштерін айқындау

      3. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган үш жылдық кезеңге бекітілген бюджеттік алымдар көлемін ескере отырып және үш жылға бекітілген Орта мерзімді жоспардың, Орта мерзімді фискалдық саясаттың негізінде бюджет құрылымы бойынша алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетке түсетін түсімдердің және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін бюджетке түсетін түсімдердің болжамды көрсеткіштерін айқындайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жібереді .
      4. Республикалық бюджет комиссиясы ағымдағы қаржы жылының 7 мамырына дейін алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетке түсетін түсімдердің және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін бюджетке түсетін түсімдердің болжамды көрсеткіштерін қарайды және олар жөнінде шешім қабылдайды.
      5. Республикалық бюджет комиссиясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсыныстары негізінде республиканың стратегиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген басымдықтарын ескере отырып, түсімдердің болжамды көрсеткіштері мен бюджет қаражатын жұмсаудың негізгі бағыттарын көрсете отырып, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдайды.

3-тарау. Бюджет шығыстарының лимиттерін және
басым бюджеттік бағдарламалар (ішкі бағдарламалар)
тізбесін айқындау

      6. Республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштері, бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттары, Орта мерзімді фискалдық саясатта айқындалған басқа да көрсеткіштер, республикалық бюджет тапшылығының және теріс операциялық сальдоның жол берілетін шекті мөлшері және Орта мерзімді жоспарда айқындалған басқа да макроэкономикалық көрсеткіштер, алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетке түсетін түсімдердің болжамды көрсеткіштері негізінде қалыптастырады.
      7. Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін қалыптастыру бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі негізінде жүзеге асырылады.
      Бұл ретте басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген нысанда, өткен жылғы есептік деректер мен ағымдағы жылға арналған жоспарлы көрсеткіштер көрсетілетін бюджеттік бағдарламалардан қалыптастырылады.
      Жоспарланатын кезеңнің бірінші жылында іске асырылуы басталатын, басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесіне енгізілетін бюджеттік бағдарламалар бір уақытта мынадай талаптарға жауап беруге тиіс:
      1) мемлекеттік функцияларға сәйкес келу;
      2) мемлекеттік, салалық (секторалдық), өңірлік бағдарламаларға сәйкес келу;
      3) орта мерзімді фискалдық саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келу;
      4) бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) үшін техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының оң қорытындысы болуы.
      8. Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшін бюджет шығыстарының лимиттерін есептеу кезінде:
      1) үш жылдық кезеңге белгіленген бюджеттік субвенциялардың көлемін қоса алғанда, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға арналған шығындардың жалпы көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдік берілген трансферт мөлшерін есепке алмағандағы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірістерінің көлемінен аспауға тиістігі;
      2) бекітілген заттай нормалар;
      3) ағымдағы қаржы жылының ағымдағы бюджеттік бағдарламаларының көлемі;
      4) бюджеттік шығыстарды ұлғайту немесе қысқарту бойынша Орта мерзімді фискалдық саясатта көрсетілген бағыттар;
      5) ағымдағы қаржы жылы аяқталатын ағымдағы бюджеттік бағдарламаларды алып тастау қажеттігі;
      6) басқа да қажетті шарттар ескеріледі.
      9. Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшін бюджет шығыстарының лимиттері бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісі үшін айқындалады. Шығыстардың жекелеген түрлерін жалпы лимиттерден бөліп алуға рұқсат етіледі.
      10. Бюджеттік даму бағдарламалары үшін шығыстардың лимиті республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлінбестен, тұтас айқындалады. Бюджеттік даму бағдарламалары үшін шығыстар лимитінің көлемі республикалық бюджет шығыстарының жалпы болжамды көлемі мен ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшін бюджет шығыстары лимиттерінің жалпы көлемі арасындағы айырмашылық ретінде есептеледі.
      11. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшін бюджет шығыстарының лимитін;
      бюджеттік даму бағдарламалары үшін бюджет шығыстарының лимитін;
      басым бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қамтитын басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесін Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      12. Республикалық бюджет комиссиясы ағымдағы қаржы жылының 7 мамырына дейін ағымдағы бюджеттік бағдарламалар, бюджеттік даму бағдарламалары үшін шығыстардың лимиттерін және басым бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қамтитын басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесін қарайды және мақұлдайды.
      13. Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшін шығыстардың лимиттерін және басым бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қамтитын басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, ал бюджеттік даму бағдарламалары үшін шығыстардың лимитін бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) іріктеу үшін экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жеткізеді.
      14. Экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) бойынша өтінімдерін қарау нәтижелері, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемелері негізінде және Республикалық бюджет комиссиясы айқындаған бюджеттік даму бағдарламалары үшін шығыстардың лимиттері шегінде:
      1) мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлінісінде ағымдағы қаржы жылы іске асырылатын инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) ескере отырып, бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тізбесін;
      2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялар жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады және ағымдағы қаржы жылының 20 мамырына дейін Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      15. Республикалық бюджет комиссиясы 14-тармақта көрсетілген тізбе мен ұсыныстарды қарайды, оларды қаржыландыру көзі мен тетігін және оларды іске асыруға жауапты болатын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін айқындайды.
      16. Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) мен заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялар жөніндегі ұсыныстарды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жеткізеді.

4-тарау. Республикалық бюджеттік бағдарламалар
әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерді жасауы

      17. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен:
      бірыңғай бюджеттік сыныптама;
      бюджет шығыстарының лимиттері;
      өткен қаржы жылында Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінім;
      Орта мерзімді жоспар;
      Орта мерзімді фискалдық саясат;
      басым бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қамтитын басым бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі;
      бюджеттік бағдарламалар паспорттарының жобасы;
      бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жүргізген, жоспарланатын қаржы жылына ауысатын бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау нәтижелері негізінде жасалады.
      18. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінімдерді республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 1 маусымынан кешіктірмей бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген кестеге сәйкес ұсынады.
      Республикалық бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясы қабылдаған бюджет қаражатын жұмсаудың негізгі бағыттары бойынша Республикалық бюджет комиссиясы республикалық бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдағаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде бюджеттік өтінімді бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
      19. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне берілетін нысаналы трансферттерді және бюджеттік кредиттерді қаржыландыруды жүзеге асыратын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бөлінісінде осы бюджеттік бағдарламалар бойынша негізделген есептеулерді ұсынады.

5-тарау. Республикалық бюджеттік бағдарламалар
әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарау

      20. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін олардың осы Ережеде және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкестігі мәніне қарайды;
      2) бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджеттің жобасына енгізу үшін бюджетті жоспарлау сатысында бағалауды жүргізеді;
      3) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бойынша қорытынды дайындайды;
      4) облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемі жөнінде ұсыныс дайындайды.
      21. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бойынша қорытындының нысанын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
      22. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның олар бойынша қорытындылары, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемі жөніндегі ұсынысы ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесінен бастап Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
      23. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері Республикалық бюджет комиссиясының қарауына екі кезеңмен енгізілуі мүмкін.
      Бірінші кезеңде ағымдағы бюджеттік бағдарламалар енгізіледі. Бұл ретте ағымдағы бюджеттік бағдарламалар жаңа әрі қосымша бюджет қаражатын талап ететін, жеке қаралатын бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, Республикалық бюджет комиссиясында республикалық бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшілері бойынша тұтастай қаралады.
      Екінші кезеңде бюджеттік даму бағдарламалары енгізіледі.
      Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік өтінімдерді экономиканың салалары бойынша қарау тәртібін белгілеуі мүмкін.
      24. Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарау кестесін Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайды.
      25. Республикалық бюджет комиссиясы енгізілген республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларын, сондай-ақ облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемі жөніндегі ұсынысты қарайды және ағымдағы қаржы жылының 27 шілдесіне дейін олар жөнінде шешім қабылдайды.
      Республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік өтінімдерді қарайды, олар бойынша қорытындылар дайындайды және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік өтінімдерді табыс еткеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде шешім қабылдау үшін оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      26. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мен республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
      27. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілікті шешім қабылдағаннан кейін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қосымша өтінімдер ұсынуға құқығы жоқ.
      28. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері республикалық бюджеттік бағдарламалар паспорттарының жобаларын және шығыстардың есептеулерін Республикалық бюджет комиссиясының шешімдеріне сәйкес келтіреді және ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
      Республикалық бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері республикалық бюджеттік бағдарламалар паспорттарының жобаларын және бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша шығыстар есептеулерін Республикалық бюджет комиссиясының шешімдеріне сәйкес келтіреді және Республикалық бюджет комиссиясы шешім қабылдағаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.

6-тарау. Алдағы қаржы жылына арналған
республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзірлеу

      29. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясы қабылдаған шешімдер негізінде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасын қарау және айқындау жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың 1 тамызынан кешіктірмей аяқталады.
      Республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясы қабылдаған шешімдер негізінде Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысынан кейін 5 жұмыс күні ішінде нақтылайтын республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      30. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасы негізінде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын жасайды және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады.
      Республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының нақтыланған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасы бойынша шешімі негізінде 10 жұмыс күні ішінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады.
      31. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізеді.

2-бөлім. Төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу

7-тарау. Жалпы ережелер

      32. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу не Қазақстан Республикасының бірнеше өңірінің аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығы төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу үшін негіз болып табылады.
      33. Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және жергілікті бюджеттердің негізінде қалыптастырылады.

8-тарау. Төтенше мемлекеттік бюджет жобасын әзірлеу

      34. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше немесе соғыс жағдайын енгізген кезде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы Жарлығы қабылданған күнгі жағдай бойынша республикалық және жергілікті бюджеттердің бекітілген, нақтыланған, түзетілген көрсеткіштерін және олардың кассалық атқарылуын ұсынады.
      35. Тиісті мемлекеттік органдар төтенше немесе соғыс жағдайы әрекет ететін кезеңде жүзеге асырылатын іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.
      36. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган төтенше немесе соғыс жағдайының іс-шараларын қаржыландыру үшін бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлемін, сондай-ақ қаржыландырылуы бюджет қаражатын қайта бөлу мақсатында тоқтатыла тұратын республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың тізбесін жасайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      37. 36-тармақта көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тізбелері мен көлемін Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдағаннан кейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы Жарлығының жобасын жасайды. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы Жарлығының жобасына:
      1) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттік бюджет;
      2) төтенше мемлекеттік бюджет құрамына енгізілген және төтенше немесе соғыс жағдайының іс-шараларын қаржыландыруға қажеттілікті ескере отырып түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштері қоса беріледі.
      38. Егер Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы Жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы Жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады