Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың
айналымын мемлекеттік реттеу туралы
Осы Заң мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін: бензинді, авиациялық және дизель отынын, мазутты өндіру мен олардың айналымы процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобильге жанармай құю станциясы - мұнай өнімдерін сақтауды және бөлшек саудада сатуды қамтамасыз ететін жабдықпен жарақтандырылған мынадай үлгідегі технологиялық кешен:
тұрақты үлгідегі - отын тарату бағаналары арқылы көлік құралдарына мұнай өнімдерін құюға арналған;
контейнерлік үлгідегі - технологиялық жүйесі біртұтас зауыт бұйымы ретінде орындалған мұнай өнімдерін сақтайтын контейнерге отын тарату бағаналарының орналасуымен сипатталатын мұнай өнімдерін сақтауға арналған резервуарлары жер үстінде орналасқан;
көшпелі үлгідегі - автомобиль шанағына, тіркемеге, жартылай тіркемеге орнатылған, біртұтас зауыт бұйымы ретінде орындалған ұтқыр технологиялық жүйе;
2) аккредиттеу - мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органның мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерді осы Заңның талаптарына сәйкес деп ресми тану рәсімі;
3) баға туралы ақпараттың ресми көздері - шикі мұнайға және (немесе) газ конденсаты мен мұнай өнімдеріне арналған нарықтық баға туралы ақпараттың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көздері;
4) есепке алудың бақылау аспаптары - мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға мұнай өнімдерін сатып алу, сақтау, сату, жөнелту көлемі туралы ақпаратты автоматтандырылған түрде беруді қамтамасыз ететін, мұнай өнімдерін көшпелі үлгідегі автомобильге май құю станцияларынан сататын мұнай өнімдерін бөлшектеп сатушыларды қоспағанда, мұнай өнімдерін өндірушілерде, мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада сатушыларда орнатылған есепке алу аспаптары;
5) бірыңғай дерекқор - өз құзыреті шегінде мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ақпараты негізінде жасалатын мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі электрондық дерекқор;
6) дербес сәйкестендіру нөмір-коды - мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндірушілерге, көтерме саудада берушілерге және Қазақстан Республикасында шығарылатын немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды еркін айналыс үшін шығарудың кедендік режимімен әкелінетін мұнай өнімдерінің әрбір атауына берілетін, ілеспе жүк құжатта және мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияда мұнай өнімінің түрін (маркасын) көрсету үшін қажетті тұрақты сәйкестендіру нөмірі;
7) инвестициялық бағдарлама - экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде мұнай өнімдерінің бағасына әсер ететін инвестициялық құрауыштарды қамтитын, жоспарланып отырған техникалық-экономикалық әсерді алу мақсатында мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік қуаттарын құруға, қолда барларын жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталған қаражат салудың және оны қайтарудың белгілі бір кезеңге арналған бағдарламасы;
8) камералдық бақылау - мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияларды, ілеспе жүк құжаттарды және есепке алудың бақылау аспаптарының деректерін салыстырмалы талдау негізінде мұнай өнімдері айналымы саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын бақылау;
9) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші - жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан аз шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші;
10) компаундирлеу - белгіленген сападағы мұнай өнімін алу мақсатында екі немесе бірнеше құрамдауышты араластыру;
11) кондициялық емес мұнай өнімі - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін мұнай өнімі;
12) мұнай беруші - өз бетімен өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, импортталған немесе жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге осы Заңмен белгіленген шарттарда беретін тұлға;
13) мұнай өнімдері - өндірілуі мен айналымы осы Заңға сәйкес реттелетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері: бензин, авиациялық және дизель отыны, мазут;
14) мұнай өнімдерінің базасы - мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тиеуге және сатуға арналған технологиялық жабдықты, резервуарлық паркті, техникалық құрылғылар мен коммуникацияларды қамтитын, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін ғимараттар мен құрылыстар кешені;
15) мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушы - мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын тұлға;
16) мұнай өнімдерін бөлшек саудада сату - мұнай өнімдерін одан әрі сату мақсатынсыз, өз мұқтаждары үшін жеке және заңды тұлғаларға сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
17) мұнай өнімдерін көтерме беруші - мұнай өнімдерін көтерме саудада сатуды жүзеге асыратын тұлға;
18) мұнай өнімдерін көтерме саудада сату - мұнай өнімдерін өндірушілердің және (немесе) мұнай берушілердің мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушыларға, сондай-ақ мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерге мұнай өнімдерін сату кезінде мұнай өнімдерін сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
19) мұнай өнімдерін өндіру - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес мұнай өнімдерін алуды қамтамасыз ететін шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу жөніндегі, сондай-ақ компаундирлеу жөніндегі жұмыстар кешені;
20) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган - мұнай өнімдерін өндіруді мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
21) мұнай өнімдерін өндіруші - мұнай-газ өңдеу өндірістерін пайдалануға лицензиясы, өндіріс паспорты бар тұлға;
22) мұнай өнімдерінің айналымы - мұнай өнімдерін сатып алу, сақтау, көтерме және бөлшек саудада сату, жөнелту, тасымалдау, олардың экспорты мен импорты;
23) мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган - мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
24) мұнай өңдеу жоспары - мұнай өнімдерін өндіруші өзінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес күнтізбелік жыл ішінде ай сайын өңдеуге міндетті шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін көлемі;
25) мұнай өнімдерін беру жоспары - бөлшек саудада сату бағасына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдеріне қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдеріне облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ай сайынғы қажеттілігінің мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін көлемі;
26) өндіріс паспорты - мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік қуаттарының көрсеткіштерін, оның негізгі сипаттамаларын көрсететін, өндірістің технологиялық процесінде сақтау үшін қолда бар жабдықтың пайдаланылуын регламенттейтін белгіленген нысандағы құжат;
27) хабарлама - мұнай өнімдерін өндірушіге, көтерме немесе бөлшек саудада сатушыға мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган жіберген Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымы саласындағы нормативтік құқықтық актілерін орындау қажеттілігі туралы жазбаша хабар;
28) ілеспе жүкқұжат - жөнелтушіден алушыға дейін бүкіл жүру жолында мұнай өнімдерінің қозғалысын бақылауға арналған, мұнай өнімдерін босату және қабылдап алу жөніндегі операцияларды ресімдеу үшін қажетті бірегейлендірілген құжат.
2-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіруді
және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы
заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен осы Заңға сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етеді және мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымы саласындағы қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заңның ережелері:
1) жеке және заңды тұлғалар мұнай өнімдерін кәсіпкерлік қызмет мақсаты үшін емес сату кезінде туындайтын;
2) жұмылдыру дайындығы және мемлекеттің қорғаныс мұқтаждығы шеңберінде туындайтын мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
4-бап. Мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын
мемлекеттік реттеу
1. Мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу:
1) Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылар үшін шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын беру кестелерін бекіту;
2) мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін беру жоспарларын бекіту;
3) мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерді аккредиттеу;
4) мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада сатуды жүзеге асыру кезіндегі шарттар мен шектеулерді белгілеу;
5) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы техникалық реттеу;
6) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
7) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасын белгілеу;
8) мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымының мониторингін жүзеге асыру;
9) Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымын реттеу бөлігіндегі халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы мәселелерін реттеуге уәкілетті шетел мемлекеттерінің органдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру жолымен жүзеге асырылады.
5-бап. Мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын
мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен міндеттері
1. Мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу мақсаттары Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нарық субъектілерінің сапалы және қоршаған орта мен халықтың денсаулығы үшін қауіпсіз мұнай өнімдеріне қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.
2. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеудің міндеттері мыналар:
1) адамның өмірі мен денсаулығын сақтау және қоршаған ортаны қорғау;
2) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау, оның ішінде мұнай өнімдерінің заңсыз өндірілуі мен айналымын болдырмайтын жағдайлар жасау;
3) Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерінің сапасын арттыру;
4) мұнай өнімдерін өндірушілердің өңдеу қуаттарын уақтылы жаңғыртуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау болып табылады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерді аккредиттеуді жүргізу тәртібін бекітеді;
3) инвестициялық бағдарламаларды әзірлеу, бекіту және келісу, сондай-ақ уәкілетті органдарға олардың іске асырылуы туралы есептілікті ұсыну тәртібін бекітеді;
4) бағалар туралы ресми ақпарат көздерінің тізбесін айқындайды;
5) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
6) бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасын айқындау тәртібін бекітеді;
7) дербес сәйкестендіру нөмір-кодтарын беру тәртібін бекітеді;
8) мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияларды ұсыну тәртібін бекітеді;
9) ілеспе жүк құжаттарды ресімдеу, тапсырыс беру, алу, беру, есепке алу және сақтау тәртібін бекітеді;
10) мұнай өнімдерін өндіру және сату мониторингін жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
11) мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу тәртібін бекітеді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті
органның құзыреті
Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган:
1) өндіріс паспортының нысанын айқындайды, сондай-ақ мұнай өнімдерін өндірушілерге өндіріс паспортын бекітеді және қайта бекітеді;
2) жыл сайын көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары мен жылу беру кезеңін ескере отырып, мұнай өнімдерін өндірушілердің технологиялық қондырғыларын жоспарлы алдын алу жұмыстарының кестелерін бекітеді;
3) мұнай өнімдерін өндіру мен өткізу мониторингінің тәртібін әзірлейді;
4) инвестициялық бағдарламаларды әзірлеу, бекіту және келісу, сондай-ақ уәкілетті органдарға олардың іске асырылуы туралы есептілікті ұсыну тәртібін әзірлейді;
5) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
6) қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, мұнай өнімдерін өндірушілердің инвестициялық бағдарламаларын бекітеді;
7) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;
8) жыл сайын мұнай өңдеу жоспарларын бекітеді;
9) мұнай өнімдерін беру жоспарларын бекітеді;
10) Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылар үшін мұнай өнімдерін өндірушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру кестелерін бекітеді;
11) мұнай өнімдерінің экспортына және (немесе) импортына қатысты кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қабылдау туралы ұсыныстар әзірлейді және сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға ұсынады;
12) мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерді аккредиттеуді жүргізу тәртібін әзірлейді;
13) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағаларын келіседі;
14) мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерді аккредиттеуді жүзеге асырады;
15) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексеру парақтарының, жыл сайынғы тексеру жоспарларының нысандарын әзірлейді және бекітеді;
16) шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге мұнай берушілердің қол жеткізу тәртібін әзірлейді;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
8-бап. Мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті
органның құзыреті
Мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган:
1) мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымы жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу тәртібін әзірлейді және бекітеді;
3) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу тәртібіне сәйкес бірыңғай дерекқорды жүргізуді жүзеге асырады;
4) мұнай өнімдерінің айналымына камералдық бақылауды жүзеге асырады;
5) ілеспе жүк құжаттарды ресімдеу, тапсырыс беру, алу, беру, есепке алу және сақтау тәртібін әзірлейді;
6) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне, мұнай өнімдерін өндірушілер мен импорттаушыларға мұнай өнімдерінің айналымын бақылауды жүзеге асыруға арналған дербес сәйкестендіру нөмір-кодтарын беру тәртібін әзірлейді;
7) хабарламалардың нысанын әзірлейді және бекітеді;
8) мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияларды ұсыну тәртібін әзірлейді;
9) дербес сәйкестендіру нөмір-кодтарының тізбесін бекітеді;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
9-бап. Мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымын
мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын өзге
уәкілетті органдардың құзыреті
1. Техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті орган:
1) мұнай өнімдерінің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
2. Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, мұнай өнімдерін өндірушілердің инвестициялық бағдарламаларын келісуді жүзеге асырады;
2) бағаларын мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға арналған шекті бағаны айқындау тәртібін әзірлейді;
3) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағаларын белгілейді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
3. Өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, сақтау және сату кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырады, оның ішінде мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы жұмыстарды қауіпсіз жүргізу бөлігіндегі техникалық регламенттерді әзірлейді.
4. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган:
1) облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, мұнай өнімдерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге беру үшін қажетті көлемін айқындайды;
2) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мұнай өнімдерін беру көлемі туралы ұсыныстар енгізеді;
3) ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізеді және оның нәтижелерін мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға береді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сатылатын мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі деректерді жинау мен қорытуды жүзеге асырады;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жасайды.
6. Осы бапта көрсетілген мемлекеттік органдар, сондай-ақ кеден ісі саласындағы уәкілетті орган мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымы саласындағы уәкілетті органдарға мұнай өнімдерін өндірудің және (немесе) олардың айналымының көлемі туралы мәліметтерді береді.
10-бап. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы
саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2. Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге нысандары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
11-бап. Мұнай өнімдерін өндірушілердің міндеттері
1. Мұнай өнімдерін өндірушілер:
1) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мұнай өнімдерін сатуды тең қол жетімділік және кемсітпеу шарттарында жүзеге асыруға;
2) мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыру басталғанға дейін мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органның тиісті аумақтық органына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес дербес сәйкестендіру нөмір-кодын беруге өтінім жіберуге;
3) мұнай өңдеу жоспарларын орындауға;
4) мұнай өнімдерін көтерме саудада сатуды осы Заңның талаптарын ескере отырып жүргізуге және жүзеге асыруға;
5) Қазақстан Республикасының резидент-банкінде инвестициялық бағдарламаларды қаржыландырудың арнайы шотын ашуға және инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға бағытталатын қаржы қаражатын мақсатты пайдалануды жүзеге асыруға;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес уәкілетті органдарға инвестициялық бағдарламаларды іске асыру туралы есептілікті ұсынуға;
7) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға технологиялық қондырғылардың жоспарлы-алдын алу жұмыстарын жүргізудің жылдық кестесін бекітуге ұсынуға және осы кестені сақтауға;
8) мұнай өндіру саласындағы уәкілетті органға мұнай өндіруді және сатуды мониторингілеу үшін қажетті мәліметтерді беруге;
9) мұнай берушілерге шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізудің тең жағдайларын ұсынуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген міндеттер қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерге қолданылмайды.
3. Мұнай өнімдерін өндірушілерге:
1) шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын сатуға;
2) бензин мен дизель отынын құрамында металл бар телімдерді (дизель отынына арналған антистатикалық телімдерден басқа темір, марганец, қорғасын және басқалары) пайдалана отырып өндіруді жүзеге асыруға;
3) екі және одан да көп мұнай өнімдерін өндірушілерге мұнай өнімдерін өндіру үшін бір ғана жабдықты пайдалануға;
4) сатып алынатын (қабылданатын) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының шыққан жерін растайтын құжаттар болмаған кезде мұнай берушілерден шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге сатып алуға, сондай-ақ қабылдауға;
5) авариялық жағдайды дереу болдырмау қажеттігі туындаған жағдайларды қоспағанда, мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен келіспей мұнай өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын технологиялық қондырғылардың жұмысын тоқтатуға тыйым салынады.
4. Осы баптың 3-тармағының 5) тармақшасында көзделген тыйым салу қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерге қолданылмайды.
12-бап. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы
саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін
талаптар
1. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
2. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы техникалық реттеу объектілері: бензин, авиациялық және дизель отыны, мазут, сондай-ақ олардың өмірлік цикл процестері, шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу процестері, компаундирлеу болып табылады.
3. Мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы кезінде пайдаланылатын жабдық пен техникалық құралдар техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Мұнай өнімдерін өңдеу, тасымалдау және бөлу жөніндегі объектілерді жобалау мен салу кезінде экологиялық заңнаманың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы, өрт қауіпсіздігі туралы заңнамасының талаптары сақталуға және төтенше жағдайлардың туындау қаупі ескерілуге тиіс.
13-бап. Мұнай өнімдеріне бағаларды мемлекеттік реттеу
1. Қазақстан Республикасында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында маңызды әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ елдің экономикасына елеулі ықпал ететін мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға арналған бағаларды мемлекеттік реттеу мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен белгіленуі мүмкін.
2. Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағаларын белгілейді.
3. Мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушылар мұнай өнімдерін сату кезінде бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға белгіленген шекті бағаларды асырмауға міндетті.
14-бап. Инвестициялық бағдарламаны қаржыландыруға
арналған арнайы шот
1. Мұнай өнімдерін өндіруші инвестициялық бағдарлама келісілгеннен және бекітілгеннен кейін қаражаты тек қана инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру мақсатына жұмсалатын арнайы шот ашады.
2. Мұнай өнімдерін өндірушінің негізгі қаражатқа салымдарының инвестициялық бағдарламаларда көзделген көлемі (инвестициялық құрамдастар) ағымдағы кезеңде және орташа мерзімді перспективаға реттелетін тауарлар бағаларын есептеу кезінде ескеріледі.
3. Осы баптың ережелері қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерге қолданылмайды.
15-бап. Мұнай өнімдерінің айналымын декларациялау және
камералдық бақылаудың нәтижелері
1. Мұнай өнімдерін өндіруді және (немесе) сатуды жүзеге асыратын тұлғалар мұнай өнімдері айналымы саласындағы уәкілетті органға мұнай өнімдерінің айналымы жөнінде декларация беруге міндетті.
2. Мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган айналым жөніндегі декларациялардың, ілеспе жүк құжаттардың және есепке алудың бақылау аспаптары деректерінің негізінде камералдық бақылауды жүргізеді. Көшпелі үлгідегі автомобильге май құю станцияларынан бөлшек саудада сату жүзеге асырылған жағдайда камералдық бақылау мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларациялардың және ілеспе жүк құжаттардың негізінде жүргізіледі.
3. Камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы туралы заңнамасы талаптарының орындалмауы анықталған жағдайларда он жұмыс күні ішінде мұнай өнімдерін өндірушіге, мұнай өнімдерін көтерме берушіге немесе бөлшек саудада сатушыға хабарлама тапсырылады.
Хабарламада мұнай өнімдерін өндірушінің, мұнай өнімдерін көтерме берушінің немесе бөлшек саудада сатушының тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, хабарламаның күні, хабарламаны жіберу үшін негіздеме, шағым жасау тәртібі көрсетіледі.
4. Хабарлама мұнай өнімдерін өндірушіге, мұнай өнімдерін көтерме берушіге немесе бөлшек саудада сатушыға немесе олардың өкілдеріне жеке немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен тапсырылуға тиіс.
Хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы не электрондық түрде хабарлардың кепілді түрде жеткізілуін қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы жіберілген хабарлама пошта немесе өзге де байланыс ұйымының жауабы алынған күннен бастап не хабарлама электронды түрде жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін тапсырылды деп саналады.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды мұнай өнімдерін өндіруші, мұнай өнімдерін көтерме беруші немесе бөлшек саудада сатушы ол тапсырылған (алынған) күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырады.
16-бап. Мұнай өнімдерін көтерме берушілерді аккредиттеу
1. Көтерме берушілер мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органда аккредиттеуге жатады.
2. Аккредиттелетін субъектілер мына талаптарға сай болуға:
1) меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде мұнай өнімдерінің базасына иелік етуге;
2) орнатылған есепке алудың бақылау аспаптарын иеленуге тиіс.
3. Аккредиттеу аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады және аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
4. Мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерді аккредиттеу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
17-бап. Мұнай өңдеуді мемлекеттік реттеудің ерекшеліктері
1. Қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, мұнай өнімдерін өндірушілер үшін алдағы күнтізбелік жылға арналған мұнай өңдеу жоспарын мұнай өнімдерін өндірушілер қуаттарының барынша жүктелуін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының ішкі нарығының мұнай өнімдеріне қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жыл сайын, 15 желтоқсаннан кешіктірмей мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
2. Мұнай өңдеу жоспары мұнай өнімдерін өндіруші Қазақстан Республикасының ішкі нарығында мұнай өнімдерінің болжалды тұтынылуын ескере отырып, күнтізбелік жыл ішінде мұнай өнімдерінің тиісті түрлерін өндіру үшін ай сайын өңдеуге міндетті шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының көлемін айқындайды.
3. Мұнай өңдеу жоспары көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді, сондай-ақ жылыту маусымы кезеңінде жылумен жабдықтаушы ұйымдарды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді есепке ала отырып жасалады.
4. Мұнай берушілер жыл сайын, 30 қарашадан кешіктірмей, мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана бойынша шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының жоспарланып отырған көлемін, берілу мерзімдерін және өндірілген мұнай өнімдерін беру бағыттарын көрсете отырып, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беруге алдағы күнтізбелік жылға арналған өтінімдерді жібереді.
5. Мұнай өнімдерін өндіруші мынадай:
1) мұнай берушіде сатып алынатын (қабылданатын) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының шығу тегін растайтын құжаттың болуы;
2) мұнай берушіде берілетін шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының сапасын растайтын құжаттың болуы;
3) мұнай өнімдерін беру жоспарына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағына өндірілген мұнай өнімдерін беруді көздейтін мұнай өнімдерін көтерме саудада берушімен және (немесе) бөлшек саудада сатушымен мұнай өнімдерін беруге жасалған шарттың болуы талаптары сақталған жағдайда мұнай берушілерге тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
6. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген өтінімдерді ескере отырып, уәкілетті орган мұнай берушілер үшін шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру кестесін бекітеді, онда мұнай өңдеу жоспарын қамтамасыз ету мақсатында мұнай өнімдерін өндірушілерге шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру көлемдері мен мерзімдері көрсетіледі. Шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын алдағы күнтізбелік жылға беру кестесін мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын, 15 желтоқсанға дейін бекітеді және оны бекіткен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мұнай берушілер мен мұнай өнімдерін өндірушілердің назарына жеткізеді. Мұнай берушілер шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беруді бекітілген шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру кестесіне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
7. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтарына бөлшек саудада сатуға бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай беру кестесінің және мұнай өнімдерін тұтыну болжамының негізінде жыл сайын, 15 желтоқсанға дейін алдағы күнтізбелік жылға арналған мұнай өнімдерін беру жоспарын бекітеді.
8. Мұнай берушілер бөлшек саудада сатуға бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген, шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының көлемінен өндірілген мұнай өнімдерін беруді бекітілген мұнай өнімдерін беру жоспарына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
9. Мұнай өнімдерін өндірушінің мұнай берушілермен шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу туралы шарт жасасуының шарты осы баптың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген шарттың нотариалды куәландырылған көшірмесін беру болып табылады.
10. Мұнай берушілер мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға ай сайын шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын беру кестесінің және бөлшек саудада сатуға бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерін беру жоспарының орындалуы туралы есеп береді.
18-бап. Мұнай өнімдерін сату шарттары
1. Қазақстан Республикасының аумағында құрамында металл телімдері (дизель отыны үшін антистатикалық телімдерден басқа, темір, марганец, қорғасын және басқалары) бар бензин мен дизель отынын және кондициясына жеткілмеген мұнай өнімдерін әкелуге және сатуға, оның ішінде оларды одан әрі өңдемей сақтауға тыйым салынады.
2. Мұнай өнімдерін мұнай өнімдерін өндірушілердің, мұнай өнімдерін көтерме берушілердің, мұнай өнімдері базаларынан мұнай берушілердің, сондай-ақ осы Заңның талаптарын ескере отырып, мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын тұлғалардың ғана сатуына жол беріледі.
Мұнай берушілер өздеріне тиесілі шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу процесінде өндірілген мұнай өнімдерін сатуға құқылы.
3. Мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілердің мұнай өнімдерін жөнелтуі, көтерме саудада сатуы және көшпелі үлгідегі автомобильге май құю станцияларындағы бөлшек саудада сатуды қоспағанда, мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушылардың мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуы мұнай өнімдерін міндетті түрде есепке алудың бақылау аспаптары арқылы өткізе отырып жүзеге асырылады.
4. Мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада сату кезінде, сондай-ақ мұнай өнімдерінің экспорты және импорты кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сәйкес ілеспе жүк құжаттар ресімделеді.
19-бап. Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай
өнімдерін автомобиль және/немесе темір жол
көлігімен тасымалдау шарттары
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында қауіпті жүктерді тасымалдауға қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасымалдауға рұқсат етілген көлік арқылы шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін автомобиль және/немесе темір жол көлігімен тасымалдауға жол беріледі.
2. Мұнай өнімдерін сату (жөнелту) кезінде, сондай-ақ автомобиль және/немесе темір жол көлігімен тасымалдау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде міндетті түрде ілеспе жүк құжаттар ресімделеді.
3. Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін автомобиль және/немесе темір жол көлігімен тасымалдауға байланысты құжаттар көліктің әрбір түрі үшін қауіпті жүктерді тасымалдау үшін белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
4. Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін сақтау және автомобиль және/немесе темір жол көлігімен тасымалдау құралдарының конструкциясы мен оларды пайдалану шарттары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес болуға тиіс.
20-бап. Мұнай өнімдерін көтерме саудада сату
1. Мұнай өнімдерін көтерме саудада мұнай өнімдерін өндірушілердің, мұнай берушілердің, сондай-ақ меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде мұнай өнімдерінің базасын иеленуші тұлғалардың ғана сатуына жол беріледі.
Мұнай берушілер мен мұнай өнімдерін өндірушілердің мұнай өнімдерін сатуын қоспағанда, мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілердің басқа мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілерге мұнай өнімдерін сатуды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган берген аккредиттеу туралы куәлік болған жағдайда ғана мұнай өнімдерін көтерме саудада сатуға жол беріледі.
3. Мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыратын мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілер мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыру басталғанға дейін мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органның тиісті аумақтық органына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес дербес сәйкестендіру нөмір-кодын беруге өтінім жіберуге тиісті.
4. Мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілер мұнай өнімдерін мұнай өнімдерінің базаларында ғана сақтауды жүзеге асыруға міндетті.
21-бап. Мұнай өнімдерін бөлшек саудада сату
1. Мұнай өнімдерін бөлшек саудада осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып, тұлғалардың өздеріне меншік құқығында немесе өзге заңды негіздерде тиесілі автомобильге май құю станциялары арқылы ғана сатуына жол беріледі.
2. Контейнерлік үлгідегі автомобильге май құю станцияларынан мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға тұрғындарының саны он мың адамға дейінгі елді мекендерде, сондай-ақ кенттерде, ауылдарда (селоларда) жол беріледі.
Көшпелі үлгідегі автомобильге май құю станцияларынан мұнай өнімдерін кенттерде, ауылдарда (селоларда) бөлшек саудада сатуға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу кезінде жол беріледі.
3. Автомобильге май құю станцияларын бір мезгілде екі және одан да көп мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушылардың мұнай өнімдерін бөлшек саудада сату үшін пайдалануына тыйым салынады.
4. Адам саны он мыңнан астам елді мекеннің немесе әкімшілік ауданның аумағында монополияға қарсы заңнамаға сәйкес тұлғалар тобы деп танылған бір мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушының немесе мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатушылардың нарықтық үлесі осы нарықтың жалпы көлемінің отыз бес пайызынан аса алмайды.
22-бап. Мұнай өнімдерін өндіру және сату мониторингі
1. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өнімдерін өндіру және сату мониторингін жүзеге асырады.
Мұнай өнімдерін өндіру және сату мониторингі:
1) Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдері көлемінің олардың түрлері бойынша мониторингін;
2) Қазақстан Республикасында мұнай өнімдерін сатудың, оның ішінде мұнай өнімдерінің экспорты мен импортының мониторингін;
3) Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек саудадағы бағаларының мониторингін;
4) өңірлердің мұнай өнімдеріне қажеттілігінің мониторингін қамтиды.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) жыл сайын мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында көтерме саудада сату бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін тұтыну жөніндегі болжамды ұсынады;
2) ай сайын мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында өткен айда мұнай өнімдерін сату жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
3. Мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілер мен бөлшек саудада сатушылар ай сайын аумағында мұнай өнімдерін көтерме және (немесе) бөлшек саудада сату жүзеге асырылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына мұнай өнімдерін, оның ішінде өткен айда Қазақстан Республикасының аумағына импортталған мұнай өнімдерін сату туралы мәліметтерді ұсынады.
4. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ай сайын мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасындағы мұнай өнімдерінің импорты мен экспорты туралы мәліметтерді ұсынады.
5. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өнімдерін өндіру мен сату мониторингі деректерінің негізінде:
1) Қазақстан Республикасының аумағында мұнай өнімдерін тұтыну, өндіру мен сату теңгерімінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жасайды;
2) мұнай өңдеу жоспарларын бекітеді;
3) жер қойнауын пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасы ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерін өндірушілерге шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын беру кестелерін бекітеді;
4) мұнай өнімдерін беру жоспарларын бекітеді;
5) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға арналған шекті бағаны белгілеу үшін табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар салаларында реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органға тиісті мәліметтерді жібереді.
23-бап. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары
кезеңдерінде ауыл шаруашылығы өндірушілерін және
жылыту кезеңінде жылумен жабдықтаушы ұйымдарды
мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге байланысты
мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеудің
ерекшеліктері
1. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган жыл сайын облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, межелі ауыл шаруашылығы жұмыстарының көлемін ескере отырып, мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға мұндай көлемді мұнай өңдеу жоспарларында ескеру үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мұнай өнімдерін беру көлемі туралы ұсыныс енгізеді.
2. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өңдеу жоспарларында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге беру үшін қажетті мұнай өнімдерінің көлемін ескереді.
3. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өңдеу жоспарларында облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары берген алдағы жылы жылыту маусымы кезеңінде жылумен жабдықтаушы ұйымдарға беру үшін қажетті мұнай өнімдерінің көлемін ескереді.
4. Мұнай өнімдерін өндірушілер, мұнай өнімдерін көтерме саудада берушілер мен бөлшек саудада сатушылар жыл сайын, 1 наурыздан бастап 31 мамыр аралығындағы және 1 тамыздан бастап 31 қазан аралығындағы кезеңде мұнай өнімдерін сату кезінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге, ал 31 қазаннан бастап 1 наурыз аралығындағы кезеңде жылумен жабдықтаушы ұйымдарға басымдық беруге міндетті.
24-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін
өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік
реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзған кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылық жүктеледі.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Мыналарды:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 16-баптың 1-тармағын, 2-тармағының 1) тармақшасын, 3, 4-тармақтарын, 20-баптың 2-тармағын;
2) 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 16-баптың 2-тармағының 2) тармақшасын және 18-баптың 3-тармағын қоспағанда, осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» 2003 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 6, 33-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 95-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 19, 148-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті