Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Төлеубекұлы Есенбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.11 № 607 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2011 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 1077 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб
Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі
ынтымақтастық және өзара көмек туралы
келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі (бұдан әрі «Уағдаласушы тараптар» деп аталатын);
кеден заңнамасын бұзу Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің экономикалық, сауда, қаржылық, әлеуметтік және мәдени мүдделеріне залал келтіретінін назарға ала отырып;
тауарлардың импорты/экспорты кезінде кедендік баждардың, салықтардың және басқа да төлемдер мен алымдардың дәл есептелуі мен төленуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ тыйым салулар, шектеу және бақылау туралы қағидаларды іске асырудың маңыздылығын назарға ала отырып;
кеден заңнамасын бұзудың алдын алу жөніндегі қызмет Уағдаласушы тараптардың кеден әкiмшiлiктерi арасындағы ынтымақтастықтың арқасында неғұрлым тиiмдi болуы мүмкiн екендiгiне көз жеткiзе отырып;
есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымының ауқымы мен өсу үрдісіне алаңдаушылық білдіре және олар адам денсаулығы мен қоғамға қауіп төндіреді дей отырып;
сондай-ақ Уағдаласушы тараптардың мемлекеттерінде қолданыстағы және өзара көмекті көздейтін тиісті халықаралық конвенцияларды, сондай-ақ Дүниежүзiлiк кеден ұйымының Ұсынымдарын назарға ала отырып;
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мына терминдер:
1) «кедендік әкiмшiлiк» – Қазақстан Республикасы үшін – кеден ісі саласындағы уәкілетті органды, Біріккен Араб Әмірліктері үшін – Федералдық кеден органын;
2) «кеден заңнамасы» – әкелуге, әкетуге, транзитке немесе кедендік әкiмшiлiктер өндіріп алатын кедендік баждарға, салықтарға немесе басқа алымдарға, сондай-ақ кеден қызметтері жүзеге асыратын тыйым салу, шектеу және бақылау жөнiндегi шараларға да жататын кез келген басқа кедендік рәсімдерге қатысты заңмен және заңға тәуелді актілермен белгіленген ережелерді;
3) «кедендік талап қою» – әрбір Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес берешек ретінде ресми танылған кедендік баждардың Уағдаласушы тараптың аумағында жеке немесе заңды тұлғаның төлеуіне жататын және оған толық немесе ішінара қайтаруға болмайтын кез келген сомасын;
4) «кедендік төлемдер мен салықтар» – Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің аумағында кедендік әкімшіліктер ұлттық заңнамаларға сәйкес өндіріп алатын баждарды, салықтарды, алымдарды және басқа да төлемдерді;
5) «кедендiк құқық бұзушылық» – кеден заңнамасын кез келген бұзуды не бұзуға әрекет етуді;
6) «сұрау салушы тарап» – жәрдемдесуді сұрайтын кедендік әкімшілікті;
7) «сұрау салынатын тарап» – жәрдемдесуге сұрау салынатын кедендік әкімшілікті;
8) «есірткі құралы» – 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға 1972 жылғы 25 наурыздағы Түзетулер туралы хаттамамен енгізілген түзетулерді ескере отырып, 1961 жылғы 30 наурыздағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенциясының І және ІІ Тізімдеріне енгізілген кез келген табиғи немесе синтетикалық затты;
9) «психотроптық зат» – 1971 жылғы 21 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Психотроптық заттар туралы конвенциясының І, ІІ, III және IV Тізімдеріне енгізілген кез келген табиғи немесе синтетикалық затты;
10) «прекурсор» – есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын, 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының I және II Тізімдеріне енгізілген бақылаудағы химиялық затты;
11) «бүлінгіш тауарлар» – осы Келісімнің 4-бабында аталған заттарды;
12) «ақпарат» – өңделген немесе өңделмеген және талданған кез келген мәліметтерді, құжаттарды, есептерді және электронды тасығыштардағы мәлiметтердi қоса алғанда, кез келген нысандағы басқа хабарларды немесе олардың куландырылған көшiрмелерiн;
13) «тұлға» – егер өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғаны;
14) «тұлғалар туралы мәлiметтер» – белгiлi немесе белгiленетін тұлғаға қатысты кез келген деректерді білдіреді.
2-бап
Келiсiмнiң аясы
1. Уағдаласушы тараптар кеден заңнамасын қолдану мақсаттары және осы Келісімнің ережелерін қолданысқа енгізу үшін:
1) өз мемлекеттерінің аумағы арасында жолаушылар мен тауарлардың өткізілуін жеңілдетуге және жеделдетуге;
2) кеден заңнамасын бұзудың алдын алу мен тергеуде ынтымақтасуға және өзара көмек көрсетуге;
3) сұрау салу бойынша кеден заңнамасын іске асыру үшін қажетті өзге ақпаратты ұсынуға;
4) жаңа кедендік технологияларды зерделеу, әзірлеу және қолдану, персоналды оқыту және алмасу мәселелері бойынша және өзара қызығушылық тудыратын басқа мәселелер бойынша ынтымақтасуға;
5) сұрау салу бойынша тауарларды өз мемлекеттерінің аумағына/аумағынан әкелуге және әкетуге қатысты ақпаратқа нақты уақыт режимінде рұқсат беруге;
6) сұрау салу бойынша өздерінде мұндай ақпарат болған жағдайда, Уағдаласушы тараптар арасында саяхаттаушы жолаушылар туралы алдын ала ақпарат беруге ұмтылады.
2. Осы Келісім шеңберіндегі өзара көмек сұрау салынған тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес және олардың кедендік әкімшіліктерінің құзыреті шегінде әрі олардың мүмкіндіктеріне сәйкес көрсетіледі.
3. Осы Келісім Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қолданылады.
3-бап
Тұлғаларды, тауарлар мен көлік құралдарын қадағалау
1. Кедендік әкімшіліктер сұрау салу бойынша:
1) кеден заңнамасын бұзғандар немесе бұзудағы немесе есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын заңсыз айналымға тартудағы күдіктілер ретінде белгілі жеке және заңды тұлғаларды;
2) кеден заңнамасын бұзу мақсаттары немесе есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымы үшін қолданылғандар немесе қолдануға күдікті ретінде белгілі тауарларды;
3) кеден заңнамасын бұзу мақсаттары немесе есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымы үшін қолданылғандар немесе қолдануға күдікті ретінде белгілі көлік құралдарын;
4) заңсыз мақсаттар үшін пайдалануға күдікті ретінде пошта жөнелтілімдерін және курьер поштасын бақылауды жүзеге асырады.
2. Кедендік әкімшіліктер өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара уағдаластық пен келісім бойынша және өзінің бақылауымен өз мемлекеттерінің кедендік аумағы арқылы заңсыз айналымға тартылған тауарларды осындай заңсыз өткізудің жолын кесу мақсатында әкелуге, әкетуге немесе транзитке рұқсат беруі мүмкін. Егер сұрау салынатын тарап мұндай рұқсатты беруге құзыретті болмаған жағдайда, ол тиісті құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды не істі тиісті органға береді.
4-бап
Бүлінгіш тауарлардың заңсыз айналымына қарсы шаралар
Кедендік әкімшіліктер сұрау салу бойынша бір біріне кез келген ұйымдастырылған, дайындалып жатқан немесе жасалған, Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамасын бұзатын немесе бұзуы мүмкін:
1) есірткі құралдарына, психотроптық заттарға және олардың прекурсорларына;
2) қаруға, оқ-дәріге, жарылғыш заттар мен ядролық материалдарға, сондай-ақ қоршаған орта мен халықтың денсаулығына қауіп төндіретін басқа да заттарға;
3) тарихи, мәдени немесе археологиялық құндылықты білдіретін өнер заттарына;
4) кедендік баждар мен салықтардың жоғары ставкаларының аясына түсетін тауарларға;
5) бағалы металдарға, асыл тастарға және олардан жасалған бұйымдарға;
6) ақша банкноттарына, монеталарға және айналымдық кредит-ақша құжаттарына;
7) дінге қарсы, экстремистік және террористік, порнографиялық және арандату сипатындағы әдебиетке;
8) зияткерлік меншік құқығын сақтау аясына түсетін жасанды және жалған немесе контрафактылы тауарларға;
9) жойылып кету қаупі төніп тұрған фауна мен флора өкілдеріне қатысты іс-қимыл туралы барлық тиісті ақпаратты беру жөніндегі барлық шараларды қабылдайды.
5-бап
Ақпарат алмасу
1. Кедендік әкiмшiлiктер сұрау салу бойынша бір біріне:
1) кедендік құнды айқындауға;
2) кедендік тарифке сәйкес тауарларды жіктеуге;
3) тауарлардың шығарылған елін айқындауға қатысты мейілінше тиімді рәсімдерді қолдануға көмектесуі мүмкін барлық ақпаратты немесе тиісті құжаттардың көшірмелерін береді.
2. Осы Келісім шеңберінде алмасуға жататын кез келген ақпарат оны түсіндіру және қолдану үшін қажетті тиісті ақпаратпен қоса беріледі.
6-бап
Кедендік әкiмшiлiктер сұрау салу бойынша бір біріне мынадай ақпаратты ұсынады:
1) бір Уағдаласушы тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн тауарлар екінші Уағдаласушы тарап мемлекетiнiң аумағынан заңды түрде әкетiлген болып табылады ма;
2) бір Уағдаласушы тарап мемлекетiнiң аумағынан әкетiлетiн тауарлар екінші Уағдаласушы тарап мемлекетiнiң аумағына заңды түрде әкелiнген болып табылады ма;
3) сұрау салушы тарап кедендік әкімшіліктің құзыретті тұлғасы ұсынған ақпараттың дұрыстығына күмәнданған жағдайлар туралы.
7-бап
Сұрау салу бойынша кедендік әкімшіліктер бір біріне екі мемлекеттің аумағында қолданыстағы кеден заңнамасын бұзушылыққа қатысты кез келген ақпаратты және атап айтқанда:
1) кеден заңнамасын бұзғандар немесе бұзудағы немесе есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын заңсыз айналымға тартудағы күдіктілер ретінде белгілі жеке және заңды тұлғаларға;
2) кеден заңнамасын бұзу мақсаттары немесе есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымы үшін қолданылған немесе қолдануға күдікті ретінде белгілі тауарларға;
3) кеден заңнамасын бұзу мақсаттары немесе есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымы үшін қолданылған немесе қолдануға күдікті ретінде белгілі көлік құралдарына қатысты ақпаратты ұсынады.
8-бап
Егер сұрау салынған тараптың кедендік әкiмшiлiгiнде сұралатын ақпарат болмаған жағдайда, ол мұндай ақпаратты алу үшін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзінің атынан әрекет еткен сияқты шараларды қабылдайды.
9-бап
1. Уағдаласушы тараптың кедендік әкiмшiлiгi сұрау салу бойынша екінші Уағдаласушы тараптың кедендік әкiмшiлiгiне жасалған немесе жасау үшін жоспарлаған, екінші мемлекеттің аумағында қолданыстағы кеден заңнамасын бұзу болып табылатын немесе болып табылуы мүмкін әрекеттер туралы ақпаратты қамтитын кедендік құжаттарды, жүк құжаттарын, куәгерлерден жауап алу жазбаларын немесе олардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін ұсынады.
2. Екінші Уағдаласушы тарапқа ұсынылатын ақпарат осы бапта белгіленген құжаттардың орнына кез келген электронды тасығыштарды пайдалану жолымен берілуі мүмкін. Ол осы ақпаратты түсіндіру және пайдалану үшін қажетті түсіндірмелерді қамтуға тиіс.
10-бап
Кедендік құқық бұзушылықтарға қатысты ақпарат
1. Сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша кедендік әкімшіліктер бір біріне кедендік құқық бұзушылық болатын немесе болуы мүмкін жоспарланған, жасалып жатқан немесе жасалған әрекеттер туралы ақпаратты ұсынады.
2. Уағдаласушы тараптардың бірінің экономикасына, адамдардың денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздігіне немесе басқа маңызды тіршілік мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупі болған жағдайларда, екінші Уағдаласушы тараптың кедендік әкімшілігі өз бастамасы бойынша мұндай ақпаратты дереу ұсынады.
11-бап
Жәрдемдесу туралы сұрау салулардың нысандары мен мазмұны
1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде жүргiзiлген сұрау салулар жазбаша нысанда және оны орындау үшін қажетті барлық құжаттармен қоса ұсынылады. Ерекше жағдайларда сұрау салу ауызша немесе электронды нысанда жасалуы мүмкін, бірақ кешіктірмей жазбаша нысанда расталады.
2. Осы баптың 1-тармағының негiзiнде жолданатын сұрау салулар мынадай ақпаратты қамтиды:
1) сұрау салушы кедендік әкімшіліктің атауы;
2) сұрау салынатын шаралар;
3) сұрау салудың мақсаты мен себептері;
4) сұрау салу нысанасын реттейтін заңнама және басқа нормативтiк актiлер;
5) тергеуге тартылған жеке және заңды тұлғалар туралы ең нақты және егжей-тегжейлі мәліметтер;
6) тергеу объектiсiне қатысты фактілердің қысқаша сипаттамасы;
7) сұрау салуды орындауға көмектесуі мүмкін кез келген басқа фактілер.
3. Сұрау салулар ағылшын тілінде ұсынылады.
4. Егер сұрау салу осы баптың 2 және 3-тармақтарының талаптарына сай келмесе, оған нақтылау енгізу талап етілуі мүмкін.
12-бап
Кедендік талаптарды өндіріп алуда жәрдемдесу
Сұрау салуды беру сәтінде Уағдаласушы тараптардың екеуінің де ұлттық заңнамасымен бұған рұқсат етілген жағдайда, сұрау салу бойынша кедендік әкiмшiлiктер бір біріне кедендік талаптарды өндіріп алу мақсатында жәрдемдеседі.
13-бап
Кедендік тергеу
1. Бір Уағдаласушы тараптың кедендік әкімшілігінің сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы тараптың кедендік әкімшілігі сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында қолданыстағы кеден заңнамасын бұзатын немесе бұзуы мүмкін операцияларды тергеуді бастайды. Сұрау салынатын тарап сұрау салушы тарапқа мұндай тергеудің нәтижелері туралы хабарлайды.
2. Тергеу сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағында қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Сұрау салынатын тарап өз атынан әрекет жасағандай әрекет етеді.
3. Сұрау салушы тараптың кедендік әкімшілігінің лауазымды адамдары ерекше жағдайларда, сұрау салынатын тараптың кедендік әкімшілігінің келісімімен тиісті Уағдаласушы тараптың кеден заңнамасын бұзуды тергеу кезінде сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағында болуы мүмкін. Бұл ретте олар өздерінің ресми өкілеттілігінің дәлелдемесін ұсыну тиіс.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес сұрау салынатын тарап мемлекетінің аумағында жүрген сұрау салушы тараптың кедендік әкімшілігінің лауазымды адамы тек маман ретінде ғана әрекет етеді және ешқандай жағдайда тергеуге белсенді қатыспайды; сондай-ақ ол жауап алынатын адамдармен кездеспейді және тергеу іс-шараларына қатыспайды.
14-бап
Ақпарат пен құжаттарды пайдалану
1. Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қатысты ақпарат пен құжаттар Уағдаласушы тараптардың осы Келісімнің 15-бабына сәйкес есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымын бақылау бойынша функциялар жүктелген басқа мемлекеттік және құқық қорғау органдарына берілуі мүмкін.
2. Осы Келісімнің шеңберінде ақпарат пен құжаттарды алған кедендік әкімшілік әкімшілік және сот процестері барысында және кінәлау талаптарында оларды мақсаты мен қолданылу саласына байланысты дәлелдемелер ретінде пайдалануы мүмкін.
3. Мұндай құжаттар мен ақпарат сотта дәлелдемелер келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін және оның заңды мәртебесі алған Уағдаласушы тарап мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.
4. Осы Келісімге сәйкес әкімшілік көмек шеңберінде алынған кез келген ақпарат немесе мәліметтер мұндай ақпаратты ұсынған кедендік әкiмшiлiк оны басқа мақсаттар үшiн немесе Уағдаласушы тараптардың басқа мемлекеттік органдарының пайдалануы мүмкiндiгiн сөзсіз растайтын жағдайларды қоспағанда, тек осы Келiсiмнің мақсаттары үшін және тек кедендік әкiмшiлiктер ғана пайдаланады. Алайда ол үшінші мемлекеттерге берілуі мүмкін емес.
15-бап
Ақпараттардың құпиялылығы
Осы Келісімнің 13-бабының 2-тармағының ережелерін ескере отырып, осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат немесе мәліметтер құпиялы ретінде қаралады және дәл сол ақпарат немесе мәліметтер аумағында олар алынған Уағдаласушы тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етілетіндей қорғау және құпиялылық дәрежесімен қамтамасыз етілуге жатады.
16-бап
Осы Келісімнің негізінде жеке тұлғалар туралы мәліметтер алмасқан жағдайда Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Уағдаласушы тараптар мұндай деректерді қорғауды қамтамасыз етеді.
17-бап
Мамандар
1. Сұрау салу бойынша сұрау салынатын тараптың кедендік әкiмшiлiгі өздерінің лауазымды адамдарына олардың келісімімен сұрау салушы тарап сотының немесе әкімшілік органдарының алдында маман ретінде шығуға уәкілеттік бере алады. Мұндай лауазымды адамдар өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында өздері алған мәліметтерді береді.
2. Сұрау салушы тараптың кедендік әкiмшiлiгi осы баптың 1-тармағына сәйкес өз мемлекетінің аумағында болған уақытында лауазымды адамдардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Мұндай лауазымды адамдардың көліктік және тәуліктік шығыстарын сұрау салушы тараптың кедендік әкімшілігі көтереді.
3. Ұсыныс туралы сұрау салуда лауазымды адам қандай іс бойынша, қай сотта және кім ретінде шығатыны көрсетілуге тиіс.
4. Кеден қызметінің лауазымды адамдарын мамандар ретінде ұсыну туралы сұрау салу Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жасалады.
18-бап
Жәрдем көрсету жөніндегі міндеттемелерден алып тастау
1. Егер сұрау салынатын тарап сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа маңызды ұлттық мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін деп санаса, ол сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарта алады.
2. Егер сұрау салатын тарап өзі екінші Уағдаласушы тарапқа көрсете алмайтын жәрдемді сұратса, ол бұл фактіні сұрау салуда көрсетуі тиіс. Мұндай сұрау салуды орындау сұрау салынатын тараптың қалауы бойынша жүзеге асырылады.
3. Егер жәрдемдесуден бас тартылса, сұрау салушы тарапқа бұл туралы жазбаша нысанда дереу хабарланады.
19-бап
Кедендік формальдылықтарды оңайлату
Кедендік әкімшіліктер өзара уағдаластық бойынша және әрбір Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында тауарлардың өткізілуін жеңілдету және жеделдету мақсатында кедендік формальдылықтарды оңайлату жөніндегі қажетті шараларды қабылдайды.
20-бап
Техникалық жәрдемдесу
Кедендік әкімшіліктер бір біріне кеден ісі саласында:
1) кеден қызметтері пайдаланатын кедендік бақылаудың қазіргі заманғы құралдарымен таныстыру мақсатында кеден қызметтерінің қызметкерлерімен алмасуды;
2) бақылаудың техникалық құралдарын пайдалануда ақпарат және тәжірибе алмасуды;
3) кеден қызметтерінің қызметкерлерін оқытуды және қайта даярлауды;
4) кеден ісі мәселелері бойынша мамандар алмасуды;
5) кеден заңнамасын қолдануға қатысы бар кәсіби, ғылыми және техникалық деректер алмасуды қамтитын техникалық жәрдем көрсете алады.
21-бап
Шығыстар
Уағдаласушы тараптар сарапшылар мен куәгерлердің, сондай-ақ аудармашылардың немесе мемлекеттік қызметтерге тәуелді емес басқа қызмет көрсетулерді жеткізушілердің шығыстарын қоспағанда, осы Келісімді орындауға байланысты пайда болған шығыстарды өтеу жөніндегі барлық талаптардан Уағдаласушы тараптардың ұлттық заңнамасында айқындалғандай шамада бас тартады.
22-бап
Келісімді іске асыру
1. Осы Келісімде аталған ынтымақтастық пен өзара көмекті Уағдаласушы тараптардың кедендік әкімшіліктері көрсетеді. Бұл қызметтер осы мақсат үшін қажетті құжаттама туралы өзара уағдаласады.
2. Кедендік әкімшіліктер осы Келісімге сәйкес ақпаратты не өздері не оны Уағдаласушы тараптардың тиісті органдарынан алу жолымен береді.
3. Уағдаласушы тараптардың кедендік әкімшіліктерінің өкілдері қажет болған жағдайда, кемінде жылына бір рет, таңдауына байланысты бір немесе басқа мемлекеттің аумағында осы Келісімнің ережелерін іске асыруды талдау және Уағдаласушы тараптардың кедендік әкімшіліктері арасындағы ынтымақтастыққа және өзара көмекке қатысты басқа практикалық мәселелерді шешу мақсатында кездеседі.
4. Уағдаласушы тараптардың кедендік әкімшіліктері осы Келісімді практикада қолданудың әдістерін бірлесіп айқындайды.
5. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Уағдаласушы тараптардың кедендік әкімшіліктері байланысқа жауапты лауазымды адамдарды тағайындайды және осы лауазымды адамдардың аты-жөнін, лауазымдарын, мекенжайларын, телефондары мен факстерінің нөмірлерін, электронды мекенжайларын және басқа байланыс деректерін қамтитын тізімдермен алмасады. Мұндай тізімдермен алмасу дипломатиялық арналар арқылы жүргізіледі. Тізімдерге өзгерістер енгізілген жағдайда енгізілген өзгерістер туралы хабарландыру дәл осындай схема бойынша жүргізіледі.
23-бап
Дауларды шешу
1. Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға қатысты барлық даулар Уағдаласушы тараптар арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.
2. Шешілмеген даулар немесе проблемалар дипломатиялық құралдар арқылы шешіледі.
24-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Уағдаласушы тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 25-бабына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
25-бап
Күшіне енуі және қолданысының тоқтатылуы
1. Осы Келісім Уағдаласушы тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін 30 (отызыншы) күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
3. Уағдаласушы тараптар болжамды шығу күніне дейін кемінде үш ай бұрын екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар ете отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
4. Егер Уағдаласушы тараптар бір біріне қайта қарау қажеттілігінің жоқ екендігі туралы жазбаша хабарлама жібермесе, олар сұрау салу бойынша немесе осы Келісім күшіне енген күнінен бастап бес жыл өткен соң осы Келісімді қайта қарау мақсатында кездесулер өткізеді.
Осыны куәландыру үшін өздерінің үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қойғандар осы Келісімге қол қойды.
2011 жылғы «__» ____ қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң бiрдей күшi бар. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктерінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін