Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастығындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың бағыттары туралы келісім жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Нематұлы Келімбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Еуразиялық экономикалық қоғамдастығындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың бағыттары туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.19 № 1461 Қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 1237 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастығындағы мәдениет саласындағы
ынтымақтастықтың бағыттары туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастығына (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше-мемлекеттердің Үкіметтері,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастығын құру туралы Шарт қағидаларына негізделе отырып,
көпшілікпен танылған халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
мәдени өзгешелікке, шығармашылық бостандыққа, мәдени қызметке, рухани қажеттіліктерді қанағаттандыруға және мәдени құндылықтарға ортақтасуға жеке тұлғаның ажыратылмас құқықтарының басымдылығынан шыға отырып,
әр мемлекет пен халықтың өзінің дербес мәдени саясатын әзірлеуге және өткізуге, екі жақты және көп жақты мәдени байланыстарды орнатуға құқықтарын растай отырып,
барлық халықтар ұлттық мәдениетінің тең дәрежедегі абыройын тани отырып, және олардың әрбіреуінің өзгешелігін қадірлей отырып, өзара байытуына септігін тигізу үшін ықпалдасуға тырыса отырып,
мемлекеттер арасында мәдениет саласындағы достық байланыстарды және ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға тырыса отырып,
зиялылардың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылық қатынастарды сақтауға және дамытуға, әлеуметтік және кәсіби мүдделерін қорғауға бағытталған ынтасын қолдай отырып,
төмендегілер туралы келісті
1-бап
Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес музыка, театр, сурет өнері, кинематография, мұрағат, кітапхана мен мұражай ісі, мәдени мұра нысандарын қорғау, халық кәсіпшілігі, декоративті-қолданбалы, өнерпаз, эстрада мен цирк өнерлері, сонымен қатар, басқа-да шығармашылықтың өзге қызмет түрлерінде өзара әрекеттестікті жүзеге асырады.
2-бап
Тараптар музыкалық және концерттік ұйымдардың арасында байланыстардың орнатылуына, Тараптар орындаушылары, музыка ұжымдары мен мамандарының алмасуына септеседі.
Тараптар театрлар арасында байланыстардың орнатылуына және дамуына, қойылымдық топтар, сыншылар, театр танушылардың алмасуына, спектакльдерді қоюға режиссерлерді шақыруға, сонымен бірге, Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін халықаралық театр фестивальдеріне қатысуға септеседі.
3-бап
Тараптар мұражайлар арасындағы ынтымақтастық пен әріптестіктің дамуына, көркем және фото көрмелермен, заманауи өнер экспозицияларымен алмасуға, жаңа мұражайлық технологиялар мен олардың таратылуы бойынша ақпаратпен алмасуға, сонымен қатар, мұражайлар мен заманауи өнер орталықтары арасында тура байланыстар орнатуға септеседі.
4-бап
Тараптар өз құзыретінің шеңберінде зерттеу мен публикация салаларында байланыстардың орнатылуына, соның ішінде электронды форматта, мұражай жәдігерлері мен коллекцияларын, кітапхана және мұрағат қорларын, тарихи-мәдени мұра нысандарын, сонымен қатар, заманауи өнер шығармаларын таратуға септеседі.
Тараптар, өзінің аясында мәдени жобалар мен бағдарламаларды ілгері жылжытуды жүзеге асыратын халықаралық жәрмеңкелер мен фестивальдерге өзара қатысуды көтермелейді.
5-бап
Тараптар халықаралық шарттар мен ұлттық заңнама нормаларының негізінде мәдениет пен өнер қызметкерлерін даярлау және біліктілігін арттыру саласында ынтымақтасады. Сонымен катар, Тараптар мемлекеттерінің мәдениет пен өнер саласындағы оку мекемелері арасында тура өзара әрекеттестікті орнатуға қолдау көрсетеді.
6-бап
Тараптар тарихи-мәдени мұраны айқындау, тіркеу, сақтау, қайта жаңғырту, археология, пайдалану және тарату мәселелері бойынша ақпаратпен алмасады. Сонымен қатар, қайта жаңғырту мен археологиялық жұмыстарды, ғылыми және практикалық семинарларды, экспедицияларды, симпозиумдерді, мамандар мен сарапшылардың кездесулерін ұйымдастыру мүмкіндігін зерттейді.
7-бап
Тараптар халықтың түрлі топтарының, әсіресе жастардың, әрбір Тарап мемлекеттерінің ұлттық мәдени дәстүрлерімен танысуға және гуманитарлық салада ынтымақтастықтың тереңдеуіне септеседі. Бұл мақсатта Тараптар делегациялармен алмасуды, тақырыптық конференцияларды, форумдарды және симпозиумдарды ұйымдастыруды алдын ала қарастырады.
8-бап
Аталған Келісімді жүзеге асыру бойынша іс-шараларды қаржыландыру мүдделі Тараптар мемлекеттерінің тиісті министрліктері мен ведомстволарымен өз қызметін қамтамасыз етуге ұлттық бюджеттерде қарастырған қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Аталған Келісімді жүзеге асыру бойынша іс-шараларды қаржыландыруда Тараптар бюджеттен тыс қаражатты тартуға құқылы.
9-бап
Нақты мәдени бағдарламалар мен жобалардың практикалық тұрғыдан жүзеге асырылуы екі жақты және көп жақты келісімдердің негізінде жүзеге асырылады.
10-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша аталған Келісімге жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін талқылау немесе қолдану кезінде таластар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.
Егерде талас талас тараптары арасында келіссөздер мен консультациялар арқылы олардың өткізілуі туралы ресми өтініш жасалған күннен бастап алты ай мерзімінде шешілмесе, онда талас тараптарының арасында оны шешу туралы басқа келісім болмаған жағдайда таластың кез келген тарапы оны Еуразиялық экономикалық қауымдастық Сотының қарауына тапсыра алады.
12-бап
Аталған Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерден өткені туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы депозитарийге келіп түскен күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
13-бап
Күшіне енген мерзімнен бастап аталған Келісім ЕурАзЭҚ-қа мүше болған басқа мемлекеттердің қосылуына ашық.
Қосылу жөнінде құжат депозитарийге сақтау үшін тапсырылады.
Қосылып жатқан мемлекет үшін аталған Келісім депозитарий қосылу жөнінде құжатты қабылдаған күнінен бастап күшіне енеді.
14-бап
Әрбір Тарап депозитарийді жазбаша түрде хабарландырып, аталған Келісімнен шыға алады. Мұндай Тарап үшін аталған Келісім депозитарий тиісті хабарландыруды алған мерзімнен алты ай өткеннен кейін өзінің күшін жояды.
Тараптардың біреуіне қатысты аталған Келісімнің күші жойылуы жүзеге асырыла басталған бағдарламалар мен жобаларға, сонымен қатар оның негізінде жасалынған халықаралық шарттардың жұмысына ықпал етпейді.
20__ жылғы «__» _______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Аталған Келісімнің түпнұсқасы ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінде сақталады. Аталған Келісімнің депозитарий болып табылатын ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті оның куәландырылған көшірмелерін Тараптарға жолдайды.
Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін