Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жалауларының сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жалауларының
сипаттамасын бекіту туралы
«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 59-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жалауларының сипаттамасы бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары туларының сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 15 қыркүйектегі № 445 Жарлығы;
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 15 қыркүйектегі № 445 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 ақпандағы № 1148 Жарлығы.
3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы « »
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жалауларының
сипаттамасы
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жалауы тікбұрыш нысанды, ұзындығы - 145 см және ені - 115 см, үш жағынан алтын түстес шашақпен көмкерілген, көгілдір түсті (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы түстес) матадан жасалады. Матаның оң жағының орта тұсында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы кестеленген. Кестеленген Елтаңбаның диаметрі - 50 см. Елтаңба периметрі бойынша алтын түстес қосарланған баумен көмкеріледі. Елтаңбаның үстіңгі жағында, матаның жоғарғы бөлігінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген алтын түстес жазу кестеленеді. Әріптердің биіктігі — 5,5 см. Елтаңбаның астыңғы жағында, матаның төменгі бөлігінде «ӨРТТЕН ҚОРҒАУ ҮШІН» деген алтын түстес девиз кестеленген. Девиздің әріптерінің биіктігі - 9 см. Матаның сырт жағының ортасында, «жел бағыты» мен халықаралық азаматтық қорғаныс белгісі (қою сарғыш түс шеңберіндегі көгілдір үшбұрыш) бейнеленген жер шарының айшықты контурының бейнесі кестеленген. Бейненің мөлшері - 80x58 см. Матаның жоғары жиегін бойлай алтын түстес әріптермен «МІНДЕТ, ӨЖЕТТІК, ЕРЛІК!» деген девиз кестеленген, биіктігі — 5,5 см. Матаның төменгі жиегін бойлай өртке қарсы қызметтің аумақтық бөлімшесінің (мемлекеттік мекемесінің) атауы алтын түспен кестеленген. Әріптердің биіктігі - 3 см. Жалаудың сабының жоғарғы жағы алтын түстес металл ұштыққа үласады. Саптың ұзындығы - 3 м. Жалаудың бауы ширатылған, алтын түсті жібектен жасалады, баудың ұштарында қос шашағы бар. Баудың ұзындығы - 2,5 м. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жалауы кестелеу, құрақтау және жібекпен өрнектеу техникасымен орындалады.