Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.12.2015 № 1120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
«Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 18-5-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық субсидия беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
2. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 13, 14 және 17 тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 1175 қаулысымен
бекітілген
Инвестициялық субсидия беру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Инвестициялық субсидия беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 18-5-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және инвестициялық субсидия беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
1) инвестициялық субсидия - инвестициялық басым жобаны орындау үшін инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарылмайтын негізде инвестициялық преференция түрінде берілетін бюджеттік субсидия түрі;
2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысумен құрылған заңды тұлға;
3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
4) инвестор - Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы заңды тұлға;
5) инвестициялық басым жоба - тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен белгілі бір қызметтің басым түрлері бойынша жаңадан құрылған заңды тұлға іске асыратын және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге өтінім (бұдан әрі - өтінім) берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін инвестициялық жоба;
6) инвестициялық келісімшарт - инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт.
3. Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасына инвестициялық субсидия инвестициялық басым жоба бойынша:
1) мыналарды:
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымдарын;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыратын, өтінім берілген күнге әрекет ететін Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасы алушы болып табылса;
2) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субьектісінің үлесі жиырма бес пайыздан аспаса;
3) инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін қаржыландыру көздері не кепілдіктері ретінде бюджет қаражаты тартылмаса;
4) инвестициялық қызмет концессия шарты шеңберінен тыс жүзеге асырылса;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің инвестициялық субсидия беру туралы шешімі болса, беріледі.
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды. Бес жыл ішінде мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан шығуға міндетті, ал бұл талап орындалмаған жағдайда, инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан толық шыққанға дейін бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан шығу туралы талапты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеп соғады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 210 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4. Инвестициялық басым жоба үшін инвестициялық субсидияларды қолдану мақсаттары үшін мынадай шарттарға сай келетін заңды тұлға:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеудің жүзеге асырылғанына өтінім берілген күнге дейін күнтізбелік он екі айдан аспаса;
2) заңды тұлға инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін айқындалған басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асырса;
3) инвестициялық басым жобаны іске асыру бір инвестициялық келісімшарт шеңберінде ғана жүзеге асырылса, Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасы болып табылады.
2. Инвестициялық субсидия беру тәртібі
5. Инвестициялық субсидия алу үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өтінімді уәкілетті органға жібереді.
Инвестициялық субсидияны көздейтін өтінім мынадай құжаттар:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен (бар болса) расталған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
3) инвестициялық жобаның уәкілетті орган белгілейтін талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
4) инвестициялық жобаны іске асыру кезінде пайдаланылатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сметалық құнын және тіркелген активтерді, шикізатты және (немесе) материалдарды сатып алуға шығындарды негіздейтін, тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін құжаттардың басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған көшірмелері;
5) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы тіркеу орны бойынша салық органының анықтамалары;
6) басшының қолымен, заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптама қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттама болған жағдайда қабылданады.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 210 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6. Өтінім беру сәтінде құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган 2 (екі) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша дәлелді жауап жібереді.
7. Уәкілетті орган өтінім берілген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде:
1) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының осы Қағидалардың 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген инвестициялық субсидия беру талаптарына сәйкестігін тексереді;
2) инвестициялық жоба бойынша құжаттарды талдауды жүргізеді.
8. Өтінімді қарағаннан кейін уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша дәлелді жауап жібереді.
9. Осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
10. Инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қолданысқа енгізілген күнінен бастап уәкілетті орган өтінімді тіркеу журналында тіркейді және өтінім тіркелген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінім берушіге жазбаша нысанда жауап жібереді.
11. Уәкілетті орган инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі ресми жарияланған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде модельдік келісімшарт ережелерін ескере отырып, инвестициялық келісімшартты қол қоюға дайындайды.
12. Уәкілетті орган инвестициялық келісімшартты қол қойылған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тіркейді және ол тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
Уәкілетті органның тіркеген күні инвестициялық келісімшартты жасасу күні болып табылады.
13. Инвестициялық субсидия қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, растайтын құжаттар негізінде құрылыс-монтаж жұмыстарына және жабдық сатып алуға арналған, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайтын іс жүзіндегі шығындардың 30 (отыз) пайызға дейінгісін өтеу арқылы беріледі.
Инвестициялық субсидия берудің шекті мөлшері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет шеңберінде Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму, бюджеттік жоспарлау және ұлттық экономика жөніндегі уәкілетті органдарының бірлескен бұйрығымен белгіленеді.
14. Инвестициялық субсидияны төлеу инвестор инвестициялық міндеттемелерді орындаған жағдайда, өндіріс инвестициялық келісімшартта белгіленген толық көлемде пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асырылады.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 210 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемі инвестициялық субсидияны инвестициялардың көлемі мен инвестициялық басым жобаның рентабельділігіне қарай кезеңге, өндіріс пайдалануға берілгеннен кейін және инвестициялық келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін кемінде үш жылға тең үлестермен бөлу арқылы инвестициялық келісімшарт шеңберінде белгіленеді.
16. Инвестор жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін уәкілетті органға аудиторлық есеп береді, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер.
17. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2015 № 210 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
18. Уәкілетті орган төленетін инвестициялық субсидия сомасы бойынша шешім қабылданғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша хабарлама жібереді.
19. Уәкілетті орган инвестициялық субсидия төлеуді Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.