Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Табиғи уран концентратына баға белгілеу қағидаларын (әдістемесін) бекіту туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 3 ақпандағы № 74 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 17, 199-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Табиғи уран концентратына баға белгілеу қағидаларында (әдістемесінде):
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Табиғи уран концентратына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) (бұдан әрі – Қағидалар) осы Қағидалардың 7-бөлімінде көрсетілген Үндістан Үкіметі Атом энергиясы департаментінің Сатып алу және материалдық қорлар басқармасымен жасалған мәмілелерді қоспағанда, табиғи уран концентратын сатып алу-сатуға арналған келісімшарттарға сәйкес жасалатын мәмілелер бойынша табиғи уран концентратын өткізу бағасын айқындау (есептеу) тәртібін белгілейді.»;
төмендегі мазмұндағы 7-бөліммен толықтырылсын:
«7. Үндістан Үкіметі Атом энергиясы департаментінің Сатып алу және материалдық қорлар басқармасымен жасалған мәмілелер бойынша табиғи уран концентратын өткізу бағасын айқындау тәртібі
21. Мәмілелер бағасы мынадай формула бойынша есептеледі:
P = SP х (100%-D):100%, мұнда:
P (price) – уран концентратының бағасы (U3O8 фунтына/АҚШ долларымен);
SP (spot price) – меншік құқығының сатып алушыға ауысу күнінің алдындағы алты айдағы Trade Tech LLC (Exchange Value) споттық бағасының орташа арифметикалық мәні;
D (discount) – дисконт, %.»;
ескертпе мынадай мазмұндағы «***» толықтырылсын:
«***7-бөлімнің талаптары «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы мен Үндістан Үкіметі Атом энергиясы департаментінің Сатып алу және материалдық қорлар басқармасы арасындағы табиғи уран концентратын сатып алу-сатуға 2015 – 2019 жылдар кезеңіне арналған келісімшарттарға сәйкес жасалатын мәмілелер бойынша табиғи уран концентратын өткізу бағасын айқындау (есептеу) тәртібін белгілейді.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов