Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсету кезінде оператораралық өзара есеп айырысуды жүзеге асыру шарттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсету кезінде оператораралық өзара есеп айырысуды жүзеге асыру шарттары туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 29 қазандағы
№ 866 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсету кезінде оператораралық өзара есеп айырысуды жүзеге асыру шарттары туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
1997 жылғы 17 қаңтардағы Жылжымалы ұялы байланыс жүйелерін дамыту мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімді негізге ала отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде халықаралық электр байланысының көрсетілетін қызметтеріне, оның ішінде халықаралық роумингте көрсетілетін қызметтерге оператораралық тарифтерді қалыптастыру кезінде бірыңғай қағидаттарды қолдану қажеттілігін растай отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде халықаралық электр байланысын одан әрі дамыту қажеттілігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты халықаралық электр байланысының көрсетілетін қызметтерін кеңейту, олардың сапасын және қолжетімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау негізі ретінде аталған қызметтерді көрсету кезінде оператораралық өзара есеп айырысуды, оның ішінде халықаралық роумингте жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру болып табылады.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер қолданылады:
электр байланысы – өткiзгiш, радио-оптикалық немесе басқа электрмагниттік құрылғылардың көмегімен белгілерді, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелер мен дыбыстарды немесе кез келген басқа да мәліметтерді кез келген беру немесе қабылдау;
халықаралық электр байланысының көрсетілетін қызметтері – әртүрлі мемлекеттердің халықаралық электр байланысы операторларымен халықаралық электр байланысы қызметтерін өзара көрсету;
халықаралық электр байланысы операторы – осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсететін кез келген тұлға;
оператораралық өзара есеп айырысу – халықаралық электр байланысы қызметтерін іске асырудан түскен табыстарды халықаралық электр байланысы операторларының, осындай қызметтерді көрсетуге тiкелей қатысушылардың арасында тікелей қайта бөлу тетігі;
халықаралық роуминг – осы Келісімге қатысушы мемлекеттің бірінің үй желісінің абоненттерге қызмет көрсететін операторлары қамтитын географиялық аумақтың шегінен тыс орнын ауыстыру кезінде жылжымалы ұялы байланыс абоненттерінің автоматты түрде қоңырау соғу және қабылдау, деректерді қабылдау және беру немесе өзге де көрсетілетін қызметтерге осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің қонақ желісінің операторын жұмылдыру арқылы қол жеткізу мүмкіндігі.
3-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсету кезінде, оның ішінде халықаралық роумингте оператораралық өзара есеп айырысуды:
халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсетуде ұлттық ерекшеліктерін ескеруге;
халықаралық электр байланысы операторының тіркелген (құрылған) орнына, ұйымдық-құқықтық нысанына немесе меншік нысанына қарамастан олардың теңдігіне (кемсітпеушілікке);
оператораралық тарифтер қалыптастыру саласында халықаралық электр байланысы операторлары қызметінің айқындылығына (ашықтығына);
өзара есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде халықаралық электр байланысы операторлары үшін шарттар мен мүмкіндіктер теңдігіне;
халықаралық электр байланысы операторларының міндеттемелерді орындау, оның ішінде белгіленген мерзімде және толық көлемде басқа халықаралық электр байланысы операторына (операторларына) қатысты тиісті есеп айырысу кезіндегі адалдығына;
осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін Тараптардың және халықаралық электр байланысы операторларының қабылдаған шараларының өзара түсіністігіне;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің абоненттері үшін кемсітушілік жағдай жасауға жол берілмейтініне сүйене отырып жүзеге асыруға уағдаласты.
4-бап
Тараптар қажет болған жағдайда халықаралық электр байланысы қызметтерін көрсету, оның ішінде халықаралық роумингте оператораралық өзара есеп айырысу кезінде тарифтік қадам белгiлеуге және өзгертуге келісілген тәсілдер әзірлеу бойынша шаралар қабылдайды.
Тараптар осы халықаралық электр байланысы операторлары өзара жіберуі мүмкін трафик көлемдеріне қарамастан, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық электр байланысы операторларына қатысты есеп айырысуына қолданылатын кемсітусіз жағдай белгілеу бойынша қажеттілікті растайды және шаралар қолданады.
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық электр байланысы операторларының абоненттерін кемсітпейтін, оператораралық роумингтік келісімдерде осындай шарттарды белгілеу бойынша қажеттілікті растайды және шаралар қолданады.
5-бап
Тараптар осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің халықаралық электр байланысы қызметтер нарығында бәсекелестікті дамыту үшін, оның ішінде халықаралық электр байланысының өзара байланысты операторлары арасында халықаралық электр байланысының бір және сол бағыттағы оператораралық тарифтерінде теңсіздікті жою мақсатында қолайлы жағдайлар жасайды.
Тараптар осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердегі халықаралық электр байланысы қызметтерінің нарығын ырықтандыруды жүзеге асырады және халықаралық электр байланысы операторларына шығындарды қысқартуға, жаңа технологияларды енгізуге, халықаралық электр байланысы, оның ішінде халықаралық роумингте ұсынылатын қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жағдайларды қамтамасыз етеді.
6-бап
Тараптар ұлттық заңнаманы және халықаралық электр байланысы операторларының өзара іс-қимылдарының және халықаралық электр байланысы, оның ішінде халықаралық роумингте қызметтер көрсетудің негізгі мәселелері бойынша өзге де нормативтік құқықтық актілерді үйлестіруге ұмтылады. Тараптар халықаралық электр байланысы саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде оларды талқылаудың жариялылығы қағидатын ұстанады.
7-бап
Тараптар салықтарды, оның ішінде оператораралық өзара есеп айырысу кезінде қолданылатын тарифке енгізілетін жанама салықтарды белгілеу, енгізу және өндіру кезіндегі тәсілдерде кемсітушілікке жол бермеу шараларын қабылдайды. Бұл ретте Тараптар халықаралық электр байланысы саласының салық сегментін, оның ішінде Халықаралық электр байланысы одағының қолданыстағы Халықаралық электр байланысы регламентін реттеудің халықаралық тәжірибесін ескереді.
8-бап
Осы Келiсiмді іске асыруды байланыс әкімшіліктері, құзыретіне осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық электр байланысы саласын реттеуге жататын өзге де органдар мен ұйымдар халықаралық электр байланысы операторларының қатысуымен жүзеге асырады.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіруді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр, пошта байланысы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында үйлестіруші орган болып табылатын Байланыс саласындағы өңірлік достастық жүзеге асырады.
9-бап
Тараптар байланыс әкімшіліктері, құзыретіне осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық электр байланысы саласын реттеуге жататын өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру мәселелері жөніндегі халықаралық электр байланысы операторлары арасында консультациялар өткізуді қамтамасыз етеді.
10-бап
Осы Келісім өзінің мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын әр Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
11-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі.
13-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді қол қоятын Тараптардың орындағаны туралы хабарламаны үшінші депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер үшін осы Келісім осындай қосылуға оған қол қойған немесе қосылған мемлекеттердiң келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
15-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы өзінің мұндай ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге шығуға дейін кемінде алты ай қалғанда жіберіп және осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған міндеттемелерді реттеп осы Келісімнен шығуға құқылы.
2015 жылғы 30 қазанда Душанбе қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның куәландырылған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке жолдайды.
Әзербайжан Республикасының |
Ресей Федерациясының |
Армения Республикасының |
Тәжікстан Республикасының |
Беларусь Республикасының |
Түрікменстан Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының |
Өзбекстан Республикасының |
Қырғыз Республикасының |
Украина Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының |