Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың
2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы
Республиканың дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді моделін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлесін және бекітсін.
3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Жоспарды іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың
2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы Мазмұны
1. Кіріспе
2. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жалпы пайымы.
3. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары.
4. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары.
5. Іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар.
6. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.
Кіріспе
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының «Бірегейлік пен бірлік» атты институттық реформасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты Мәңгілік ел жалпыұлттық патриоттық идеялар құндылықтары негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту болып табылады.
Дене шынықтыру және спорт саласы жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның берік әлеуметтік бірігуіне, болашағы бір ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін перспективалы алаңдардың бірі ретінде қызмет атқарады.
Қазіргі заманда спорт пен саламатты өмір салты экономикалық дамумен бірге, азаматтардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштері қатарынан орын алады және халықтың әлеуметтік жұмыспен қамтылуының маңызды аспектісі ретінде қарастырылады әрі солай болып табылады.
Түптеп келгенде, спорт жалпыұлттық бірліктің, ынтымақтың нышанына айналып, жаңа қазақстандық патриотизмнің, мақтаныш сезімнің және өз елімен ынтымақтастықтың негіздерін қалыптастырудың маңызды аспектілерінің бірі болып отыр.
Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану - халықты сауықтыру, олардың өзін-өзі танытуы мен дамуының неғұрлым қолжетімді және тиімді тетігі, бейәлеуметтік құбылыстарға қарсы күрес құралы болып табылады.
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында (бұдан әрі - Тұжырымдама) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) елдерінің экономикалық өсім мен ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатына, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағдарланған саясатты ілгерілетуге бағытталған тәжірибесі пайдаланылды.
Қоғамдық дамудың жаңа міндеттерінің пайда болуы спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін басым бағыттар спектрін айқындайды, мұндай бағыттардың ең маңыздылары - жетекші әлемдік тәжірибеге сүйену, саланы басқару мен дамытуға ғылыми тәсілдер мен қағидаттарды, инновацияларды кеңінен енгізу және т.б. болып табылады.
Тұжырымдама мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ саланы дамытудың өзекті міндеттерін ескере отырып, оларды іске асыру тетіктерін айқындауға бағытталған.
2. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру
мен спортты дамытудың жалпы пайымы 1. Ағымдағы жағдайды талдау
Спорт және дене шынықтыру саласындағы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзіне тән ерекшелігі дәстүрлі түрде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытудың теңгерімді тәсілдерін іске асыру болып табылады.
Бұқаралық спорт саласында ел халқының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыт болып отыр.
Республика халқының жалпы санынан дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсуі (2012 жылы - 21,6 %, 2013 жылы - 23,2 %, 2014 жылы - 25,1 %) байқалады.
Спорт секцияларына баратын студенттерді қамту - 55,8 % немесе 278.6 мың адам, еңбек ұжымдарында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны - экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 15 %-ын немесе 1,6 млн. адамды; дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын мүгедектер саны - 9,2 %-ды немесе 22,6 мың адамды құрады.
2014 жылы дене шынықтыру ұжымдарының саны 19,3 мың болды.
Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында барлығы 92,5 мың спорт секциясы құрылды, оларда 3,3 млн. адам, оның ішінде ауылдық жерде 1.6 млн. адам спортпен шұғылданады.
Халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда саланың қолданыстағы инфрақұрылымы айқындайды.
Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес 2014 жылы елде 34,9 мың спорт құрылысы жұмыс істеді және 2013 жылмен салыстырғанда 2 %-ға өскен (34,2 мың спорт құрылысы).
Соның ішінде: 25,7 мыңы - спорт мектептерін қоса алғанда, білім беру мекемесі объектілеріне, 9,3 мыңы - дене шынықтыру-спорт мақсатындағы объектілерге жатады.
Балалар мен жасөспірімдер спорты инфрақұрылымын 435 бірлік балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 16 мектеп-интернат құрайды.
2014 жылы қосымша білім беру мекемелері қатарына 569 балалар мен жасөспірімдер клубы, 120 мыңнан астам балалар мен жасөспірімді қамти отырып, дене даярлығының 105 балалар мен жасөспірімдер клубы кірді.
Студенттік спорт саласы белсенді дамып келеді. Жүз жиырма алты ЖОО-ның жетпісінде спорт клубтары жұмыс істейді.
Республикада денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 10 спорт клубы жұмыс істейді. «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт орталығы» РМҚК құрылды.
Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартылған мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні сақталып отырғанын атап өткен жөн. Еліміздегі жалпы халықтың 3,6 %-ын құрайтын 626 700 мүгедектің 440 мыңы еңбекке жарамды, оның ішінде 245 мың адамға спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілім жоқ. 2012 жылғы қорытынды бойынша адамдардың осы санаты қатарында спортпен шұғылданатын адамдар саны — 8,3 %, 2013 жылы - 8,7 %, ал 2014 жылғы қорытынды бойынша 9,2 % құрады.
Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу жүйелі негізде ұйымдастырылған.
Тек 2014 жылдың өзінде Саламатты өмір салты орталығымен бірлесіп, 34 мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен акциялар өткізілді, оған 4,1 млн. астам адам қатысты.
Жыл сайын 5 мыңнан астам мүгедек спортшылардың қатысуымен түрлі санаттағы мүгедектерге арналған 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионат пен турнирлер өткізіледі.
Спорт түрлерінен спартакиадаларды, түрлі турнирлерді, «Тұңғыш Президент - Елбасының тесттерін» тапсыру айлықтарын, «Анам, әкем, мен - спортшы отбасы!» атты отбасылар арасындағы спорттық жарыстарды, жыл сайын 2 млн. астам адам қатысатын жаппай жүгіру мен өзге де іс-шараларды өткізу дәстүрге айналды.
Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде 20-дан астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша қарқынды түрде дамыған ұлттық спорт түрлерімен 265,7 мыңнан астам адам шұғылданады (2012 жылы — 229,9 адам, 2013 жылы — 250,9 адам).
Ұлттық ат спорты жарыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізуге жағдай жасалуда.
Барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында стандартты ипподромдар салынды.
Спорт және дене шынықтыру саласын дамытудың әлемдік тәжірибесі бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесінде спортшылар Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізетінін көрсетеді.
Отандық жоғары жетістіктер спорты нақты міндеттер мен даму бағыттарын іске асыруға бағдарланған.
Тәуелсіздік кезеңінде республикада кәсіби спортшыларды дайындаудың бастапқы кезеңінен жоғары спорттық шеберлікке дейінгі жүйесі қалыптасты.
Қазақстанда спорт түрлерінен 109 республикалық федерация, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерінен - 40, ұлттық спорт түрінен - 7 федерация, мүгедектер спорты түрлерінен - 3 федерация және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 59 федерация жұмыс істейді.
Біліктілікті арттыру мақсатында 2013 жылдан бері жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде жақын және алыс шет елдерде оқуға мүмкіндік алды.
Отандық спортшылар жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуы ең маңызды нәтиже болып табылады.
Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі, онда ел құрамасы бұдан бұрынғы Азия ойындарының бәріне қарағанда, жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды.
2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан спортындағы елеулі оқиға болды, мұнда Қазақстан командасы өз тарихында тұңғыш рет әлемнің 205 елі ішінде бейресми командалық есепте 12-орынға табан тіреді.
2014 жылы Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өткен XVII жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама команда 84 медаль (28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль) жеңіп алып, 4-орынды иеленді.
2014 жылы Сочи қаласындағы қысқы Олимпиадада қазақстандық 15 спортшы 6 спорт түрінен ғаламның 10 үздік спортшысы қатарынан орын алды.
Қазақстанның маңызды халықаралық имидждік жобалары 2017 жылғы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу болып табылады.
Сала заңнамасын жетілдіру шеңберінде 2014 жылы саланы дамытудағы заманауи талаптарға сәйкес келетін «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Ұсынылып отырған Қазақстан спортының дамуына шолу саланың орнықты даму жолына шыққанын сипаттайтын оң үрдістердің бар екенін айғақтайды.
Саланың басты проблемалары
Ағымдағы жағдайды талдау негізінде саланың мынадай проблемаларын бөлім көрсетуге болады:
1) жетекші шет елдермен салыстырғанда халықтың спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданумен қамтылуының төмендігі;
2) спорт саласы бірлік, мақтаныш сезімін және патриоттықты қалыптастыру арқылы ұлтты біріктіретін әлеуетті толық ашпайды;
3) бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға халықтың әлеуметтік осал топтарының жеткіліксіз ықпалдасуы;
4) жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық дене шынықтыруды дамыту мәселелерінде ғылыми тәсіл нашар көрініс тапқан;
5) халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізуді қоса алғанда, спорт және дене шынықтыру саласында ғылыми зерттеулерді жүргізудің үйлесімді стратегиясының болмауы;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуеті нашар пайдаланылады;
7) интернет-ресурстар арқылы саламатты өмір салтын насихаттауды қоса алғанда, жеткіліксіз ақпараттық сүйемелдеу;
8) ауылдық жерлердегі нашар дамыған спорт инфрақұрылымы;
9) балалар-жасөспірімдер спортымен жүйелі айналысатын балалардың төмен қамтылуы;
10) білікті кадрлардың, оның ішінде спорт менеджменті және бизнес саласындағы, сондай-ақ бейімделген дене шынықтыру жөніндегі кадрлардың тапшылығы;
11) спорттық мүкәммалмен, әсіресе ауылдық жерлерде төмен жарақталу.
Шетелдік оң тәжірибеге шолу
Қомақты қаржы шығындарын қажет ететін инфрақұрылым мен кадр әлеуетіне инвестиция салу сала дамуының аса маңызды негізгі факторы болып табылады.
ЭЫДҰ-ға мүше елдерде саланы мемлекет тарапынан, әсіресе, инфрақұрылымды дамыту мәселесінде, оның ішінде лотерея өткізуден ел бюджетіне түсетін қаражат есебінен жеңілдікті кредит беру практикасы кеңінен қолданылады.
Бұқара халықтың спорт саласындағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған спорт құрылыстарын салу және сатып алу шығыстарын жабуға жеңілдікті кредиттер муниципалитеттерге де, сондай-ақ спорт ұйымдарына да беріледі.
Мемлекеттік дотациялар ғылым мен спортқа ғылыми қызмет көрсетуді қоса алғанда, еңбек ресурстарын қалыптастыруға да бөлінеді.
Мысалы, Финляндияда кемінде 10 мың халқы бар муниципалдық округтің халықтың арнайы топтарына арналған бір спорт нұсқаушысының жалақысын мемлекеттік қаржыландыруға құқығы бар.
Германия мен Францияда клубтардың иелігіне муниципалдық спорт құрылыстарын тегін беру тәжірибесі қолданылады.
Жетекші шет елдердің мемлекеттік саясатының жеке бағыты ғылыми- ақпараттық ресурстарды дамыту болып табылады.
АҚШ-та спортты дамыту мәселелері бойынша 23 институт жұмыс істейді, Қытайда спорт бейіміндегі 37 зерттеу құрылымы бар.
Ұлыбританияда клубтарға мүшелікті, спорттық жарыстарға қатысуды, спорт саласында көрсетілетін қызметтер сапасына қанағаттанушылықты және оның қолжетімділігін қоса алғанда, халықтың түрлі топтарының спорттағы белсенділігін зерделеу мен бағалауға бағытталған арнайы зерттеулер тұрақты жүргізіледі.
Зерттеулер мемлекеттік саясат басымдықтарын айқындауда түйінді рөл атқарады, ел өңірлеріндегі сала дамуының жай-күйін бағалайды, спортқа қатысуға ықпал ететін жағдайларды талдайды, кедергілерді анықтайды және т.б.
Тұтастай алғанда, дамыған шет елдерде спорт және дене шынықтыру саласы денсаулық сақтауды, білім беруді, көлік инфрақұрылымын, қалалық жоспарлауды, еңбекті қорғауды, дұрыс тамақтану мен өзгелерді қоса алғанда, саламатты ұлтты дамытумен ортақ тұрғыдан қаралады.
Айталық, Еуропалық одақ елдерінде саланы дамытудың мақсаттары мен міндеттерін межелеудің аса маңызды шарты ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін пысықтау, сондай-ақ мүдделі тараптардың - орталық мемлекеттік органдардың, өңірлік биліктердің, үкіметтік емес сектор мен жеке меншік құрылымдардың өзара ынтымақтастығының барлық нысандарын көтермелеу болып табылады.
Әдетте, барлық бағдарламалар ведомствоаралық сипатта болады және ортақ мақсатқа негізделеді, мысалы, «Тамақтануды жақсарту, қимыл-қозғалысты жандандыру» сияқты екі ортақ мақсатты айқындайтын мультиспектрлі іс-қимыл жоспары.
Жетекші шет елдердің спорт саласын дамытудағы дербес бағыт - спорт индустриясын дамыту болып табылады, мұнда мәдениет және спорт саласы коммерциялық қызметтер көрсету мен халықтың әлеуметтік жұмыспен қамтылуының маңызды секторы ретінде қарастырылады.
Жоғарыда көрсетілген шетелдік тәжірибені зерделеу негізінде Тұжырымдамада саламатты ұлтты дамытудың негізі ретінде спорт пен дене шынықтыру саласын дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау көзделеді. Бұл ретте Тұжырымдама шеңберінде аурулар және теріс әлеуметтік құбылыстар профилактикасының құралы ретінде бұқаралық спортты дамытуға; спортты жастарды адамгершілік, эстетикалық және зияткерлік тұрғыдан дамытуда пайдалануға баса назар аударылады.
ЭЫДҰ тәжірибесін есепке ала отырып, Қазақстанда бұқаралық спортты қолдауда мемлекеттің рөлін арттыру жөніндегі шаралар кешенін қолдану қажет.
Сонымен қатар, спорттық-бұқаралық іс-шаралардың жанкүйерлері мен көрермендерінің мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жанкүйерлер клубтарының (фан-клубтар) қызметін реттеу қажет.
2. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты
дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігін негіздеу
Қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт саласын дамытудағы басымдықтарды айқындайтын стратегиялық құжат жоқ.
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001 - 2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007 - 2011 жылдарға арналған салалық бағдарламасын іске асыру тәжірибесі саланы дамытудың ұзақ мерзімді пайымы мен мемлекеттік саясаттың сабақтастығын айқындайтын жүйелі құжат талап етілетінін көрсетті.
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы қойған Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетті ескере отырып, спорт пен саламатты өмір салтын таңдайтын саламатты ұлтты қалыптастыру жөніндегі ортақ мақсатқа және ведомствоаралық өзара іс-қимылға негізделген спорт саласын дамытудың жаңа моделін жасау қажет.
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарын» іске асыру туралы есебін тыңдау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 25 тамыздағы № 01-7.8 (ХТ) тапсырмасын және Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның 2015 жылғы 15 шілдедегі отырысының № 20-5/07-435 хаттамасының «Біртектілік пен бірлік мәселелері жөніндегі шаралар туралы» 3.5.3-тармағын орындау үшін әзірленді.
Тұжырымдаманы қабылдау ұлттың спорттық әлеуетін жұмылдыруға, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спорты саласында біртұтас және жүйелі жұмысты жолға қоюға мүмкіндік береді.
3. 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында дене шынықтыру
мен спортты дамытудың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары 1. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын қарқынды дамытудың біріктіруші көзі және басты қозғаушы күші ретінде ұлттың спорттағы әлеуетін жұмылдыруға бағытталған дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.
Алға қойылған мақсаттың ауқымы мынадай негізгі міндеттерді шешуді болжайды:
1) ведомствоаралық тәсіл негізінде Мәңгілік ел жалпыұлттық патриоттық идеялар құндылықтарын ілгерілету бойынша өзекті міндеттерге сай келетін халықты дене шынықтыру мен спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру;
2) жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, азаматтарды елдің спорттық өміріне белсенді тарту;
3) отандық спорттың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңірлік спорт қоғамдастықтарын қолдау, жалпыұлттық спорт брендтерін қалыптастыру;
4) бұқара халық арасында спортты және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ақпараттық жұмыс ауқымын кеңейту;
5) спорт инфрақұрылымы мен спорт түрлері бойынша клубтар желісін дамыту арқылы қолжетімді спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру көрсетілетін қызметтер нарығын кеңейту.
2. Тұжырымдаманы іске асырудың жалпы тәсілдері мен қағидаттары
Спорт пен дене шынықтыруды дамытудың басым мақсаттарын, міндеттері мен бағыттарын іске асыру мынадай тәсілдер негізінде жүзеге асырылатын болады:
1) саланы дамытудың жүйелілігі мен кешенділігі;
2) қабылданатын шешімдердің негізділігі мен басымдығы.
Негізгі қағидаттар:
1) мемлекеттік саясаттың инклюзивтілігі мен әлеуметтік бағытталуы;
2) халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін спорт саласын аса маңызды ресурс ретінде тану;
3) спорттық белсенділіктің алуан түрлілігін көтермелеу, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытуға тең қолдау көрсету;
4) спорттық бағытты таңдау еркіндігіне құрметпен қарау және елдің спорттық өміріне өз еркімен қатысу;
5) халықтың барлық топтарының мүдделері мен қажеттіліктерін есепке алу;
6) саланы дамытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерін жетілдіру мақсатында отандық және әлемдік үздік практикаға сүйену;
7) нәтижелер өлшемділігі.
Белгіленген қағидаттар нормативтік құқықтық базаны, саланы дамыту бағдарламаларын жетілдіруді, іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді және т.б. қоса алғанда, жүргізіліп отырған барлық саясаттың негізін құрайтын болады.
Мұндай тәсілді тиімді іске асырудың бірден-бір шарты ел азаматтарының саламатты өмір салтын жүргізу, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдану, дамыған спорт инфрақұрылымына қол жеткізу мүмкіндігін, сондай ақ қазақстандық спорттың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін қолайлы орта құру болып табылады.
4. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың
басым бағыттары 1. Мәңгілік ел жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын
ілгерілету бойынша өзекті міндеттерге сай келетін халықты дене
шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру.
Халықты дене-шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру үшін тұрғылықты жері бойынша спорт клубтарының, оның ішінде дене шынықтырумен және спортпен өз бетінше айналысатын адамдар үшін демалыс күнгі спорт клубтары желісін құру мәселесін пысықтау қажет.
Өңіраралық, қазақстандық және халықаралық дене шынықтыру іс-шаралары мен спорттық іс-шаралардың жыл сайынғы бірыңғай күнтізбелік жоспарын жетілдіру ерекше назар аударуды қажет етеді, онда еліміздегі кешенді көп кезеңді спорттық және дене шынықтыру іс-шараларының негізі ретінде халықтың әртүрлі топтары арасындағы қазақстандық спартакиада жүйесі спорттық-күнтізбелік жоспардың құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.
Спорт түрлері бойынша жарыстардың халықаралық жүйесіндегі өзгерістерді ескере отырып, Бірыңғай спорттық сыныптаманы жетілдіру қажет.
Халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру шеңберінде азаматтардың жеке ерекшеліктеріне қарай таңғы және өндірістік гимнастиканы қоса алғанда, қимыл-қозғалыс белсенділігінің көлемі бойынша ұсынымдарды әзірлеу және енгізу, білім беру мекемелерінде дене тәрбиелеу бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету қажет.
Халық тығыздығын, көлікке қолжетімділікті және дамып келе жатқан спорт түрлерін есепке ала отырып, спорт объектілерін орналастырудың сараланған тәсілін іске жалғастыру, спорт түрлерінен спорт федерацияларының мәртебесін жоғарылату болжанады.
Нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі, оның ішінде Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спорт субъектілерінің функциялары мен өкілеттіктерін нақтылау, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысатындардың мониторингін жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
2. Халықтың бос уақытына бағдарланған спортты жандандыру, балалармен және жастармен жұмыс істеу әдістерін жетілдіру
Елдің спорттық өмірі ұлтты жұмылдырудың және Мәңгілік ел жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын ілгерілетудің маңызды факторына айналуға тиіс.
Спорт және дене шынықтыру саласындағы бастамаларды іске асыру кезінде еліміздің әр өңірі халықтың әлеуметтік өмірінің алуан түрлілігіне ықпал ететін ақпараттық және оқиғаларға толы ортаны қалыптастыра отырып, жергілікті спорт қоғамдастықтарына сүйенуге тиіс.
Іс-шараларға қатысуға партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өзге де мүдделі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, спорттық оқиғаларды ақпараттық сүйемелдеу бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажет.
Ел азаматтарының спортпен шұғылдануын ұйымдастыруды көздейтін халықты әлеуметтік жұмыспен қамтуға бағдарланған дене шынықтыру-спорт бірлестіктері мен спорт клубтарының жұмысын жандандыру ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.
Дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары мен спорт клубтарындағы ашық есік күндері акциялары дәстүрге айналуға тиіс.
Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша спорт клубтарының, оның ішінде дене шынықтырумен және спортпен өз бетінше шұғылданушыларға арналған демалыс күнгі спорт клубтарының желісін құрудың тиімді және қарапайым алгоритмін пысықтаған жөн.
Ауылда қоғамдық бастамаларда спорт акцияларын, әуесқойлар чемпионатын, конкурстар мен т.б. өткізу арқылы оқиғаларға толы спорттық өмірді қалыптастыру маңызды.
Осыған байланысты, танымал әрі қолжетімді спорт түрі ретінде футболды жаппай дамыту перспективалы бағыт болуы мүмкін. Футболдан әуесқойлар командаларын мектептер, жекелеген елді мекендер, облыстар және т.б. деңгейде қалыптастыруға болады. Әуесқойлар арасындағы футбол жарыстардың жалпыұлттық кестесіне енгізілуге тиіс, оның шарықтау шегін Қазақстан Футбол федерациясы кубогына әуесқойлар мен кәсіпқойлардың ақтық сайысымен аяқталатын «әуесқойлар футбол лигасы» матчтары түйіндейтін болады.
Барлық деңгейдегі әкімдерге жергілікті ерекшеліктерді есепке ала отырып, тиісті аумақтарда спорттық-бұқаралық іс-шараларды тұрақты негізде өткізуге жеке жауапкершілік жүктеу қажет.
Өңірлердің спорттық имиджін қалыптастыру мақсатында «Елдің спорттық өмірінің орталығы» өңірлік эстафетасы қағидаты бойынша спорттық іс-шаралар желісін жоспарлаған жөн.
Спорттық әлеуметтің оң бейнесін қалыптастыру және фанаттар қозғалысының радикалдануын болдырмау мақсатында спорт федерацияларының жанкүйерлер қоғамдастықтарымен жұмысын күшейтудің маңызы зор.
Басты қағидаттар - спортпен және дене шынықтырумен шұғылдануға тең мүмкіндік жасау, талантты адамдардың дамуына жәрдемдесу.
Саламатты ұрпақ қалыптастыру мақсатында спорттық іс-шараларға тең мүмкіндіктер мен тең қолжетімділік арқылы бала жасында бастапқы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет.
Стратегиялық маңызды міндеттер - елдің барлық өңірінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін жоспарлы дамыту, спорт түрлерінен спорт федерацияларымен ынтымақтас спорт секциялары мен клубтары қызметін жандандыру арқылы дене шынықтыру және спорт саласында қосымша білім беру жүйесінің дамуын ынталандыру.
Бірінші кезектегі ұйымдастыру шарасы ретінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептерінің жұмысына қойылатын талаптардың айқын жүйесін қалыптастыру да қажет, мұның негізіне, дене күшінің және техникалық даярлықтың, дене дамуы мен денсаулық жағдайын бағалаудың үлгілік сипаттамаларын есепке ала отырып, дарынды жас спортшыларды ұзақ жылғы спорттық іріктеу қағидаттары салынатын болады.
Практикалық тұрғыда облыстарда орта мектептерді кешенді спорт алаңдарымен қамтамасыз ету, сабақтан тыс уақытта жұмыс істейтін спорт түрлерінен спорт секциялары мен клубтарын дамыту арқылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға балалар мен жасөспірімдерді көбірек тарту, республикалық деңгейде жастарға арналған әскери-спорттық чемпионаттарды тұрақты негізде өткізу мәселесін пысықтаған жөн.
Балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасауды жандандыру қажет.
Мемлекет те дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық жастар ұйымдарының дамуына жүйелі қолдау көрсететін болады.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, денсаулықты нығайтуға және жан-жақты тәни дамуға бағытталған жастар арасындағы Дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмысының кешенді іс-қимыл жоспарын жасау мәселесін пысықтау қажет.
Жастарды неғұрлым көбірек қамту үшін баскетболдан, волейболдан, футболдан, бокстан және басқа да бұқаралық спорт түрлерінен студенттік және мектеп лигаларын дамыту мәселесін пысықтау қажет.
Елімізде бейімделген дене шынықтыруды дамыту шеңберінде денсаулығының мүмкіндігі шектеулі балаларды дені сау құрдастарының ортасына тарту мақсатында олардың қатысуымен спорт жарыстары мен турнирлерін жүйелі түрде өткізу қажет.
3. Жоғары жетістіктер спортын, спорт резервін даярлау жүйесін,
саланы кадрлық қамтамасыз етуді одан әрі дамыту және саланың
заманауи ғылыми әлеуетін қалыптастыру
Жаһандану кезеңінде әлемдік спорт аренасында Қазақстанның спорттық имиджін одан әрі нығайту мен ілгерілеудің, сондай-ақ халықаралық спорт қоғамдастығымен ықпалдастырудың маңызы зор.
Спорт еліміздің жалпыұлттық брендінің маңызды құрауышы болып табылатындықтан, бұл Қазақстан үшін де маңызды.
Осы мақсатта Қазақстанның Халықаралық олимпиада комитетінің, Спорт жөніндегі Еуропа кеңесінің және Азия олимпиадалық кеңесінің атқарушы органдарына және т.б. енуі арқылы дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі бағыттары бойынша халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыру болжануда.
Халықаралық имидждік жобаларды іске асыру шеңберінде Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік дәлізінің ашылуына орайластырылған Халықаралық велотур ұйымдастыру мәселесін пысықтау жоспарлануда.
Аңызға айналған тарихи маршруттармен өтетін «Ұлы Жібек жолы» халықаралық ралли гран-приін өткізу саламатты өмір салтын насихаттауды жандандыруға, спорт қызметі мен іс-шараларға туристерді тартуға мүмкіндік береді.
Спорт туризмін (әсіресе, ішкі) дамытуға жаңа серпін беру мақсатында елдің танымал туристік маршруттар картасына неғұрлым тартымды спорт объектілерін кіріктіру, аумақтардың спорттық брендтерін қалыптастыру қажет.
Жоғары жетістіктер спорты - келешекте елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы факторларының біріне айналатын спорт индустриясының дамуын пәрменді ынталандырушы күш.
Жоғары жетістіктер спорты Қазақстанның әлемдік аренада ілгерілеуіне, отансүйгіштіктің, елі үшін мақтаныш сезімінің қалыптасуына, азаматтардың бірігуіне де ықпал етеді.
Жоғары сыныпты спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуға қабілеті бар перспективалы спортшылар санын ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Спорт резервін даярлауға, ел өңірлерінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің желісін одан әрі дамытудың болжамды жол картасын қалыптастыруға ерекше назар аудару керек.
Жұмыстың перспективалы бағыттары - дене шынықтыру және спорт саласының жоғары оқу орындары базасында олимпиадалық спорт түрлерінен құрама командаларды спорттық даярлау орталықтарын құру жөніндегі мәселені пысықтау болып отыр.
Спортшыларды ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеудің сапасын жақсарту, сондай-ақ спорттық мүкәммал мен арнайы киім-кешекке қажеттіліктерін сапалы қанағаттандыру талап етіледі.
Сондай-ақ елдің спорт резервін даярлау шеңберінде спорт түрлерін дамыту жөніндегі федерациялар жұмысының тиімділігін арттыру қажет.
Жаттықтырушылар құрамының, спорттық медицина мамандары мен спорт төрешілерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқытудың дуальді жүйесі негізінде үздіксіз кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыру туралы мәселені пысықтау қажет.
Спорт саласындағы ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру және кәсіби стандарттарды әзірлеу шеңберінде спорт саласының қажеттіліктері үшін заманауи менеджерлер мен мамандарды даярлау, сондай-ақ спорт және дене шынықтыру саласындағы жоғары білім беру стандарттарына «Спорт менеджменті», «Спорт экономикасы» «Спорттық дәрігер» және «Спорттық психолог» мамандықтарын енгізу мәселесін пысықтау қажет.
2025 жылға қарай Астана қаласында Спорт академиясын құру мәселесін пысықтау да перспективалы жоба болып табылады, ол спорт саласы үшін кадрлар даярлаудың жетекші жалпыұлттық орталығы болады.
Соңғы жылдары халықаралық спорт аренасында бәсекелестік айтарлықтай өсті, осыған байланысты жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спорттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін жеке ғылыми базаны құру және дамыту қажет.
Осы мақсатта спорт саласын дамыту мәселелерінде ғылыми тәсілді дамыту және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары тақырыбын кеңейту қажет.
Бұл жағдай жаттығу және жарыс процестері уақытында медициналық қамтамасыз етуге де толығымен қатысты. Қазіргі таңда спорттың дамуында осы саладағы ең жаңа жетістіктер негізінде спорт қызметін медициналық-биологиялық реттеу деңгейі басты орынға шығып отыр.
Спорт резервін даярлау жүйесінің теориялық-әдістемелік және медициналық-биологиялық негіздері саласында ауқымды ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүргізу мәселесі де пысықтауды қажет етеді.
4. Бұқара халық арасында спортты және спорттық өмір салтын
белсенді түрде танымал ету бойынша кешенді тәсілді іске асыру
Дене белсенділігі ұлт саламаттылығының бастау көзі ретінде қаралады.
Саламатты ұлт түсінігіне қимыл-қозғалыс белсенділігі мен спортпен жүйелі шұғылдануды ынталандыру, сондай-ақ, ең маңыздысы қимыл-қозғалыс белсенділігі болып табылатын шаралар мен шарттардың ауқымды кешені кіреді. Саламатты ұлтты қалыптастырудың кешенді тәсілін іске асырудың басты құралы - жас, кәсіптік, әлеуметтік және т.б. ерекшеліктері бойынша халықтың негізгі нысаналы топтарына бейімделген ақпараттық жұмыс болмақ.
Осы мақсатта қазақстандық «KAZsport» телеарнасын қоса алғанда, жетекші телевизиялық арналар аудиториясын кеңейтуге және ақпараттық жұмыс сапасын арттыруға, сондай-ақ танымал интернет-ресурстарды дамытуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Қазіргі заманғы мектепте балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған шараларды ұйымдастырудың басқа да оң тұстары ретінде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдердің негізгі нысаналы топтарына сапалы мониторинг жүргізуді, сондай-ақ көрсетілетін спорттық-сауықтыру қызметтеріне сұраныстар мен ұсыныстардың арақатынасын қамтамасыз ету қажет.
Телеарналарда бұқаралық спортты, олардың ішінде спартакиадаларды, республикалық, халықтық, жалпыұлттық және зияткерлік ойындарды дамытуға арналған жобаларды іске асыруды жалғастыру керек.
Өңірлерде бұқара халық арасында спортты және спорттық өмір салтын белсенді түрде танымал ету үшін әр өңірде спорт объектілерінің және оларда жұмыс істейтін спорт секциялары мен клубтарының қызметі бойынша насихаттау жұмысын жалғастыру қажет.
Халықпен ақпараттық жұмыстың тиімділігін мониторингтеу бойынша жұмысты жолға қою маңызды. Негізгі әдіс - әлеуметтік және сараптамалық зерттеулер.
Түпкі нәтиже - өңірлердің спорттық тартымдылық рейтингін жасау.
5. Дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымын дамыту және
көрсетілетін қызметтер нарығын кеңейту
Қолжетімді әрі сапалы инфрақұрылымның болуы спорттық көрсетілетін қызметтер нарығының толыққанды жұмысының ең маңызды шарты, дене шынықтыру мен спорттық көрсетілетін қызметтер нарығы ретінде спорт индустриясын ілгерілетудің аса маңызды факторы болып табылады.
Табыс негізі - сала өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне жаппай сұраныстың қалыптасуы.
Әр адамға өз қажеттіліктеріне сәйкес дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымының артықшылығын пайдалануға мүмкіндік жасау.
Саланың экономикалық әлеуетін дамытудың жаңа деңгейі маркетинг саясатын қалыптастырудың жүйелі тәсілін, спорттық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың сұранысы мен ынтасын зерттеуді талап етеді.
Спорт ұйымдары, федерациялары, клубтары демеушілерді, жарнама берушілерді табу, сақтандыру және т.б. мәселелерді қоса алғанда, кәсіби консалтингтік қолдауға мұқтаж.
Осыған байланысты, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бизнес-белсенділікті ынталандыруға, ықтимал демеушілер мен инвесторларды тартуға бағытталған тығыз ынтымақтастықты жолға қойған жөн.
Спорт мүкәммалының отандық өндірісін іске қосуды, спорт киімін тігуді, брендтік және. имидждік және басқа да өнім шығаруды қоса алғанда, спорт объектілерін салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуетін неғұрлым кеңінен пайдалану қажет.
Өңірлермен бұқаралық спорт объектілерінің. қолжетімділігін кеңейту, секциялар мен клубтар желісін дамыту бойынша өзара іс-қимылды күшейтудің маңызы зор.
5. Іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелер,
нысаналы индикаторлар
Тұжырымдаманы іске асыру кезеңі екі сатыдан тұрады:
1) бірінші кезең - 2016 - 2020 жылдар;
2) екінші кезең - 2021 - 2025 жылдар.
Бірінші кезеңде тиісті нормативтік құқықтық базаны қабылдауды, спорт саласындағы стратегиялық бағдарламалық құжаттарға түзетулер енгізуді қоса алғанда, қойылған міндеттерді іске асырудың институттық және экономикалық-құқықтық негіздерін қалау және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған іс-шаралар жоспарында көзделетін дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту жөніндегі бірінші кезектегі шараларды іске асыруды қамтамасыз ету болжанады.
Екінші кезеңде қойылған мақсаттарға қол жеткізудің қағидатты мүмкіндігіне және бүкіл жүйенің орнықты жұмыс істеу шарттарына әсер ететін неғұрлым басым іс-шараларды іске асыру болжанады бұлар: қойылған міндеттер мен жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді.
Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай саланы дамытуда мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:
1) халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылдануға тартудың орташа көрсеткіші 35 %-ға дейін ұлғаяды;
2) дене шынықтыру жаттығуларымен, спорттың белсенді түрлерімен айналысу - саламатты өмір салтын жүргізу қағидаты - мемлекеттің, жұмысшы мен азаматтың әріптестік ынтымақтастығы негізінде дамитын болады;
3) 2017 жылға қарай балаларға, жасөспірімдер мен жастарға арналған спорттың әр түрінен спорт секциялары мен клубтарының желісі, оның ішінде ауылдық жерде 20 %-ға кеңейеді;
4) еліміздің спорттық әлеміне халықтың қатысуын бағалауды, өңірлердің спорттық тартымдылық рейтингін жасау мақсатында спорттық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанушылықты қоса алғанда, сала дамуының жүйелі мониторингі қамтамасыз етіледі;
5) халықтың негізгі нысаналы топтарына бағдарланған және саламатты өмір салтының құрауышы ретінде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды белсенді насихаттауды қамтамасыз ететін дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды танымал етудің тиімді моделі іске асырылады;
6) жұмыс берушілер қызметкерлер денсаулығын қолдауды қамтамасыз ету процесіне белсенді араласатын болады;
7) дене белсенділігінің пайдасын танымал ету тұрақты бұқаралық жарыстарды өткізуге ықпал ететін болады, оған қатысу қазақстандықтардың белсенді демалыс нысаны болады. Жыл сайын кемінде үш мың дене шынықтыру-бұқаралық және сауықтыру іс-шарасын өткізу қамтамасыз етіледі;
8) 30 мықты мемлекет қатарында қазақстандық жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейіне қол жеткізіледі;
9) кәсіби жаттықтырушы кадрларды даярлау жүйесі нығайтылады, мамандарды отандық оқу орындарында даярлау есебінен кадр тапшылығы жойылады;
10) халықтың негізгі нысаналы топтарының қажеттіліктеріне сай келетін спорттық көрсетілетін қызметтер нарығын табысты дамытудың негізі қаланады;
11) отандық спорттың танымал брендтері қалыптастырылады;
12) спорт инфрақұрылымын, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып, серпінді кеңейту жүзеге асырылады және спорт инфрақұрылымымен халықтың қамтылуы нақты 45,3 %-дан 50 %-ға дейін артады.
Алға қойылған нәтижелерге қол жеткізу мемлекеттік әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде дене шынықтыру мен спорттың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға әкеледі.
6. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық
актілердің тізбесі
Алға қойылған міндеттерге мына нормативтік құқықтық актілер арқылы қол жеткізу болжанады:
1) «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
2) «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 396 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасы;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама;
6) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 — 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы;
7) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 163 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2014 - 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары.