1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1186 қаулысына қосымша |
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін (бұдан әрі – Мемлекеттік рәміздер күні) мерекелеу қағидалары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 04.02.2020 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу қазақстандық азаматтық біртектілікті, патриотизмді және ұлт бірлігін нығайту бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі элементі болып табылады. Мереке "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойылған күнге орайластырылған.
2-тарау. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын еліміз бойынша барлық жерде мерекеленеді.
4. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге мемлекеттік заңды тұлғалар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (бұдан әрі – заңды тұлғалар), Қазақстан Республикасының елшіліктері және басқа да ресми шет елдік мекемелер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамалары, бөлімдері, бөлімшелері және мекемелері тарапынан өткізілетін ресми, салтанатты рәсімдер немесе спорттық іс-шаралар кіреді.
5. Мемлекеттік заңды тұлғаларда, Қазақстан Республикасының елшіліктерінде және басқа да ресми шет елдік мекемелерде, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, бөлімдерінде, бөлімшелерінде және мекемелерінде мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен безендірілген үй-жайларда салтанатты түрде мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлердің, мәдениет, білім және ғылым, экономика және қаржы, сондай-ақ басқа да салалардың белгілі өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.
6. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге арналған ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігумен басталады және Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
7. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
8. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі.
9. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады.
10. Ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шараларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге арналған құттықтау, сондай-ақ оның тарихы, маңызы және маңыздылығына арналған сөздер ұйымдастырылады.
Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу шеңберінде өткізілуі мүмкін:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін бір мезетте орындау жөніндегі шарасы;
2) медальдарды, төсбелгілерді, ведомстволық наградаларды, құрмет грамоталарды және алғыс хаттарды табыстау;
3) жаңа объектілердің, ұйымдардың ашылуы;
4) әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге ант қабылдату;
5) Қазақстанның мемлекеттілігі мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар, мәжілістер, дөңгелек үстелдер;
6) кітапханалар мен музейлерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған тақырыптық көрмелер мен экспозициялар;
7) көрнекті саяси, еңбегі сіңген және қоғам қайраткерлерінің сұхбаттары мен жарияланымдарын, тақырыптық бағдарламалар циклдарын шығару;
8) мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге, өз еліне деген мақтаныш және отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, тәрбиелеуге бағытталған конкурстар, викториналар;
9) мемлекеттік рәміздерді насихаттауға бағытталған басылым және естелік өнімдерін шығару;
10) Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге арналған өзге де шаралар.
Осы Ереженің 4 тармағында көрсетілмеген заңды тұлғалар және жеке тұлғалар олардың еркі бойынша осы Ереженің 10 тармағында көрсетілген шаралардың өткізілуі мүмкін.
11. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуде ақпараттық сүйемелдеу шеңберінде мемлекеттік заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының елшіліктері және басқа да ресми шет елдік мекемелер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамалары, бөлімдері, бөлімшелері және мекемелері тарапынан өткізілетін Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария ету жөніндегі шаралар қабылданады.
12. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда), қаладағы аудандарда, аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздер күнін ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ, ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.