Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімге («Орталық – Батыс» автомобиль дәлізін дамыту жобасы) қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге («Орталық – Батыс» автомобиль дәлізін дамыту жобасы) қол қою туралы
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімге («Орталық – Батыс» автомобиль дәлізін дамыту жобасы) қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге («Орталық – Батыс» автомобиль дәлізін дамыту жобасы) қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2016 жылғы
№
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы
ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(«Орталық – Батыс» автомобиль дәлізін дамыту жобасы)
2016 жылғы «__»____________ Қазақстан Республикасы («Қарыз алушы») мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі («Банк») арасындағы келісім. Осы арқылы Қарыз алушы мен Банк мыналар туралы уағдаласты:
I БАП – ЖАЛПЫ ШАРТТАР; АНЫҚТАМАЛАР
1.01. Жалпы Шарттар (осы Келісімге Қосымшада айқындалған) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
1.02. Егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, онда осы Келісімде пайдаланылатын бас әріптерден басталатын терминдер Жалпы Шарттарда немесе осы Келісімге Қосымшада оларға бекітіп берілген мағыналарға ие болады.
II БАП - ҚАРЫЗ
2.01. Банк Қарыз алушыға сипаттамасы осы Келісімге 1-толықтыруда келтірілген жобаны («Жоба») қаржыландыруға жәрдем көрсету мақсатында осы Келісімде жазылған немесе онда сілтеме жасалған мерзімде және шарттарда осы Келісімнің («Қарыз») 2.08-бөлімінің ережелеріне сәйкес Валюта айырбастау арқылы кезең-кезеңімен айырбастауға болатын тоғыз жүз жетпіс жеті миллион сегіз жүз алпыс мың АҚШ долларына (977 860 000 АҚШ доллары) тең соманы беруге келіседі.
2.02. Қарыз алушы Қарыз қаражатын осы Келісімге 2-толықтырудың IV бөліміне сәйкес алуға құқылы.
2.03. Қарыз алушы төлеуге тиіс біржолғы комиссия Қарыз сомасының бір пайызының төрттен бірін (0,25 %) құрайды. Қарыз алушы біржолғы комиссияны осы Келісім күшіне енген күннен кейін алпыс күннен кешіктірмей төлейді.
2.04. Резервке қойғаны үшін қарыз алушы төлеуге тиіс комиссия Қарыздың алынбаған қалдығының жылдық бір пайызының төрттен бірін (0,25%) құрайды.
2.05. Қарыз алушы әрбір Пайыздық кезең ішінде төлеуге тиіс пайыздар Қарыз валютасы үшін Референттік мөлшерлемеге Өзгермелі спрэдті қосқанға тең мөлшерлеме бойынша есепке жазылатын болады; Қарыздың негізгі сомасының барлығын немесе кез келген бөлігін Айырбастау кезінде Қарыз алушы Айырбастау кезеңі уақытында осындай сома төлеуге тиіс пайыздар Жалпы Шарттардың IV бабының тиісті ережелеріне сәйкес айқындалуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, егер Қарыздың алынған өтелмеген қалдығы бөліктерінің кез келгені уақтылы төленбей қалса және отыз күн ішінде төленбесе, онда Қарыз алушы төлеуге тиіс сыйақы мөлшері мұндай жағдайда Жалпы Шарттардың 3.02 (е) бөлімінің ережелеріне сәйкес есептеледі.
2.06. Әр жылдың 15 маусымы және 15 желтоқсаны төлем күндері болып табылады.
2.07. Қарыздың негізгі сомасы осы Келісімге 3-толықтыруда келтірілген өтеу кестесіне сәйкес өтеледі.
2.08. (А) Қарыз алушы борышты ұтымды басқаруды қамтамасыз ету үшін Қарыз шарттарының мынадай Айырбастауларының кез келгенін жүргізуді: (і) Қарыз Валютасының барлығын немесе Қарыздың негізгі сомасының алынған, сол сияқты алынбаған кез келген бөлігін Мақұлданған валютаға өзгертуді; (іі) мыналарды: (а) Өзгермелі мөлшерлемеден Тіркелген мөлшерлемеге немесе керісінше, Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлығына немесе кез келген бөлігіне; немесе (в) Референттік мөлшерлеме мен Өзгермелі спрэдке негізделген Өзгермелі мөлшерлемеден Тіркелген референттік мөлшерлеме мен Өзгермелі спрэдке негізделген Өзгермелі мөлшерлемеге немесе керісінше, Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлығына немесе кез келген бөлігіне; немесе (с) Өзгермелі спрэдке негізделген Өзгермелі мөлшерлемеден Тіркелген спрэдке негізделген Өзгермелі мөлшерлемеге Қарыздың алынған және өтелмеген барлық негізгі сомасына қолданылатын пайыздық мөлшерлеме базисін өзгертуді; және (ііі) Өзгермелі мөлшерлеме немесе Референттік мөлшерлеме үшін пайыздық мөлшерлеменің Жоғарғы шегін немесе пайыздық мөлшерлеменің Төменгі шегін белгілеу арқылы Қарыздың алынған және өтелмеген негізгі сомасының барлығына немесе кез келген бөлігіне қолданылатын Өзгермелі мөлшерлеменің немесе Референттік мөлшерлеменің шектерін айқындауды кез келген уақытта сұрата алады.
В) Осы Бөлімнің (А) тармағына сәйкес сұратылған, Банк қабылдаған кез келген айырбастау Жалпы шарттарда айқындалғандай «Айырбастау» деп есептелетін болады және Жалпы шарттардың IV бабының және Айырбастау жөніндегі нұсқаманың ережелеріне сәйкес күшіне енеді.
ІІІ БАП - ЖОБА
3.01. Қарыз алушы өзінің Жоба мақсаттарына қол жеткізуді ұстанатыны туралы мәлімдейді. Осы мақсатта және Жалпы шарттардың V бабының ережелеріне сәйкес Қарыз алушы Жобаны Инвестициялар және даму министрлігі (ИДМ) арқылы және, атап айтқанда:
(а) Жобаның 1, 3 және 5-бөліктері – ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті (АЖК) арқылы;
(b) Жобаның 2-бөлігі – Әкімдіктердің қатысуымен АЖК («Орталық-Батыс» автожол дәлізін орнықты дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау және іске асыру, жергілікті халықты оқыту және әлеуетін арттыру бойынша) арқылы; және
(с) Жобаның 4-бөлігі – Қарыз алушының Ішкі істер министрлігінің қатысуымен АЖК арқылы жүзеге асырады.
3.02. Егер Қарыз алушы мен Банк арасында өзгеше келісілмесе, осы Келісімнің 3.01-бөлімінің ережелерімен шектелмей, Қарыз алушы Жобаны іске асыруды осы Келісімге 2-толықтырудың ережелеріне сәйкес қамтамасыз етеді.
IV БАП - КҮШІНЕ ЕНУІ; ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ
4.01. Келісімнің күшіне енуінің қосымша шарты: Қарыз алушының ИДМ арқылы Банк үшін қанағаттанарлық Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқаманы (ЖІН) қабылдауы болып табылады.
4.02. Осы Келісімге қол қойылған күннен кейін бір жүз сексен (180) күн өткен соң басталатын күн осы Келісім күшіне енетін соңғы мерзім болып табылады.
V БАП - ӨКІЛДЕР; МЕКЕНЖАЙЛАР
5.01. Қарыз алушының Қаржы министрлігі өкілі болып табылады.
5.02. Қарыз алушының мекенжайы:
Қаржы министрлігі
Жеңіс даңғылы, 11
Астана, 010000
Қазақстан Республикасы
Факс:
(7) (7172) 717785
Телекс:
265126 (FILIN)
5.03. Банктің мекенжайы:
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі
1818 Н, N.W. көшесі
Вашингтон, Колумбия округі, 20433
Америка Құрама Штаттары
Факс:
1-202-477-6391
Телекс:
248423 (МСІ)
64145 (МСІ)
_______________, _________________, жоғарыда көрсетілген жылы және күні КЕЛІСІЛДІ.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Қол қойған:
________________________________
Уәкілетті өкіл
Т.А.Ә. _________________________
Лауазымы: ______________________
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ
Қол қойған:
________________________________
Уәкілетті өкіл
Т.А.Ә. _________________________
Лауазымы: ______________________
1-ТОЛЫҚТЫРУ Жобаның сипаттамасы
Жобаның мақсаттары: (а) «Орталық-Батыс» автожол дәлізінің бойындағы өңірлерде көлік қатынасын жақсарту және (b) дәлізді тиімді дамыту бойынша жобадағы белгілі бір агенттіктердің әлеуетін нығайту және жол активтерін сақтау саясатын іске асыру болып табылады.
Жоба мынадай бөліктерден тұрады:
1-бөлік. Инфрақұрылымды дамыту және қадағалау
А. Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар бағыты бойынша шамамен 1014 километр автомобиль жолын салу, сондай-ақ жабынды, көпірлерді, көлік айырықтарын, ЖПУ, ЖПП және жол бойындағы сервис объектілерін, жақын елді мекендерге кірме жолдарды салуды қоса алғанда, бірақ шектелмей, байланысты жол-құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру, Зияткерлік көлік жүйесі (ЗКЖ) жабдығын орнату.
В. Жобаның 1.А бөлігі шеңберінде жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстарына қадағалауды жүзеге асыру үшін консультациялық көрсетілетін қызметтер ұсыну.
2-бөлік. Дәлізді дамыту
Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін және бәсекеге қабілеттілігін, мәдени және экологиялық туризм әлеуетін арттыру үшін жобалық аумақты орнықты дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау және іске асыру; сондай-ақ аумақтар мен шағын және орта бизнестің дамуын тиімді басқару мәселелері бойынша жергілікті халықты оқыту және әлеуетін нығайту.
3-бөлік. Пайдалану және күтіп-ұстау
Орталық-Батыс автожол дәлізін күтіп-ұстау үшін техника мен жабдықты сатып алу.
4-бөлік. Жол жүрісі қауіпсіздігі
Жол жүрісі қауіпсіздігі бағдарламасын (ЖЖҚБ) әзірлеу және ЖЖҚБ іс-шаралар жоспарына сәйкес жобалау және жол қауіпсіздігі стандарттарын, нормаларын жетілдіруге бағытталған кешенді шараларды іске асыру және жол жүрісі қауіпсіздігі мәселелері бойынша жол пайдаланушылардың ақпараттық хабардарлығын арттыру.
5-бөлік. Жобаны басқару
Жобаны басқару консультантына (ЖБК) қолдау көрсету.
2-ҚОСЫМША Жобаны орындау
І бөлім. Іске асыру тетіктері
А. Институционалдық тетіктер
Қарыз алушы ИДМ арқылы:
1. Жалпы шарттардың V бабының ережелері үшін шектемей және Банк басқа да шарттарға келісетін жағдайларды қоспағанда:
(a) Жобаны жалпы іске асыруға және іске асыруды қадағалауға жауап береді;
(b) Жобаны іске асыруға байланысты талаптардың, өлшемшарттардың, саясат пен рәсімдердің қолданылуын, сондай-ақ ЖІН-де, Экологиялық және әлеуметтік әсерді бағалауда (ЭӘӘБ) және Қоныс аудару саясаты жөніндегі құжатта (ҚСҚ) көзделген ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді; және
(c) Банктің алдын ала келісімінсіз немесе Банктің пікірінше, Жобаның іске асырылуына елеулі және қолайсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін кез келген түрде ЖІН, ЭӘӘБ және ҚСҚ немесе олардың кез келген ережелерін басқаға беруге, өзгерістер енгізуге, күшін жоюға немесе іске асырудан бас тартуға не басқаға беруді, өзгерістер енгізуді, күшін жоюды немесе іске асырудан бас тартуды жүзеге асыруға жол беруге құқығы жоқ.
2. Жобаның 1, 2, және 4-бөліктері бойынша кез келген консультанттардың техникалық тапсырмаларының Банк қарағаннан кейін Банк талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді; көрсетілген мақсаттарда мұндай техникалық тапсырмалар осындай техникалық жәрдемдесу шеңберінде берілетін консультацияларға қолданылатын Банктің Күзет саясаты шараларының тиісті уақытта қолданыстағы талаптарын тиісінше қамтуға тиіс.
3. Жоғарыдағы А.1-тармақта көрсетілген талаптарға сәйкес Жобаны бюджеттеуге, басқаруға және іске асыруға, сондай-ақ Жобаның мониторингіне және нәтижелері мен әсері туралы есептілікке жауапты АЖК қызметін қамтамасыз етеді.
4. (а) осы Келісім күшіне енген күннен бастап он бес (15) күннен кешіктірмей Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңі бойы ЖБК ретінде АЖК көрсететін қызметтерге АЖК-мен шарт жасасады және оны сақтайды және шарт ЖБК-ға Банк үшін қолайлы функцияларды, міндеттерді және жеткілікті білікті персонал беруге тиіс;
(b) жобаны басқару бойынша, атап айтқанда, әлеуметтік және экологиялық қорғау шаралары саласында қолдау көрсетуге қатысты Жобаны іске асырудың бүкіл мерзімі бойы ЖБК-да өзгелерден басқа: (і) Жобаны іске асыру аудандарында және (немесе) Жобада қозғалатын аудандарда тағайындалған мамандардың болуын қамтамасыз ете отырып, Жоба бойынша экологиялық және әлеуметтік саясаттың барлық талаптарының сақталуын қадағалауға; (іі) Жоба іске асырылатын барлық жерлерде тұрақты тексерулер жүргізуге, (ііі) мердігерлердің Жоба бойынша экологиялық және әлеуметтік саясаттың талаптарын сақтауы жөніндегі тұрақты есептіліктің ұсынылуына; және (іv) Жоба бойынша тиісті мүдделі тұлғалармен қызметті үйлестіруге жауапты күзет саясаты бөлімшесінің болуын қамтамасыз етеді.
5. (а) Күшіне енген күннен кейін тоқсан (90) күннен кешіктірмей, Жобаны іске асыру кезеңі ішінде өзгелерден басқа: (і) Жобаның іске асырылуын жалпы қадағалауды; (іі) жергілікті халықтың қажеттіліктерін есепке алу және өңірді дамыту үшін Жоба бойынша басқа да мүдделі тараптармен консультациялар жүргізуге арналған алаң ұсынатын, Банк үшін қанағаттанарлық ережесі болатын Ведомствоаралық жұмыс тобын құрады және кейіннен оның жұмысын қамтамасыз етеді;
(b) Жобаның Ведомствоаралық жұмыс тобы Инвестициялар және даму вице-министрінің төрағалық етуімен жұмыс істеуін және Жобада тиісті мүдделі тараптардың қамтылуын қамтамасыз етеді.
6. (а) Жобаның 2-бөлігін іске асыруға жәрдемдесу мақсатында тартылатын әрбір Әкімдікпен Банк үшін қанағаттанарлық шарттарда өзара түсіністік туралы меморандум жасайды, бұл осы Келісімде, ЖІН-де, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқамада және, егер қолданылатын болса, ЭӘӘБ, ҚСҚ, ЭБЖ және ҚІЖ белгіленген қолданылатын ережелерге сәйкес ИДМ арқылы Қарыз алушының және тиісті Әкімдіктің Жоба іс-шараларын іске асыруда ынтымақтасуға ниетін қамтуға тиіс;
(b) әрбір Әкімдікпен өзара түсіністік туралы тиісті меморандумдар бойынша өз міндеттемелерін Қарыз алушы мен Банк мүдделерін қорғайтындай және Қарыз беру мақсатына қол жеткізетіндей етіп орындайды; егер Банкпен басқа уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Қарыз алушы ИДМ арқылы көрсетілген өзара түсіністік туралы меморандумдарға немесе олардың кез келген ережелеріне қатысты басқаға беруге, өзгерістер енгізуге, күшін жоюға, одан бас тартуға, бұзуға немесе мәжбүрлі тәртіппен орындау жөніндегі шараларды қолдануға тиіс емес.
7. Жобаның 3-бөлігі шеңберінде қаржыландырылатын кез келген техника мен жабдықты сатып алуға АЖК мен кез келген техника мен жабдықты алу және пайдалану үшін айқындалған жолдарға техникалық қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді беруші арасында жолды пайдалану және күтіп-ұстау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін Жолдарды техникалық күтіп-ұстау шарты тиісінше жасалғаннан кейін ғана келісімшарттарды жасайды; және техника мен жабдықты тек қана Жобаның А.1 бөлігі шеңберінде қаржыландырылатын жол учаскелерін техникалық күтіп-ұстау үшін пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
8. Жергілікті индустрияны дамыту және Жобаның 1.А бөлігін іске асыруға жәрдемдесу мақсатында мердігерлердің тиісті жұмыстарды іске асыруға тартылған жергілікті құрылыс жұмысшыларын кәсіптік-техникалық оқытуын ұсынады және соған ықпал етеді; және
9. Күшіне енген күннен бастап 45 күннен кешіктірмей Банк қанағаттанатындай етіп Жобаны қаржылық басқару жөніндегі операцияларды көрсету үшін автоматтандырылған бухгалтерлік есептің қолда бар бағдарламалық қамтылымын жаңартады.
В. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Қарыз алушы Жобаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқамаға сәйкес іске асырылуын қамтамасыз етеді.
С. Қауіпсіздік шаралары
1. Қарыз алушы ИДМ арқылы:
(а) ЭӘӘБ-ге сәйкес Жоба бойынша кез келген қызмет басталғанға дейінгі дайындықты (егер қолданылатын болса) ((і) белгілі бір жерге қатысты және (іі) кез келген жағдайда Банк алдын ала мақұлдауға тиіс Жобаның 2-бөлігі бойынша іс-шараларды іске асыруды қоса алғанда), Банкті қанағаттандыратын Экологиялық басқару жоспарларын (ЭБЖ) қоса алғанда, Жобаны іске асыру мақсатында жүргізілетін барлық іс-шаралар Банкті қанағаттандыратын және ЭӘӘБ-де белгіленген экологиялық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес келетінін қамтамасыз етуге тиіс;
(b) Жобаны қолданылатын ЭБЖ-ға сәйкес жүзеге асыруға тиіс;
(с) Банктің алдын ала келісімін алмай, тиісті ЭБЖ-нің кез келген ережелеріне өзгерістер енгізбеуге, қолданысын тоқтата тұрмауға, күшін жоймауға немесе бас тартпауға тиіс.
2. Қарыз алушы ИДМ арқылы:
(а) ҚСҚ-ға сәйкес төмендегі 3 (b) тармағына сәйкес талап етілетін кез келген Қоныс аудару жөніндегі іс-шаралар жоспарларын (ҚІЖ) дайындайды;
(b) шағымдарды қарау рәсімдерін сақтайтын және олардың болуын ҚСҚ-ға сәйкес, сондай-ақ Қоныс аударатын адамдар жіберген (ҚІЖ-дағы Қоныс аударатын адамдар анықтамасына сәйкес) ҚСҚ іске асыруға және кез келген қолданылатын ҚІЖ-ге қатысты барлық шағымдарды қарауды және әділ әрі адал шешімдер шығаруды қамтамасыз ету үшін оларды жариялау арқылы хабарлайтын, сондай-ақ шағымдарды қарау рәсімдерін жүзеге асыру нәтижесінде шығарылған шешімдерді іске асыру үшін қажетті барлық шараларды қолданатын болады;
(с) қолжетімді болған кезде Банкке қорытындылар мен кейінгі іс-қимылдар жөніндегі ұсынымдар туралы уақтылы хабарлайтын болады, сондай-ақ Банкпен келісілгендей, кейінгі іс-қимылдар туралы барлық ұқсас ұсынымдарды іске асыратын болады.
3. Қарыз алушы ИДМ арқылы:
(а) егер Қарыз алушы мен Банк Қоныс аудару Банк үшін қанағаттанарлық тәсілмен жүзеге асырылуға тиіс деп келіспесе, осы Келісімге қол қойылған күнге дейін Қарыз алушы ҚСҚ сәйкес қоныс аударуды жүзеге асырған Жоба Аумағының учаскелерінде жоба іс-шараларын іске асыруға байланысты жұмыстарды бастамауға тиіс;
(b) ҚСҚ-ға сәйкес, Банк үшін қанағаттанарлық ҚІЖ алдын ала дайындамай Қоныс аудару қажет болатын Жоба Аумақтарының учаскелерінде Жоба бойынша жұмыстарды бастамайды; содан соң жерді мұндай сатып алудың осындай ҚІЖ сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді;
(с) Жобаны (Жобаның 2-бөлігі бойынша (і) белгілі бір жерге қатысты және (іі) кез келген жағдайда Банк алдын ала мақұлдауға тиіс іс-шараларды іске асыруды қоса алғанда) ҚСҚ және тиісті ҚІЖ сәйкес іске асырады және Банктің алдын ала келісімін алмай тиісті ҚІЖ-нің кез келген ережелеріне өзгерістер енгізбейді, қолданысын тоқтата тұрмайды, күшін жоймайды немесе бас тартпайды.
ІІ бөлім. Жобаның мониторингі, есептілігі және оны бағалау
А. Жоба бойынша есептер
Қарыз алушы ИДМ арқылы Жоба мониторингін және оның іске асырылу барысын бағалауды жүргізетін болады, сондай-ақ Жалпы шарттардың 5.08-бөлімінің ережелеріне сәйкес және Банк үшін қолайлы индикаторлар негізінде Жоба бойынша есептер дайындайды. Жоба бойынша әрбір есеп күнтізбелік бір тоқсан кезеңін қамтуға және әрбір осындай есепте қамтылатын кезең аяқталғаннан кейін 45 күннен кешіктірілмей Банкке ұсынылуға тиіс.
В. Қаржылық басқару, қаржылық есептер және аудит
1. Қарыз алушы ИДМ арқылы Жалпы шарттардың 5.09-бөлімінің ережелеріне сәйкес қаржылық басқару жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге немесе жұмысын қамтамасыз етуді тапсыруға міндетті.
2. Осы Бөлімнің А бөлігінің ережелері үшін шектелместен, Қарыз алушы ИДМ арқылы тиісті күнтізбелік тоқсан үшін Жоба бойынша аудиторлық тексерусіз аралық қаржылық есептерді Банк үшін қолайлы нысан мен мазмұн бойынша дайындауға және әрбір күнтізбелік тоқсан аяқталғаннан кейін 45 күннен кешіктірмей Банкке ұсынуға міндетті.
3. Қарыз алушы өзінің қаржылық есептілігінің аудитін Жалпы шарттардың 5.09 (b) бөлімінің ережелеріне сәйкес ұйымдастыруға міндетті. Қаржылық есептіліктің әрбір аудиті Қарыз алушының бір қаржы жылындағы кезеңді қамтуға тиіс. Аудиторлық тексеруден өткен әрбір осындай кезең үшін қаржылық есептілік тиісті кезең аяқталғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей Банкке ұсынылуға тиіс.
ІІІ бөлім. Сатып алу
А. Жалпы ережелер
1. Тауарлар мен жұмыстар. Жобаны іске асыру үшін қажетті және Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын барлық тауарлар мен жұмыстар Сатып алу жөніндегі нұсқаманың І бөлімінде көрсетілген талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Бөлімнің ережелеріне сәйкес сатып алынады.
2. Консультациялық көрсетілетін қызметтер. Жоба үшін қажетті және Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын барлық консультациялық көрсетілетін қызметтер Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың І және ІV бөлімдерінде қамтылатын талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Бөлімнің ережелеріне сәйкес сатып алынуға тиіс.
3. Анықтамалар. Осы Бөлімде сатып алудың жекеше әдістерін немесе Банктің жекелеген келісімшарттарды қарау әдістерін сипаттау үшін төменде пайдаланылатын, бас әріптерден басталатын терминдер нақты жағдайға қарай, Сатып алу жөніндегі нұсқаманың ІІ және ІІІ бөлімдерінде немесе Консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың ІІ, ІІІ, ІV және V бөлімдерінде сипатталған тиісті әдістерге жатады.
В. Тауарлар мен жұмыстарды сатып алудың жекеше әдістері
1. Халықаралық конкурстық сауда-саттық. Егер төмендегі
2-тармақта өзгеше көзделмесе, тауарлар мен жұмыстарды сатып алу халықаралық конкурстық сауда-саттық рәсімдеріне сәйкес берілген келісімшарттар бойынша жүзеге асырылады.
2. Тауарлар мен жұмыстарды сатып алудың басқа да әдістері. Халықаралық конкурстық сауда-саттықтан басқа Сатып алу жоспарында көрсетілген келісімшарттар бойынша тауарлар мен жұмыстарды сатып алудың мынадай әдістері пайдаланылуы мүмкін: (а) осы 2-толықтыруға Қосымшада келтірілген қосымша ережелермен реттелетін Ұлттық конкурстық сауда-саттық, (b) Еркін саудадағы сатып алу, және
(с) Келісімшартты тікелей жасасу.
С. Консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жекеше әдістері
1. Сапа және құн негізінде іріктеу. Төмендегі 2-тармақта көрсетілген жағдайлардан басқа кезде, консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алу Сапа және құн негізінде іріктеу рәсіміне сәйкес берілген келісімшарттар шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басқа да әдістері. Сапа және құн негізінде іріктеуден басқа Сатып алу жоспарында көрсетілген келісімшарттар бойынша консультациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алудың мынадай әдістері пайдаланылуы мүмкін: (а) Сапа негізінде іріктеу; (b) Тіркелген бюджет кезінде іріктеу; (с) Ең аз құны бойынша іріктеу; (d) Консультанттардың біліктілігі негізінде іріктеу; (е) Консультанттарды іріктеу жөніндегі нұсқаманың 3.8-тармағына сәйкес консалтингтік фирмалар көрсететін қызметтерді бір көзден сатып алу; (f) Жеке дара консультанттарды іріктеу жөніндегі нұсқаманың 5.2 және 5.3-тармақтарында белгіленген рәсімдер; (g) Жеке дара консультанттарды бір көзден іріктеу рәсімдері.
D. Банктің сатып алу жөніндегі шешімдерді қарауы
Сатып алу жоспарында Банктің Алдын ала қарауына жататын келісімшарттар көрсетілуге тиіс. Барлық басқа келісімшарттар Банктің кейіннен қарауына жатады.
IV бөлім. Қарыз қаражатын алу
A. Жалпы ережелер
1. Қарыз алушы аталған Бөлімнің Жалпы шарттарының II бабының және төмендегі 2-тармақта келтірілген кестеге сәйкес құқыққа сыйымды шығыстарды қаржыландыру үшін Банк Қарыз алушыға хабарламада көрсететін қосымша нұсқамалардың (Банк кезең-кезеңмен қайта қарайтын және осындай нұсқаулықтарға сәйкес осы Келісімге қолданылатын, 2006 жылғы мамырдағы «Дүниежүзілік банктің жобалар қаражатын игеру жөніндегі нұсқамасын» қоса алғанда) ережелеріне сәйкес Қарыз қаражатын ала алады.
2. Төмендегі кестеде Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылуы мүмкін құқыққа сыйымды шығыстардың санаттары («Санат»), әрбір Санат бойынша бөлінетін Қарыз сомасы және әрбір Санат бойынша құқыққа сыйымды шығыстар ретінде қаржыландыруға жататын шығыстардың пайыздық үлесі көрсетіледі.
Санат | Бөлінген Қарыз сомасы (доллармен көрсетілген) | Қаржыландыруға жататын шығыстар үлесі (салықтарды қоса алғанда) |
---|---|---|
Жобаның 1-4-бөліктері үшін тауарлар, жұмыстар, консультациялық көрсетілетін қызметтер |
977 860 000 |
88% |
Жалпы сомасы |
977 860 000 |
B. Алу шарттары; алу кезеңі
1. Аталған Бөлімнің А бөлігінің ережелеріне қарамастан, қаражат:
(a) Банк Біржолғы комиссияның толық сомасын алғанға дейін Қарыз шотынан; немесе
(b) осы Келісімге қол қойылған күнге дейін жасалған төлемдер үшін алынбауға тиіс.
2. Жабылу күні – 2021 жылғы 31 желтоқсан.
2-ТОЛЫҚТЫРУҒА
қосымша Ұлттық конкурстық сауда-саттық
Ұлттық конкурстық сауда-саттық (ҰКС) өткізу кезінде пайдаланылатын сатып алу рәсімдері Сатып алу жөніндегі нұсқаманың
І бөлімінің және 3.3 және 3.4-тармақтарының ережелері, сондай-ақ мынадай қосымша ережелер сақталған жағдайда «Мемлекеттiк сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген конкурстық сауда-саттықты өткізу рәсімдері болады:
(а) Құқықтылық: Сауда-саттыққа қатысушылардың сатып алу процесіне қатысуға және Банк қаржыландыратын келісімшартты алуға құқықтылығы Сатып алу жөніндегі нұсқаманың I бөліміне сәйкес айқындалуға тиіс; тиісінше сауда-саттыққа қатысушының немесе сауда-саттыққа әлеуетті қатысушының ешқайсысы Сатып алу жөніндегі нұсқаманың I бөлімінде көрсетілгеннен өзге де себептермен Банк қаржыландыратын келісімшарттарды жасасуға құқығы жоқ деп жариялануы мүмкін емес. Сауда-саттыққа шетелдік қатысушыларға ҰКС рәсімдеріне қатысуға рұқсат етіледі және олардың сатып алу процесіне қатысуы сауда-саттық үшін жергілікті қатысушылармен әріптестік қатынастарға түсу міндеті жүктелмейді.
(b) Тіркеу: Конкурстық сауда-саттық алдын ала тіркелген фирмалармен шектелмеуге тиіс, сондай-ақ сауда-саттыққа шетелдік қатысушылардың конкурстық өтінімдерді беру шарты ретінде жергілікті билік органдарында тіркелуі талап етілмейді.
(c) Преференциялар: Қандай да бір түрдегі болсын, ешқандай преференциялар сауда-саттыққа қатысушының азаматтығы; тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің немесе жұмыс күшінің шыққан жері; жергілікті қамтуы; жергілікті меншік үлесі; және/немесе преференциялардың кез келген басқа да бағдарламалары негізінде конкурстық өтінімдерді бағалау кезінде қолданылмауға тиіс.
(d) Конкурстық құжаттама: Сатып алуды жүзеге асыратын ұйымдар, келісімшарттардың Банк талаптарын қанағаттандыратын ережелерін қоса алғанда, конкурстық құжаттаманың тиісті үлгілік топтамасын пайдалануға тиіс.
(e) Сметалық шығындар: Сметалық шығындар құпия ақпарат болып табылады және сауда-саттыққа әлеуетті қатысушыларға жария етілмеуге тиіс.
(f) Конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі: Конкурстық өтінімдердің қолданылу мерзімін ұзарту, егер бұл айрықша мән-жайларға байланысты болса, мұндай ұзарту бағалауды аяқтау және/немесе келісімшартты беру үшін қажетті ең аз кезеңді ғана қамтыған жағдайда сауда-саттыққа барлық қатысушылардан өтінімдердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін және бағалауды аяқтау немесе келісімшартты беру үшін қажетті ең аз кезеңге жазбаша нысанда сұратылуы мүмкін және төрт (4) аптадан аспауға тиіс. Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз ешқандай қосымша ұзарту сұратылуға тиіс емес.
(g) Конкурстық өтінімдерді беру және ашу: Сауда-саттыққа әлеуетті қатысушыларға конкурстық сауда-саттыққа қатысуға шақыру жарияланған немесе конкурстық құжаттама дайын болған күннен бастап, конкурстық өтінімдерді дайындау және беру үшін көрсетілген оқиғалардың қайсысы кешірек басталуына қарай, кемінде отыз (30) күн берілетін болады. Өтінімдерді ашу оларды берудің түпкілікті мерзімі басталғаннан кейін тікелей жария түрде жүргізіледі. Конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасының көшірмесі конкурстық өтінімдер берген сауда-саттыққа қатысушылардың барлығына және Банктің алдын ала қарауына жататын келісімшарттарға қатысты Банкке дереу берілуге тиіс.
(h) Біліктілік: Біліктілік өлшемшарттары конкурстық құжаттамада анық көрсетілуге тиіс. Осындай құжаттамада көрсетілген өлшемшарттардың барлығы және осы көрсетілген өлшемшарттар ғана сауда-саттыққа қатысушының біліктілігін айқындау үшін пайдаланылуға тиіс. Біліктілік «өтті немесе өткен жоқ» деген әдіс бойынша бағалануға тиіс, бұл ретте ешқандай балл қолданылмауға тиіс. Мұндай бағалар: (i) тиісті жалпы және нақты тәжірибенің және белгілі бір кезең ішінде осындай келісімшарттарды табысты орындаудың қанағаттанарлық қызметтік тізімнің болуын; (ii) қаржылық жағдайын; және мән-жайларға қарай (iii) құрылыс қуаттарының және/немесе өндірістік қуаттардың болуын қоса алғанда, объективті және өлшенетін факторлар ескеріле отырып, сауда-саттыққа қатысушының немесе сауда-саттыққа әлеуетті қатысушының келісімшарттың тиімді орындалуы үшін қажетті мүмкіндіктері мен ресурстарына толық негізделуге тиіс.
(i) Алдын ала біліктілік рәсімдері мен Банк талаптарын қанағаттандыратын құжаттар ауқымды, күрделі және/немесе мамандандырылған жұмыстарды орындауға арналған келісімшарттар үшін пайдаланылуға тиіс. Сауда-саттыққа қатысушының персонал мен жабдыққа қатысты ағымдағы міндеттемелері мен мүмкіндіктерін қоса алғанда, сауда-саттыққа қатысушының негізге алып, алдын ала біліктіліктен өткен ақпаратты тексеру келісімшартты беру кезінде жүргізілуге тиіс.
(j) Алдын ала біліктілік пайдаланылмайтын жағдайларда келісімшартты беруге ұсынылған сауда-саттыққа қатысушының біліктілігі жоғарыда (d) тармағында сілтеме жасалған конкурстық құжаттамада көрсетілген біліктілік өлшемшарттары қолданыла отырып, біліктіліктен кейінгі процесте бағаланатын болады.
(k) Конкурстық өтінімдерді бағалау: Бағалау өлшемшарттары конкурстық құжаттамада анық көрсетілуге тиіс. Конкурстық өтінімдерді бағалау конкурстық құжаттамада мәлімделген санмен өлшенетін өлшемшарттарға қатаң сәйкестікте жүргізілуге тиіс. Бағадан басқа, бағалаудың басқа өлшемшарттары ақшалай мәнде санмен айқындалуға тиіс. Балдар мен ақырғы мәндер әдісі пайдаланылмауға тиіс, бұл ретте конкурстық өтінімдерді бағалау кезінде бағаның маңыздылығын айқындау үшін ешқандай да ең төмен балдар немесе пайыздар қолданылмауға тиіс.
Сауда-саттыққа қатысушылар болмашы, елеусіз ауытқулар негізінде одан шеттетілуге тиіс емес. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылардан олар тапсырған өтінімдерді бағалау үшін қажетті түсіндірмелерді сұратуы мүмкін, алайда ол өтінімдер ашылғаннан кейін сауда-саттыққа қатысушылардан өздерінің конкурстық өтінімдерінің мазмұнын немесе бағасын өзгертуді сұрай алмайды немесе рұқсат бере алмайды.
(l) Келісімшарттар конкурстық өтінімі: (i) негізінен конкурстық құжаттама талаптарына сай келетін; және (ii) ең төмен бағалау құнын ұсынатын сауда-саттыққа білікті қатысушыға берілуге тиіс. Конкурстық өтінімнің бағасына немесе мазмұнына қатысты ешқандай келіссөздер жүргізілмеуге тиіс.
(m) Конкурстық өтінімдерді қабылдамау және қайта өткізілетін
сауда-саттық: Конкурстық өтінімдердің ешқайсысы тек олардың бағасы нарықтық құннан төмен болғандықтан немесе асып кеткендіктен, конкурстық өтінімдер құнының диапазоны шегінен немесе шекті мәндері шеңберінен шығып кеткендіктен қабылданбауға тиіс емес. Конкурстық өтінімдердің барлығы (кемінде екі конкурстық өтінім алынған жағдайларды қоса алғанда) қабылданбай қалуға тиіс емес, сатып алу процесі болмай қалуға тиіс емес және жаңа конкурстық өтінімдерді беруге шақыру Банктің алдын ала жазбаша келісімінсіз жарияланбауға тиіс.
(n) Кепілдіктер: Конкурстық өтінімдерге және келісімшарттарды орындауға кепілдіктер формат түрінде берілуге және олардың жоғарыда (d) тармағында сілтеме жасалған конкурстық құжаттамада көрсетілген қажетті қолданылу мерзімі болуға тиіс. Қажет болған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз ету тіркелген сома түрінде көрсетілуі мүмкін және келісімшарттың сметалық құнының екі пайызынан (2%) аспауға тиіс. Аванстық төлемнің тиісті кепілдігі болмайынша мердігерлерге ешқандай аванстық төлемдер жүргізілмеуге тиіс.
(o) Құпиялылық: Конкурстық өтінімдерді бағалау процесі келісімшартты беру туралы ақпарат жарияланғанға дейін құпия болуға тиіс.
(p) Электрондық сатып алу жүйелері: Банк басқаларымен қатар, олардың қауіпсіздікті және ұсынылатын өтінімдердің тұтастығын, құпиялылығын және теңтүпнұсқалығын қамтамасыз етуін қоса алғанда, жүйелердің параметрлеріне қанағаттанған жағдайда электрондық сатып алу жүйелері пайдаланылуы мүмкін.
(q) Алаяқтық және сыбайлас жемқорлық: Сатып алу жөніндегі нұсқамаға сәйкес барлық конкурстық құжаттама және келісімшарттар Сатып алу жөніндегі нұсқамада айқындалғандай, алаяқтыққа, сыбайлас жемқорлық әрекетке, сөз байласуға немесе кедергі келтіретін практикаға қатысы бар фирмаларға немесе тұлғаларға санкциялар қолдану жөніндегі Банк саясатына қатысты ережелерді қамтуға тиіс.
(r) Тексерулер мен аудиттер жүргізуге қатысты құқықтар: Сатып алу жөніндегі нұсқамаға сәйкес конкурстық құжаттаманың әрбір топтамасында және Қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын әрбір келісімшартта сауда-саттыққа қатысушылар, өнім берушілер мен мердігерлер, сондай-ақ олардың қосалқы мердігерлері, агенттер, қызметкерлер, консультанттар, көрсетілетін қызметтердің провайдерлері немесе өнім берушілер өздерінің есепшоттарын, есептік және конкурстық өтінімдер беруге және келісімшарттарды орындауға қатысты басқа да құжаттаманы тексеруге Банкке рұқсат беретіні, сондай-ақ Банк тағайындаған аудиторларға есепшоттары мен есептік құжаттамасына аудит жүргізуге рұқсат беру туралы ережелер қамтылуға тиіс. Сатып алу жөніндегі нұсқамада көзделген тексерулер мен аудит жүргізу кезінде Банктің өз құқықтарын қолдануына елеулі қиындықтар жасауға бағытталған іс-әрекеттер Сатып алу жөніндегі нұсқаманың айқындамасына сәйкес кедергі келтіретін практика болып табылады.
(s) Келісімшарттарды жасасу туралы ақпаратты жариялау:
Сауда-саттықты ұйымдастырушы ашық қолжетімді веб-ресурстарда немесе Банк үшін қолайлы басқа да көздерде келісімшарттарды беру туралы мынадай ақпаратты жариялауға тиіс: (і) өтінім берген әрбір сауда-саттыққа қатысушының атауы (аты); (іі) өтінімдерде көрсетілген және оларды ашу рәсімдері шеңберінде мәлімделген бағалар; (ііі) аты және бағалау рәсімінен өткен әрбір өтінімді бағалау құны; (іv) қабылданбау себептерін көрсете отырып, өтінімдері қабылданбаған сауда-саттыққа қатысушылардың атауы (аты); (v) сауда-саттық жеңімпазының атауы (аты), ол ұсынған баға, сондай-ақ онымен жасалған келісімшарттың қолданылу мерзімі мен мазмұны.
3-ТОЛЫҚТЫРУ Өтеу кестесі
1. Мына кестеде Негізгі борышты өтеу төлемдерінің күндері және Негізгі борышты өтеудің әрбір күнінде өтеуге жататын Қарыздың жалпы сомасының пайыздағы үлесі («Өтеу үлесі») көрсетілген. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде толығымен алынатын болса, онда Негізгі борышты өтеудің осындай әрбір күнінде Қарыз алушы өтеуге тиісті Қарыздың негізгі сомасын Банк: (а) Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде алынған Қарыз сомасы мен (б) Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне төлемнің өтеу үлесіне көбейту жолымен айқындайтын болады, қажеттілігіне қарай, өтелуге жататын сома осы Толықтырудың 4-тармағында көрсетілген Валюта айырбастау қолданылатын кез келген сомаларды шегеру үшін түзетілетін болады.
Негізгі борышты өтеу күні | Өтеу үлесі (пайызбен көрсетілген) |
---|---|
2022 жылғы 15 маусымнан бастап 2039 жылғы 15 маусым аралығында әрбір 15 маусым мен 15 желтоқсан |
2,78 % |
2039 жылғы 15 желтоқсан |
2,70 % |
2. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күніне толығымен алынбаған болса, онда Негізгі борышты өтеудің осындай әрбір күніне Қарыз алушы өтеуге тиіс Қарыздың негізгі сомасы былайша айқындалатын болады:
(a) Негізгі борышты өтеудің бірінші күні алынған Қарыздың кез келген қаражаты шамасында Қарыз алушы осы Толықтырудың 1-тармағына сәйкес осындай күнге алынған Қарыз сомасын өтеуге тиіс.
(b) Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінен кейін алынған кез келген сомалар алымы негізгі борышты өтеудің осы күні үшін осы Толықтырудың 1-тармағындағы кестеде көрсетілген бастапқы Өтеу үлесінің сомасы («Бастапқы Өтеу үлесінің сомасы») болып табылатын және бөлгіші осындай күнге немесе одан кейінгі күнге Негізгі борышты өтеу күніне барлық қалған Бастапқы Өтеу төлемдері үлестерінің сомасы болып табылатын бөлшекке әрбір осындай алу сомасын көбейту жолымен Банк айқындаған сомаларда осындай алу күнінен кейін Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтелуге тиіс және қажеттігіне қарай, өтелуге жататын сома осы Толықтырудың 4-тармағында көрсетілген валюта айырбастау қолданылатын кез келген сомаларды шегеру үшін түзетілетін болады.
3. (А) Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне төленуге тиіс негізгі борыш сомаларын есептеу мақсатында ғана Негізгі борышты өтеудің кез келген күнінің алдындағы күнтізбелік екі ай ішінде алынған Қарыз сомалары алынған күннен кейін Негізгі борышты өтеудің екінші күніне алынды және өтелмеді деп есептеледі және алынған күннен кейін Негізгі борышты өтеудің екінші күнінен бастап Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтеуге жататын болады.
(В) Осы тармақтың (А) тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер кез келген уақытта Банк Негізгі борышты өтеудің тиісті күніне немесе одан кейін шоттар жазылатын төлем мерзімдері негізінде шоттарды белгілеу жүйесін енгізсе, шоттарды белгілеудің мұндай жүйесі енгізілгеннен кейін жасалған кез келген алуға осы тармақшаның ережелері қолданылмайтын болады.
4. Осы Толықтырудың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, Қарыздың алынған қалдығының барлық немесе қандай да бір бөлігін Бекітілген валютаға айырбастау кезінде, Айырбастау кезеңі ішінде басталатын Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне өтеуге жататын Бекітілген валютаға осындай түрде айырбасталған соманы Банк тікелей Айырбастау алдында осындай соманы: (і) Айырбастауға жататын Валюталық хедждік мәмілелер шеңберінде Банктің төлеуіне жататын Бекітілген валютадағы негізгі борыш сомасын көрсететін айырбастау бағамына жататын, немесе (іі) егер Банк Айырбастау жөніндегі нұсқамаға сәйкес тиісті шешім қабылдаса, Экрандық мөлшерлеменің валюталық құрамына оның деноминацияланатын валютасында көбейту арқылы айқындайтын болады.
5. Егер Қарыздың алынған қалдығы біреуден көп Қарыз валютасына деноминацияланса, осы Толықтырудың ережелері әрбір осындай сома үшін өтеудің жеке кестесін ресімдеу үшін әрбір Қарыз валютасында берілген сомаға жеке қолданылады.
ҚОСЫМША
I бөлім. Анықтамалар
1. «Әкімдіктер» «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған жергілікті атқарушы органды білдіреді; егер осы Келісім біреуден көп осындай Әкімдікке сілтеме жасаса, «Әкімдік» әрбір осындай жергілікті атқарушы органға бөлек сілтеме жасайды.
2. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқама» 2006 жылғы 15 қазандағы «ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері мен гранттарының қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалардағы алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі нұсқаманы» және 2011 жылғы қаңтардағы редакцияда білдіреді.
3. «Банктің қорғау саясатының шаралары» www.WorldBank.org/opmanual мекенжайы бойынша жарияланған редакцияда ОР/BP 4.01, 4.04, 4.09, 4.10, 4.11, 4.12, 4.36, 4.37, 7.50 және 7.60 сияқты Банктің операциялық нұсқамасында белгіленген Банктің операциялық саясатының шаралары мен рәсімдерін білдіреді.
4. «Санат» осы Келісімге 2-толықтырудың IV бөлімінің кестесінде көрсетілген санатты білдіреді.
5. «Орталық-Батыс» автожол дәлізі осы құжатта айқындалғандай, Жобалық аумақты білдіреді.
6. «Автомобиль жолдары комитеті» немесе «АЖК» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 442 Бұйрығына сәйкес ИДМ құрылымында құрылған, республикалық автомобиль жолдары желісіне жауапты автомобиль жолдарын басқару жөніндегі органды білдіреді және оның кез келген құқық мирасқорын немесе құқық мирасқорларын қамтиды.
7. «Консультанттар жөніндегі нұсқама» 2011 жылғы қаңтардағы «Дүниежүзілік банктің қарыз алушыларына берілетін ХҚДБ қарыздары, ХҚД кредиттері мен гранттары шеңберінде консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманы» (2014 жылғы шілдедегі редакцияда) білдіреді.
8. «Экологиялық және әлеуметтік әсерді бағалау» немесе «ЭӘӘБ» мыналарды: (a) нақты объектілер үшін жұмыс құжаттамасын әзірлеуді және экологиялық әсерді бағалауды және нақты объектілер үшін ЭБЖ дайындау процесінде орындау үшін жалпы ЭБЖ нысанындағы экологиялық және әлеуметтік басқару мәселелері бойынша құжатты және экологиялық мониторинг жоспарын; (b) теріс әсерді азайту, жеңілдету және (немесе) өтеу және оң ықпалды кеңейту бойынша басқарушылық нұсқауларды; және (c) Банктің келісімімен кезең-кезеңмен осындай құжатқа енгізілуі мүмкін өзгерістерімен тиісті әсерге сәйкес мәселелерді шешу үшін негізгі функциялар мен міндеттер туралы ақпаратты қоса алғанда, Қарыз алушы (ИДМ арқылы) дайындаған және бекіткен және ел ішінде, сондай-ақ Банктің InfoShop арқылы 2015 жылдың 29 қыркүйегінде жарияланған және
2016 жылдың 24 ақпанында жаңартылған, басқару қағидаттары мен Жоба шеңберіндегі іс-шараларды (жоспарланған жұмыстарды қоса алғанда) жүзеге асыру тәртібі және олардың экологиялық әсерін (оның ішінде физикалық мәдени ресурстарға ықпалдарды) бағалау белгіленетін Банк үшін қолайлы Қарыз алушының 2015 жылғы 28 қыркүйектегі құжатын (2016 жылдың 21 ақпанында жаңартылған) білдіреді.
9. «Экологиялық басқару жоспары» немесе «ЭБЖ» Банктің алдын ала жазбаша келісімімен кезең-кезеңмен өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігімен шарттардың тиісті деңгейде орындалуы мен олардың сақталуы бойынша тұрақты ақпараттың түсуін қамтамасыз етуге қабілетті барабар институционалды тетіктермен, мониторинг және есептілік тетіктерімен қатар әлеуетті экологиялық тәуекелдерді басқару, Жобаның осындай іс-шараларын іске асыруға байланысты қоршаған ортаға теріс әсерін жеңілдету, азайту және/немесе өтеу үшін Жоба шеңберінде Қарыз алушы жүргізуге тиіс іс-шараларға қатысты Жобаға экологиялық және әлеуметтік әсер етуді бағалауға сәйкес және осы Келісімге 2-толықтырудың I.C.1 бөліміне сәйкес Қарыз алушы (ИДМ арқылы) қабылдаған Банк үшін қанағаттандырарлық нақты объектілерге құжаттарды білдіреді; және «ЭБЖ» осындай бір ЭБЖ-ны білдіреді.
10. «Жалпы шарттар» осы Қосымшаның II бөлімінде көрсетілген өзгерістермен 2012 жылғы 12 наурыздағы «Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің қарыздары үшін жалпы шарттарды» білдіреді.
11. «Зияткерлік көлік жүйесі» жол қозғалысын басқару мен бақылауды қамтамасыз ететін өзара байланысты автоматтандырылған жүйе кешенін білдіреді.
12. «ҚазАвтоЖол» АҚ» немесе «ҚАЖ» «Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң «Қазақавтожол» шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының «Қазақавтожол-Көкшетау» еншiлес мемлекеттiк кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 1 ақпандағы № 79 қаулысы негізінде құрылған Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық операторды немесе оның кез келген құқық мирасқорын немесе құқық мирасқорларын білдіреді.
13. «Қаржы министрлігі» Қарыз алушының Қаржы министрлігін немесе оның кез келген құқық мирасқорын немесе құқық мирасқорларын білдіреді.
14. «Ішкі істер министрлігі» Қарыз алушының Ішкі істер министрлігін немесе оның кез келген құқық мирасқорын немесе құқық мирасқорларын білдіреді.
15. «Инвестициялар және даму министрлігі» немесе «ИДМ» Қарыз алушының Инвестициялар және даму министрлігін немесе оның кез келген құқық мирасқорын немесе құқық мирасқорларын білдіреді.
16. «Сатып алу жөніндегі нұсқау» Банк 2011 жылғы қаңтардағы (2014 жылғы шілдедегі редакцияда) «ХҚДБ қарыздары, ХДҚ кредиттері мен гранттары бойынша Дүниежүзілік банктің қарыз алушыларының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін консультациялық емес қызметтерді сатып алуы жөніндегі нұсқаманы» білдіреді.
17. «Сатып алу жоспары» Сатып алу жөніндегі нұсқаманың 1.18-тармағында және консультанттарды іріктеу және жалдау жөніндегі нұсқаманың 1.25-тармағында айтылған, 2016 жылғы 1 сәуірде ИДМ арқылы бекітілген, Жоба үшін Қарыз алушының сатып алу жоспарын білдіреді. Ол аталған тармақтардың ережелеріне сәйкес кезең-кезеңмен жаңартылып отыратын болады.
18. «Жоба аумағы» Жобаның 1.А бөлімінде көрсетілген аумақты білдіреді.
19. «Жобаны басқару жөніндегі консультант» немесе «ЖБК» осы Келісімге 2-толықтырудың І.А.4. бөлімінде көрсетілгендей, жобаны басқару бойынша, атап айтқанда, сатып алу, қаржылық басқару, бухгалтерлік есеп, әлеуметтік және экологиялық қорғау шаралары, игеру, әкімшілік қолдау, мониторинг пен бағалау және техникалық мәселелердегі сараптама салаларында жобаны басқару жөніндегі мамандандырылған қолдау мен үйлестіруді ұсынатын Жобаны басқару жөніндегі консультантты немесе оның Банк үшін қолайлы кез келген құқық мирасқорын немесе мирасқорларын білдіреді.
20. «Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқама» немесе «ЖІБ» осы Келісімнің шарттарына, Қарыз алушының ұлттық заңнамасы мен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келетін, қаржылық басқару жөніндегі нұсқауды қоса алғанда, жедел және әкімшілік міндеттері, Жобаны іске асыру рәсімдері мен қағидалары көрсетілетін Қарыз алушы (ИДМ арқылы) қабылдаған және Банк үшін қанағаттандырарлық жобаны іске асыру жөніндегі нұсқаманы білдіреді, Банктің алдын-ала жазбаша келісуімен оған кезең-кезеңмен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
21. «Қоныс аудару»: (і), орын ауыстыру немесе баспанадан айырылу, (іі) мүлікті немесе мүлікке қолжетімділікті жоғалту және (ііі) аталған тұлғалар басқа орынға қоныс аударуға тиіс пе әлде жоқ па нәтижесінде жерлерді еріксіз алып қоюды (а); немесе аталған адамның тіршілік етуіне жағымсыз әсер ету нәтижесінде заңмен айқындалған саябақтар мен қорғалатын аумақтарға қолжетімділікті еріксіз шектеуді (б) дегенге қарамастан, кіріс көздерін жоғалту немесе тіршілік ету мүмкіндігінен айырылу білдіреді.
22. «Қоныс аудару бойынша іс-шаралар жоспарлары» немесе «КІЖ» осы Келісімге 2-толықтырудың І.С.2. бөліміне (а) сәйкес Қарыз алушы (ИДМ арқылы) қабылдаған және Банк үшін қанағаттандырарлық қысқартылған қоныс аудару іс-шаралар жоспарын қоса алғанда, басқалардың арасында өтемақы және Қоныс аудару тетіктерін, бюджет пен шығындар сметасын, сондай-ақ барабар институционалдық тетіктермен, шарттарды орындаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге және олардың орындалуы жөнінде жүйелі түрдегі ақпаратты алуға қабілетті мониторинг және есептілік тетіктерімен бірге қаржыландыру көздерін қоса алғанда, іс-шаралар бағдарламасын, адамдарға өтемақы төлеу және оларды Қоныс аударту шаралары мен стратегиясын қамтитын нақты объектілер бойынша құжаттарды білдіреді; «Қоныс аудару бойынша іс-шаралар жоспары» немесе «ҚІЖ» осындай бір жоспарды білдіреді.
23. «Қоныс аудару саясаты жөніндегі құжат» немесе «ҚСҚ» Қоныс аудару жөніндегі іс-шаралар жоспарларын дайындау және іске асыру кезінде қолданылуы тиіс бағалау рәсімдерін, қоғамдық консультациялар мен оларға қатысуды, мониторинг өлшемшарттарын, ақпаратты бағалау мен ашуды қоса алғанда, қоныс аудару рәсімдері, институционалдық тетіктер, құқықтылық өлшемшарттары, құқықтар мен өтемақылар айқындалған Қарыз алушы (ИДМ арқылы) дайындаған және бекіткен және 2015 жылғы 30 қыркүйекте сайтта жариялаған, жаңартылған және Қарыз алушы 2016 жылғы 24 ақпанда ақпанда жаңарта отырып, Infoshop арқылы 2016 жылғы 24 ақпанда жариялаған құжатты білдіреді.
24. «Жолдарға техникалық қызмет көрсетуге арналған келісімдер» Банк үшін қанағаттандырарлық болып табылатын осы Келісімге 2-толықтырудың І.А.7. бөлімінде көрсетілген келісімді білдіреді; «Жолдарға техникалық қызмет көрсетуге арналған келісімдер» әрбір осындай Жолдарға техникалық қызмет көрсетуге арналған келісімге жеке сілтеме жасайды.
ІІ Бөлім. Жалпы шарттардағы өзгерістер
Осы арқылы Жалпы Шарттарға мынадай түрлендірулер енгізіледі:
1. Мазмұнында Бөлімдерге сілтемелер, олардың атаулары мен нөмірленуі төмендегі тармақтарда белгіленген өзгерістерді көрсету үшін өзгереді.
3.01. Бөлімге (Біржолғы комиссия) мынадай өзгеріс енгізіледі:
«3.01. Бөлім. Біржолғы комиссия; Резервке қою үшін комиссия
(а) Қарыз алушы Банкке Қарыз туралы келісімде («Біржолғы комиссия») көзделген мөлшерлеме бойынша Қарыз соммасына Біржолғы комиссияны төлейді.
(б) Қарыз алушы Банкке Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме бойынша Қарыздың алынбаған қалдығына қатысты резервке қою үшін комиссия («Резервке қою үшін комиссия») төлейді. Резервке қою үшін комиссия Қарыз туралы келісім күнінен кейін алпыс күн өткен соң басталатын күннен бастап, Қарыз алушы Қарыз шотынан соманы алған немесе оның күшін жойған тиісті күндерге дейін есептеледі. Резервке қою үшін комиссия әрбір алты айда әрбір кезеңнің соңында әрбір Төлем күніне төленуге жатады.
3. «Анықтамалар» қосымшасында бөлімдер мен тармақтардың нөмірлеріне барлық тиісті сілтемелер жоғарыдағы 2-тармақта көзделген өзгерістерді көрсету үшін қажеттілігіне қарай өзгертіледі.
4. Кейінгі барлық тармақтардың нөмірленуі тиісінше өзгертіле отырып, Қосымшаға келесі «Резервке қою үшін комиссия» деген анықтамамен жаңа 19-тармақты қосу арқылы өзгеріс енгізіледі:
«19. «Резервке қою үшін комиссия» 3.01(b) Бөлімінің мақсаттарында Қарыз туралы келісімде көзделген резервке қою үшін комиссияны білдіреді».
5. Қосымшаның қайта нөмірленген 49-тармағында (бастапқыда 48-тармақ) «Біржолғы комиссия» анықтамасы 3.01. Бөлімінен сілтемені 3.01(а) Бөліміне ауыстыру арқылы өзгертілген.
6. Қосымшаның қайта нөмірленген 68-тармағында (бастапқы да 67-тармақ) «Қарыз бойынша төлем» сөздерінің анықтамасы былайша өзгертілген:
«68. «Қарыз бойынша төлем» Қарыздың алынған қаражатының, сыйақының, Біржолғы комиссияның, Резервке қою үшін комиссияның, мерзімі өткен төлем үшін пайыздық мөлшерлеменің (егер ондайлар болса) қандай да бір көлемін, мерзімінен бұрын өтеу үшін қандай да бір айыппұлды, айырбастау үшін немесе айырбастауды мерзімінен бұрын тоқтату үшін қандай да бір операциялық алымды, Өзгермелі спрэдті тіркеу үшін (егер ондайлар болса) төлемді, пайыздық мөлшерлеменің тіркелген Жоғарғы немесе Төменгі шегін белгілегеннен кейін төленуге жататын қандай да бір сыйлықақыны және шарттардың өзгеруіне байланысты Қарыз алушының төлеуіне жататын кез келген соманы қоса алғанда (бірақ онымен шектелмей), Заңдық келісімдерге немесе осы Жалпы шарттарға сәйкес Қарыз Тараптарының Банкке төлеуіне жататын кез келген соманы білдіреді».
7. Қосымшаның қайта нөмірленген 73-тармағында (бастапқыда
72-тармақ), «Төлем күндері» анықтамасы «пайыз» деген сөзден кейінгі «болып табылады» деген сөзді алып тастау және «және Резервке қою үшін комиссия» деген сөздерді қосу арқылы өзгертілген.