Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Исабекұлы Мырзахметовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 19 тамыздағы
№ 474 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Польша Республикасының Үкіметі
арасындағы ауыл шаруашылығы
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі
1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған Бір жағынан Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан Еуропалық қоғамдастықтардың және оларға мүше мемлекеттердің арасындағы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
2005 жылғы 6 шілдеде Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,
өзара тиімділік негізінде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара ниеттерін ескере отырып,
экономиканы дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауыл шаруашылығы секторының маңызды рөлін ұғына отырып,
Тараптар мемлекеттері арасындағы өзара қатынастарды нығайту үшін барлық деңгейлерде тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындай отырып,
өз мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамалары шеңберінде
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылады:
1) өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы;
2) сорт сынау, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын тіркеу және құқықтық қорғау;
3) өсімдіктер карантині және оларды қорғау;
4) ветеринария;
5) аграрлық ғылым, технологиялар мен білім трансферті, қолданбалы зерттеулер;
6) аграрлық азық-түлік секторын механикаландыру және автоматтандыру;
7) ғылыми-техникалық және өндірістік кооперация;
8) сауда байланыстарын дамыту;
9) семинарлар, конференциялар, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыру және өткізу.
2-бап
1. Осы Келісімнің 1-бабында айтылатын ережелер:
1) ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулерге қатысты ақпаратпен алмасу;
2) Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен стандарттар туралы ақпаратпен алмасу;
3) сорт сынау және ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын тіркеу, сондай-ақ өсімдіктер сорттарына зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы өзара ынтымақтастық;
4) ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын дамытуды қолдау;
5) Тараптар мемлекеттерінің аграрлық азық-түлік секторы субъектілерінің арасында байланыстар, оның ішінде кәсіпорындар құру мақсатында байланыстар орнатуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға жәрдем көрсету;
6) Тараптар мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы секторына жеке сектор инвестицияларын ынталандыру;
7) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында өткізілетін іс-шараларға (көрмелер, семинарлар, конференциялар мен басқа да сол секілді іс-шаралар) қатысу арқылы жүзеге асырылады.
2. Ветеринария саласындағы ынтымақтастықта Тараптар 2014 жылғы 6 қарашада Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы мен Польша Республикасының Бас ветеринариялық дәрігері арасындағы ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды қосымша қолданады.
3-бап
1. Осы Келісім ережелерінің орындалуына жауапты уәкілетті органдар:
1) Қазақстан Республикасынан: Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;
2) Польша Республикасынан: Польша Республикасының Ауыл шаруашылығы және ауылды дамыту министрі болып табылады.
2. Осы Келісімнің орындалуына жауапты уәкілетті органдардың ресми атаулары өзгерген жағдайда, Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
4-бап
1. Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында құрамын Тараптардың уәкілетті органдары айқындайтын, Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобын (бұдан әрі – Жұмыс тобы) құрады.
2. Жұмыс тобы Қазақстан-поляк экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссия шеңберінде әрекет етеді.
3. Жұмыс тобы белгілі бір кезеңдерге ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыруды көздейтін Тараптар арасындағы ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуге құқылы. Аталған бағдарламалар екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері деңгейінде бекітіледі.
5-бап
1. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және олардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар зияткерлік меншік құқықтарының және осы Келісімді орындауға байланысты басқа Тараптан алынған құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді.
2. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде алынған қандай да бір құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға мұндай ақпарат алынған Тараптың жазбаша келісімінсіз беруге құқығы жоқ.
6-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптардың бюджеттік қаражаты шеңберінде Тараптар осы Келісімнің ережелерін олардың орындауы барысында туындайтын шығыстарды өздері көтереді.
7-бап
Осы Келісім өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын, басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін орындауына әсерін тигізбейді.
8-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты кез келген даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
10-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2. Әрбір Тарап басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда, осы Келісім басқа Тарап осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.
3. Егер Тараптар өзгеше тәртіпті келіспейтін болса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің шеңберінде іске асырылатын іс-шаралардың қолданысына немесе ұзақтығына олар аяқталғанға дейін әсер етпейді.
11-бап
Осы Келісім күшіне енген сәттен бастап 1999 жылғы 29 наурызда Варшава қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Польша Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қолданысын тоқтатады.
20__ жылғы «__» ___________ _________ қаласында әрқайсысы екі данада қазақ, поляк және орыс тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін