Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Польша Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 қарашадағы N 1108 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. 2005 жылғы 6 шiлдеде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Польша Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтілсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Польша Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы
келiсiм   <*>

(2006 жылғы 21 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 2, 13-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Польша Республикасының Үкiметi,
      1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған, бiр тараптан Қазақстан Республикасы және екiншi тараптан Еуропа қоғамдастықтары мен оларға мүше мемлекеттер арасындағы Серiктестiктi белгілейтiн серiктестiк және ынтымақтастық туралы келiсiмнiң ережелерiн ескере отырып,
      1997 жылғы 27 қарашада Варшавада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы Достық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту туралы декларацияның ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын экономикалық ынтымақтастық саласындағы халықаралық шарттардың ережелерiн ескере отырып,
      Польша Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелiгiн назарға ала отырып,
      мына төмендегілер туралы келістi:

  1-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнде қолданыстағы заңнамаға сәйкес теңдiк және өзара тиiмдiлiк қағидаттарында Тараптар экономиканың барлық салалары мен бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етедi.
      2. Осы Келiсiм шеңберiнде жүзеге асырылатын ынтымақтастық мыналарға бағытталған:
      екi жақты экономикалық қатынастарды нығайту үшiн экономикалық әлеуеттi пайдалануға;
      екi жақты экономикалық, атап айтқанда инвестициялар, инновациялар және экономикалық iс-шараларды қаржыландыру саласындағы қатынастарды қарқындандыруға;
      көлiк инфрақұрылымын және энергия тасығыштарды тасымалдау жүйелерiн дамытуға;
      өңiраралық экономикалық ынтымақтастықты дамытуға.

  2-бап

      Осы Келiсiмнiң 1-тармағында аталған ынтымақтастық мынадай жолмен жүзеге асырылады:
      1) Тараптар мемлекеттерiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасындағы ынтымақтастықты дамыту;
      2) бiр Тарап мемлекетiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында объектiлердi жобалау, салу, жөндеу немесе қайта құру, сондай-ақ технологиялық жаңғырту немесе Тараптар мемлекеттерiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң олардың аумақтарында не үшiншi мемлекеттердiң аумақтарында бiрлесiп қатысу;
      3) экономикалық iс-шаралар үшiн кепiлдiктердi қаржыландыруға, сақтандыруға және беруге байланысты тетiктердi енгiзу;
      4) мұнай, газ, электр энергетикасы және тау-кен байыту секторларындағы жобаларды iске асыруда өзара iс-қимыл жасау;
      5) сертификаттау және стандарттау саласында өзара iс-қимыл жасау;
      6) шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi бiрiктiретiн Тараптар мемлекеттерi ұйымдарының арасындағы байланыстарға жәрдемдесу;
      7) консалтингтiк, заң, банктiк және техникалық, оның iшiнде Тараптар мемлекеттерiнiң, сондай-ақ үшiншi мемлекеттердiң аумақтарындағы инвестициялық жобаларды iске асыруға ықпал ететiн қызметтердi дамыту;
      8) ынтымақтастықтың әр түрлi нысандарына бастама бiлдiру және жәрдемдесу, мамандармен және техникалық персоналмен алмасу, оқыту, жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысу, экономикалық миссияларды ұйымдастыру және экономикалық ынтымақтастыққа байланысты өзге де шараларды қабылдау;
      9) туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

  3-бап

      1. Тараптардың құзыреттi органдары экономикалық қызметтi жүзеге асыратын өкiлдiктердi, филиалдарды, сондай-ақ өзге де мекемелердi құруға және олардың қызметiне ықпал етедi.
      2. Экономикалық қызметтi жүргізетiн өкiлдiктердi, филиалдарды және өзге де мекемелердi құру мен олардың қызметiн жүргізу қағидаттарын олар өз қызметiн жүзеге асыратын аумақтағы Тараптың мемлекетiнде қолданылатын заңнама айқындайды.

  4-бап

      Экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу мақсатында Тараптар мемлекеттерiнде қолданыстағы заңнамаға сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары мынадай салалардағы ақпарат алмасуды жүзеге асырады:
      1) экономикалық қызметтi, инвестиция, стандарттау, сертификаттау, лицензияларды, концессияларды және рұқсаттарды беру шарттарын, зияткерлiк және өнеркәсіптік меншiкті қорғауды, авторлық және онымен байланысты құқықтарды, сондай-ақ Тараптардың өзара мүддесiнiң мәнi болып табылатын басқа да салаларды реттейтiн заңнама;
      2) Тараптар мемлекеттерiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерінің арасындағы оның ішінде көрмелер, жәрмеңкелер және экономикалық миссиялар өткiзу саласындағы байланыстарды орнатуға ықпал ететiн iс-шаралар.

  5-бап

      1. Тараптар бұдан әрi Комиссия деп аталатын Қазақстан-польша экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссиясын құрады.
      2. Комиссияның мiндеттерi мыналар болып табылады, атап айтқанда:
      мерзiмдiк шолуларды және экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйiн бағалауды жүргiзу;
      экономикалық ынтымақтастықты дамытуды шектейтiн проблемаларды сәйкестендiру және оларды жою мақсатында тиiсті шаралар ұсыну;
      экономикалық ынтымақтастықты одан әрi дамытуға бағытталған ұсыныстарды дайындау;
      осы Келiсiмдi қолдануға немесе түсiндiруге қатысты даулы мәселелердi талқылау.
      3. Комиссия төрағалар басшылық ететiн қазақстандық және польша бөлiктерiнен тұрады. Тараптардың әрқайсысы өз бөлігінiң төрағасын тағайындайды. Әрбiр төраға бөлiктiң орынбасары мен хатшысын тағайындайды. Жекелеген мәселелердi қарау үшiн Комиссия өз құзыретi шеңберiнде олардың мiндеттерiн айқындай отырып, жұмыс топтарын құруға құқылы.
      4. Комиссия мәжiлiстерi қажеттілігіне қарай, кемiнде жылына бiр рет Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасында кезекпен өткiзiледi. Әрбiр төрағаның бастамасы бойынша Комиссияның кезектен тыс отырысы шақырылуы немесе төрағалардың кездесуiне бастама бiлдiрiлуi мүмкiн.
      Бөлiк төрағалары көзделiп отырған отырысты өткiзгенге дейiн бiр айдан кешiктiрмей Комиссияның кезектi отырысын шақыру және күн тәртiбi туралы мәселенi өзара келiседi. Төрағалардың келiсiмi бойынша күн тәртiбiне алдын ала көзделмеген мәселелер енгiзiлуi мүмкiн. Комиссияның отырыстарына әр бөлiк өз қалауы бойынша кеңесшiлер мен сарапшыларды шақыруға құқылы.
      5. Комиссия отырыстары хаттамамен ресiмделедi.
      6. Комиссияның қызметiне байланысты мәселелердi оның мәжiлiстерi арасындағы кезеңде Комиссия төрағалары немесе олардың тапсырмалары бойынша олардың орынбасарлары мен хатшылары жұмыс тәртiбiмен талқылайды.
      7. Комиссия жұмысының барысын ол белгiлеген регламент айқындайды.
      8. Тараптар Комиссия қызметiне байланысты шығыстарды жеке көтередi.

  6-бап

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Қазақстан Республикасы немесе Польша Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардан, сондай-ақ олардың халықаралық ұйымдарға мүшелiгiнен туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
      2. 1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған, бiр тараптан Қазақстан Республикасы және Еуропа қоғамдастықтары мен оларға мүше мемлекеттер екiншi тараптан арасындағы Серiктестiктi белгiлейтiн серiктестiк және ынтымақтастық туралы келiсiм оған енгiзiлген барлық өзгерiстерiмен және толықтыруларымен бiрге осы Келiсiм реттейтiн мәселелерге қатысты басым күшке ие.
      3. Осы Келiсiмнiң ережелерi оның Польша Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелiгiнен туындайтын оның құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  7-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

  8-бап

      1. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алғаннан күннен бастап отыз күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады. Тараптардың әрқайсысы екiншi Тарапқа жазбаша нысанда хабарлау жолымен осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келiсiм Тараптардың бiрi осындай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн күшiн жояды.

      Осы Келісім 2005 жылғы 6 шілдеде Астана қаласында екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тiлдерiнде жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде Тараптар арасында келiспеушiлiктер туындаған жағдайда орыс тiлiндегі мәтiн шешушi болып табылады.

       Қазақстан                                 Польша
      Республикасының                           Республикасының
      Yкiметi үшiн                              Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады