2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2017 жылға арналған кредит берудің негізгі талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;
2) кредиттік шарттардың негізгі және қосымша талаптарының орындалуын бақылауды;
3) бюджеттік кредиттердің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуін және қызмет көрсетілуін бақылау мен мониторингтеуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен сенім білдірілген өкілмен (агентпен) тапсырма шартын жасассын.
4. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары:
1) түпкі қарыз алушымен кредиттік шарттар жасассын;
2) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат берсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктеріне жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 11 сәуірдегі № 190 қаулысымен бекітілген |
Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2017 жылға арналған кредит берудің негізгі талаптары
1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредиттер беру үшін мынадай негізгі талаптар белгіленеді:
1) қарыз алушылардың Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – кредитор) мәслихаттардың 2017 жылға арналған облыстық бюджеттерде, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдерін ұсынуы;
2) "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында 224 "Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және құрылыс үшін кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 48000000000 (қырық сегіз миллиард) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға жылдық 0,01%-дық сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;
3) негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең 6 (алты) жылдан аспауға тиіс;
4) кредиттерді игеру кезеңі кредиттер кредитордың шотынан аударылған кезден бастап есептеледі және 2018 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.
2. Кредиттерді беру, өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.