Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 23 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 шілдедегі № 411 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2018 жылғы 1 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 5, 62-құжат)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталады)
өзара қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ете отырып,
халықаралық қылмыстың таралуына алаңдаушылық білдіре отырып,
ұйымдасқан қылмыстың, терроризмнің және қылмыстық әрекеттің өзге де түрлерінің кез келген нысанына қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына немесе олардың тиімді жолын кесуге кәміл сене отырып,
өз мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен тиісті заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Осы Келісімнің мақсаты қылмыстық әрекеттердің жолын кесуде және ашуда, сондай-ақ қылмыскерлерді анықтауда, ең алдымен жедел ақпарат алмасу және барлық деңгейлердегі құзыретті органдар арасындағы тікелей байланыстар арқылы ынтымақтастықты тереңдету және нығайту болып табылады.
2. Осы Келісімнің негізіндегі ынтымақтастық Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек беруді қамтымайды.
1. Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мыналарды:
1) ұйымдасқан қылмысты;
2) терроризмді, экстремизмді және оларды қаржыландыруды;
3) жеке тұлғаға және халықтың денсаулығына қарсы қылмыстарды;
4) адам саудасын, жеңгетайлықты, адам органдары мен тәндерін заңсыз саудаға салуды;
5) балаларға сексуалдық зорлық көрсетуді және балалар порнографиясын;
6) заңсыз көші-қонмен байланысты қылмыстық әрекетті;
7) 1988 жылғы 20 желтоқсанда Венада қол қойылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 3-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес құқық бұзушылықтарды білдіретін есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және химиялық заттардың, сондай-ақ оларды дайындау үшін пайдаланылатын құралдардың және/немесе жабдықтың заңсыз айналымын;
8) ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды;
9) қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың, радиоактивтік және ядролық материалдарды қоса алғанда, стратегиялық шикізаттың және басқа да қауіпті материалдардың заңсыз айналымын;
10) қолдан жасалған ақша белгілерін, мөрлер мен құнды қағаздарды, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құралдарын және ресми құжаттарды, атап айтқанда жол жүру құжаттарының барлық түрлерін дайындауды және өткізуді, сондай-ақ оларды таратуды және пайдалануды;
11) ақшалай қаражатты, контрабанданы және басқа экономикалық қылмыстарды жылыстату;
12) сыбайлас жемқорлықты;
13) мәдени және тарихи құндылықтардың заңсыз саудасын;
14) автокөлік құралдарына қатысты қылмыстық әрекетті;
15) зияткерлік меншікке қатысты қылмыстық әрекеттерді қоса алғанда, қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресте ынтымақтасады.
3-бап
Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, атап айтқанда:
1) қылмыстар, күдіктілер немесе қылмыстық әрекетке тартылған адамдар туралы деректерді қоса алғанда, қылмыскерлер арасындағы байланыстар, қылмыстық әрекетке тартылған ұйымдасқан топтар және олардың құрылымы, жекелеген қылмыскерлер мен топтардың типтік мінез-құлқы;
2) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған террористік актілерді қоса алғанда, қылмыстарды жоспарлау немесе ұйымдастыру;
3) қылмыстық әрекеттен кірістерді заңдастырумен немесе терроризмді қаржыландырумен байланысты күдікті операциялар;
4) заңсыз көші-қонның жолын кесу және оған қарсы күрес;
5) олардың үлгілерін бере отырып, егер бұл мүмкін болса, қылмыстармен байланысты заттар;
6) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының қызметі барысында алынған, атап айтқанда, қылмыстың жаңа нысандарына қатысты мәліметтер; бұған қоса тұжырымдамалық және талдамалық материалдармен және мамандандырылған әдебиеттермен алмасу жүреді;
7) криминалистикалық және криминологиялық зерттеулердің нәтижелері, тергеу практикасы, кәсіби қызметтің әдістері мен құралдары;
8) осы Келісімнің мәніне қатысты заңнамалық нормалар туралы ақпарат және құжаттар алмасу түрінде бір-біріне көмек көрсетеді.
Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз қызметін үйлестіреді, атап айтқанда:
1) қылмыс жасауда күдікті адамдарды, сондай-ақ қылмыстық жауапкершіліктен немесе жазасын өткеруден жалтарған адамдарды іздестіруде;
2) адамдардың жеке басын анықтаумен немесе мәйіттерді танумен байланысты рәсімдерді қоса алғанда, жоғалған адамдарды іздестіруде;
3) заттарды іздестіруде;
4) бақыланатын жеткізілімдер, қадағалау және құпия операциялар сияқты тергеудің арнайы техникалық тәсілдерін дайындауды және орындауды ұйымдастыруда;
5) қылмыстардың жолын кесу жөніндегі бірлескен бағдарламаларды жоспарлауда және жүзеге асыруда бір-біріне көмек көрсетеді.
1. Екінші Уағдаласушы Тарапқа көмек көрсету немесе белгілі бір қылмыстардың жолын кесу жөніндегі қызметті үйлестіру үшін Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдарының сарапшыларын жібере алады.
2. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының қызметкерлері екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында консультациялық және қосымша көмекті жүзеге асырады. Консультациялық және қосымша көмекті жүзеге асыра отырып, олар аумағына өздері жолданған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының нұсқаулықтарын сақтайды.
1. Уағдаласушы Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмыстардың жолын кесу және ашу, сондай-ақ оларды жасаған қылмыскерлерді анықтау мақсатында бір-біріне жоғалған немесе ұрланған барлық типтегі жол жүру құжаттары туралы, жол жүру құжаттарының ұрланған немесе күші жойылған бланкілері туралы ақпаратты береді.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған ақпаратта кемінде тиісті жол құжатының нөмірі, типі және мәртебесі қамтылуы тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған ақпарат Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында тікелей немесе Интерполдың ақпараттық деректер базасы арқылы тұрақты түрде беріледі.
4. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік шекараларын кесіп өту үшін пайдаланылатын жалған жол жүру құжаттарын анықтау фактілері туралы ақпарат алмасады.
Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмыстардың, атап айтқанда, адам саудасының жолын кесу және ашу, сондай-ақ оларды жасаған қылмыскерлерді анықтау мақсатында жоғалған және іздестіру жарияланған адамдар туралы ақпарат алмасады.
Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмысқа қарсы күрес саласында оқытуда және білім беруде ынтымақтасады, бұл ретте мұндай ынтымақтастық, атап айтқанда:
1) бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары өкілдерінің екінші Уағдаласушы Тарап өткізетін оқу курстарына қатысуын;
2) бірлескен семинарлар, курстар, тренингтер ұйымдастыруды;
3) сарапшылармен, сондай-ақ оқыту тұжырымдамаларымен және бағдарламаларымен алмасуды қамтиды.
1. Ақпарат және жәрдемдесудің өзге нысандары осы Келісімге сәйкес Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жазбаша сұрау салу бойынша беріледі. Осындай сұрау салуды жасау үшін, егер сұрау салудың мазмұны оған рұқсат етсе, электрондық және өзге де байланыс құралдары пайдаланылады. Шұғыл жағдайларда сұрау салу ауызша нысанда да берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оны жазбаша нысанда кідіртпей растау қажет.
2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары осы баптың 1-тармағында аталған сұрау салуға жедел тәртіппен жауап береді. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдары, егер сұрау салуды қанағаттандыру үшін қажет болса, қосымша ақпарат талап етуі мүмкін. Егер көмек беру туралы сұрау салуды алған орган осы сұрау салуды қарау үшін құзыретті орган болып табылмаса, онда ол оны сұрау салуды қарауға құзыретті органға береді.
3. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары, егер олар анықталған фактілердің негізінде екінші Уағдаласушы Тарапқа қоғамдық тәртіп немесе қауіпсіздік үшін белгілі бір қатерлерді жоюда немесе қылмыстардың алдын алу, ашу және оларды жасаған қылмыскерлерді анықтау мақсатында көмек көрсетуі мүмкін деп есептесе, өзара негізде бір-біріне жекелеген оқиғалар туралы ақпаратты сұрау салусыз хабарлайды.
4. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы, егер ол сұрау салуды қанағаттандыру өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе өзге де маңызды мүдделеріне қатер төндіруі мүмкін немесе сұрау салуды қанағаттандыру өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, осы Келісімде айтылған көмекті көрсетуден ішінара немесе толықтай бас тартуы мүмкін. Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарапқа міндетті болып табылатын сұрау салуды қанағаттандыру шартын орната алады.
5. Уағдаласушы Тараптар сұрау салуды орындаудан бас тартқан немесе оны ішінара орындаған жағдайда бір-біріне жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.
6. Осы Келісімді орындау кезінде Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары, егер өзгеше келіспесе, ағылшын тілін пайдаланады.
Уағдаласушы Тараптардың ынтымақтастығы шеңберінде өзара берілетін нақты адамға қатысты деректерді (бұдан әрі – "дербес деректер" деп аталады) қорғау мақсатында Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мынадай шарттар сақталады:
1) қабылдаушы Уағдаласушы Тарап дербес деректерді тек қылмыстық әрекетпен байланысты рәсімдердің жолын кесу мақсатында, сондай-ақ жолдаушы Уағдаласушы Тарап белгілеген шарттарды сақтаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында пайдалануы мүмкін; басқа мақсаттар үшін мұндай дербес деректер жолдаған Уағдаласушы Тараптың алдын ала алынған жазбаша келісімінің негізінде ғана және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қолданылуы мүмкін;
2) субъектілердің ұлттық, нәсілдік немесе этникалық тиесілігі туралы, саяси көзқарастары туралы, діни және философиялық нанымдар туралы, жасаған қылмысы үшін соттылығы туралы, денсаулық жағдайы мен сексуалдық өмірі туралы дербес деректер қажет болған жағдайда ғана берілуі мүмкін;
3) қабылдаушы Уағдаласушы Тарап жолдаушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша берілген дербес деректерді пайдалану туралы, сондай-ақ оларды пайдалану нәтижесінде қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат ұсынуға міндетті;
4) жолдаушы Уағдаласушы Тарап берілетін дербес деректердің шынайылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ дербес деректер қажет болған жағдайда және оларды пайдалану мақсатына сәйкес келетін көлемде берілуіне қолдануға міндетті. Егер кейіннен берілген дербес деректер шынайы емес немесе беруге жатпайтыны анықталса, онда бұл туралы дереу қабылдаушы Уағдаласушы Тарапқа хабарлау қажет. Қабылдаушы Уағдаласушы Тарап дұрыс емес дербес деректерді түзетуге, ал беруге жатпайтын дербес деректерді жоюға міндетті;
5) жолдаушы Уағдаласушы Тарап дербес деректерді екінші Уағдаласушы Тарапқа беру процесінде оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оларды жоюдың белгіленген мерзімін хабарлайды. Қажеттілігі жоғалған кезде жоғарыда көрсетілген мерзімді назарға алмай, дербес деректерді жою қажет. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда оның негізінде алынған барлық дербес деректер жойылуы тиіс;
6) Уағдаласушы Тараптар дербес деректерді беру, қабылдау және жою есебін жүргізеді. Есепке алу құжаттарында, атап айтқанда, дербес деректерді берудің мақсаты, олардың тізбесі, тартылған мемлекеттік органдар және жою себептері көрсетіледі;
7) Уағдаласушы Тараптар берілген дербес деректерді кездейсоқ немесе санкцияланбаған қол жеткізуден, кездейсоқ жоғалудан, кездейсоқ немесе санкцияланбаған өзгертуден, кездейсоқ немесе санкцияланбаған беруден немесе кездейсоқ немесе санкцияланбаған жариялаудан қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
1. Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісім бойынша ынтымақтастықтың шеңберінде бір-біріне берілген ақпараттың, құжаттар мен басқа да материалдардың қажетті қорғалуын қамтамасыз етеді.
2. Осы Келісім бойынша ынтымақтастық шеңберінде алынған ақпаратты және құжаттарды үшінші мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға беру жолдаушы Уағдаласушы Тараптың жазбаша келісімі бар болған кезде ғана мүмкін болады.
Егер алдын ала әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Уағдаласушы Тараптар олардың осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап отыз күн ішінде бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімді іске асыру бойынша өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының атауларын хабарлайды, олар өз құзыреті шеңберінде тікелей және жедел ынтымақтасатын болады.
2. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісім күшіне енген күннен бастап отыз күн ішінде байланыс мекенжайларымен, телефон нөмірлерімен және факсимильді байланыс нөмірлерімен, сондай-ақ өзге де байланыс деректерімен алмасады және мүмкіндігінше басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің тілін немесе ағылшын тілін білетін байланыс адамын тағайындайды.
3. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы баптың 2-тармағына сәйкес берілген деректерге енгізілген кез келген өзгерістер туралы бір-біріне дереу хабарлайды.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезінде кез келген даулар туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар жолымен шешедi.
Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге оның ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң 18-бабында көзделген тәртіппен күшiне енетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Егер мемлекеттің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті немесе азаматтардың денсаулығын қамтамасыз ету осыны қажет етсе, Уағдаласушы Тараптардың кез келгені осы Келісімнің әрекетін толықтай немесе ішінара тоқтатуы мүмкін. Мұндай шараларды енгізу немесе күшін жою туралы Уағдаласушы Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды. Осы Келісімнің әрекетін тоқтату және оның күшін жою мұндай хабарламаны екінші Уағдаласушы Тараптың алған күнінен бастап он бес күн өткеннен кейін күшіне енеді.
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Уағдаласушы Тараптардың кез келгені бұл туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлау жолымен кез келген уақытта осы Келісімнің әрекетін тоқтатуы мүмкін. Мұндай жағдайда Келісім өзінің әрекетін екінші Уағдаласушы Тараптың дипломатиялық арналар арқылы мұндай жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатады.
3. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1998 жылғы 9 сәуірде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасында Ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім қолданысын тоқтатады.
2017 жылғы " 23 " қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, чех, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің заңдық күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде қайшылықтар туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Чех РеспубликасыныңҮкіметі үшін |