"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 29 қарашада Минскіде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 19 қазандағы № 663 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2018 жылғы 26 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 80-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
екі мемлекеттің және оның халықтарының арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға ұмтылысын басшылыққа ала отырып,
екі мемлекет арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән бере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар, осы Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің шарттарын, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері қабылдайтын заңдарды, қағидаларды және ұлттық саясатты қабылдай отырып, тең құқықтық және өзара түсіністік негізінде бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруға және таратуға тартылған бұқаралық ақпарат құралдары институттары мен өзге ұйымдардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі.
2-бап
Тараптар мемлекеттерінің қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарын, баспа және аудиовизуалды материалдарды алмасу мақсатында қазіргі заманғы қол жетімді құралдарды пайдаланады, ақпарат агенттіктері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды және таратуды жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы бір Тарап мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының екінші Тарап мемлекетінің аумағында кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының жіберген журналистерге, фотографтарға, телевизиялық және баспа топтарына, сондай-ақ басқа мамандарға, олар қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңдарын сақтаған жағдайда, қажетті көмек көрсететін болады.
4-бап
Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық пен көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген бюджет қаражатының шегінде жүзеге асырылады.
5-бап
Осы Келісім шеңберіндегі Тараптардың барлық қызметі өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім үш жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бірде біреуі осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы басқа Тарапқа белгіленген мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, оның қолданысы келесі үшжылдық кезеңге ұзартылатын болады.
Осыны куәландыру үшін өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
2017 жылғы 29 қарашада Минск қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде алшақтықтар туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының | Үкіметі үшін |