Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттарын бекіту туралы
"Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 мамырдағы № 325 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
2020 жылы Қазақстан Республикасы барша әлем сияқты COVID-19 коронавирусы пандемиясының таралуына байланысты жаңа қауіптер мен сын-қатерлерге тап болды. Бұл жаһандық экономиканың даму қарқынының төмендеуіне әкеп соқтырды, сарапшылардың пікірінше, оны қалпына келтіру кемінде 5 жылға созылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының берік негізі қаланып, әлемдік аренада лайықты беделге ие болды. Тәуелсіздік жылдары қазақстандық экономикаға 347 миллиардқа жуық АҚШ доллары тартылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың қазіргі саясаты экономиканың бүкіл кешенін дәйекті дамыту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және еліміздің халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайту жөніндегі нақты шараларды іске асыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары (бұдан әрі – ҚРМСНБ) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) саласындағы мемлекеттік саясатын, сондай-ақ әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуына бағытталған дамуға көмек көрсетудің 2021 – 2025 жылдарға арналған секторлық және географиялық басымдықтарын айқындайды.
ҚРМСНБ тату көршілік белдеуін қалыптастыра отырып, Қазақстанның халықаралық позициялары мен оң имиджін нығайта отырып, ұлттық мүдделерді ілгерілету, саяси және экономикалық қауіпсіздікті қорғау мақсатында әзірленген.
Бұл "Қазақстан 2050" Стратегиясына, "100 нақты қадам" Ұлт жоспарына, Қазақстан Республикасының 2020 – 2030 жылдарға арналған сыртқы саясатының тұжырымдамасына және басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарға сәйкес Қазақстанның жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуді жақтайтынын көрсетуге мүмкіндік береді.
ҚРМСНБ Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы Жарлығымен айқындалған және азаматтардың амандығын арттыруды, әділ әлеуметтік саясатты, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуды, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамытуды және басқаларды көздейтін мемлекетіміздің 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарына сәйкес келеді.
ДРК ұлттық жүйесін уақытылы институцияландыру үшін 2020 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне (бұдан әрі – СІМ) ведомстволық бағынысты ұйым түрінде "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі (бұдан әрі – "KazAID" агенттігі) құрылды.
Осылайша, Қазақстан жүйелі негізде халықаралық дамуға жәрдемдесу үшін дәстүрлі және жаңа донор елдердің күш-жігеріне қосылу жолында іс жүзінде маңызды қадам жасады. Халықаралық және өңірлік дамуға сын-қатерлер саны жоғары деңгейде қалғанымен, дәстүрлі донорлардың бюджеттері қысқарған кезеңде жасалу фактісін ескерсек, мұндай қадам одан да маңызды және құнды болып табылады.
2. Өңірлік және жаһандық дамудың ағымдағы сын-қатерлері
Жаһандық экономикалық және қаржылық, оның ішінде COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарыстың нәтижесінде көптеген елдер әлеуметтік теңсіздікке және жұмыссыздыққа тап болды, бұл шиеленіс пен қақтығыстардың өсуіне, ұйымдасқан қылмыс, халықаралық терроризм, заңсыз көші-қон және дүлей апаттар сияқты қауіптердің ұлғаюына алып келеді.
Орталық Азия мемлекеттерінің соңғы 20 жыл ішінде дәйекті прогреске қол жеткізгеніне және өңірдегі тұрақтылықтың сақталуына қарамастан, өңірдегі ағымдағы жағдай әлеуметтік-экономикалық проблемалардың қиюласуымен, заңның үстемдігі саласындағы кемшіліктермен, діни экстремизмнің, этносаралық шиеленістің және ұйымдасқан қылмыстың өсуімен сипатталады.
Көп өлшемді кедейліктің жаһандық индексінің деректері бойынша 2020 жылы 107 елде тым кедей жағдайда өмір сүретін шамамен 1,3 млрд адам, яғни 22 %-і кедейлік шегінен төмен тұрады, ал негізгі мұқтаждығы қанағаттандырылмайтын адамдардың саны одан да көп.
Өңірлік тұрақтылыққа шешілмеген шекара даулары, ортақ су ресурстарын пайдалануға және энергияға мұқтаждыққа қатысты шиеленіс, адам құқықтарының жүйелі бұзылуы, заңсыз көші-қон, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, терроризм және ұйымдасқан қылмыстың басқа да нысандары қатер төндіреді. Мұндай үрдістер ден қоюдың тиімді шараларын тұжырымдау үшін Орталық Азияның барлық елдері тарапынан келісілген күш-жігерді талап етеді. Осы тұрғыдан Қазақстанның өңірлік экономикалық көшбасшы ретіндегі рөлі өте бағалы.
Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды қолдауға әзір. Инклюзивті диалогты жақтайтынына мысал ретінде Қазақстан сирияаралық келіссөздер үшін платформа ұсынады. Женева келіссөздерін толықтыратын Астана процесінің арқасында ұрыс қимылдарын тоқтатуға қол жеткізілді, босқындардың қауіпсіз қайтуына арналған шарттары бар деэскалация аймақтары құрылды.
Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерге қомақты үлес қосуға мүмкіндік берген бірқатар аса маңызды бастамаларды ұсынды. Ең алдымен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (бұдан әрі – АӨСШК) шақырылуын атап өткен жөн, оны құру туралы идеяны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынған болатын. Бүгінгі күні АӨСШК Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бойынша жетекші диалог алаңы болып табылады, оған қазірдің өзінде 27 мемлекет қатысады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі бола отырып, еліміз өзінің бейбітшілік ісін жақтайтынын қуаттап, қауіпсіздікті, жаппай қырып-жою қаруын таратпауды және өңірлік ынтымақтастықты нығайту жөнінде үлкен жұмыс атқарды.
Әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі бола отырып, Қазақстан бейбітшілікке және әріптес елдердегі адам құқықтарын, қадір-қасиет пен өркендеуді ілгерілетуге жәрдемдесуге бағытталған өңірлік және ұжымдық іс-қимылдарға өз үлесін қосуды тоқтатпайды.
3. Қазақстан Республикасының халықаралық дамуға жәрдемдесуге қатысуының мақсаттары
Дамуға көмек Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақстан Республикасының халықаралық дамуға жәрдемдесуге қатысуының мақсаттары – өңірлік және халықаралық байланыстар жүйесіне одан әрі кірігу, Қазақстан Республикасының стратегиялары мен даму бағдарламаларын табысты іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасау, бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кедейлікті жоюға және олардың азаматтарының әл-ауқатын арттыруға, әріптес елдердің қоршаған ортаны қорғау және климатты сақтап қалу мәселелерін басым іске асыруға кезең-кезеңмен көшуіне жәрдемдесу болып табылады.
Қазақстан Республикасының әріптес елдердегі халықаралық дамуға жәрдемдесуге қатысуы тілектестіктің белгісі әрі ұлттық және өңірлік қауіпсіздікке үлес қосуы болып табылады, сондай-ақ ол біздің еліміз үшін жалпы қолайлы әлеуметтік-экономикалық әсер береді.
Қазақстан Республикасы әріптес елдердің дамуын олардың ұлттық мүдделеріне, Қазақстанмен әріптестік қатынастарына және халықаралық ахуалға сүйене отырып қолдайды. Дамуға көмек арқылы Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, өңірлік проблемаларды шешу үшін көмек көрсетуге, сондай-ақ өзінің ДРК саласындағы міндеттемелерін орындауға ниетті.
4. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегінің қағидаттары
Қазақстан Республикасы әріптес елдерге ДРК көрсете отырып, мынадай қағидаттарды негізге алатын болады: ұлттық заңнамаға, халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының мүдделеріне сәйкес келуі, әріптес елдердің егемендігін, ұлттық мүдделері мен заңнамасын құрметтеу, халықаралық стандарттарға сәйкес ДРК-ні көрсету туралы және пайдалану туралы шешімдер қабылдау процесінің ашықтығы мен есепті болуы, көмектің өлшенетін нәтижелерге бағдарлануы мен ДРК жобаларының әлеуметтік және экологиялық салдарының есепке алынуы.
Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы саясаты БҰҰ Жарғысында (1991 жыл), Сыртқы көмектің тиімділігін арттыру жөніндегі Париж декларациясында (2005 жыл), Аккра іс-қимыл бағдарламасында (2008 жыл) және Пусан қорытынды құжатында (2011 жыл), БҰҰ орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібінде белгіленген даму саласындағы халықаралық нормалар мен ынтымақтастық қағидаттарына негізделеді.
5. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегінің секторлық басымдықтары
Секторлық басымдықтар әріптес елдермен дәстүрлі қатынастарды ескереді және Қазақстан Республикасының салыстырмалы артықшылықтары, арнайы білімі, тәжірибесі мен технологиялары бар салаларға негізделеді.
Өңірлік және жаһандық дамудың ағымдағы сын-қатерлерін ескере отырып, сондай-ақ "Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының даму саласындағы қызметі әріптес елдің мынадай секторларына шоғырландырылатын болады: білім беру, денсаулық сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды басқару, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті қолдау, тиімді мемлекеттік басқару, адам құқықтарын қорғау, бизнес-ахуалды жақсарту және Заңда айқындалатын өзге де бағыттар.
Секторлық басымдықтар халықаралық қоғамдастықтың жалпы басымдықтарын да көрсетеді. Олардың басқа донорлармен еңбек бөлінісі процесін ескеруінің де маңызы зор. Әрбір сектордағы жобалар синергетикалық және мультипликациялық әсерді қамтамасыз ету үшін барынша өзара байланысты болуы тиіс. Белгілі бір секторлар көпжақты өзара іс-қимыл нысанында, мысалы, халықаралық ұйымдар арқылы қаржылық салым және белсенді жұмыс арқылы көмек көрсету үшін неғұрлым қолайлы.
ДРК-ның секторлық басымдықтары Заңда белгіленген. Аталған басымдықтар даму саласындағы халықаралық күн тәртібіне, Қазақстан Республикасының салыстырмалы артықшылықтарына және әріптес елдердің күтетін қажеттіліктеріне негізделген.
5.1. Тиімді мемлекеттік басқару және цифрландыру
Қазақстан Республикасы шешімдер қабылдау процестеріне жергілікті халықты тарта отырып, орталық және жергілікті деңгейлерде тиімді мемлекеттік басқаруды жақсартуға бағытталған нақты жобаларды іске асыру арқылы осы секторды дамытуды қолдайды.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Цифрлық мемлекет" бағыты бойынша бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің 90 %-і азаматтарға онлайн режимде көрсетіледі. Елдің экономикалық дамуы цифрландырумен тікелей байланысты. Орталық Азияда цифрлық экономиканы дамыту мемлекеттердің орнықтылығын арттырып қана қоймай, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал ететін болады.
5.2. Адам құқықтарын құрметтеу
Қазақстанның дамуға көмек шеңберіндегі қызметі адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын және осы мәселе бойынша басқа да халықаралық құралдарды іс жүзінде іске асыруға ықпал етеді. Көмек әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған нақты жобалардың арқасында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
5.3. Қоршаған ортаны және климатты қорғау
Қазақстан Республикасы дамуға көрсетілетін көмектің барлық кезеңдеріне экология саласындағы маңызды аспектілерді қосу арқылы қоршаған ортаға ерекше назар аударады. Іс-шаралар Қазақстан Республикасының ДРК жобаларының қоршаған ортаға және климаттың өзгеруіне әсерін бағалауды, жобалар нәтижелерінің орнықтылығын бағалауды және осындай бағалауды жүргізу орынды болған жағдайларда жобалардың климаттың өзгеру салдарына сезімталдығын бағалауды қамтитын болады.
Бүгінде қоршаған орта жай-күйінің нашарлауы жаһандық тұрақсыздандырушы факторға айналды. Орталық Азиядағы климаттың өзгеру нәтижелері шөлейттену, мұздықтардың еруі және кейіннен ауыз су мен суармалы су көздерінің қысқаруы сияқты проблемалық мәселелердің шиеленісуіне алып келеді. Қазақстан осы бағытта орын алып отырған проблемаларды шешу үшін өңірлік ынтымақтастықты Қазақстан Республикасының ДРК жобалары арқылы ілгерілететін болады.
5.4. Қақтығыстарға сезімтал дамуға көмек
Гуманитарлық көмекпен қатар, ДРК қалпына келтірумен, дамытумен, сондай-ақ саяси және экономикалық әріптестікпен тікелей байланысы бар қақтығыстар мен дүлей апаттар болған елдерді тұрақтандыру үшін нысаналы көмекке мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының ДРК шеңберінде өткізілетін барлық іс-шаралары су ресурстарын басқару мен пайдалануға байланысты қақтығыстардың туындауын және көрсетілетін көмектен туындайтын басқа да проблемаларды болдырмау үшін әріптес елдердің барлық тиісті әлеуметтік топтарының мүдделерін қанағаттандыруға бағытталатын болады.
5.5. Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бизнесті дамытуға жәрдемдесу
Қазақстан Республикасы орнықты экономикалық өсу, дамушы елдердің халықаралық сауда мен әлеуметтік дамуға кірігуі әлеуметтік-экономикалық дамуды түйінді ынталандырушы болып табылатынын түсінеді.
Экономикалық даму саласында Қазақстанның орнықты іскерлік ахуал жасау бойынша тәжірибесі бар. Біздің еліміз отандық нарық пен өндірістік әлеуетті дамыту, нарықтық экономика институттарын қолдау мен сауданы дамыту үшін инфрақұрылым құру жөніндегі тәжірибесімен бөлісе алады. Қазақстан заманауи технологиялардың қолданылуын қолдады, бұл бизнес-ортаның жақсаруына әкелді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекеше секторға қатысты инновациялық тәсілі және қолайлы бизнес ахуал жасау жөніндегі реформалар саласындағы күш-жігердің жандандырылуы елдердің бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша "Doing Business" рейтингінде Қазақстан позициясының өсуіне ықпал етті, онда Қазақстан 2020 жылы 190 мемлекеттің арасынан 25-ші орынды иеленді.
5.6. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу
Ауыл шаруашылығы жетекші бидай өндірушілердің қатарына кіретін Қазақстан экономикасының маңызды саласы болып табылады. Біздің еліміз тиісті ауыл шаруашылығы технологиялары мен орнықты агроөнеркәсіп кешенін жүргізу және қолайлы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру практикаларын қолдану бойынша өз тәжірибесімен бөлісе алады. Қазақстанның фермерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, табыстың неғұрлым жоғары деңгейін және ауылдық жерлерде неғұрлым жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша да тәжірибесі бар.
6. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы қызметі
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) Дамуға жәрдемдесу комитетінде (бұдан әрі – ДЖК) "Шақыртылған" мәртебесін алған күнінен бастап соңғы алты жыл ішінде Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы қызметін талдай отырып, ДРК ұлттық жүйесі аса маңызды екі бағытта дамығанын атап өтуге болады:
1) әлеуметтік сектор, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және азаматтық қоғам, сондай-ақ қақтығыстарды шешу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында;
2) тауар түріндегі көмек.
Қазақстан Республикасы ұсынатын жинақталған статистикалық есеп жыл сайын дәстүрлі донорлармен қатар, ЭЫДҰ-ның веб-парақшасында сондай-ақ ДЖК-ның даму саласындағы ынтымақтастық туралы жыл сайынғы есебінде жарияланады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға және басқа да дамушы елдерге 600 млн АҚШ долларына жуық сомаға әрқилы көмек түрлерін ұсынды. Қаражат әлеуметтік-экономикалық дамуға, сондай-ақ мектептер, ауруханалар, көлік инфрақұрылымының объектілерін салуға бағытталды. Әріптес елдерде білім беру бағдарламалары мен тиісті стипендиялар бөлу арқылы адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылды.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен (бұдан әрі – БҰҰДБ) және "МАШАВ" Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Израиль агенттігімен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, 2017 жылғы сәуірде Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Орталық Азиядағы әріптес елдер үшін қазақстандық ДРК пилоттық жобасы (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдеріне арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-практикалық семинар) іске асырылды.
2017 – 2018 жылдары БҰҰДБ – Жапония Траст қорының қолдауымен және қаржыландыруымен "Қазақстанға ДРК саласында Ауғанстанмен ынтымақтастықта жәрдемдесу" жобасы іске асырылды. Жоба шеңберінде бюджеттік басқару саласындағы мемлекеттік қызметші ауған әйелдерінің әлеуетін арттыру жөніндегі, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шаралар өткізілді. Қазақстандық тараптың жобаға қатысуы мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау саласында тәжірибе мен білім беру түрінде техникалық көмек нысанында жүзеге асырылды.
Жобаның бірегейлігі – онда мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау саласындағы ауған мамандарының әлеуетін арттырумен қатар, ДРК желісі бойынша Қазақстанның мемлекеттік органдары қызметкерлерінің сарапшылық әлеуетін дамыту да көзделгенінде болды. 2017 – 2018 жылдары Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарының өкілдері ДРК жобаларын іске асырудағы практикалық тәжірибені зерделеу үшін JICA-ның Жапониядағы, Тәжікстандағы және Қырғызстандағы тренингтеріне қатысты. Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері ДРК ұлттық жүйесін қалыптастыру бойынша Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан жұмыс тұрғысынан болашақ қазақстандық ДРК жобаларын іске асыру жөнінде құнды практикалық дағдылар алды.
ДРК-ның жалпы көлемі (жиынтық көлемі де, неғұрлым аз дамыған елдерге бөлінетін көлемі де) 2018 – 2019 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасының жалпы ұлттық кірісіне проценттік қатынаста орта есеппен 0,02 % – 0,03 %-ті құрады. Қазақстан Республикасының ДРК-сын қаржыландыру Заңда көрсетілген көздерге сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Жалпы, бұл деректер жаңа донор ретінде ел өзінің халықаралық міндеттемелерін орындайтынын және өңір мен әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты көмек көлемін біртіндеп ұлғайта алатынын көрсетеді.
7. БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек шеңберіндегі қызметі
ҚРМСНБ Пусандағы Сыртқы көмектің тиімділігін арттыру жөніндегі жоғары деңгейдегі форумның (2011 жылғы желтоқсан) экономикасы өтпелі серпінді дамушы елдер қатарынан жаңа донорлардың қатысуының, олардың дамуға көмек көрсетуінің және БҰҰ Бас Ассамблеясында (2015 жылғы қыркүйек) қабылданған Орнықты даму мақсаттарына (бұдан әрі – ОДМ) қол жеткізудің маңыздылығы туралы қорытындыларының өзектілігін де көрсетеді. БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібінде мемлекеттік, азаматтық, жеке және академиялық секторлардың қатысуымен дамушы әлемдегі жоқшылықты жоюға және теңсіздікті қысқартуға басты назар аударылады.
БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібі көптеген аспектілерде Қазақстанның ДРК саласындағы күш-жігерімен үйлеседі және Ауғанстанда, Орталық Азияда және одан тыс жерлерде оларға қол жеткізу, сондай-ақ ОДМ-ге қол жеткізудегі прогресті мониторингтеу мен бағалау үшін сендірерлік саяси негіз бола алады.
Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібінің толық жүзеге асырылуына ерекше назар аударады. Қазақстан өңірлік және халықаралық деңгейлерде ОДМ қол жеткізу жөніндегі жұмысты белсенді жүргізуде.
2020 жылы ОДМ бойынша прогресс индексінде (Sustainable Development Goals Index) Қазақстан 2019 жылмен салыстырғанда 77-шіден 65-ші орынға көтеріліп және ықтимал 100 баллдан 71,1 балл жинап, өзінің позицияларын 12 тармаққа жақсартты.
2019 жылғы шілдеде Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі саяси форумында Қазақстан алғаш рет ОДМ-ге қол жеткізуде ДРК бойынша индикаторлардың орындалғаны туралы Ерікті ұлттық шолуды (бұдан әрі – ЕҰШ) жариялады. 2022 жылы екінші ЕҰШ-ты қорғауға дайындық ОДМ ұлттық индикаторларына қол жеткізу жөніндегі жұмысты жандандыруға оң ықпал етеді.
ОДМ іске асыру мақсатында 2019 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаев ресми ашқан халықаралық ұйымдар ғимараты базасында Орталық Азия өңірі мен Ауғанстан үшін Алматы қаласында ОДМ бойынша БҰҰ Орталығын ашу жөнінде өңірлік деңгейде жұмыс жүргізілуде.
Еуразиядағы аса ірі транзиттік-көліктік аумақтардың бірі бола отырып, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі және "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі сенімді әріптес ретінде трансқұрлықтық сауданы ілгерілетуде түйінді рөл атқаратын болады.
8. Дамуға ресми көмекті жоспарлау және әкімшілендіру
8.1. Көмек көлемдерін жоспарлау және даму мақсаттарына арналған қаржыландыру
СІМ ДРК саласындағы уәкілетті орган ретінде ДРК іс-шараларының жоспарын, сондай-ақ Халықаралық ұйымдарға ДРК-ге ерікті жарналарды төлеу жоспарын бекітеді және оны іске асыруды жүзеге асырады.
ДРК шеңберінде көрсетілетін көмек көлемдерін жоспарлауды СІМ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 6 ақпандағы № 11-1-2/42 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ДРК саласындағы өзара іс-қимыл жасау қағидаларына сәйкес мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан түсетін жобалық ұсыныстар негізінде жүзеге асыратын болады.
Халықаралық донор ұйымдармен ынтымақтастық шеңберінде СІМ жобалық ұсыныстар тізімін донор ұйымдардың қарауына жібереді. Қызығушылық туындаған жағдайда, донор ұйым қаржыландыруды өзіне алуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының ДРК жүйесі ДРК тиімді және нәтижеге бағдарланған басқарудың жалпыға бірдей қабылданған стандарттары негізінде жұмыс істейтін болады, олар мысалы, ДЖК стандарттары сияқты ДРК саласында халықаралық озық тәжірибе мен рәсімдерге негізделеді.
ДРК жобаларын тиімді басқару үшін жобалық циклді басқару жүйесі пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, СІМ екіжақты даму жобалары үшін жобалау циклінің әдіснамасын әзірлейді. Әдіснамада жобалау циклінің барлық кезеңдеріндегі қадамдар, оның ішінде жобаларды бағдарламалау, айқындау, қалыптастыру, іске асыру және бағалау сипатталатын болады. Құжатта жобалау циклінің әрбір кезеңі айқындалып, жекелеген қатысушылар орындауы тиіс рәсімдер белгіленеді, сондай-ақ жобаларда пайдаланатын құжаттарға қойылатын талаптар көзделетін болады.
8.3. Дамуға ресми көмек жобаларының тиімділігін мониторингтеу және бағалау
Жобаларды, секторлар мен бағдарламаларды бағалаумен нәтижеге бағдарланған дәйекті шолу және мониторинг ДРК жобаларын одан әрі тиімді ұйымдастыру жөніндегі білікті шешімдерді басқаруға және қабылдауға арналған негізгі құралдар болып қала береді. Мониторинг және бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының әріптес елдермен, сондай-ақ жұртшылықпен өзара жауапкершілік пен ашық әріптестікті дамыту және тереңдету саласындағы ынтымақтастығының сапасын одан әрі арттыруға ықпал ететін болады.
Дамуға көмек жобаларының мониторингін СІМ Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының және ДРК саласындағы ұлттық оператордың көмегімен жүзеге асыратын болады.
Бағалау Қазақстан Республикасының ДРК жүйесінің ерекшелігіне бейімделген халықаралық стандартталған әдістер негізінде жүргізіледі. Даму саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық құрылымы шеңберінде бағалау жүргізу үшін негізгі жауапкершілік СІМ-ге жүктеледі.
9. Дамуға ресми көмек саласындағы жекеше сектордың рөлі
Жекеше сектордағы халықаралық үрдістерді – әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орындарын құруға жеке инвестициялардың ықпалын ескере отырып, сондай-ақ ұлттық экономикалық мүдделерді назарға ала отырып, жекеше секторды дамуға көмекке тартуға жәрдемдесу маңызды.
Мысалы, Жапонияның тәжірибесінен: жапондық ірі холдингтер мен кәсіпкерлік одақтар ДРК көрсетудің барлық кезеңдеріне белсенді қатысады. Тиісінше, ДРК жапондық жобалары көбінесе отандық бизнестің мүдделерін ілгерілетуге бағытталған. ДРК көрсетудің барлық кезеңдерінде бизнестің қатысуының жоғары дәрежесі ҚХР-да да байқалады. Бизнес мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында жобалардың тең инвесторы ретінде әрекет ете алады. Германияда 1999 жылдан бері дамушы елдерде мемлекеттік-жекешелік неміс жобаларының іске асырылуын ынталандыратын Мемлекеттік және жекеше сектордың әріптестік қоры (Public-private partnerships facility) жұмыс істейді.
Жалпы, бірқатар елдерде, мысалы, АҚШ пен Канадада бизнес ДРК шеңберінде іске асырылатын жобаларды жеткізушілер мен орындаушылар ретінде белсенді түрде тартылады.
10. Дамуға ресми көмектің экономикалық дипломатиядағы рөлі
Мемлекет міндеттерін және Қазақстан Республикасының басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарын іске асыру аясында экономикалық дипломатияны күшейтуге бағдар СІМ жұмысы үшін басымдыққа айналды.
Экономикалық дипломатия шетелдік үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың саяси және нормативтік шешімдеріне ықпал етуге арналған. Бұл халықаралық қақтығыстардың көптеген себептерін шешу үшін сауда мен инвестициялардың шеңберінен шығады.
Қазақстанның экономикалық дипломатиясында көпжақты экономикалық ынтымақтастыққа, әсіресе, еліміздің мүдделері қорғалатын алаңдарда халықаралық донор және қаржы ұйымдарымен жұмыс істеуге үлкен рөл беріледі.
11. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастығының форматы
Дамуға көмектің екіжақты нысаны сыртқы саясат құралы және сонымен бірге Қазақстан Республикасының ДРК және оның халықаралық деңгейдегі қызметінің әлеуетін арттыру тәсілі ретінде маңызды рөл атқарады, Қазақстан Республикасына әріптес елдермен стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға және өзінің өңірдегі позицияларын нығайтуға көмектеседі. Қазақстан субъектілері көрсететін екіжақты көмек Қазақстан Республикасының ДРК ел ішінде қолдауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, өйткені оның нәтижелері Қазақстан жұртшылығы үшін неғұрлым анық болып табылады.
Даму мақсаттарындағы көпжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасына өз тәжірибесін (даму мақсаттарындағы екіжақты ынтымақтастық тәжірибесін қоса алғанда) пайдалануға және мүдделердің халықаралық деңгейде ескерілуіне мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының ДРК 70 %-ке жуығы көпжақты арналар арқылы дамушы елдерге көмекке бағытталады.
Қазақстан Республикасы өзінің ұлттық тәжірибесі мен мақсаттарын жекелеген халықаралық ұйымдарда белсенді, жан-жақты және дәйекті түрде ілгерілететін болады. Барлық тиісті министрліктермен, үкіметтік емес ұйымдармен, жеке сектормен, жергілікті билік органдарымен, білім беру мекемелерімен және т.б. консультацияларда стратегиялық және саяси позициялар айқындалатын болады. Үйлестіру Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын дамыту, оны тиімді әрі пәрменді түрде пайдалану мақсаттарында басымдықтарға сәйкес және көпжақты ынтымақтастыққа бөлінетін қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Даму мақсаттарында көпжақты ынтымақтастықты жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанның күш-жігері халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынастарға шоғырландырылатын болады. Бүгінгі күні жинақталған тәжірибе негізінде Қазақстан Республикасы өзінің халықаралық даму саласындағы күш-жігерін (тиісті қаржы және адами ресурстарды қоса алғанда) ең алдымен, БҰҰДБ-ға, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына (ФАО), Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына (ДАБ) және БҰҰ еріктілеріне (БҰҰЕ) жұмсайды. Бұл платформалар ҚР-ға отандық ұйымдар үшін БҰҰ бағдарламаларын іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін қоса алғанда, өзінің ұлттық тәжірибесін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының жаһандық диалогқа қатысуының және ДРК саласындағы үйлестірудің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанның "шақырылған" ресми мәртебесі бар (2015 жылғы шілдеден бастап) ЭЫДҰ ДЖК-мен ынтымақтастықты тереңдету мәселесі қызметтің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан үшін ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық стратегиялық басымдық болып табылады және негізгі – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына сай келеді.
Қазақстанның жекелеген халықаралық ұйымдарға қатысуы, ең алдымен, нақты бағдарламаларды қаржылық қолдауды (нысаналы қаржыландыру) немесе нысаналы қорларға жарналарды қамтитын болады. Қазақстан Республикасы осы ұйымдардың жұмыс істеуі үшін негізгі бюджеттердің сындарлы маңыздылығын көрсету үшін жекелеген халықаралық ұйымдар мен халықаралық қаржы мекемелерінің негізгі бюджеттеріне жарналар енгізуді (негізгі қаржыландыру) жалғастырады.
Қазақстан Республикасы ұлттық сарапшыларды жекелеген мекемелерге іссапарға жіберуді немесе олардың осы құрылымдарға тікелей қатысуын қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауы мен қазақстандық сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық компаниялар мен басқа да ұйымдардың тәжірибесін пайдалану процестеріне де қатысатын болады.
Қазақстан көпжақты алаңдарда, даму мақсатындағы ынтымақтастық құралдарын қолдайтын болады, олар жоқшылықтың ауқымымен теңсіздікті қысқартуға тиімді және айқын үлес қосады. Бұл, атап айтқанда, техникалық көмек, жергілікті әлеуетті ұлғайту, тәжірибе алмасу және білім мен тәжірибе беру.
ДРК географиялық басымдықтары өңірлік ахуал мен дамуға жәрдемдесу саласындағы әлемдік күн тәртібіне және елдің мүмкіндіктеріне сүйене отырып айқындалады. Жалғасып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемаларға, діни экстремизмге, этносаралық шиеленіске және ұйымдасқан қылмыстың өсуіне байланысты өңірдегі ағымдағы жағдайды назарға ала отырып, дамуға көмек көрсетудің географиялық басымдықтары ретінде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан басты назарда қала береді.
Бұл ретте, қазақстандық ДРК-ны дамыту саласында барынша синергетикалық әсерге қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының қызметі Оңтүстік Кавказға, Африкаға, Латын Америкасына, шағын аралдардағы дамушы мемлекеттерге, неғұрлым аз дамыған елдерге, теңізге шығатын жолы жоқ елдерге, сондай-ақ басқа өңірлерге де бағдарлануы мүмкін.
Аталған елдер үшін Заңда және одан туындайтын заңға тәуелді актілерде көзделгендей ДРК іс-шараларының жоспары әзірленетін болады.
13. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегінің тетіктері
Дамуға ресми көмектің нысандары мен жобалары
ДРК мына нысандарда жүзеге асырылады:
1) халықаралық гранттар;
2) экономиканың басым секторларында жаңа объектілерді құру (салу) не бар объектілерді реконструкциялау;
3) жеңілдетілген шарттардағы кредиттер;
4) ДРК-ге халықаралық ұйымдарға ерікті жарналар;
5) әріптес елдермен бірлескен қорлар құру;
6) техникалық көмек;
7) ДРК саласындағы халықаралық шарттар мен басқа да міндеттемелер шеңберінде Қазақстан Республикасы қабылдаған өзге де нысандар.
ДРК жобасы – әріптес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын жоғарылатуға жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар кешені.
Жобалар, семинарлар мен консультациялар өткізу, ноу-хау беру, экономиканың басым секторларындағы инфрақұрылымдық объектілердің жаңаларын салу немесе қолданыстағыларын реконструкциялау арқылы техникалық көмек түрінде іске асырылады.
ДРК саласында көрсетілетін көмектің ашықтығы пен есептілігі ЭЫДҰ стандарттарына және Заңға сәйкес жүзеге асырылатын болады. СІМ халықаралық даму мақсаттарына арналған мемлекеттік шығыстар бойынша жыл сайынғы егжей-тегжейлі есептерді СІМ және ЭЫДҰ ДЖК сайттарында жариялайтын болады. Есептілік пен ашықтық әріптес елдерден де күтіледі.
СІМ Қазақстан Республикасының Үкіметіне ДРК саласындағы жобалардың іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы негізде есеп беретін болады. "KazAID" агенттігі және желілік министрліктер СІМ-ге оның сұратуы бойынша есептер ұсынатын болады.
Қазақстан Республикасының ДРК басқа ведомстволардың, ҮЕҰ-дардың, бизнестің, ғылыми топтардың, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен жария талқылау үшін ашық болып табылады.
Дамуға көмек туралы барлық тиісті ақпарат ДРК мәселелеріне арналған арнайы веб-сайтта жарияланатын болады, оған ДРК саласындағы ұлттық оператор әкімшілік етеді.
Қоғамдық және саяси қолдау Қазақстан Республикасының ДРК тиімді қызметі мен осы саладағы сандық және сапалық өзгерістерге қол жеткізу үшін маңызды алғышарт болып табылады. Қаржыландыру көздері мен білімге қол жеткізуге қоғамдық қолдау да оң ықпал етуі мүмкін. ДРК туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыру маңызды міндет болып табылады, өйткені ол ниеттестік сезімін дамытады және ел ішінде тұтыну мен өндірістің орнықты модельдерін дамытуға, сондай-ақ жалпы жаһандық теңсіздікті қысқартуға және қоршаған ортаны қорғауды күшейтуге ықпал етеді.
СІМ мен ДРК саласындағы ұлттық оператор жұртшылықтың хабардар болуын арттыру жөніндегі іс-шараларды; тиісті құжаттар мен жарияланымдар шығаруды, веб-сайтты пайдалануды, журналистермен жұмысты және конференцияларды, семинарларды, көрмелерді және т.б. ұйымдастыруды жүзеге асыратын болады.
Әріптес елдерде Қазақстан Республикасының донор ретіндегі рөлі туралы хабардар болуды арттыру тағы бір маңызды фактор болып табылады. Бұл тұрғыдан Қазақстан Республикасының әріптес елдердегі шетелдік мекемелеріне ерекше рөл беріледі.
Қазақстан Республикасы ДРК-ге жұмсайтын қаражат көлемін тиімді пайдалану және осы құжатта негізделетін міндеттердің кең спектрін орындау үшін тиісті кадрлық қамтамасыз ету қажет.
ДРК саласындағы пилоттық жобаларды іске асыру шеңберінде Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA), БҰҰДБ-мен, АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігімен (USAID), Германия Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамдастығымен (GIZ) және басқа да халықаралық донор ұйымдармен ынтымақтастықта ДРК мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары өкілдерінің әлеуетін арттыруға бағытталған іс-шаралар сериясы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының әріптес елдердегі шетелдік мекемелері тиісті жобаларды айқындау және әзірлеу, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі маңызды міндеттерді орындайды. Осыған байланысты ДРК саласында Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін, оның ішінде тиісті жергілікті кадрларды жалдау жолымен ұдайы арттырып отыру қажет.