Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 16 маусымдағы
№ 415 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" және бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі
өз мемлекеттерінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанатынын растай отырып,
Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы заңының үстемдігін, егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтей отырып,
Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,
әскери саладағы сенімді нығайту, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты екіжақты әскери ынтымақтастықты орнату және дамыту үшін құқықтық негіз құру болып табылады.
2-бап
Ынтымақтастық бағыттары
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай бағыттарда жүзеге асырылады:
1) аспектілерін талқылау стратегиялық деңгейде жылына 1 рет өткізілетін екіжақты кездесулер барысында жүзеге асырылатын қорғаныс саясаты;
2) өзара оқу курстарындағы әскери ғылым, білім және медицина;
3) Тараптар қарулы күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі және техникалық жәрдем көрсету;
4) жауынгерлік даярлық;
5) әскери барлау;
6) Тараптар келіскен басқа да бағыттар.
Тараптар ынтымақтастықтың жекелеген бағыттарын іске асыру үшін жекелеген келісімдер жасасуы мүмкін.
3-бап
Ынтымақтастық нысандары
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) стратегиялық деңгейде жыл сайын және жедел деңгейде әрбір алты ай сайын екіжақты кездесулер өткізу;
2) бірлескен ғылыми-әскери зерттеулер жүргізу, жедел-әскери конференциялар мен семинарларға қатысу;
3) оқу орындарында әскери қызметшілерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру;
4) Тараптардың қарулы күштерін жарақтандыруда өзара көмек көрсету және қару-жарақты жаңғырту;
5) бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу және әскери оқу-жаттығуларға байқаушы ретінде қатысу;
6) нұсқаушылармен, оқыту әдістерімен және тәжірибе алмасу;
7) Тараптар келіскен басқа да нысандар.
4-бап
Уәкілетті органдар
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
1) Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
2) Ауғанстан тарапынан – Ауғанстан Ислам Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігі болып табылады.
Тараптар уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
5-бап
Қаржылық міндеттемелер және медициналық қамтамасыз ету
1. Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
2. Қажет болған жағдайда қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап делегациясының мүшелеріне өз мемлекетінің мекемелерінде жедел медициналық көмек көрсетеді.
3. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап мемлекетінің әскери қызметшілерін өз мемлекетінің әскери оқу орындарында және оқу-жаттығу орталықтарында оқытуды, олардың тұруын және медициналық қолдауды тегін қамтамасыз етеді.
6-бап
Ақпараттың құпиялылығы
1. Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осындай ақпаратты берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндеттенеді.
2. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі тоқтатылған немесе аяқталған жағдайда оны орындау барысында алынған ақпарат Тараптар уағдаласқан уақыт кезеңінде қорғалуға жатады.
7-бап
Басқа халықаралық шарттармен байланыс
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді.
8-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап
Даулар мен келіспеушіліктерді шешу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы алдымен жедел деңгейде, одан кейін стратегиялық деңгейде шешіледі.
Тараптар даулар мен келіспеушіліктерді шешуді үшінші тарапқа бермейді.
10-бап
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде-біреуі бастапқы немесе кез келген келесі кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы хабардар етпесе, осындай кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
3. Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде бұрын басталған жобалардың іске асырылуына әсер етпейді.
Шамси хижра бойынша 1400 жылғы "___" _______ баламалы 2021 жылғы "___" __________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, дари, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі үшін |