"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына, 169-бабының 1-тармағына, "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетінің бір бөлігін тікелей атаулы сату туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы № 801 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
2-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) 2022 жылғы маусымға дейін жекешелендіру объектісіне қатысты мәмілелер жасасуды шектеу (қайта сату, кепіл, басқаруға беру және басқалар) және (немесе) белгілі бір іс-әрекеттерге тыйым салу жөніндегі міндеттемелер белгіленсін.".
2. "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) акцияларының жалпы пакетінің 50 (елу) пайызын + 1 акциясын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, осы қаулының 2-тармағынан туындайтын шараларды қабылдасын;
2) қоғам акцияларының жалпы пакетінің 50 (елу) пайызын + 1 акциясын иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне беруді қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |