"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – қоғам) жалпы акциялары пакетінің 50 (елу) пайызы + 1 акциясы мөлшерінде қоғам акцияларының мемлекеттік пакетінің бір бөлігін "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне
(бұдан әрі – стратегиялық инвестор) тікелей атаулы сату жүзеге асырылсын.
2. Стратегиялық инвесторға:
1) 2018 жылдың соңына дейінгі мерзімде 5000000 (бес миллион) теңге мөлшерінде инвестициялар енгізу;
2) қызмет бейінін сақтау;
3) жұмыс орындарын сақтау;
4) штат санының кемінде үштен екісін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлермен қамтамасыз ету;
5) кредиторлық берешекті өтеу;
6) жалақы бойынша берешекті өтеу;
7) 2024 жылға дейін 5 жыл бойы жекешелендіру объектісіне қатысты мәмілелер жасасуды (қайта сату, кепілге қою, басқаруға беру және басқа) шектеу және (немесе) белгілі бір әрекеттерге тыйым салу жөніндегі міндеттемелер белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыны іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |