Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы
I бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының мәртебесі
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қамтамасыз етеді.
Конституциялық Сот өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес және мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан тәуелсіз болады, Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Конституциялық заңды басшылыққа алады, соттардың немесе басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін барлық жағдайларда өзге мәселелерді белгілеуден және зерттеуден тартынады, саяси және өзге де уәждерді негізге ала алмайды.
2-бап. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы заңнама
1. Конституциялық Соттың мәртебесі, құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда айқындалады.
2. Конституциялық Сот өз қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда реттелмеген мәселелер бойынша Конституциялық Соттың Регламентін және өзге де актілерді қабылдайды.
3-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құрамы және оны қалыптастыру тәртібі
1. Конституциялық Сот Төрағаны және оның орынбасарын қоса алғанда, он бір судьядан тұрады.
2. Конституциялық Соттың Төрағасын лауазымға Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
3. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
4. Конституциялық Соттың төрт судьясын лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды, Конституциялық Соттың үш судьясын Парламент палаталары төрағаларының ұсынуы бойынша тиісінше Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды.
2-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ
4-бап. Конституциялық Соттың Төрағасы, Төрағаның орынбасары және судьялары
1. Конституциялық Соттың Төрағасы, Төрағаның орынбасары және судьялары жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болып табылады, олардың мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленеді.
2. Конституциялық Сот судьясының мәртебесі депутаттық мандатпен, саяси партияға мүшелікпен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін өзге де лауазымдарды атқарумен сыйыспайды.
Егер Конституциялық Соттың судьясы лауазымға тағайындалған кезде саяси партияда тұрған жағдайда, ол тағайындалған күнінен бастап он күн ішінде оған мүшелігін тоқтатуға тиіс.
5-бап. Конституциялық Сот судьяларына қойылатын талаптар
Конституциялық Соттың құрамына кемінде қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкін.
6-бап. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі
1. Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьяларының өкілеттіктері алты жылға созылады. Бір адам қатарынан екі реттен артық Конституциялық Соттың судьясы болып тағайындала алмайды.
2. Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьясы өз өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен тағайындалады.
7-бап. Конституциялық Сот судьяларының анты
Конституциялық Соттың судьялары өздері тағайындалғаннан кейін мынадай мазмұнда ант береді: "Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы мiндетiн адал атқаруға, әдiл болуға және өз қызметімде басқа ешкiмге, еш нәрсеге емес, тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясына бағынуға салтанатты түрде ант етемiн.".
Конституциялық Сот судьяларының анты Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен қабылданады.
8-бап. Конституциялық Сот судьясының өкілеттіктерін тоқтата тұру
1. Конституциялық Сот судьясының өкілеттіктері, егер:
1) судья денсаулық жағдайы бойынша күнтізбелік алпыс күннен астам өз міндеттерін уақытша орындай алмайтын болса;
2) оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталса;
3) хабар-ошарсыз кетудің басталғаны туралы расталған деректер болса, тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Конституциялық Сот Төрағасының өкілеттігін тоқтата тұруды немесе қалпына келтіруді Қазақстан Республикасының Президенті, ал Конституциялық Сот судьяларыныкін Конституциялық Соттың Төрағасы жүзеге асырады. Өкілеттіктерді тоқтата тұру туралы шешім өкілеттіктерді тоқтата тұру үшін негіздер анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қабылданады.
3. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі оны тоқтата тұру негіздері жойылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
4. Өкілеттігі тоқтатыла тұрған Конституциялық Сот судьясының Конституциялық Соттың отырыстарына қатысуға құқығы жоқ.
Кворумды айқындау кезінде Конституциялық Сот өкілеттіктерін тоқтата тұрған судьялар есепке алынбайды.
5. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтата тұру оны осы Конституциялық заңда белгіленген кепілдіктерден айырмайды.
9-бап. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтату
1. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін оны тағайындаған Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі:
1) отставка туралы өтінішті қанағаттандырған;
2) қызметтен өз қалауы бойынша босату туралы өтініш берген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан немесе шет мемлекеттің азаматтығын, тұруға ықтиярхат не шет мемлекеттің аумағында тұрақты тұру құқығын растайтын өзге де құжат алған;
4) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
5) заңды күшіне енген сот шешімімен ол әрекет қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған;
6) заңды күшіне енген сот шешімімен ол хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп танылған;
7) ол қайтыс болған;
8) Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленген талаптарды бұза отырып тағайындалған;
9) Конституциялық Сот судьяларына белгіленген Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған;
10) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімі өткен;
11) судьяның Конституциялық Соттың отырыстарына дәлелді себептерсіз қатарынан кемінде үш рет қатыспаған жағдайларда тоқтатады.
2. Конституциялық Сот судьясының өкілеттіктерін тоқтатуды осы баптың 1-тармағының 1), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша Конституциялық Сот жүзеге асыруы мүмкін.
3. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын лауазымынан босату оның Конституциялық Соттың судьясы ретіндегі өкілеттігін тоқтатуға әкеп соқпайды.
3-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ
10-бап. Конституциялық Сот судьяларының тәуелсіздігі
1. Конституциялық Соттың судьялары өз міндеттерін орындау кезінде тәуелсіз болады және тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясына бағынады. Ешқандай өзге актілердің олар үшін көрінеу міндетті күші болмайды. Олардың қызметіне қандай да болсын араласуға, сондай-ақ оларға қандай да бір нысанда қысым жасауға немесе өзге де ықпал етуге жол берілмейді және бұл заң бойынша жауаптылыққа тартуға әкеп соғады.
2. Конституциялық Сот судьяларының конституциялық сот ісін жүргізу мәселелері жөніндегі қызметі есепті емес. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мәселелері бойынша олардан есеп талап етуге ешкімнің құқығы жоқ.
3. Конституциялық Соттың қарауындағы мәселелер бойынша ешкімнің де пікір айтуға немесе материалдардың мазмұнын жария етуге құқығы жоқ, ал Конституциялық Сот судьяларының, Конституциялық Сот отырысынан басқа кезде, пікір сұрауға немесе материалдардың мазмұнын жария етуге құқығы жоқ.
4. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі мерзім ішінде ауыстырылмайды. Осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың өкілеттіктерін тоқтатуға немесе тоқтата тұруға болмайды.
5. Конституциялық Соттың судьясы, егер оның объективтілігіне Конституциялық Сот қарайтын мәселеге жеке тікелей немесе жанама мүдделілігі салдарынан күмән тууы мүмкін болған жағдайда, Конституциялық Соттың қанағаттандыруына жататын өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті.
6. Конституциялық Сот судьясының, заңды өкілдіктен басқа, сотта немесе өзге де құқық қолдану органдарында қорғауды немесе өкілдікті жүзеге асыруға құқығы жоқ.
11-бап. Конституциялық Сот судьяларына ешкімнің тиіспеушілігі
1. Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, Конституциялық Соттың судьяларын өз өкілеттік мерзімі ішінде Парламенттің келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі сотқа дейінгі
тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін Конституциялық Соттың судьяларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін, ол Парламентке Конституциялық Сот судьяларын қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы ұсыныс енгізеді. Конституциялық Соттың судьялары қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не олар ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып, жалғастырылуы мүмкін. Істі тергеу барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.
3. Конституциялық Соттың судьялары тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды.
4. Егер Конституциялық заңға сәйкес оның өкілеттігі тоқтатыла тұрмаса, Конституциялық Соттың судьясын Конституциялық Соттың отырысына қатысудан шеттетуге ешкімнің де құқығы жоқ.
5. Конституциялық Соттың судьясын, оның ішінде оның өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін, егер соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен осы судьяның өз өкілеттіктерін қылмыстық теріс пайдаланғаны үшін кінәсі анықталмаса, істі Конституциялық Сотта қарау кезінде көрсеткен позициясы үшін қандай да бір жауаптылыққа тартуға болмайды.
12-бап. Конституциялық Сот судьялары құқықтарының теңдігі
Осы Конституциялық заңның 59-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Конституциялық Сот судьяларының Конституциялық Соттың іс жүргізуіндегі мәселелерді қарауда және олар бойынша шешімдер қабылдауда тең құқықтары бар.
13-бап. Конституциялық Сот судьяларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Конституциялық Соттың судьялары, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі мемлекеттің қорғауында болады.
Егер судьядан тиісті өтініш келіп түссе, ішкі істер органдары Конституциялық Соттың судьясы мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін, оларға тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін уақтылы және түпкілікті шаралар қолдануға міндетті.
Конституциялық Соттың судьясына және оның мүлкіне кәсіби қызметіне байланысты келтірілген зиян республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
14-бап. Конституциялық Соттың судьяларын материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету
1. Конституциялық Соттың Төрағасына, Төрағасының орынбасарына және судьяларына жалақы Республика Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртіппен белгіленеді.
2. Конституциялық Соттың Төрағасын тұрғын үймен, көлікпен және өзгедей қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және санаторий-курорттық емдеу Республика Премьер-Министрінің Бірінші орынбасарынан төмен емес, Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарына – Премьер-Министрдің орынбасарынан төмен емес, Конституциялық Соттың судьяларына – Қазақстан Республикасы министрінен төмен емес деңгейде жүзеге асырылады.
3. Конституциялық Соттың судьяларына сауықтыруға екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн жыл сайынғы демалыс беріледі.
4. Егер Конституциялық Соттың судьясы мен оның отбасы мүшелері басқа жерде тұратын болса алғаш рет қызметке тағайындалған Конституциялық Соттың судьялары мен олардың отбасы мүшелеріне қоныс аудару бойынша шығыстар өтеледі.
5. Конституциялық Соттың орналасқан жері бойынша тұрғын үй болмаған жағдайда Конституциялық Соттың судьяларын тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Конституциялық Соттың судьясына және оның отбасы мүшелеріне кезектен тыс, бірақ қызметке тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей, Конституциялық Соттың судьясын тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтар санатына жатқызуды болдырмайтын нормалар бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан жайлы тұрғын үй-жай беріледі. Конституциялық Соттың судьясы тұрғын үйі болмаған жағдайда тұрақты тұру үшін орналасқан қызметтік тұрғын үй-жайды оның қалауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жекешелендіруге болады.
6. Конституциялық Соттың судьялары мантиямен және төсбелгімен республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
7. Конституциялық Соттың судьялары және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
15-бап. Конституциялық Соттың судьясы мертіккен немесе қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақылар
1. Конституциялық Соттың судьясы қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған, кәсіптік ауруға шалдыққан) кезде оған осы бапта белгіленген мөлшерде біржолғы өтемақы төленеді.
2. Конституциялық Соттың судьясы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не Конституциялық Сот судьясының өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін бір жыл ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған мертігу (жарақат алу, жаралану, контузия алу, кәсіптік ауруға шалдығу) салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда мұрагерлерге Конституциялық Сот судьясының отыз айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
Бұл ретте Конституциялық Соттың судьясы, егер оның өкілеттігі өзіне қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты тоқтатылған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтемақы алу құқығынан айырылады.
3. Конституциялық Соттың судьясына қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертігу (жарақаттану, жаралану, контузия алу, кәсіптік ауруға шалдығу) салдарынан мүгедектік белгіленген кезде оған:
1) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға – жиырма айлық лауазымдық жалақы;
2) екінші топтағы мүгедектігі бар адамға – он бес айлық лауазымдық жалақы;
3) үшінші топтағы мүгедектігі бар адамға – бес айлық лауазымдық жалақы мөлшерлерінде біржолғы өтемақы төленеді.
4. Судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектікті белгілеуге әкеп соқпаған ауыр мертіккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсіптік ауруға шалдыққан) жағдайда оған бір жарым айлық лауазымдық айлықақы, жеңіл мертіккен жағдайда жарты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
5. Конституциялық Соттың қайтыс болған немесе қаза тапқан судьяларын және Конституциялық Соттың судьясы қызметінен зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерді жерлеу үшін Конституциялық Сот судьясының олар қайтыс болған кездегі үш айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
6. Біржолғы өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
7. Егер Конституциялық Сот судьясының қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес жағдайларда мертiккенi (жарақаттанғаны, жараланғаны, контузия алғаны, кәсiптік ауруға шалдыққаны) немесе қаза тапқаны (қайтыс болғаны) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.
16-бап. Конституциялық Сот судьясының отставкасы
1. Мінсіз беделі, Конституциялық Сотта екі конституциялық өкілеттік мерзімінен кем емес судьялық жұмыс өтілі бар судьяның Конституциялық Соттың судьясы атағын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, лауазымынан құрметпен кету нысанында Конституциялық Сот судьясының өкілеттіктерінің тоқтатылуы отставка болып табылады.
Конституциялық Соттың судьясын отставка нысанында қызметтен босату судьяның отставка туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады.
2. Басқа лауазымдарға тағайындауға байланысты өз өкілеттігін тоқтатқан Конституциялық Соттың судьялары осы бапта белгіленген талаптарға сай келген жағдайда отставкаға және осы бапта көзделген төлемдер мен кепілдіктерге құқығы бар.
3. Отставкадағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Конституциялық Соттың судьясына, отставканы тоқтата тұрған немесе тоқтатқан жағдайларды қоспағанда, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жүз жиырма еселенген мөлшерінде өмір бойғы салық салынбайтын ай сайынғы қамтылым төленеді. Зейнетақы төлемдері тағайындалған Конституциялық Соттың судьясы отставкаға шыққан кезден бастап өз қалауы бойынша өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды алуға құқылы. Бұл жағдайда оған зейнетақы төлемдерін есептеу тоқтатылады.
Конституциялық Соттың отставкадағы судьясына өмір бойғы ай сайынғы қамтылымын төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға байланысты лауазымды қоспағанда, Конституциялық Соттың отставкадағы судьясына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаражатынан ақы төленетін лауазымға орналасқан жағдайда, оған өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу тоқтатыла тұрады.
Республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін лауазымға орналасу тоқтатылған жағдайда, Конституциялық Соттың судьясына өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қайта басталады.
5. Конституциялық Сот судьясының отставкасы:
өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда;
өз қалауы бойынша;
Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
оның қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда тоқтатылады.
Судьяның отставкасын тоқтату үшін негіздер қаралғанға дейін Конституциялық Сот судьясының отставкасы тоқтатыла тұрады.
Конституциялық Сот судьясының отсавкасын тоқтата тұруды Конституциялық Сот жүзеге асырады.
Егер Конституциялық Сот судьясының отсавкасын тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға негіз болған мән-жайлар жойылса, Конституциялық Сот судьясының отставкасы қайта басталады.
6. Отставка тоқтатылған жағдайда Конституциялық Соттың судьясы жеке басына тиіспеушілік кепілдігінен және осы Конституциялық заңның 14-бабының 5 және 7-тармақтарында көзделген кепілдіктерден айырылады.
Конституциялық Сот судьясының отставкасы тоқтатыла тұрған жағдайда жеке басына тиіспеушілік кепілдігінің және осы Конституциялық заңның 14-бабының 5 және 7-тармақтарында көзделген кепілдіктердің қолданылуы да тоқтатыла тұрады.
Отставканы тоқтатуды Конституциялық Сот жүзеге асырады.
17-бап. Конституциялық Соттың судьяларын зейнетақымен қамсыздандыру
Конституциялық Соттың судьяларын зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
4-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
18-бап. Конституциялық Соттың қызметін қаржыландыру
Конституциялық Соттың және оның аппаратының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді толық және тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
19-бап. Конституциялық Соттың Аппараты
Конституциялық Соттың Аппараты ақпараттық-анықтамалық,
ғылыми-консультативтік және басқа да жұмысты орындайтын мемлекеттік орган болып табылады.
Конституциялық Соттың Аппараты ұйымдық-құқықтық нысаны мемлекеттік мекеме болып табылатын заңды тұлға болып табылады.
Конституциялық Сот Аппаратының қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасында, Конституциялық Соттың Регламентiнде және Конституциялық Соттың Аппараты туралы ережеде реттеледi.
Конституциялық Сот Аппаратының қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады және жалақы мөлшері, материалдық, қаржылық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етудің өзге жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тиісті қызметкерлеріне теңестіріледі.
Конституциялық Сот Аппараты қызметкерлерінің құқықтық жағдайы және олардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында реттеледі.
20-бап. Конституциялық іс жүргізу жөніндегі консультанттар
1. Конституциялық іс жүргізу жөніндегі консультант Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініштерді тиісінше қарауға ықпал ететін мемлекеттік қызметші болып табылады.
2. Конституциялық іс жүргізу жөніндегі консультант:
1) Конституциялық Соттың судьясымен-баяндамашымен өзара
іс-қимыл жасай отырып, Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындау жөнінде шаралар қолданады;
2) сарапшыларды (мамандарды) тарту, мүдделі тұлғалардан сауал алу және өтініш бойынша өзге де әрекеттерді жүргізу туралы процестік құжаттардың жобаларын дайындайды;
3) баяндама дайындай отырып, конституциялық іс жүргізу материалдарын қорытады;
4) Конституциялық Соттың Төрағасы айқындайтын өзге де міндеттерді орындайды.
21-бап. Конституциялық Сот жанындағы ғылыми-консультациялық кеңес
1. Конституциялық Соттың жанынан консультациялық-кеңесші орган болып табылатын ғылыми-консультациялық кеңес құрылуы мүмкін.
2. Ғылыми-консультациялық кеңестің құрамы, міндеттері мен қызмет тәртібі Конституциялық Сот бекітетін ережеде айқындалады.
22-бап. Конституциялық Соттың халықаралық ынтымақтастығы
Конституциялық Сот заңдарда белгіленген тәртіппен халықаралық және өңірлік құқық қорғау ұйымдарымен, сондай-ақ шет елдердің конституциялық бақылау органдарымен ынтымақтасады, олар құратын қауымдастықтардың және өзге де бірлестіктердің мүшесі бола алады. Өзара іс-қимылдың мәні мен тетігін айқындау үшін ынтымақтастық туралы келісімдер (меморандумдар) жасалуы мүмкін.
23-бап. Конституциялық Сот судьяларының куәліктері, төсбелгісі мен мантиясы, сондай-ақ Конституциялық Соттың ресми басылымы және өзге де ресурстары
1. Конституциялық Соттың Төрағасына, оның орынбасарына және Конституциялық Соттың судьяларына Қазақстан Республикасының Президенті қол қоятын белгіленген үлгідегі куәліктер, сондай-ақ төсбелгі мен мантия беріледі.
2. Төсбелгі мен мантия туралы ережені, олардың үлгілері мен сипаттамасын Конституциялық Сот бекітеді.
3. "Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жаршысы" Конституциялық Соттың ресми басылымы болып табылады.
4. Конституциялық Сот кітапхана, интернет-ресурс, рәміздер және өзге де айырым белгілер құруға құқылы.
5-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҰЙЫМДЫҚ НЫСАНДАРЫ
24-бап. Конституциялық Соттың құзыреті
1. Конституциялық Сот дау туған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес:
1) Қазақстан Республикасы Президентiн сайлауының;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын сайлауының;
3) республикалық референдумның дұрыс өткiзiлгендігi туралы мәселенi шешедi.
2. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 3) тармақшаларына сәйкес:
1) Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін Парламент қабылдаған заңдарды;
2) Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулыларды;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары ратификацияланғанға дейін олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды.
3. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4), 5) тармақшаларына сәйкес:
1) Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына ресми түсiндiрме;
2) Парламент тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiн мерзiмiнен бұрын лауазымынан босату туралы шешiм, Қазақстан Республикасы Президентiн қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн – белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.
4. Конституциялық Сот:
1) Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Қазақстан Республикасы Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабында көзделген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағына сәйкес қарайды;
2) Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Парламентке Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жiбередi;
3) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды;
4) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес Бас Прокурордың және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініштерін қарайды.
5. Конституциялық Сот тек қана құқық мәселелерін шешеді және өтініш жасауға себеп болған нақты мән-жайларға баға бермейді.
25-бап. Конституциялық Соттың өзге де өкiлеттiктерi
Конституциялық Сот:
1) Конституциялық Соттың Регламентін бекітеді;
2) өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдардан, ұйымдардан құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ белгіленген тәртіппен мамандарды сараптамалық және ғылыми-консультациялық жұмысқа тартуға құқылы. Егер Конституциялық Сот өзге мерзімді көрсетпесе, мұндай сұрау салулар бойынша қажетті құжаттар мен өзге де ақпарат он бес жұмыс күні ішінде берілуге тиіс;
3) Конституциялық Сот судьяларының төсбелгісі мен мантиясының үлгісін бекітеді;
4) осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
26-бап. Конституциялық Соттың отырыстары
1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты өз өкілеттіктеріне кіретін мәселелерді Конституциялық Соттың отырыстарында қарайды және шешеді.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Конституциялық Соттың отырысы, егер оған Конституциялық Сот судьяларының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болады.
3. Азаматтардың өтініштерін отырыста қарауды Конституциялық Сот қалыптастыратын судьялар құрамы жүзеге асыруы мүмкін. Егер судьялар құрамының азаматтардың өтініштері бойынша шешімі бұрын қабылданған шешімдердегі құқықтық позициялардың алшақтығына әкеп соғуы мүмкін болса, сондай-ақ маңызды мәні бар тұжырымдық мәселелерді қозғаса, азаматтардың өтініштерін қарауды Конституциялық Сот толық құрамда жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3, 4 және
5-тармақтарында аталған субъектілердің өтініштерін іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені отырыста қарауды Конституциялық Сот Төрағасының, оның орынбасарының не Конституциялық Сот Төрағасының тапсырмасы бойынша судьялардың бірінің төрағалық етуімен Конституциялық Соттың үш судьясы жүзеге асыруы мүмкін.
5. Конституциялық Соттың отырыстарын қажеттілігіне қарай Конституциялық Соттың Төрағасы шақырады.
27-бап. Конституциялық Соттың кеңестері
Конституциялық Соттың кеңестері конституциялық іс жүргізуді жүзеге асыруға тікелей байланысты емес және Конституциялық Соттың отырыстарында шешілетін мәселелерге жатпайтын мәселелер бойынша өткізілуі мүмкін.
28-бап. Конституциялық Сот Төрағасының өкiлеттiктері
1. Конституциялық Соттың Төрағасы:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың органдарымен қатынастарда Конституциялық Сот атынан өкілдік етеді;
2) Конституциялық Сот iс жүргiзуге қабылдаған мәселелердi қарауға дайындықты басқарады;
3) Конституциялық Соттың отырыстары мен кеңестерін шақырады, оларға төрағалық етеді, олардың қарауына мәселелер енгізеді;
4) Конституциялық Сот судьяларының жұмысын ұйымдастырады;
5) отырыстар өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды;
6) Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын жария етеді;
7) шешімдерге, сондай-ақ өзі төрағалық еткен Конституциялық Сот отырыстарының хаттамаларына қол қояды;
8) Конституциялық Соттың бекітуіне оның Регламентін, Конституциялық Сот жанындағы ғылыми-консультациялық кеңес туралы ережені, ғылыми-консультациялық кеңес хатшысы мен мүшелерінің кандидатураларын ұсынады;
9) Конституциялық Соттың Аппараты туралы ережені, бөлінген бюджеттік қаражат шегінде – Конституциялық Сот Аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді;
10) Конституциялық Сот Аппаратының басшысын және оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
11) осы Конституциялық заңға және Конституциялық Соттың Регламентіне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Конституциялық Соттың Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша бұйрықтар мен өкімдер шығарады.
3. Конституциялық Соттың Төрағасы уақытша болмаған жағдайларда оның міндеттерін Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары, ал Төрағаның орынбасары уақытша болмаған жағдайда Конституциялық Сот Төрағасының бұйрығымен айқындалатын Конституциялық Сот судьяларының бірі атқарады.
29-бап. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары
Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Конституциялық Соттың Төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттерін атқарады, Конституциялық Соттың отырыстарын ұйымдастыру, оларды хаттамалау жөніндегі жұмысты үйлестіреді, сондай-ақ Конституциялық Соттың Төрағасы өзіне жүктеген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
II бөлім. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУ
6-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІҢ ЖАЛПЫ ШАРТТАРЫ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ
30-бап. Конституциялық іс жүргізу және оны жүзеге асыру форматы
1. Конституциялық Соттың құзыретіне жататын мәселелерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Конституциялық Соттың Регламентінде белгіленген конституциялық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Конституциялық іс жүргізу қағаз және (немесе) электрондық форматта жүргізіледі.
31-бап. Конституциялық іс жүргізудің электрондық форматының ерекшеліктері
1. Конституциялық іс жүргізу толығымен немесе ішінара электрондық форматта жүзеге асырылуы мүмкін, бұл туралы қаулы шығарылады. Мұндай форматта Конституциялық Соттың актілері мен оның лауазымды адамдарының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және өтінішті қарау кезінде тартылатын адамдардың әрекеттері электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделуі мүмкін.
2. Конституциялық іс жүргізу электрондық форматта жүргізілген кезде оның материалдары электрондық іске қалыптастырылады.
3. Конституциялық Соттың бастамасы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, өтінішті қарау кезінде тартылатын адамдар, олардың өкілдері және өзге де адамдар Конституциялық Соттың отырысына техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы қатыса алады.
4. Конституциялық іс жүргізу барысында техникалық құралдар мен ақпараттық сервистерді қолдану тәртібі осы Конституциялық заңның, Конституциялық Сот Регламентінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып айқындалады.
32-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігі
Конституциялық іс жүргізу Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдік қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
33-бап. Өтініштің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу
Конституциялық Сот өтініштің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қолдануға міндетті.
Өтініштерді Конституциялық Сотта қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау алқалы түрде жүргізіледі.
Өтініштерді Конституциялық Сотта қарау ашық болып табылады. Жабық отырысқа Конституциялық Соттың ұйғарымы бойынша мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүддесінде жол беріледі.
36-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың тең құқықтылығы
Конституциялық іс жүргізу өз позициясын қорғау бойынша тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие тараптардың тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады.
37-бап. Конституциялық iс жүргiзу тiлi
1. Конституциялық іс жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
2. Конституциялық iс жүргiзу тiлiн меңгермеген конституциялық iс жүргiзуге қатысатын адамдарды Конституциялық Сот олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аудармамен қамтамасыз етедi.
3. Конституциялық іс жүргізу тілін білмейтін отырысқа қатысушылар ана тілінде немесе өздері білетін тілде түсініктемелер бере алады және аудармашының қызметтерін пайдалана алады.
38-бап. Конституциялық іс жүргізуді тоқтата тұру
1. Конституциялық іс жүргізу өтініш бойынша одан әрі іс жүргізуге уақытша кедергі келтіретін еңсерілмейтін күштің әрекетіне байланысты және өзге де жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін. Бұл ретте өтінішті қарау мерзімі де тоқтатыла тұрады.
2. Іс бойынша іс жүргізу оны тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылған кезде қайта басталады.
39-бап. Конституциялық іс жүргізуді тоқтату
1. Конституциялық iс жүргiзу кез келген сатыда, бірақ Конституциялық Соттың құрамы қорытынды шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін:
1) субъект өзi мәлiмдеген өтiнiштен бас тартқанда;
2) кері күші негізінде тиісті құқықтық қатынастарға қолданылуын жалғастыратын жағдайларды қоспағанда, конституциялылығы талас тудыратын актiлер күшiн жойғанда немесе заңдық күшi жойылғанда;
3) мәлiмделген өтiнiш Конституциялық Соттың ведомстволық қарауына жатпағанда;
4) Конституциялық Соттың қорытынды шешімі ұқсас мәселе қойылған басқа өтініш бойынша қабылданған жағдайда, тоқтатылуға тиiс.
2. Конституциялық Соттың мәлiмделген өтiнiш бойынша конституциялық iс жүргiзудi тоқтату туралы шешiмi өтiнiш субъектiсiн Конституциялық Сотқа осы негiздер бойынша қайтадан өтiнiш беру мүмкiндiгiнен айырады.
40-бап. Конституциялық Сот отырысының хаттамасын жасау
1. Конституциялық Сот отырысының хаттамасы жасалады және қажеттілігіне қарай стенограмма жазылады.
2. Конституциялық Сот отырысының хаттамасы конституциялық іс жүргізу тілінде жазылады.
3. Конституциялық Сот отырысының хаттамасын жүргізу тәртібі, оның мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ Конституциялық Сот отырыстары хаттамасының өзге де мәселелері Конституциялық Соттың Регламентінде айқындалады.
Азаматтардың өтініштері Конституциялық Сотқа жіберілген кезде мемлекеттік бажды төлеу тәртібі мен мөлшері, сондай-ақ оны төлеуден босатудың негіздері "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
Мемлекеттік бажды бюджетке төлеу төлем құжаттарымен немесе кассалық құжаттармен, ал төлемдер банкоматтар, электрондық терминалдар, қашықтықтан байланыс арналары және "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы төленген кезде қағаз жеткізгіштердегі немесе электрондық түрдегі чектермен және түбіртектермен расталуға тиіс.
7-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУГЕ ҚАТЫСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР, ЛАУАЗЫМДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ АДАМДАР
42-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және өтінішті қарау кезінде тартылатын өзге де адамдар мен органдар
1. Мынадай тараптар: өтініштері бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған адамдар мен органдар, актілерінің конституциялылығы тексерілетін мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар конституциялық іс жүргізуге қатысушылар деп танылады.
2. Өтінішті қарау кезінде тартылатын адамдар мен органдар ретінде:
1) мемлекеттік органдар мен ұйымдар;
2) сарапшы және пікірлері өтінішті жан-жақты, толық және объективті қарауға ықпал ететін өзге де адамдар;
3) аудармашы танылады.
3. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған өзге де адамдар мен органдар конституциялық іс жүргізуге қатысу үшін өз өкілдерін белгілей алады, олардың өкілеттіктері белгіленген тәртіппен берілген сенімхатта немесе өзге де құжатта ресімделеді. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың өкілдері заңға сай конституциялық іс жүргізуге өкілеттіктерін ресімдемей қатысуға құқылы.
4. Азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңды өкілдер, адвокаттар, палата мүшелері болып табылатын заң консультанттары, сондай-ақ заңда, жарғыда немесе ережеде осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген уәкілетті ұйымдар ғана өкіл бола алады.
5. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар өтініш субъектісінің өтініші бойынша адвокаттың немесе заң консультантының қатысуын Конституциялық Сот тиісті қаулыны адвокаттардың немесе заң консультанттарының кәсіби ұйымына жіберу арқылы қамтамасыз етеді. Адвокаттың немесе заң консультантының еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
6. Өкілдердің саны екі адамнан аспауға тиіс.
7. Мемлекеттік органдар, ұйымдар өтініш жіберген азаматтың, оның заңды өкілінің, аудармашының, сарапшының Конституциялық Соттың талап етуі бойынша оның отырысына қатысуға жұмсалған барлық уақыт ішіндегі орташа жалақысын сақтауға міндетті.
43-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және өтінішті қарау кезінде тартылатын өзге де адамдар мен органдардың құқықтары мен міндеттері
1. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар өкілеттіктері шегінде тең процестік құқықтарды пайдаланады.
2. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың, олардың өкілдерінің:
1) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, іс жүргізу материалдарымен танысуға, олардан үзінділер алуға және көшірмелерін түсіруге;
2) дәлелдемелерді ұсынуға, оларды зерттеуге қатысуға және өздерінің өтініштері мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге;
3) Конституциялық Сотқа конституциялық іс жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдері мен ойларын айтуға;
4) өтінішхат мәлімдеуге және мәлімделген өтінішхаттар бойынша өз пікірін айтуға;
5) Конституциялық Сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге құқығы бар.
3. Конституциялық іс жүргізуге қатысушы:
1) өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған Конституциялық Соттың құрамы қорытынды шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін өтініштің негізін өзгертуге, оның көлемін ұлғайтуға немесе азайтуға, өтініштен бас тартуға құқылы;
2) актілер бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған қатысушының өтініште мәлімделген талаптарды толық немесе ішінара мойындауға не оларға қарсылық білдіруге құқылы.
4. Өтінішті қарау кезінде тартылатын адамдар мен органдар:
1) Конституциялық Соттың рұқсатымен және ол белгілеген көлемде іс жүргізу материалдарымен танысуға;
2) Конституциялық Сотқа өтініш мәні бойынша өз дәлелдері мен ойларын айтуға құқылы.
5. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және өтінішті қарау кезінде тартылатын өзге де адамдар мен органдар, олардың өкілдері:
1) өз құқықтарын адал пайдалануға міндетті. Олардың Конституциялық Сотқа көрінеу жалған мәліметтер хабарлауы немесе Конституциялық Сот талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты ұсынбауы Конституциялық Сотты құрметтемеушілік ретінде бағаланады және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституциялық Сотқа, оның талаптарына және Конституциялық Сотта қабылданған рәсімдерге құрметпен қарауға;
3) төрағалық етушінің отырыс тәртібін сақтау туралы өкімдеріне бағынуға;
4) өтініштің мән-жайлары туралы мәліметтерді немесе Конституциялық Соттың жабық отырыстарына қатысуына байланысты өздеріне белгілі болған өзге де деректерді жария етпеуге міндетті.
6. Сарапшы (маман):
1) сараптама (зерттеу) нысанасына жататын материалдармен танысуға;
2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды ұсыну туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
3) егер Конституциялық Сот судьясының ұйғарымында көрсетілсе, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқылы.
7. Сарапшы (маман):
1) алдына қойылған мәселелер бойынша объективті және негізделген қорытынды беруге;
2) қажет болған жағдайда өзі дайындаған қорытындының мазмұнын түсіндіруге және Конституциялық Соттың отырысына қатысуға міндетті.
8. Аудармашы:
1) аударманы жүзеге асыру кезінде қатысып отырған адамдарға аударманың толықтығы мен дұрыстығы үшін нақтылайтын сұрақтар қоюға;
2) орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқылы.
9. Аудармашы:
1) өзіне тапсырылған аударманы дәлме-дәл және толық орындауға;
2) конституциялық іс жүргізу құжаттарында аударманың дұрыстығын өз қолтаңбасымен куәландыруға міндетті.
8-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА ЖҮГІНУ
44-бап. Конституциялық Сотқа келіп түсетін өтініштердің түрлері
Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1, 3, 4 және 5-тармақтарында аталған адамдардың өтініштері, соттардың ұсыныстары Конституциялық Сотта істерді қарау үшін негіз болып табылады.
45-бап. Конституциялық Сотқа жүгінудің нысаны мен мазмұны
1. Конституциялық Сотқа өтініштер жазбаша және (немесе) электрондық нысанда беріледі.
2. Өтiнiште:
1) Конституциялық Соттың атауы;
2) өтiнiш субъектісінің атауы, орналасқан жерi, мекенжайы және өзге де қажеттi деректер;
3) өтiнiш субъектісі өкiлiнiң атауы, мекенжайы және қызметi немесе заң бойынша өкiлдiктен басқа, оның өкiлеттiгi туралы өзге де деректер;
4) егер өтініште Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы мәселе қойылса, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заң жобасы;
5) егер өтініште Қазақстан Республикасы Президенті, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы мәселе қойылған жағдайда, оларды өткізуге байланысты актілерге қол қойған немесе оларды шығарған мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың атауы, орналасқан жері және мекенжайы;
6) егер өтініште Парламент қабылдаған заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда, заңдардың атауы, қабылданған күні;
7) егер өтініште Парламент және оның Палаталары қаулыларының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда, Парламент және оның Палаталары қаулыларының атауы, қабылданған күні;
8) егер өтініште Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының атауы, оларға қол қойылған күн мен орын, оларға Қазақстан Республикасының немесе оның мемлекеттік органдарының атынан қол қойған лауазымды адамдар;
9) өтініште ресми түсіндірме беру туралы мәселе қойылып отырған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары;
10) егер өтініште күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы мәселе қойылған жағдайда заңның немесе өзге де құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жариялау көздері және өзге де деректемелері;
11) егер соттың ұйғарымында актіні конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылған жағдайда, оны шығарған мемлекеттік органның, лауазымды адамның атауы, орналасқан жері және мекенжайы, егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясы бекіткен құқығы мен бостандығына қысым жасайды деп тапса, актіге қол қойған немесе заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жариялау көздері және өзге де деректемелері;
12) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент құратын комиссияның атауы, құрамы және оның қорытындысы; Қазақстан Республикасы Президентін мерзімінен бұрын қызметінен босату туралы мәселені Парламенттің қарауына байланысты актілердің атауы, қабылданған күні және мазмұны;
13) Қазақстан Республикасы Президентін қызметінен кетіру туралы мәселеге бастамашылық жасаған депутаттардың саны туралы мәліметтер; Парламент Палаталарында дауыс беру нәтижелері туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасы Президентіне қарсы тағылған айыпты тергеп-тексеру нәтижелері туралы мәліметтер; тағылған айыптың негізділігі туралы Жоғарғы Соттың қорытындысы туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасы Президентін қызметінен кетіру туралы мәселені Парламенттің қарауына байланысты актілердің атауы, қабылданған күні және мазмұны;
14) өтініштің мәні, өтініш беруші тұлғаның позициясы және оның құқықтық негіздемесі;
15) өтініш жасауға негіз болатын және оның негізділігін растайтын өзге де фактілер, мән-жайлар бар болса, дәлелдемелер;
16) Қазақстан Республикасы Конституциясының және осы Конституциялық заңның Конституциялық Сотқа жүгінуге құқық беретін нормалары;
17) қоса берілген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Өтінішке тиісті субъект қол қоюға тиіс. Электрондық құжат нысанында ресімделген өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.
4. Өтінішке:
1) тексерілуге жататын актілер мәтіндерінің көшірмелері;
2) өкілдік лауазым бойынша немесе заң бойынша жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, өкілдің өкілеттігі туралы құжаттар;
3) іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы сот шешімінің көшірмесі;
4) нақты істе заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын растайтын сот шешімдері;
5) егер өтінішті азаматтың атынан уәкілетті тұлғалар берсе, оның жазбаша келісімі;
6) адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы азаматтардың өтініштері жіберілген кезде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат немесе одан босатылғанын растайтын құжат;
7) Конституциялық Сотқа жүгінуші тұлғаның позициясын растайтын өзге де материалдар қоса беріледі.
5. Конституциялық іс жүргізу тілдерінде жазылмаған құжаттарға олардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы қоса берілуге тиіс.
46-бап. Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына азаматтардың өтініштері
1. Конституциялық Сот азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.
2. Азаматтың өтінішіне, егер:
1) сот дау айтылып отырған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні қолданса не адамның қатысуымен нақты істе құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғаса және іс бойынша заңды күшіне енген сот актісі шығарса;
2) өтініш осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген сот актісі қабылданғаннан кейін бір жылдан кешіктірілмейтін мерзімде берілсе, жол беріледі.
3. Конституциялық Сот, егер дау айтылып отырған нормативтік құқықтық актіге Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында берілген ресми түсіндірме беру нормативтік құқықтық актіні өзгеше қолдану болжанбайтынын және бұл құралдар азаматтың құқықтарын бұзуды болғызбайтынын куәландырса, азаматтың өтінішін сот актісіне апелляциялық шағым жасалмай өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқылы.
4. Егер адамның сотқа жүгінуі заңның тиісті ережелерінің императивтілігіне байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғайтын заңды өзге де қолдануға әкеп соқпаса, азаматтың өтінішіне жол беріледі. Бұл ретте қолданылуға жататын заң нақты жағдайда адамның құқықтары мен міндеттерін іске асырумен тікелей байланысты екендігі туралы дәлелдемелер ұсынылуы тиіс.
47-бап. Конституциялық Сотқа жүгінудің салдары
Конституциялық Сотқа:
1) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі, Парламенттің сайланған депутаттарын тіркеу не республикалық референдумның қорытындыларын шығару тоқтатыла тұрады;
2) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша жүгінген жағдайда тиісті актілерге қол қою не оларды ратификациялау мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады;
3) Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабында көрсетілген мәселелер бойынша жүгінген жағдайда сотта іс бойынша іс жүргізу толық немесе тиісті бөлігінде тоқтатыла тұрады.
9-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАУЫ
48-бап. Конституциялық Сот Аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы
1. Берілген өтініш Конституциялық Сот Аппаратында тіркеледі.
2. Конституциялық Соттың Аппараты өтініштің Конституцияның және осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмейтіні туралы хабарлама жібереді және егер:
1) өтініштің мәні Конституциялық Соттың құзыретіне анық кірмейтін болса;
2) өтініш нысаны мен мазмұны бойынша осы Конституциялық заңда белгіленген талаптарға анық сәйкес келмесе;
3) өтініш анық тиісті емес субъектіден туындаса;
4) мемлекеттік баж төлеуден босатылу құқығын растайтын құжаттарын табыс етуді қоспағанда, ол төленбеген болса;
5) адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға азаматтардың өтініштерін беру талаптары анық сақталмаған болса, оны өтініш жасаған адамға қайтарады.
3. Өтініш жіберген адам Конституциялық Соттың осы мәселе бойынша шешім қабылдауын талап етуге құқылы.
4. Осы баптың 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген кемшіліктер жойылғаннан кейін азамат Конституциялық Сотқа қайтадан өтініш жіберуге құқылы. Бұл ретте Конституциялық Сот Аппаратының хабарламасын алғаннан кейін бір ай ішінде Конституциялық Сотқа түзетілген өтініш берілген жағдайда, өтініш осы Конституциялық заңның 46-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзімді есептеу мақсаты үшін бастапқы өтініш берілген күні берілген болып есептеледі.
49-бап. Өтiнiштi конституциялық iс жүргiзуге қабылдау немесе оны қабылдаудан бас тарту
1. Конституциялық Соттың Төрағасы тіркелген өтінішті алдын ала зерделеу үшін бір немесе бірнеше судьяға береді, оның нәтижелері Конституциялық Соттың отырысында баяндалады.
Конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау туралы мәселе жөніндегі шешім Конституциялық Соттың отырысында қабылданады.
2. Өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданған жағдайда, Құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге не олардың жекелеген ережелерінің конституциялылығын тексеру жөнінде басталған іс жүргізу туралы тиісті белгі жасалады.
3. Егер:
1) өтініш осы Конституциялық заңда белгіленген өтініш нысаны мен мазмұнына, оларға жол беру шарттарына сәйкес келмесе немесе тиісті субъектіден туындамаса;
2) өтініштің мәні Конституциялық Соттың құзыретіне кірмесе;
3) өтініште көрсетілген мәселенің конституциялылығын Конституциялық Сот тексеріп үлгерген және кейіннен Конституцияның немесе шешім қабылдауға негіз болған өзге де құқықтық актілердің нормалары өзгертілмеген жағдайда, Конституциялық Соттың заңды күшін сақтайтын шешімі бар болса;
4) өтініште көрсетілген мәселе Қазақстан Республикасының Конституциясында шешілмесе;
5) кері күші негізінде қолданылуын жалғастыратын жағдайларды қоспағанда, конституциялылығына дау айтылып жатқан актілерінің күші жойылса, өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылады.
4. Конституциялық Сот қабылдаған шешім туралы конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға бес жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарланады.
5. Конституциялық Сот өтінішті іс жүргізуге қабылдағаны туралы өтініш бойынша нормативтік құқықтық актінің қолданысы немесе орындалуы адамның құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мүмкін емес болса немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін болса, Конституциялық Сот қорытынды шешім қабылдағанға дейін тексерілетін нормативтік құқықтық актінің қолданысын, оның негізінде қабылданған құқықтық актінің орындалуын тоқтата тұру туралы мәселені қарауға тиіс уәкілетті органдар мен тұлғаларды хабардар етеді.
50-бап. Іс жүргізуге қабылданған өтінішті Конституциялық Соттың отырысында қарау үшін материалдар дайындау тәртібі
1. Конституциялық Соттың Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды жүзеге асыратын Конституциялық Соттың судьясын айқындайды. Келіп түскен өтініштің ерекше маңыздылығына немесе шұғылдығына байланысты материалдарды дайындау Конституциялық Соттың бірнеше судьясына тапсырылуы мүмкін.
2. Өзара байланысты бірнеше өтініш келіп түскен кезде Конституциялық Сот оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктіру туралы шешім қабылдауға құқылы.
3. Іс жүргізуге қабылданған өтініш бойынша Конституциялық Соттың судьясы Конституциялық Сот отырысының қарауына Төраға белгілеген мерзімде материалдар дайындайды, осыған орай ол:
1) конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өтінішті қарау үшін тартылатын өзге де адамдар мен органдарды айқындайды, оларға осы Конституциялық заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) өтініш нысанына қатысты қажетті құжаттар мен өзге де ақпаратты талап етеді;
3) қажет болған жағдайда тиісті лауазымды адамдарға сауал қояды, ғалымдарды, мамандарды, сарапшыларды, аудармашыларды тартады және тексерулер, зерттеулер, сараптамалар жүргізуді тапсырады, бұл туралы ұйғарым шығарады;
4) отырыс басталардан кемінде он күннен кешіктірмей Конституциялық Соттың судьяларын өтініш материалдарымен қамтамасыз етеді;
5) Конституциялық Сот шешімінің жобасын дайындайды;
6) өтінішті тиісінше қарауды қамтамасыз ету жөнінде өзге де әрекеттерді жүргізеді.
4. Келіп түскен өтініштің ерекше маңыздылығына және шұғылдығына байланысты Конституциялық Сот оны жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды Конституциялық Соттың Регламентінде айқындалған тәртіппен Конституциялық Соттың баяндамашы судьясы жүзеге асырады.
5. Дайындық жұмысы аяқталғаннан кейін Конституциялық Соттың Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Сот отырысының күнін белгілейді, онда өтініште қойылған мәселелер мәні бойынша қаралатын болады.
6. Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өзге де адамдарды шақырмай-ақ қарауға және тыңдаулар өткізуге құқылы.
51-бап. Тексеру өлшемшарттары мен шектері
Конституциялық Сот тексерілетін нормативтік құқықтық және өзге де актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін:
1) нормалардың мазмұны бойынша;
2) құқықтық актінің нысаны бойынша;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген қол қою, жасасу, қабылдау, жариялау немесе қолданысқа енгізу тәртібі бойынша;
4) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу тұрғысынан;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген мемлекеттік билік органдары арасындағы құзыреттің аражігін ажырату тұрғысынан;
6) уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар берген ресми түсіндірмені, сондай-ақ қалыптасқан құқық қолдану практикасын назарға ала отырып белгілейді.
2. Конституциялық Сот нормативтік құқықтық және өзге де актілердің конституциялылығын тек өтініште көрсетілген бөлігінде тексереді.
52-бап. Конституциялық Соттың iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарау жөнiндегi отырысын өткiзу тәртiбi
1. Конституциялық Сот өтініштерді өзінің отырысында қарайды.
2. Белгiленген уақытта төрағалық етуші:
1) отырысты жүргiзу үшiн Конституциялық Сот судьялары санының жеткiлiктiлiгiне және хаттама жасаудың қамтамасыз етiлгендiгiне көз жеткiзедi;
2) Конституциялық Соттың отырысын ашық деп жариялайды;
3) қаралуға жататын мәселелердi оқып шығады;
4) мәселенің мәнін баяндау, отырысқа шақырылған қатысушылардың бар екендiгi туралы және қатыспағандардың келмей қалу себептерi туралы хабарлау үшiн баяндамашы Конституциялық Соттың судьясына сөз бередi;
5) отырысқа қатысушылардан оларда өтінішхаттардың бар-жоғы туралы сұрайды, оларды Конституциялық Соттың шешуiне қояды;
6) қаралуға жататын мәселелердi қараудың басталуы туралы жариялайды.
3. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және басқа да шақырылған адамдардың түсініктемелері мен сөйлеген сөздері тыңдалуы мүмкін.
4. Отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздері аяқталғаннан кейін өтінішхат келіп түскен кезде конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың қорытынды сөздері тыңдалады. Конституциялық Сот оларға қорытынды сөз сөйлеуге дайындалу үшін уақыт бере алады.
5. Егер мәселе жеткілікті түрде анықталған болса, төрағалық етуші қорытынды шешімді әзірлеу үшін құрамның кеңесу бөлмесіне кеткені және Конституциялық Сот судьялары кеңесінің ашылғаны туралы хабарлайды. Кеңес кезінде бөгде адамдардың қатысуына жол берілмейді. Кеңес кезінде болған пайымдауларды, дауыс беру барысы мен нәтижелерін жария етуге тыйым салынады. Кеңес барысында Конституциялық Сот судьялары қаралып отырған мәселе бойынша өз позициясын еркін білдіре алады және Конституциялық Соттың басқа судьяларынан өздерінің позицияларын нақтылауды сұрай алады.
53-бап. Конституциялық Сот отырысының үзілісі
1. Конституциялық Соттың отырысы мынадай жағдайларда:
1) кворум болмаған;
2) конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және келуі міндетті деп танылған өзге де адамдар келмеген;
3) егер қосымша материалдардың өтінішті шешу үшін елеулі мәні болса, оларды талап етіп алдыру қажет болған;
4) егер отырыс барысында жою мүмкін болмаған басқа да мән-жайлар болған кезде үзілуі мүмкін.
2. Конституциялық Сот отырысында үзіліс болған жағдайда бұл туралы қатысушылар хабардар етіледі.
54-бап. Конституциялық Соттың өтініштерді қарау мерзімдері
Конституциялық Сот өтінішті іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде қарайды және ол бойынша қорытынды шешім шығарады. Бұл ретте азаматтардың өтініштері бойынша қорытынды шешім өтініш іс жүргізуге қабылданған күннен бастап үш ай ішінде шығарылады. Өтініш жасаудың күрделілігін және барлық мән-жайларды неғұрлым толық зерттеу қажеттігін ескере отырып, бұл мерзімді Конституциялық Сот ақылға қонымды мерзімге ұзартуы мүмкін, бұл туралы мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.
Қазақстан Республикасы Президенті жіберген өтініш оның жазбаша немесе электрондық нысанда жазылған талабы бойынша, егер мәселе кейінге қалдыруға болмайтын болса, қорытынды шешім қабылдау үшін мерзім күнтізбелік он күнге дейін қысқартылуы мүмкін.
Конституциялық Сот өзара байланысты өтініштерді бір іс жүргізуге біріктірген жағдайда қорытынды шешім шығару үшін осы Конституциялық заңда көзделген мерзім соңғы өтініш келіп түскен күннен бастап есептеледі.
55-бап. Конституциялық Сотты жүргізу тәртібін қамтамасыз ету шаралары
1. Конституциялық Сотты құрметтемеу ниеті үшін кінәлі адамдарға қатысты процестік қорғау немесе жауаптылық шаралары қолданылуы мүмкін.
2. Төрағалық етуші Конституциялық Сотты құрметтемеу фактісін анықтағаны туралы құқық бұзушыға оның отырысында дереу хабарлайды.
3. Конституциялық Сот отырысының қалыпты барысын қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушыға ескерту жасауды немесе оны отырыс залынан шығарып жіберуді қолдануы мүмкін.
4. Отырысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Соттың Төрағасы өтінішті қарау кезінде қатысуға тілек білдірген адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруді, жеке тексеріп қарауды және олар алып өтетін заттарды тексеріп қарауды қоса алғанда, оларға тексеру жүргізу туралы өкім бере алады.
5. Құқық бұзушы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы аппараттың қызметкері жасайды және қажетті материалдармен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген соттылыққа сәйкес сотта қарау үшін жіберіледі.
6. Егер отырыста тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, Конституциялық Сот материалдарды сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін үш жұмыс күні ішінде прокурорға жібереді.
10-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ШЕШІМДЕРІ
56-бап. Конституциялық Сот шешімдерінің түрлері
1. Конституциялық Соттың отырысында қабылданатын акт оның шешiмi болып табылады.
2. Конституциялық Соттың шешiмдерi Конституциялық Соттың конституциялық өкiлеттiгi жүзеге асырылатын қорытынды шешiмдер және Конституциялық Соттың өзге де өкiлеттiгi жүзеге асырылатын басқа да шешiмдер болып бөлiнедi.
57-бап. Конституциялық Сот шешiмдерiнiң нысаны
1. Конституциялық Соттың шешімдері:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын нормативтік қаулылар;
2) жолдаулар;
3) қорытындылар;
4) қаулылар нысанында қабылданады.
Нормативтік қаулылар, қорытындылар мен жолдаулар Конституциялық Соттың қорытынды шешімдеріне жатады.
2. Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
58-бап. Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы мен қорытындысының мазмұны
1. Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы мен қорытындысында:
1) оның атауы, шығарылған күнi мен орны;
2) оны шығарған Конституциялық Соттың құрамы;
3) конституциялық іс жүргізуге қатысушылар мен олардың өкiлдерi;
4) өтiнiштiң мәнi;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заңның Конституциялық Соттың iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi қарау құқығын белгiлейтiн нормалары;
6) Конституциялық Сот анықтаған мән-жайлар;
7) конституциялылығы тексерілген құқықтық актінің атауы мен деректемелері;
8) лауазымды адамның конституциялылығы тексерiлген шешiмi;
9) Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын, Парламент депутаттары сайлауын немесе республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы тексерiлген учаскелер, округтер, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер;
10) ресми түсiндiрме беруге ұшыраған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормасының (нормаларының) мазмұны;
11) Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген тәртіппен өтініш жасалуына байланысты Конституциялық Сот қараған Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны;
12) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 1, 2-тармақтарында белгiленген, сақталуы тексерiлген рәсiмдер;
13) Конституциялық Сот ұйғарған шешiмнің пайдасына келтiрiлген дәлелдер;
14) Конституциялық Сот басшылыққа алған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары;
15) шешімнiң тұжырымы;
16) егер осы баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген нормативтік қаулылар қабылданса, мемлекеттік органдардың шешімдерін қайта қарау қажеттігі;
17) шешімнің қолданысқа енгізілу, орындалу және жариялану тәртібі мен мерзімі;
18) шешiмнiң түпкiлiктiлiгi және міндеттілігі көрсетiлуге тиiс.
2. Заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы өтініштерді қарау қорытындылары бойынша Конституциялық Сот мынадай:
1) заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану туралы;
2) заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін осы Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану туралы;
3) заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп тану туралы нормативтік қаулылардың бірін қабылдайды.
59-бап. Конституциялық Соттың шешімдер қабылдауы
1. Конституциялық Сот шешімдерді алқалы түрде қабылдайды.
2. Конституциялық Сот ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы судьялардың көпшілік даусымен шешім қабылдайды.
3. Егер шешім қабылдау кезінде Конституциялық Сот судьяларының дауыстары тең бөлінген жағдайда, Конституциялық Сот Төрағасының дауысы шешуші болып табылады, ол барлық жағдайларда өзінің дауысын ең соңынан береді. Конституциялық Соттың Төрағасын оның уәкілдігі бойынша Конституциялық Соттың тиісті судьясы ауыстырған кезде бұл ереже қолданылмайды. Бұл жағдайда бірінші дауыс беруге қатыспаған Конституциялық Сот Төрағасының немесе судьясының қатысуымен қайта дауыс беру өткізіледі.
4. Конституциялық Соттың отырысы кезінде отырысқа қатысушы судьялардың ешқайсысы қалыс қалуға немесе дауыс беруге қатыспауға құқылы емес.
5. Конституциялық Сот қабылдаған шешімдерге Төраға қол қойғанға дейін олар алдын ала дауыс беруге қатысқан Конституциялық Сот судьяларының қолтаңбаларымен бекітіледі.
60-бап. Конституциялық Сот судьясының ерекше пiкiрi
Конституциялық Соттың қорытынды шешімімен келіспеген Конституциялық Соттың судьясы өз пікірін жазбаша түрде баяндауға құқылы, ол конституциялық іс жүргізу материалдарына қоса тіркеледі.
61-бап. Конституциялық Соттың қосымша шешімі
1. Конституциялық Сот мынадай жағдайларда, егер:
1) Конституциялық Соттың шешіміне түсіндірме беру туралы мәселе қойылса, қосымша шешімдер қабылдайды. Мұндай жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық Соттың қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштері бойынша қабылданады;
2) Конституциялық Соттың шешімінде жіберілген редакциялық сипаттағы дәлсіздіктер мен қателерді түзету қажет болса, қосымша шешімдер қабылдайды. Мұндай жағдайда Конституциялық Сот қосымша шешімді өз бастамасы бойынша қабылдайды.
2. Қосымша шешiм Конституциялық Сот шешiмiнiң шынайы мазмұнына, мағынасы мен мақсатына қайшы келмеуге тиiс.
3. Конституциялық Сот қосымша шешiмді отырыста қабылдайды, отырысты өткiзу тәртiбi Конституциялық Соттың Регламентiнде белгiленедi.
62-бап. Конституциялық Соттың шешiмiн қайта қарау
1. Конституциялық Сот өз шешімін Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша, егер:
1) қабылданған шешімге негіз болған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормасы өзгерсе;
2) өтініштің мәні үшін жаңа елеулі мән-жайлар ашылса, қайта қарауы мүмкін.
2. Конституциялық Сот шешімді қайта қарау туралы қаулы шығарады, онда шешімнің күші жойылады.
3. Конституциялық Соттың шешімін қайта қарау туралы мәселені қарау тәртібі Конституциялық Соттың Регламентінде айқындалады.
63-бап. Конституциялық Сот шешiмiнiң заңдық күшi
1. Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары олар қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды. Өзге шешімдердің күшіне ену тәртібін Конституциялық Сот айқындайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған Конституциялық Соттың шешімдері тікелей қолданылады және басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың растауын талап етпейді. Конституциялық Соттың нормативтік құқықтық актіні немесе оның жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп тану туралы шешімінің заңдық күшін нақ осындай мазмұндағы осы актіні қайтадан қабылдау арқылы еңсеруге болмайды.
64-бап. Конституциялық Соттың қорытынды шешiмдерiн қабылдау салдары
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп танылған Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына қол қоюға не тиiсiнше ратификациялауға және күшiне енгiзуге болмайды. Заңдарды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану оларға қол қою мерзiмiнiң өтуiн жаңартады. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану оларды ратификациялау процесiн жаңартады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмейді деп танылған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдумға немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына шығарылмайды.
3. Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен бастап немесе ол белгілеген күннен бастап конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
Конституциялық Сот өзі қабылдаған қорытынды шешімнің қолданысы мен орындалуының өзге тәртібін айқындаған жағдайларды қоспағанда, соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының осындай заңға немесе өзге де құқықтық актіге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.
Заңның және өзге де құқықтық актінің немесе олардың жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылуы конституциялық емес деп танылған немесе осындай ережелерге негізделген не осы ережелерді қайталайтын ережелерді қамтитын басқа заңдардың немесе өзге де құқықтық актілердің ережелерінің белгіленген тәртіппен күшін жою үшін негіз болып табылады.
4. Заң немесе өзге де құқықтық акт не олардың жекелеген ережелері Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылған жағдайда Конституциялық Сот берген түсіндірмеде оларды қолдану кезінде оларды өзгеше түсіндіру алып тасталады, ал мұндай шешім қабылдаудың салдары, егер Конституциялық Сот өзгеше белгілемесе, осы баптың 3-тармағында айқындалады.
5. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен тиісті сайлау учаскелерінде (әкімшілік-аумақтық бірліктерде) жарамсыз деп танылады. Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану сайланған Қазақстан Республикасы Президентін тіркеуге алып келеді.
6. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының сайлауы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде және сайлау округтерінде жарамсыз деп танылады. Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының сайлауын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану сайланған депутаттарды тіркеуге алып келеді.
7. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған республикалық референдумның нәтижелері Орталық референдум комиссиясының шешімімен тиісті дауыс беру учаскелерінде (әкімшілік-аумақтық бірліктерде) жарамсыз деп танылады. Өткізілген референдумды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп тану референдумның қорытындыларын шығаруды қайта бастауға алып келеді.
8. Қазақстан Республикасы Конституцияның 47-бабының 1 және
2-тармақтарына сәйкес Парламенттiң тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiн лауазымынан мерзiмнен бұрын босату туралы шешiм, қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдауы алдында белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталмағандығы туралы қорытынды тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентін лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы, қызметiнен кетiру туралы мәселенiң қаралуын тоқтатуға алып келеді. Белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғандығы туралы қорытынды тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiн лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы, Қазақстан Республикасы Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселенi қарауды жалғастыруға жол бередi.
65-бап. Конституциялық Соттың шешімдерін қолданысқа енгізу және орындау
1. Конституциялық Сот өзі қабылдаған шешімдердің қолданысқа енгізілу және орындалу тәртібі мен мерзімдерін белгілей алады.
2. Конституциялық Соттың шешімін орындау үшін қолданылған шаралар туралы оған тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Конституциялық Сот белгілеген мерзімде хабарлайды.
3. Конституциялық Соттың шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қабылданған шешім туралы Конституциялық Сотты міндетті түрде хабардар ете отырып, міндетті түрде қарауға тиіс.
4. Конституциялық Сот осы Конституциялық заңның 58-бабының 2-тармағы 2) және 3) тармақшаларында көзделген нормативтік қаулыларды қабылдаған жағдайда, егер олардан құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою жөнінде заңнамалық және өзге де шаралар қабылдау қажеттігі туындаса, уәкілетті мемлекеттік органдар, егер Конституциялық Сот өзге мерзім белгілемесе, Конституциялық Соттың шешімі жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді, өзге де құқықтық актілер қабылдауды қамтамасыз етеді. Жаңа құқықтық акт қабылданғанға дейін қозғалатын қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Конституциялық Cоттың шешімі тікелей қолданылады.
66-бап. Конституциялық Соттың шешімдерін жіберу және жариялау
1. Конституциялық Соттың қорытынды шешiмдерi:
1) шешiм қабылданғаннан кейiн бес жұмыс күні iшiнде өтiнiш субъектiлерiне немесе олардың өкiлдерiне, сондай-ақ барлық жағдайларда Қазақстан Республикасы Президентiне, Парламент Палаталарына, Жоғарғы Сотына, Бас Прокурорына, Әдiлет министрiне жiберiледi;
2) заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған республикалық ресми баспа басылымдарында, Конституциялық Соттың интернет-ресурсында, сондай-ақ Конституциялық Соттың шешімі бойынша басқа да дереккөздерде қазақ және орыс тілдерінде жариялануға жатады.
2. Өзге шешiмдер қажет болған кезде Конституциялық Сот Регламентiнде белгiленген жағдайларда және тәртiппен жарияланады және тиiстi мемлекеттiк органдарға, лауазымды адамдарға, ұйымдар мен азаматтарға жiберiледi.
III бөлім. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құқықтық мирасқоры болып табылады.
2. Конституциялық Кеңеске 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін келіп түскен өтініштерді Конституциялық Сот осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қарайды.
68-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 24-бабын және II бөлімін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының толық құрамы қалыптастырылған күннен бастап "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті |