Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 қаңтардағы № 68 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі Тараптар мемлекеттерінің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында өз заңнамасына сәйкес тең құқықтық, өзара пайда қағидаттарының және халықаралық құқық нормаларының негізінде екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті:
Тараптар Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
Комиссия Тараптардың заңнамасына сәйкес тең құқықтық және өзара пайда қағидаттары негізінде екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге және тараптар арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі іс-қимылды үйлестіруге бағытталған.
Комиссияның құзыретіне төмендегілер жатады:
1. Тараптар арасында өзара тиімді екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығының нәтижелерін қарау және талдау.
2. Екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты орнатуға және іске асыруға жәрдемдесу.
3. Екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығын тереңдету және одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар тұжырымдау.
4. Тараптардың заңнамасына сәйкес екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығын дамытуға бағытталған басқа да міндеттерді орындау.
Комиссия тепе-теңдік негізде құрылады және Комиссия құзыретіне жататын әртүрлі қызмет бағыттары бойынша екі Тараптың өкілдерден тұрады.
Әр тарап өз заңнамасына сәйкес төрағаны (бұдан әрі – тең төраға) және Комиссияның тиісті ұлттық бөлігінің өкілдерін тағайындайды.
Комиссия екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастық бойынша қызметін өзінің басшылығымен жүзеге асыратын жұмыс топтарын құра алады.
1. Комиссияның отырыстары кезеңдік негізде Қазақстан Республикасында және Оман Сұлтандығында кезек-кезек өткізіледі.
2. Шақырудың нақты күні мен Комиссия отырысының күн тәртібін Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
3. Әрбір отырыстың алдын ала күн тәртібін және басқа да тиісті материалдарды қабылдаушы Тарап екінші Тараппен консультациядан кейін дайындайды. Тараптардың өзара келісуі бойынша күн тәртібіне қосымша тармақтар енгізілуі мүмкін.
4. Тараптардың дипломатиялық арналар арқылы келісімі бойынша әрбір Тарап отырыстарға қатысу үшін сарапшыларды шақыра алады.
Комиссияның шешімдері екі Тараптың келісімі болған кезде жазбаша нысанда қабылданады және Тараптар заңнамасының талаптары ескеріліп хаттама түрінде ресімделеді.
Комиссия отырыстарының құжаттарын қамтамасыз етуге, материалдарды, құжаттарды, отырыстар хаттамаларын дайындауға, кез келген жұмыс топтарының қызметін үйлестіруге, сондай-ақ Комиссияның жұмысы үшін қажетті әкімшілік сипаттағы басқа да міндеттерге Тараптардың әрқайсысының Сыртқы істер министрлігі жауапты болады.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші Тарап өз делегациясының кері қарай жол жүруіне ішкі көлікке және тұруына байланысты шығыстарды, ал қабылдаушы Тарап Комиссия отырыстарын, тең төрағалардың кездесулерін және жұмыс топтарының отырыстарын ұйымдастыруға байланысты әкімшілік шығыстарды көтереді.
Осы Келісімді қолдану немесе түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 12-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
20__ жылғы "____" __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Сәйкессіздік туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Оман СұлтандығыныңҮкіметі үшін |