Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы № Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
|
Жоба |
1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы (бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталады)
1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 33-бабын негізге ала отырып,
Шартқа мынадай өзгерістер енгізуге уағдаласты:
Шарттың 2-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап
Құқықтық көмек көрсету кезiндегі қатынас тәртiбi
1. Егер осы Шартта өзгеше белгiленбесе, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде Уағдаласушы Тараптар орталық мекемелер арқылы өзара қатынас жасасады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық мекемелерге: Қазақстан Республикасы тарапынан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі; Қытай Халық Республикасы тарапынан – Қытай Халық Республикасының Әділет министрлігі, Қытай Халық Республикасының Жоғарғы Халық прокуратурасы және Қытай Халық Республикасының Жоғарғы Халық Соты жатады.
3. Орталық мекемелер өзгерген жағдайда Уағдаласушы Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.".
1. Осы Хаттама Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді. Осы Хаттама осындай хабарламалардың соңғысы алынған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
3. Осы Хаттама өз қолданысын Шарт қолданысының тоқтатылуымен бір мезгілде тоқтатады.
Бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
2023 жылғы "__"______ _____ әрқайсысы қазақ және қытай тілдерінде орыс тіліне аудармасымен екі данада жасалды әрі екі мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін | Қытай Халық Республикасы үшін |
1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың (бұдан әрі – Хаттама) жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Несіпбайұлы Есқараевқа Хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |