Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2023 жылғы 1 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептер құруға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептер құруға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Француз Республикасының Үкіметі
өзінің 1992 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартты ұстанатынын атап көрсете отырып;
2008 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа сүйене отырып;
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы білім беру саласындағы екіжақты қатынастарды жандандыруға ниет білдіре отырып;
қазақстандық жастардың игілігі үшін халықаралық сапалы білім беру қызметтерін дамытуға өздерінің өзара мүдделілігін мәлімдей отырып;
халықаралық мәдени, экономикалық және саяси алмасулардағы француз тілінің маңыздылығын және оны Қазақстан Республикасында оқытуды дамыту қажеттігін назарға ала отырып;
Қазақстан Республикасында француз тілін оқитын білім алушыларға заманауи, оның ішінде Француз Республикасында басып шығарылған оқулықтар мен оқу құралдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары:
Қазақстан Республикасында Астана және Алматы қалаларында халықаралық (француз) екі мектеп (бұдан әрі – француз мектептері) ашу бойынша ынтымақтастық;
француз тілін бірінші және екінші шет тілі ретінде оқытатын білім беру ұйымдарында француз тілін шет тілі ретінде үйренуге жағдай жасау болып табылады.
2-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде өзара іс-қимыл жасаған кезде мына қағидаттарды басшылыққа алады:
заңдылық, теңдік, сенім, объективтілік, тәуелсіздік және жариялылық;
Тараптардың осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген мәселелер бойынша уәкілетті ұйымдары мен органдары іс-қимылының үйлескен, келісілген және жоспарлы болуы.
3-бап
Француз мектептері көп тілді білім алуды қалайтын қазақстандық білім алушыларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұратын шетелдік азаматтарды оқытуға арналған, бітіргеннен кейін олар Француз Республикасының Білім министрлігі берген орта білім туралы француз диплом алады.
Француз мектептері өз қызметі арқылы Қазақстан Республикасында француз тілі мен француз мәдениетін насихаттауға, сондай-ақ Француз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
4-бап
Француз мектептерінің білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Француз Республикасының Білім министрлігі белгілеген өлшемшарттардың сақталуы шартымен француз мектептері өздерінің білім беру қызметтерін орындауға сәйкестігінің растамасын алады.
Халықаралық мектеп мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беріледі.
5-бап
Француз мектептерінің сәйкестігі расталған кезден бастап олар Француз Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы мемлекеттік мекеме – Шет елдерде француздық білім беру агенттігі үйлестіретін оқу орындары желісінің мүшелері болып табылады.
Әр француз мектебінің қызметі оның жарғысымен анықталады және реттеледі.
6-бап
Француз мектептерінде оқытуды Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес француз мектептері жалдайтын қазақстандық педагогтер де, шетелдік педагогтер де жүзеге асырады.
7-бап
Француз мектептері Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының және Француз Республикасы бекіткен жалпыға міндетті оқу бағдарламаларының талаптары ескеріле отырып әзірленген білім беру бағдарламаларын іске асырылады.
Оқыту негізінен француз тілінде жүргізіледі. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде де өткізіледі.
Француз мектептері қазақстандық білім алушыларға қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және Қазақстан географиясы бойынша оқу бағдарламаларын ұсынады. Бұл пәндер бойынша білім беру процесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Француз мектептері шетелдік азаматтар болып табылатын және Қазақстан Республикасында тұратын қазақстандық емес білім алушыларға Қазақстан Республикасының тілдері мен мәдениетін үйренудің бастапқы курсын ұсынады.
8-бап
Француз мектептерінің құрылуы мен жұмыс істеуін қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
9-бап
Тараптар қазақстандық білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуды дамытуға жәрдемдеседі.
Тараптар оқыту әдістемесі, оқытушыларды кәсіптік даярлау мәселелері бойынша қазақстандық және француздық білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтуға және ынтымақтастыққа ықпал етеді.
Тараптар француз тілі оқулықтарын әзірлеу жөніндегі бастамаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілі бойынша оқу бағдарламаларын жаңғырту жөніндегі бастамаларды қолдайды.
10-бап
Тараптар француз тілін тереңдетіп оқыту жүргізілетін қазақстандық білім беру ұйымдарында екі тілді франкофон секцияларының тізбесін бірлесіп жасайды.
11-бап
Тараптар қазақстандық білім алушылар мен мұғалімдердің лингвистикалық құзыреттерін ресми растау үшін DELF және DALF дипломдарын алуға емтихан тапсыруға жағдай жасауға жәрдемдеседі.
Француз тілін оқығаны туралы диплом (DELF) және француз тілін тереңдетіп оқығаны туралы диплом (DALF) – Француз Республикасының Білім министрлігінің дипломдары. Олар француз шет тілін жалпыеуропалық шет тілін меңгеру деңгейлерінің жүйесіне сәйкес меңгеру деңгейін растайды, бұл француз мектептеріне қабылдау кезінде артықшылықтардың бірі болып табылады.
12-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың әрқайсысы уәкілетті органды (уәкілетті органдарды) айқындайды, ол туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламамен бір мезгілде хабардар етеді.
Уәкілетті органның (уәкілетті органдардың) атауы өзгерген жағдайда тиісті Тарап 30 күн ішінде бұл туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлайды.
13-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
14-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 16-бабында айқындалған тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
15-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
16-бап
Егер Тараптардың ешқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату басталып қойған және (немесе) қолданыстағы бағдарламалар мен жобаларға қолданылмайды.
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2023 жылғы "___" _______ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Француз РеспубликасыныңҮкіметі үшін |