Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2024 жылғы 7 маусымда Баку қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласында әскери барлау аясындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласында әскери барлау аясындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі
2004 жылғы 1 наурызда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасының және Әзербайжан Республикасының егемендігін, мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтей отырып,
тең құқықтық пен өзаралық қағидаттары негізінде Тараптар мемлекеттерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қорғауға мүдделілікті негізге ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қорғаныс саласында әскери барлау аясының рөлін және осы саладағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құру қажеттілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты осы Келісімнің 3-бабында айқындалған нысандарда Тараптардың міндеттемелерін, қорғаныс саласында әскери барлау аясындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру шарттары мен тәртібін айқындау болып табылады.
2-бап Уәкілетті органдар
1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Әзербайжан Республикасының Үкіметі атынан – Әзербайжан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
2. Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.
3-бап Ынтымақтастық нысандары
Тараптар мынадай нысандарда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) уәкілетті органдар басшыларының ресми сапарлары және сарапшылардың жұмыс кездесулері;
2) мынадай тақырыптық бағыттар бойынша қорғаныс саласындағы әскери барлау ақпаратымен өзара алмасу:
террористік және экстремистік ұйымдар;
өзара мүдделілікті білдіретін әскери-саяси оқиғалар;
3) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің аумағында Тараптардың уәкілетті органдарының жеке құрамы үшін бірлескен жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу;
4) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың өзге де нысандары.
4-бап Ынтымақтастық рәсімдері және тиімділігін бағалау
1. Ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органының өзара келісуі бойынша сарапшылардың кездесулері өткізіледі.
2. Кездесу күні мен күн тәртібі оны өткізгенге дейін бір ай бұрын келісіледі.
3. Қорғаныс саласында әскери барлау аясындағы ынтымақтастықтың және өзара іс-қимылдың тиімділігін, оны үйлестіруді бағалау Тараптар мемлекеттерінің аумағында тепе-тең негізде, әдетте, жылына кемінде бір рет өткізілетін уәкілетті органдардың басшылары деңгейіндегі кездесулер барысында жүзеге асырылатын болады.
5-бап Қауіпсіздік
1. Құпия ақпаратпен алмасу, оны пайдалану және қорғау құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жеке халықаралық шарттың негізінде жүзеге асырылады.
2. Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты ұсынған Тарапқа нұқсан келтіру үшін пайдаланбайды.
3. Осы Келісім шеңберінде алынған ақпарат тиісті ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз ашылмайды, ұсынылмайды және үшінші тарапқа берілмейді.
4. Тараптар басқа Тарапқа қарсы бағытталған әскери барлау қызметін жүргізбейді.
6-бап Шығыстар
Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды дербес көтереді.
7-бап Тараптардың басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелері
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және қандай да бір үшінші тарапқа қарсы бағытталмаған.
8-бап Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 11-бабында айқындалған тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап Тоқтата тұру
1. Тәуелсіздікке, егемендікке, аумақтық тұтастыққа, қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар тоқтата тұру күнін көрсете отырып, осы Келісімді немесе оның жекелеген ережелерін орындауды дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ету жолымен тоқтата тұра алады.
2. Осы Келісімді немесе оның жекелеген ережелерін орындауды қайта бастау екінші Тарап дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама алғаннан кейін 24 (жиырма төрт) сағат ішінде Келісімді қолдануды тоқтата тұруға ықпал ететін мән-жай жойылғаннан кейін күшіне енеді.
10-бап Келіспеушіліктермен дауларды шешу
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты келіспеушіліктермен даулы мәселелер өзара келіссөздер және (немесе) консультациялар арқылы шешіледі және қандай да бір ұлттық, халықаралық соттың немесе үшінші тараптың қарауына берілмейді.
11-бап Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың ешқайсысы тиісті кезең аяқталғанға дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар етпесе, оның қолданысы кейінгі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
2024 жылғы "7" маусымда Баку қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Әзербайжан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |