Облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерi Қазақстан Республикасы Халық банкiнiң мекемелерiне Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарға өтем төлеуге ұсынған тiзiмдерiнде көптеген жолсыздықтар мен қателердiң табылуына байланысты және қаражатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерi:
- 1996 жылғы 1 сәуiрге дейiн барлық ұйымдарда "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" 1992 жылғы 12 желтоқсандағы N 1787 Қазақстан Республикасының Заңына және "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1992 жылғы 22 желтоқсандағы N 1788-ХII қаулысын жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 26 мамырдағы N 431 P930431_ қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 18, 223-бап) сәйкес азаматтарды тiркеу, оларға бiржолғы ақшалай өтем тағайындау мен төлеудiң дұрыстығына толық тексеру жүргiзсiн;
- 1996 жылдың 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде бiржолғы өтем алуға құқылы азаматтардың нақтыланған тiзiмiн Қазақстан Республикасының Халық банкiне тапсырсын;
- анықталған жолсыздықтарға кiнәлi адамдарды қолданылып жүрген заңға сәйкес жауапқа тартсын және жол берiлген артық төлемнiң өтелуiне шаралар қабылдасын.
2. Қазақстан Республикасының Халық банкi:
- облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерiнен нақтыланған тiзiмдердi алғанға және оның дұрыстығын тексергенге дейiн ақшалай өтем төлеудi тоқтатсын;
- 1996 жылдың 1 сәуiрiнен бастап зейнеткерлерге кезең-кезеңмен ақшалай өтем төлеудi қолға алсын.
3. Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп, "Қазақстан Республикасының халқына бiржолғы ақшалай өтем төлеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 17 қарашадағы N 1566 P951566_ қаулысына сәйкес облыстардың және Алматы қаласы әкiмдерiнiң Қазақстан Республикасының Халық банкiне ұсынған нақтыланған тiзiмдер бойынша, жалпы соманы, төлеу мерзiмi мен кезектiлiгiн айқындасын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi