ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 951-бабы 2-тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 9-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды, өзге де тұлғаларды шақырмай және тыңдаулар өткізбей,
өзінің ашық отырысында С.М. Ахметжановтың 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – АК (Ерекше бөлім) 951-бабы 2-тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 9-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының 13, 16, 29 және 76-баптарына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) АК-нің (Ерекше бөлім) 951-бабы 2-тармағының және ЖС НҚ-ның 9-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
АК-нің (Ерекше бөлім) 951-бабының 2-тармағына сәйкес моральдық зиянды, көрсетілген баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кiнәсі болған кезде зиян келтiрушi өтейдi. ЖС НҚ-ның 9-тармағына сәйкес АК-нің (Ерекше бөлім) 917-бабының 1-тармағына және 951-бабының 2-тармағына сәйкес моральдық зиянның орнын толтыру бойынша міндеттеме мынадай негіздер: тікелей жеке тұлғаға қатысты осы адамның заңмен қорғалатын жеке мүліктік емес құқықтарына және игіліктеріне қол сұғатын құқық бұзушылық (деликт) жасалған; құқық бұзушылық пен жәбірленушіге келтірілген зиян мен ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарына тиесілі жеке мүліктік емес құқықтардың бұзылуы мен жан азабына немесе тән азабына әкеп соқтырған, оған тиесілі жеке мүліктік емес құқықтардың бұзылуы арасындағы себепті байланыс болған; заңмен көзделген кінәсіз жеке мүліктік емес зиянды өтеу жағдайларынан басқа, зиян келтірушінің кінәсі болған кезде туындайды. Жоғарыда аталған негіздердің кез келгенінің болмауы жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарды қорғау мүмкіндігін жоққа шығарады, өйткені олар бұзылмаған деп көзделеді.
Өтініштен өтініш берушінің ұстап алынғанын, жеке басы жете тексерілгенін және медициналық куәландырылғанын, кейіннен әкімшілік айыппұл тағайындала отырып, әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын түсінуге болады. Іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚбК) 741-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының негізінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған, кейіннен өтініш беруші өзіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының заңсыз қолданылу фактісі бойынша моральдық зиянды өтеу туралы талаппен сотқа жүгінген.
Соттар моральдық зиянның орнын толтырудан бас тартуды ЖС НҚ-ның 9-тармағымен уәждейді.
Өтініш субъектісі заңнамада белгіленген әкімшілік жауаптылыққа тартылған кезде моральдық зиянды өтеу туралы ережелер әкімшілік қамаққа алуды тағайындау жағдайларымен ғана шектеледі, осылайша азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруына кедергі келтіреді деп ойлайды.
АК-нің (Ерекше бөлім) 951-бабы 2-тармағының және ЖС НҚ-ның 9-тармағының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (1-баптың 1-тармағы), заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады деп бекітіледі.
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең (14-баптың 1-тармағы), өмір сүру (15-баптың 1-тармағы), жеке бас бостандығы (16-баптың 1-тармағы), жеке өмірге қол сұғылмау, өзінің және отбасы құпиясының болу, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалу (18-баптың 1-тармағы), денсаулықты сақтау (29-баптың 1-тармағы) құқықтары және адамға тумысынан тиесілі басқа да құқықтар мен бостандықтар Негізгі Заңға сәйкес танылады және оларға кепілдік беріледі (12-баптың 1-тармағы). Жинақтай келгенде аталған құқықтар мен бостандықтар Конституция, заңдар мен өзге де құқықтық актілер қорғайтын мызғымас әлеуметтік игілік ретінде жеке адамның толыққанды, үйлесімді даму құқығын және оның қадір-қасиетіне қол сұғылмауды (17-баптың 1-тармағы) қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл 1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының бағытымен және мазмұнымен үйлеседі, онда "барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс." (1-бап) деп бекітілген.
Мемлекет адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы өз міндеттемелерін іске асыра отырып, кез келген қолсұғушылықтарға, оның ішінде моральдық және материалдық зиян келтіруі мүмкін қолсұғушылықтарға жол бермеу арқылы оларды қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ зардап шеккенге өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен, атап айтқанда, сотқа жүгіну арқылы қорғау (Конституцияның 13-бабының 1 және 2-тармақтары) мүмкіндігін беруге міндетті. Сот билігі өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды (Конституцияның 76-бабының 1-тармағы). Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар келтірген зиянды өтеу жағдайлары ерекше құқықтық регламенттеуге жатады.
Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) келтірілген моральдық зиянның, зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан, орнын толтыру азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып табылады.
2. Адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірудің маңызды элементі бола отырып, зиянды өтеу заңмен қорғалатын мүліктік немесе мүліктік емес игіліктегі қолайсыз өзгерістердің орнын толтыруға бағытталған.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына құқыққа сыйымсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілген зиянды (мүліктік және (немесе) мүліктік емес) зиян келтірген тұлға толық көлемде өтеуге тиіс (АК-нің (Ерекше бөлім) 917-бабының 1-тармағы). Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1985 жылы 29 қарашадағы 40/34 қарарымен қабылданған Қылмыс және билікті асыра пайдалану құрбандары үшін әділ сот төрелігінің негізгі ұстанымдары туралы декларацияның 1 және 4-тармақтарына сәйкес келеді, онда жекеше немесе ұжымдық түрде зиян келтірілген, оның ішінде дене жарақаты, моральдық және материалдық залал, эмоционалдық азап, билікті қылмысты түрде асыра пайдалануға тыйым салатын заңдарды қоса алғанда, қолданыстағы ұлттық заңдарды бұзатын әрекет немесе әрекетсіздік салдарынан негізгі құқықтарына айтарлықтай нұқсан келтірілген тұлғалардың сот төрелігі тетіктеріне қол жеткізу құқығына және келтірілген залал үшін ұлттық заңнамаға сәйкес жедел түрде өтемақы алуына кепілдік беріледі.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы мәселелері жөніндегі сот практикасын қорыта отырып, бұзылуы, айырылуы немесе кемсітілуі зардап шеккенге моральдық зиян келтіруге әкеп соғуы мүмкін жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар деп азаматтың жеке басымен тұтасымен байланысты әрі оған тумысынан тиесілі игіліктерді немесе заңмен берілген құқықтарды түсіну қажет деп түсіндірді. Адамға тумысынан тиесілі игіліктерге – өмірін, денсаулығын, ар-намысын, қадір-қасиетін, бостандығын, жеке басына қол сұғылмаушылықты, ал азаматтың заңмен берілген құқықтарына тұрғын үйіне немесе меншігіне қол сұғылмаушылық, жеке өмірінің және отбасының құпиясы, телефон, телеграф хабарларының және хат алысу құпиясы; атын пайдалану; өз бейнесіне; авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамада көзделген авторлық және басқа да жеке мүліктік емес құқықтар; еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерін таңдау, анық ақпарат алу құқығын, сондай-ақ заңнамада көзделген басқа да құқықтарды жатқызуға болады (ЖС НҚ-ның 3-тармағы).
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – АК (Жалпы бөлім) азаматтық құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету шараларының жүйесі бекітіледі, олардың арасында азаматтық-құқықтық тәртіппен іске асырылатын моральдық зиянды өтеу құқығы бар. Бұл ретте АК-нің (Жалпы бөлім) 141-бабының 3-тармағында егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, құқық бұзған адамның кінәсіне қарамастан, жеке мүліктік емес құқықтар қорғалуға тиіс. Қорғау туралы талап қойған адам өзінің жеке мүліктік емес құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиіс деп көзделеді.
3. Моральдық зиянды өтеу дегеніміз қандай да бір құқыққа сыйымсыз әрекеттерді жасау салдарынан туындаған эмоциялық күйзелістер не физикалық ауырсыну, кемшілік, ыңғайсыздық және басқа сезімдер үшін материалдық өтемақы алу мүмкіндігі болып табылады.
Заң шығарушы моральдық зиянды өтеудің аражігін оның келтірілу мән-жайларына қарай ажыратады. Мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар) келтірген зиянды, оның ішінде моральдық зиянды өтеу кезінде ерекше рәсімдер көзделген: мемлекеттік органдардың заңнамалық актілерге сәйкес келмейтін актілерді шығаруы (АК-нің (Ерекше бөлім) 922-бабы), анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз әрекеттері (АК-нің (Ерекше бөлім) 923-бабы). Аталған ережелерде зиян келтірушінің кінәсін дәлелдемей зиянның орнын толтыру міндеті белгіленеді, бұл билік өкілеттігі берілген субъектінің өзіндік ерекшелігіне байланысты.
Осы ережелерді тәптіштей отырып, заң шығарушы АК-нің (Ерекше бөлім) 951-бабының 3-тармағында зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян: 1) зиян азаматтың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіптілік көзі арқылы келтірілген; 2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды, үйқамақты немесе ешқайда кетпеуі туралы қолхат алуды заңсыз қолданудың, қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаны заңсыз қолданудың, психиатриялық емдеу мекемесіне немесе басқа емдеу мекемесіне заңсыз орналастыру салдарынан келтірілген; 3) зиян ар-ожданына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер тарату арқылы келтірілген кезде; 4) заңнамалық актілерде көзделген өзге де жағдайларда өтеледі деп айқындалады.
Барлық өзге жағдайларда АК-де (Ерекше бөлім) зиян келтірушінің кінәсі болған кезде ғана моральдық зиян өтеледі деп белгіленген (951-баптың 2-тармағы).
4. АК-нің (Ерекше бөлім) 951-бабының 1-тармағында моральдық зиян – өзіне қарсы құқық бұзушылықтың жасалу салдарынан жан азабын немесе тән азабын басынан кешірген жеке тұлғаға, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда, оның жақын туыстарына, жұбайына (зайыбына) өтеледі деп көзделеді. Бұл ереже ЖС НҚ-ның моральдық зиян жан азабын және тән азабын басынан өткізген жеке тұлға қайтыс болған жағдайда жақын туыстарына өтелетіні анық жазылмаған 9-тармағында өзінің толық мағынасында көрініс табуға тиіс. Жоғарғы Соттың түсіндірмесінде моральдық зиян өтелетін субъектілер тобы тарылған, оларға жұбайы (зайыбы) көрсетілмей, тек жақын туыстары жатқызылған.
Бұдан басқа, Конституциялық Сот заң шығарушының назарын АК-нің (Ерекше бөлім) 951-бабы 3-тармағының 4) тармақшасы заңнамалық актілерге сілтеме жасайтынына аударады, ал Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 49-бабының 6-тармағын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 951-бабының 2-тармағы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 9-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда қамтылатын құқықтық ұстанымдарына сәйкес:
Қазақстан Республикасының Үкіметіне – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер енгізу туралы;
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы мәселелерді қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |