Мемлекет басшысы 10 жылға есептелген ұзақ мерзімді бағдарлама болып табылатын "Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын" бекітетін Жарлыққа қол қойды.
Бағдарламаны қабылдаудың өзектілігі тіл проблемаларын шешу жөніндегі шұғыл шаралар процесін мемлекеттік қолдау қажеттігімен айқындалады.
Бағдарламада орталық және атқарушы органдардың, сондай-ақ еліміздің жетекші тілші-ғалымдарының ұсыныстары ескерілген.
Бағдарламада Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұрын көзделген, орындалуы қазіргі уақытта аяқталған іс-шаралар одан әрі жалғасын тапты.
Бағдарламада Қазақстандағы тіл құрылысының ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтары, мақсаттары мен міндеттері айқындалған, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен іске асыру тетіктері белгіленген.
Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері онда көзделген іс-шараларды қысқа мерзімді жоспарлауға негізделген. Ол әлеуметтік-лингвистикалық ахуалдағы өзгерістерге неғұрлым икемді оңтайласуға мүмкіндік береді, жүргізіліп жатқан ұйымдық жұмыстардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді және нақты нәтижелерге қол жеткізеді. Атап айтқанда, Бағдарламада белгіленген іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-әрекеттерді әрбір екі жылға арнап уәкілетті орган әзірлейді, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Бағдарламаны іске асыру Қазақстанда қолданылатын тілдердің қажетті функционалдық арақатынасына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президенті
Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық
бөлімі