Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы N 230 Жарлығымен бекітілді.
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (Бұдан әрі Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы N 222 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесіне сәйкес әзірленді.
Бағдарлама халықтың қалың жігін, әсіресе жастарды дене шынықтырумен және спортпен саналы түрде шұғылдануға тарту, ел халқының денсаулығын бекемдеу үшін жағдай жасау, спорт резервін сапалы дайындау және халықаралық дәрежедегі спортшыларды тәрбиелеу, Қазақстан спортының халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыру мақсатында қабылданды.
Бағдарлама дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиясын, негізгі бағыттарын, басымдықтарын, оны іске асырудың міндеттері мен тетіктерін айқындайды және халықтың дене тәрбиесінің негізгі қырларын, сондай-ақ спорт резервін даярлау мен халықаралық дәрежедегі спортшылар тәрбиелеу мәселелерін қамтиды.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-саяси бөлімі