ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Сәдуақасұлы Әшімге Қазақстан Республикасының атынан Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 10 тамыздағы
№ 134 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер
етуді бағалау жөніндегі
ХАТТАМАНЫҢ ЖОБАСЫ
Әзірбайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түркіменстан (бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын) Каспий маңы мемлекеттері,
2003 жылғы 4 қарашада Тегеранда жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның Тараптары бола отырып, Иран Ислам Республикасы,
Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның 7, 17 және 18-баптарының ережелерін орындауға әзірлігін растай отырып,
Уағдаласушы Тараптар арасындағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі өңірлік өзара түсіністік пен ынтымақтастықты күшейтуге жәрдем көрсетуге бел байлай отырып,
жоспарланып отырған қызмет бойынша шешімдер қабылдау процесінің бастапқы сатысында қоршаған ортаға әсерді бағалауды қолдану орнықты даму қағидатын іске асыруға әсер ететінін мойындай отырып,
қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесінде ақпаратқа қол жеткізудің және жұртшылықтың қатысуының маңыздылығын атап өте отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап. Терминдердің пайдаланылуы
осы Хаттаманың мақсаттары үшін
(а) "Шығу Тарапы" заңды құзыр(лар)ы аясында осы Хаттамаға 1-қосымшада көрсетілген, жоспарланып отырған қызметті жүзеге асыру межеленген осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарапын (Тараптарын) білдіреді;
(б) "қозғалатын Тарап" жоспарланып отырған қызметтің трансшекаралық әсері тиюі мүмкін осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарапын (Тараптарын) білдіреді. Осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарапы (Тараптары) қозғалатын Тарап ретінде қаралуы мүмкін теңіз аудандары Каспий теңізінің түпкілікті құқықтық мәртебесіне сәйкес айқындалады;
(с) "мүдделі Тараптар" осы Хаттамаға сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінің шығу Тарапы мен қозғалатын Тарапын білдіреді;
(d) "қоршаған ортаға әсерді бағалау" (бұдан әрі - ҚОӘБ) жоспарланып отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалауды жүргізу жөніндегі ұлттық рәсімді білдіреді;
(е) "жоспарланып отырған қызмет" қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қолданылатын ұлттық рәсіміне сәйкес құзыретті органның шешім қабылдауын талап ететін кез келген қызметті немесе қызметтің айтарлықтай өзгеруін білдіреді;
(f) "әсер ету" флораны, фаунаны, топырақты, атмосфералық ауаны, суды, климатты, ландшафты, тарихи ескерткіштерді және/немесе осы факторлардың өзара байланысын қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасы үшін жоспарланып отырған қызметті іске асырудың кез келген салдарын білдіреді; ол, осы факторлардың өзгеруінің нәтижесінде болатын адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, мәдени мұра үшін немесе әлеуметтік-экономикалық және өзге жағдайлардың зардаптарын қамтиды;
(g) "трансшекаралық әсер ету" шығу Тарапы жоспарланып отырған қызметті іске асырған кезде екінші Уағдаласушы Тарапқа кез келген әсер етуді білдіреді;
(h) "жұртшылық" бір (немесе одан көп) жеке және заңды тұлғаны білдіреді;
(і) "құзыретті орган" Уағдаласушы Тарап тағайындайтын, осы Хаттамада қамтылған міндеттерді орындауға жауапты орган(дар)ды білдіреді;
(j) "хабардар ету мақсаттарына арналған байланыс пункті" Уағдаласушы Тараптар айқындаған байланыс пунктін (пункттерін) білдіреді, ол(ар) туралы хабарламаны алуға жауапты, тиісті құзыретті органды хабардар етуді қамтамасыз ететін басқа Уағдаласушы Тараптар және Хатшылық хабардар етіледі;
(k) "жобаны әзірлеуші" - ұлттық рәсімге сәйкес жоспарланып отырған қызметке қатысты рұқсат үшін өтініш жасаған мемлекеттік органды қоса алғанда, бастамашыны білдіреді;
(l) "Уағдаласушы Тараптардың конференциясы" Конвенцияның 22-бабында көрсетілген органды білдіреді;
(m) "Хатшылық" Конвенцияның 23-бабында көрсетілген органды білдіреді.
2-бап. Мақсаты
Осы Хаттаманың мақсаты теңіз ортасы мен теңізге жақын орналасқан құрлықтың ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін, оның биологиялық әралуандығын сақтауға және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға әрі адам денсаулығын қорғауға жәрдем көрсету үшін трансшекаралық контексте теңіз ортасына және теңізге жақын орналасқан құрлыққа айтарлықтай трансшекаралық әсер етуі мүмкін кез келген жоспарланып отырған қызметтің тиімді әрі ашық ҚОӘБ рәсімдерін жүргізу болып табылады.
3-бап. Қолданылу саласы
Конвенцияның 3-бабына сәйкес осы Хаттама Каспий теңізі деңгейінің ауытқуын және жерүсті көздерінен ластануын ескере отырып, теңіз ортасына қолданылады.
4-бап. Жалпы ережелер
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға 2-қосымшада қамтылған өлшемдерді ескере отырып, осы Хаттамаға оған 1-қосымшада санамаланған жоспарланып отырған қызмет жөніндегі ережелерін орындау үшін, сондай-ақ жұртшылықтың қатысуын және осы Хаттамаға 3-қосымшада сипатталған ҚОӘБ жөніндегі құжаттарды дайындауды шешетін ҚОӘБ рәсімін әзірлеу үшін қажетті заңнамалық, әкімшілік және басқа да шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға 1-қосымшада келтірілген, айтарлықтай трансшекаралық әсер туындатуы мүмкін жоспарланып отырған қызмет түрлерінің осы Хаттамаға сәйкес жоспарланып отырған қызметке рұқсат беру немесе оны жүргізу жөнінде шешім қабылдаудың алдында ҚОӘБ рәсіміне жатқызылуын қамтамасыз етеді.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптарға және Хатшылыққа өзінің хабарландыру мақсаттарына арналған байланыс пункті туралы ақпарат береді. Хабарландыру мақсаттарына арналған байланыс пункттер туралы ақпаратқа Уағдаласушы Тараптар Хатшылық арқылы электронды немесе басқа да кез келген қолайлы түрде қол жеткізе алуы тиіс.
4. Мүдделі Тараптар осы Хаттамаға сәйкес ҚОӘБ рәсімінің бастапқы сатысынан бастап жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне жұртшылықтың тиімді қатысуын қамтамасыз етеді.
5. Осы Хаттамаға сәйкес мүдделі Тараптар шығу Тарапының жұртшылығына және қозғалатын Тарап жұртшылығына жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсімдеріне қатысу үшін тең мүмкіндіктер береді және оған ҚОӘБ мәселелері бойынша қолдау мен консультациялар көрсетеді.
6. Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарды, ұлттық қауіпсіздік мүддесіндегі ұйғарымдарды немесе әкімшілік ережелерді қолдану құқығын қозғамайды.
7. Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманың қолданылу аясына түсетін мәселелерге қатысты қосымша шараларды қолдау немесе ұсыну құқығын қозғамайды.
8. Осы Хаттаманың ережелері трансшекаралық контексте ҚОӘБ қатысты халықаралық құқыққа сәйкес Уағдаласушы Тараптардың кез келген міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
5-бап. Хабарлама
1. Осы Хаттамаға 1-қосымшада көрсетілген жоспарланып отырған қызмет түріне қатысты шығу Тарапының құзыретті органы айтарлықтай трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызмет туралы ақпарат алғаннан кейін байланыс пункті арқылы, өзінің ойынша, әлеуетті қозғалатын Тарап болуы мүмкін кез келген Уағдаласушы Тарапты және басқа Уағдаласушы Тараптарды хабардар ету үшін Хатшылықты мейлінше ертерек хабардар етеді.
2. Хабарлама, өзгелерімен қатар:
a) хабардар ету сәтінде қолжетімді болған жоспарланып отырған қызметтің ықтимал трансшекаралық әсері туралы ақпарат пен оған қатысты ықтимал шешімдердің сипатын қамтитын жоспарланып отырған қызмет туралы ақпаратты;
b) қозғалатын Тараптың осы хабарламаға жауап жіберуі үшін қолайлы, бірақ ағылшын және орыс тілдеріндегі хабарламаларды алғаннан кейін кемінде 30 күн болатын мерзімді;
с) ҚОӘБ рәсімінің келесі сатыларын жүргізу мерзімдерін және атап айтқанда осы Хаттаманың 6, 7 және 8-баптарында айқындалғандарын көрсете отырып, көзделіп отырған ҚОӘБ рәсіміне қатысты ақпаратты қамтиды.
3. Шығу Тарапы хабарламадағы құжаттаманы ағылшын немесе орыс тіліне аудармасымен бірге мемлекеттік тілде ұсынады. Хатшылық құжаттаманы тиісінше ағылшын немесе орыс тіліне аударуды қамтамасыз етеді.
4. Шығу Тарапының құзыретті органы хабарламаны қозғалатын Тарапты хабардар ету мақсатында байланыс пунктінің және Хатшылықтың алуын қамтамасыз етеді.
5. Қозғалатын Тараптың құзыретті органы шығу Тарапының құзыретті органына жауап жібереді және хабарламада айқындалған мерзім ішінде өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниеті бар-жоғын көрсете отырып, Хатшылықты хабардар етеді.
6. Егер қозғалатын Тарап өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниетінің жоқ екенін көрсетсе немесе ол хабарламада айқындалған мерзім ішінде жауап бермесе, онда осы Хаттаманың 7-бабының 3 (b) тармағына сәйкес шығу Тарапының Хатшылыққа ҚОӘБ жөніндегі құжаттаманы жіберу бойынша міндеттемесін қоспағанда, осы Хаттаманың осы бабының 7 - 8-тармақтарының және 6 - 11-баптарының ережелері қолданылмайды.
7. Егер қозғалатын Тарап жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға өзінің ниеттенгенін көрсетсе, онда ол шығу Тарапына өзінің хабарламаға жауабында немесе бұдан кейін дереу:
а) қозғалатын Тараптағы қоғамдық консультациялар рәсімі туралы тиісті ақпаратты;
b) ол туындаған жағдайда ҚОӘБ жөніндегі зерттеулерде шешілуі мүмкін ерекше мәселелер туралы сұратуды; және
(с) осы тармақтың (b) тармақшасында баяндалған мәселелер бойынша қолда бар қолжетімді ақпараттың қысқаша мазмұнын ұсынады.
8. Егер мұндай ақпарат ҚОӘБ жөніндегі құжаттаманы дайындау үшін қажет болса, шығу Тарапының сұратуы бойынша қозғалатын Тарап ықтимал қозғалуы мүмкін қоршаған орта туралы ақылға қонымды қолжетімді кез келген ақпаратты ұсынады.
9. Егер қандай да бір Уағдаласушы Тараптың жоспарланып отырған қызмет нәтижесінде өзінің айтарлықтай трансшекаралық әсерге ұшырауы мүмкін деп санауына салмақты негіздер болса және егер осы баптың 1-тармағына сәйкес хабарлама болмаса, шығу Тарапы осындай Уағдаласушы Тараптың осындай сұратуына сәйкес оның ҚОӘБ рәсіміне қатысатын-қатыспайтынын айқындау үшін оған жеткілікті ақпарат ұсынады.
6-бап. Мүдделі Тараптар арасындағы байланыс
1. Мүдделі Тараптардың құзыретті органдары:
(а) қоғамдық консультациялар жүргізу мақсаты мен қозғалатын Тараптың құзыретті органының қарауы үшін ұсынылатын кез келген ақпаратты қоса алғанда, ҚОӘБ құжаттамасының қажетті форматы мен тіл(дер)іне;
(b) мүдделі Тараптардың құзыретті органдары мен жобаны әзірлеушінің рөлін қоса алғанда, мүдделі Тараптар арасындағы қарым-қатынас бойынша нақты іс-шараларға;
(с) және қозғалатын Тараптың ҚОӘБ бойынша құжаттамасын қараудың тоқсан күннен аспайтын мерзіміне қатысты консультациялар өткізеді және келісімге келеді.
2. Мүдделі Тараптар қажет болған жағдайда осы Хаттаманың міндеттерін орындау жөніндегі өзара іс-қимыл тәсілдерін келіседі.
7-бап. ҚОӘБ құжаттамасының жобасын дайындау және жіберу
1. Шығу Тарапының ұлттық заңнамасы мен практикасына сәйкес ҚОӘБ жүргізу жүзеге асырылады және осы Хаттаманың 5-бабының 7-тармағына сәйкес қозғалатын Тарап көтеретін барлық сұрақтарға неғұрлым толық жауап береді.
2. Шығу Тарапы қоғамдық консультациялар жүргізу және қозғалатын Тараптың құзыретті органының қарауы үшін жобаны әзірлеушінің ҚОӘБ бойынша құжаттаманың жобасын дайындауын қамтамасыз етеді. Осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес ҚОӘБ бойынша құжаттама мүдделі Тараптар арасындағы келісілген формат пен тіл(дер)де ұсынылады және қозғалатын Тарап осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес сұрататын ақпаратқа қосымша, кем дегенде, 3-қосымшада аталған тармақтарды қамтиды.
3. Шығу Тарапы ҚОӘБ құжаттамасының жобасын:
(а) қозғалатын Тараптың құзыретті органына; және
(б) қандай да бір Уағдаласушы Тараптың сұратуы бойынша осы ақпаратты ұсынуы үшін Хатшылыққа жібереді.
8-бап. ҚОӘБ құжаттамасын қарау және қоғамдық консультациялар өткізу
1. Мүдделі Тараптар осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес, ықтимал әсер ету аудандарындағы жұртшылықты:
(а) жоспарланып отырған қызметке;
(b) ҚОӘБ құжаттамасы жобасының қолжетімділігіне; және
(с) жұртшылықты хабардар ету немесе басқа да тиісті шаралар арқылы қоғамдық консультациялар өткізу мүмкіндігі мен рәсіміне қатысты хабардар етуді қамтамасыз етеді.
2. Мүдделі Тараптар ҚОӘБ құжаттамасы жобасының ашық әрі жұртшылық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Жарияланған нұсқа жұртшылық үшін қолжетімді жерлерде болуға тиіс.
3. Мүдделі Тараптар ықтимал әсер ету аудандарындағы жұртшылыққа мүдделі Тараптардың құзыретті органдарына жоспарланып отырған қызмет жөнінде түсінік жіберу мүмкіндігін береді. Түсініктер шығу Тарапының құзыретті органына немесе осы Хаттаманың 6-бабының 1 (b) тармағына сәйкес келісілгендей жіберіледі.
4. Қозғалатын Тараптың құзыретті органы қарауды жүргізіп, осы Хаттаманың 6-бабының 1 (с) тармағына сәйкес шығу Тарапы айқындайтын мерзім ішінде ҚОӘБ жөніндегі құжаттамасының жобасы бойынша ескертулер береді және өз ескертулерін шығу Тарапының құзыретті органына жібереді.
5. Шығу Тарапы жобаны әзірлеушінің:
(а) алынған ескертулерді жинақтауын және қажет болған жағдайда аударуды жүзеге асыруын;
(b) талап етілетін жерде одан әрі зерттеу жүргізуін; және
(с) жұртшылықтан және қозғалатын Тараптардың құзыретті органдарынан алынған ескертулерді ҚОӘБ жөніндегі түпкілікті құжаттамаға қосуын және бұл ескертулер қандай түрде назарға алынғанын түсіндіруін қамтамасыз етеді.
9-бап. Мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар
1. Жоспарланып отырған қызмет бойынша түпкілікті шешім қабылдаудан бұрын, қозғалатын Тараптың сұратуы бойынша шығу Тарапы қозғалатын Тараппен өзгесімен қатар, ықтимал трансшекаралық келеңсіз әсерді азайту жөнінде консультациялар өткізеді.
2. Мүдделі Тараптар осындай консультациялардың бастапқы сатысында қолайлы уақыт аясының шегінде олардың ұзақтығы туралы мәселені келіседі.
10-бап. Жоспарланып отырған қызметті іске асыру
жөнінде түпкілікті шешім қабылдау
1. Шығу Тарапының құзыретті органы ҚОӘБ жөніндегі түпкілікті құжаттаманы қарау және жоспарланып отырған қызмет жөнінде түпкілікті шешім қабылдау кезінде осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес алынған ескертулерді назарға алады.
2. Шығу Тарапының құзыретті органы қозғалатын Тараптың құзыретті органына және Хатшылыққа алынған ескертулердің қалай ескерілгені туралы ақпаратты қоса алғанда, жоспарланып отырған қызмет жөніндегі түпкілікті шешімді оған негіз болған себептермен және түсініктермен бірге ұсынады.
3. Мүдделі Тараптар жоспарланып отырған қызмет жөніндегі түпкілікті шешім туралы ақпарат пен алынған ескертулер қалай ескерілгені туралы ақпаратқа осы Хаттаманың 8-бабының 3-тармағына сәйкес ескерту бергендердің қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
11-бап. Жобалаудан кейінгі талдау
1. Осы Хаттамаға сәйкес оған қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау жүзеге асырылатын қызметтің айтарлықтай келеңсіз трансшекаралық ықтимал әсерін ескере отырып, мүдделі Тараптар олардың біреуінің өтініші бойынша мониторингті қоса алғанда, жобалаудан кейінгі талдау қандай шамада жүргізілетінін айқындайды.
2. Жобалаудан кейінгі кез келген талдау:
(а) рұқсатта баяндалған немесе осы қызметті бекіту кезінде айтылған шарттардың сақталуын және әсерді азайту жөніндегі шаралардың тиімділігін бақылау;
(b) тиісті басқару деңгейін және белгісіздік жағдайларында іс-қимылға әзірлікті қамтамасыз ету мақсатында әсер түрлерін талдау;
(с) алынған тәжірибені болашақта осыған ұқсас қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдалану үшін бұрынғы болжамдарды тексеру мақсатына қол жеткізу үшін жүргізіледі.
3. Егер жобалаудан кейінгі талдау жүргізу нәтижесінде Уағдаласушы Тараптарының бірінің айтарлықтай келеңсіз трансшекаралық әсер орын алып отыр деп санауына жеткілікті негізі болса немесе осындай әсерге алып келуі мүмкін факторлар анықталса, ол бұл туралы басқа Уағдаласушы Тараптар мен Хатшылықты дереу хабардар етеді. Бұл жағдайда мүдделі Тараптар дереу консультациялар өткізеді және әсерді азайту немесе жою мақсатында қажетті шараларды қабылдайды.
12-бап. Баяндамаларды ұсыну
Әрбір Уағдаласушы Тарап Хатшылыққа Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында айқындалғандай нысанда және мерзімділікпен осы Хаттама ережелерінің орындалуы туралы баяндама ұсынады.
13-бап. Ұйымдық ережелер
1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 22-бабының 10-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы, өзгелерімен қатар:
(а) осы Хаттаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
(b) осы Хаттамаға үнемі шолуды жүзеге асырады;
(с) осы Хаттамаға қосымшаларды қарайды және қабылдайды;
(d) осы Хаттамаға немесе оның қосымшаларына түзетулерді қарайды және қабылдайды;
(е) Хатшылық осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша беретін есептерді қарайды;
(f) осы Хаттаманы орындау үшін қажет болуы мүмкін қосалқы органдарды құрады;
(g) қажет болған жағдайда, осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін тиісті халықаралық ұйымдар мен ғылыми институттарға техникалық және қаржы қызметтері үшін жүгінеді;
(h) осы Хаттаманы орындау үшін талап етілуі мүмкін кез келген қосымша функцияларды жүзеге асырады.
2. Конвенцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес Хатшылық, өзгелерімен қатар:
(а) Уағдаласушы Тараптарға байланыс пункттеріне қатысты ақпаратты Каспий маңы мемлекеттеріне хабарлау үшін электронды немесе басқа да ыңғайлы кез келген түрде береді;
(b) мыналарды қоса алғанда, осы Хаттаманы орындау барысында алынған, шығу Тарапы берген ақпаратты алады және электронды немесе кез келген басқа ыңғайлы түрде:
(І) осы Хаттаманың 5-бабының 3-тармағына сәйкес жоспарланған қызметке қатысты хабарламаны;
(ІІ) осы Хаттаманың 7-бабының 3-тармағына сәйкес шығу Тарапы берген ҚОӘБ жөніндегі құжаттаманы; және
(III) осы Хаттаманың 10-бабының 2-тармағына сәйкес алынған ескертулер қалайша ескерілгені туралы ақпаратты қоса алғанда, себептерімен және түсініктерімен бірге жоспарланып отырған қызмет бойынша түпкілікті шешімді таратады;
(c) осы Хаттаманы орындауға байланысты мәселелер бойынша есептерді дайындайды және таратады;
(d) Уағдаласушы Тараптардан алынатын сұрақтар мен ақпаратты қарайды және олармен осы Хаттаманы орындаумен байланысты мәселелер жөнінде олармен консультациялар өткізеді;
(е) мүмкіндігінше Уағдаласушы Тараптар арасында ақпаратпен алмасуға жәрдемдеседі және Уағдаласушы Тараптарға осы Хаттаманың ережелерін орындау бойынша көмек көрсетеді;
(f) кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Хаттаманы тиімді орындау үшін техникалық жәрдемдесуді және консультацияларды қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
(g) өңірлік және халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен тиісінше ынтымақтасады; және
(h) Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында айқындалуы мүмкін басқа да функцияларды орындайды.
14-бап. Хаттаманы қаржыландыру
1. Осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін Уағдаласушы Тараптар мүмкіндігінше тиісті бағдарламаларды, жобаларды және шараларды әзірлеуді және жүзеге асыруды қаржылай қамтамасыз етеді. Бұл үшін Уағдаласушы Тараптар:
(а) осы мақсаттар үшін көзделген ішкі қаржы ресурстарын бөледі;
(b) гранттар мен несиелерді қоса алғанда, екіжақты және көпжақты көздердің қаржы ресурстары мен қаржыландыру тетіктерін тартуға жәрдемдеседі; және
(с) басқа мемлекеттердің үкіметтік мекемелері, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке сектор құрылымдары қорларының қаражатын қоса алғанда, ресурстар тарту және бағыттау үшін инновациялық әдістер мен ынталандыру шараларын зерделейді.
2. Егер Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы басқа шешім қабылдамаса, осы Хаттамаға Конвенцияның mutatis mutandis қаржылық қағидалары қолданылады.
3. Осы Хаттамада қамтылған қызметтің барлық түрі және оларды жүзеге асыру Уағдаласушы Тараптардың бюджеттерінде көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ өздерінің ұлттық заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден қаржыландырылады.
15-бап. Дауларды реттеу
Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты кез келген дау Конвенцияның 30-бабына сәйкес шешіледі.
16-бап. Хаттаманы қабылдау және оның күшіне енуі
1. Осы Хаттаманы Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясында Уағдаласушы Тараптар бір ауыздан қабылдады.
2. Осы Хаттама ____________ қаласында _______ - дейін Каспий маңы мемлекеттерінің ғана қол қоюы үшін ашық.
3. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады және қол қоюға жабылған күнінен бастап, кез келген Каспий маңы мемлекетінің қосылуы үшін ашық болады.
4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттар Конвенцияның Депозитарийіне тапсырылады.
5. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы ратификациялау, қабылдау, бекіту және оған қосылу жөніндегі құжаттарды сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
17-бап. Осы Хаттамаға түзетулер мен ұсыныстарды
және оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау
Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға түзетулер мен қосымшалар, сондай-ақ оның қосымшаларына түзетулер қабылдау туралы ұсыныстар енгізе алады. Мұндай түзетулер мен қосымшаларды Уағдаласушы Тараптар қабылдайды және олар үшін Конвенцияның 24, 25 және 34-баптарына сәйкес күшіне енеді.
18-бап. Хаттаманың ұлттық заңнамаға әсері
Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманы орындау үшін неғұрлым қатаң тиісті ұлттық шаралар қабылдау құқығына әсер етпейді.
19-бап. Өзге де халықаралық шарттармен байланысы
Осы Хаттамадағы еш нәрсе Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
20-бап. Ескертулер
Осы Хаттамаға ешқандай ескертулерге жол берілмейді.
21-бап. Депозитарий
Осы Хаттаманың, Депозитарийі Конвенцияның Депозитарийі болып табылады.
22-бап. Дәлме-дәл мәтіндер
Осы Хаттаманың әзірбайжан, қазақ, орыс, түркімен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіндері тең дәлме-дәл болып табылады. Осы Хаттаманы түсіндіру немесе қолдану туралы даулар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.
23-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі
жөніндегі келіссөздерге қатысы
Осы Хаттаманың ешбір ережесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын ала айқындайтындай түсіндірілмейді.
Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
қаласында 2011 жылғы жасалды
Әзірбайжан Республикасы үшін
Иран Ислам Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Түркіменстан үшін
Каспий теңізінің теңіз ортасын
қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға қоршаған ортаға
трансшекаралық контексте әсер етуді
бағалау жөніндегі Хаттамасына
1-ҚОСЫМША
Қызмет түрлерінің тізбесі
1. Мұнай өңдеу зауыттары (шикі мұнайдан жағар материалдарын ғана өндіретін кәсіпорындарды қоспағанда) және өнімділігі күніне 500 т. немесе одан көп болатын көмірді немесе битуминоздық тақтатастарды газдандыруға және сұйылтуға арналған қондырғылар.
2. (а) жылу қуаты 300 мВт немесе одан жоғары жылу станциялары мен сұйылтуға арналған басқа да қондырғылар, сондай-ақ
(b) атом станциялары және басқа атом реакторлары, мұндай электр станцияларын немесе реакторларды1 бөлшектеуді немесе пайдаланудан шығаруды қоса алғанда (ең жоғары қуаты 1 кВт тұрақты жүктемеден аспайтын ыдыратқыш және ұдайы өндірілетін материалдарды өндіру және конверсиялау арналған зерттеу қондырғыларын қоспағанда).
3. Ядролық отынды өндіруге немесе байытуға, пайдаланылған ядролық отынды регенерациялауға және сақтау немесе радиоактивті қалдықтарды сақтауға, көмуге және қайта өңдеуге ғана арналған қондырғылар.
4. Доменді және болат балқыту өндірісіне және түсті металдарды балқытуға арналған ірі қондырғылар.
5. Асбест және асбесті өңдеу мен қайта өзгерту және асбесі бар өнімдерді шығару үшін: жылдық өндіру 20 000 т. дайын өнімнен асатын - асбест-цементті өнімдерге қатысты; жылдық өндіру 50 т. дайын өнімнен асатын - фрикциялық материалдарға қатысты; жылына 200 т. пайдаланатын - асбесті қолданудың басқа да түрлеріне қатысты қондырғылар.
6. Химия және мұнай-химия кәсіпорындары.
7. Автомагистральдарды, жылдамдықты жолдарды2, алысқа қатынайтын темір жолдарды және ілеспе көпірлерді және негізгі ұшу-қондыру жолағының ұзындығы 2100 метр және одан да асатын әуежайларды салу, реконструкциялау және/немесе кеңейту.
8. Мұнай мен газды, мұнай өнімдерін немесе химиялық заттарды тасымалдауға арналған магистральды құбырлар.
9. Сауда порттары, сондай-ақ ішкі су жолдары мен су сыйымдылығы 1350 тоннадан асатын кемелердің өтуіне мүмкіндік беретін кеме жүретін ішкі жолдарға арналған порттар.
10. Қалдықтарды өртеу, химиялық өңдеу жолымен жою және қалдықтарды көму объектілері.
11. Ірі бөгендер мен су қоймалары.
12. Егер алынатын немесе толтырылатын судың жылдық көлемі 10 млн. текше метрге жеткен немесе одан да асқан жағдайда жерасты суларын жинау жөніндегі қызмет немесе жерасты суларын жасанды жолмен толтыру жүйесі.
13. Целлюлоза, ауамен құрғатылған күніне 200 т. немесе одан астам қағаз және картон алу өндірісі.
14. Ірі карьерлер және металл рудалары немесе көмір өндірілетін жерлердегі кендерді ірі ауқымда ашық өндіру, шығару және байыту.
15. Континентальды қайраңда көмірсутектерін өндіру. Мұнай болған жағдайда алынатын көлемі күнінен 500 т-дан және газ болған жағдайда 500 000 м3-ден асатын коммерциялық мақсатта мұнай және газ өндіру.
16. Мұнай, мұнай-химия және химия өнімдерін сақтайтын ірі қоймалар.
17. Үлкен алаңдарда орманның жойылуы.
18. (а) су ресурстарын өзен бассейндері арасында арнасын бұру жөніндегі жұмыстар, мұндай арнасын бұру судың жетіспей қалу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған және бұратын судың көлемі жылына 100 млн. м3-ден аспайды; және
(b) басқа барлық жағдайда су ресурстарын жылына 2 000 млн. м3-ден асатын бассейннен су алуды көпжылдық орташа ағыны бар өзен бассейндері арасында бұру жөніндегі жұмыстар, бұл жағдайда бұратын су көлемі осы ағынның 5 %-нан асады. Екі жағдайда да су құбырындағы ауыз суды бұруға болмайды.
19. Өнімділігі халық санының 150 000 адам мөлшеріне барабар жерлерде ағынды суларды тазалауға арналған қондырғылар.
20. Микробиологиялық және биотехнологиялық өнеркәсіп кәсіпорындары және қоршаған ортаға гендік-түрлендірілген организмдерді шығару.
21. Құрлық учаскелерін жасанды түрде ұлғайту және аралдар, қос және рифтер жасау.
Ескертпелер.
1 2 "b" позициясы бойынша. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін атом станциялары мен басқа атом реакторлары, барлық ядролық отын және басқа да радиоактивті ластанған элементтер қондырғының өнеркәсіптік алаңынан түпкілікті жойылған жағдайда, мұндай қондырғы болмайтын болады.
2 7-позиция бойынша. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
"Автомагистраль" термині жол төңірегіндегі қоныстарға қызмет көрсетпейтін, автокөлік құралдарының қозғалысы арнайы салынған және олардың жүруіне арналған жолды білдіреді және онда:
(a) жекелеген орындарды немесе уақытша шектеулерді қоспағанда, жүруге арналмаған немесе ерекше жағдайларда басқа құралдармен жүруге арналған, бір-бірінен бөліп тұрған жолақпен бөлінген, екі бағытта жүруге арналған жекелеген жүру бөліктері болады;
(b) жолдармен, темір жолдармен немесе трамвай жолдарымен және жаяу жүргіншілер жолдарымен бір деңгейде кесіп өтетін жерлері болмайды; және
(c) автомагистральдар ретінде арнайы белгіленеді.
"жылдамдықты жол" термині оған кіру айырықтар немесе реттеп отыратын түйісу жолдары арқылы ғана мүмкін болатын және атап айтқанда, онда тоқтауға және жүретін бөлігінде (жүретін бөліктерінде) аялдауға тыйым салынған, көлік құралдарының жүруіне арналған жолды білдіреді.
3 Осы Хаттаманың мақсаттары үшін "аэропорт" термині Халықаралық азаматтық авиация ұйымын құратын 1944 жылғы Чикаго конвенциясындағы анықтамаға сәйкес келетін аэропорт (14-қосымша).
Каспий теңізінің теңіз ортасын
қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға қоршаған ортаға
трансшекаралық контексте әсер етуді
бағалау жөніндегі Хаттамасына
2-ҚОСЫМША
Елеулі трансшекаралық әсерді айқындауға ықпал ететін өлшемдер
ТІЗБЕСІ
Мүдделі Тараптар қызметтің елеулі келеңсіз трансшекаралық әсері, атап айтқанда, мынадай өлшемдердің бірінің немесе бірнешеуінің негізінде әсері бола ма деген мәселені қарай алады:
(a) мөлшері: қызметтің осы тегі үшін мөлшері ауқымды болатын қызметтің жоспарланатын түрлері;
(b) орналасуы: тура ерекше экологиялық сезімтал немесе оларға жақын (1971 жылғы 2 ақпандағы Халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияда ең алдымен суда жүзетін құстардың негізгі тіршілік ету орны ретінде, айқындалған сулы-батпақты алқаптар, ұлттық парктер, табиғи қорықтар, ерекше ғылыми мүддедегі орындар немесе археологиялық, мәдени немесе тарихи маңызы бар орындар сияқты) аудандарда орналасқан, жоспарланатын қызмет түрлері; жоспарланатын әзірлемелердің сипаттамасы халыққа елеулі әсер ететін орындардағы жоспарланатын қызмет түрлері;
(с) әсер етуі: адамға немесе құнды түрлерге немесе организмдерге айтарлықтай әсер ету тәуекелін ұлғайтатын, қозғалатын ауданның қазіргі немесе ықтимал пайдалануын қатер төндіретін және қоршаған ортаның қазіргі әлеуетін шыдамауы мүмкін қосымша шығарындылардың себебі болып табылатын қызмет түрлерін қоса алғанда, ерекше кешенді және әлеуетті келеңсіз әсер етуімен жоспарланатын қызмет түрлері.
Каспий теңізінің теңіз ортасын
қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға қоршаған ортаға
трансшекаралық контексте әсер етуді
бағалау жөніндегі Хаттамасына
3-ҚОСЫМША
Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманың ең аз мазмұны
Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсер етуді бағалау туралы құжаттамаға қосылуы тиіс ақпарат, кемінде мыналарды қамтуы тиіс:
(а) жоспарланатын қызметті сипаттау және оның мақсаттары;
(b) сипаттау, қажет болғанда жоспарланатын қызметтің ақылға қонымды баламалары (мысалы, географиялық немесе технологиялық сипаттағы), оның ішінде қызметтен бас тарту нұсқасын сипаттау;
(с) жоспарланатын қызмет немесе оның балама нұсқалары айтарлықтай қозғауы мүмкін қоршаған ортаның элементтерін сипаттау;
(d) жоспарланатын қызметтің және оның балама нұсқаларының қоршаған ортаға әсерінің ықтимал түрлерін сипаттау және олардың ауқымын бағалау;
(е) қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайтуға бағытталған алдын алу шараларын сипаттау;
(f) болжамдау әдістерін және осылардың негізінде жатқан бастапқы ережелерді нақты көрсету, сондай-ақ қоршаған орта туралы пайдаланылатын тиісті деректер;
(g) білімдегі олкылықтарды және талап етілетін ақпаратты дайындау кезінде табылған белгісіздіктерді анықтау;
(h) қажет болғанда, мониторинг және басқару бағдарламаларының және жобалық талдаудан кейін барлық жоспарлардың қысқаша мазмұны; және
(і) техникалық емес сипаттағы, қажет болғанда материалдар ұсынудың көрнекі құралдарын (карталар, кестелер және т.б.) пайдалана отырып берілетін резюме.