Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 желтоқсандағы N 97 Заңы

      Тегеранда 2003 жылғы 4 қарашада жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

2-қосымша   

  КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТЕҢІЗ ОРТАСЫН ҚОРҒАУ
ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗДЕМЕЛІК КОНВЕНЦИЯ  <*>

(2006 жылғы 12 тамызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2006 ж., N 6, 44-құжат)

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын, Каспий өңірі мемлекеттері,
      Әзербайжан Республикасы,
      Иран Ислам Республикасы,
      Қазақстан Республикасы,
      Ресей Федерациясы,
      Түркменстан:
      Төгінділерді, шығарындылар мен теңізде және құрлықта орналасқан көздерден қауіпті, зиянды және басқа да ластағыш заттар мен қалдықтарды қоса алғанда, антропогенді қызметтің нәтижесі болып табылатын түрлі көздерден оның ластануы салдарынан Каспий теңізінің теңіз ортасы жай-күйінің нашарлауын атай отырып;
      Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қазіргі және болашақ ұрпақ үшін сақтауға деген шынайы орындаушылық шешімі;
      Құрлықтағы қызметтің Каспий теңізінің теңіз ортасына залал келтірмеуін қамтамасыз ету қажеттілігін мойындай отырып;
      Каспий теңізінің теңіз ортасы және теңіз деңгейінің ауытқу проблемасына байланысты оның бірегей гидрографикалық және экологиялық сипаттамалары үшін қауіптің төнуін мойындай отырып;
      Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғаудың маңыздылығын растай отырып;
      Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау және сақтау мақсатында Уағдаласушы Тараптардың өзара және тиісті халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуының маңыздылығын мойындай отырып;
      Мыналар туралы УАҒДАЛАСТЫ:

       I. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Терминдердің пайдаланылуы

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін төмендегілер мынаны білдіреді:
      "Іс-қимыл жоспары" - Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғауға және тұрақты дамытуға арналған іс-қимыл жоспары;
      "Төгінді" - теңіз ортасына кемелерден, ұшу аппараттарынан, платформалардан немесе Каспий теңізіндегі басқа да жасанды салынған конструкциялардан қалдықтарды немесе басқа да материалдарды әдейі аластау не кемелерді, ұшу аппараттарын, платформаларды немесе Каспий теңізіндегі басқа да жасанды салынған конструкцияларды әдейі көму;
      "Қауіпті зат" - егер, олар айрықша тұрақты болса, улы, канцерогенді, мутагенді, тератогенді немесе биоаккумулятивті болып табылатын заттар;
      "Ұлттық орган" - осы Конвенцияны және оның хаттамаларын орындау жөнінде осы Уағдаласушы Тараптың іс-әрекеттерін үйлестіретін әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындаған органы;
      "Ластану" - биологиялық ресурстар мен теңіз организмдеріне зиян ретінде адам денсаулығына қауіп төндіретін және Каспий теңізіндегі түрлерді заңды пайдалану үшін кедергі жасайтын қатерлі зардаптарға әкелетін немесе әкелуі мүмкін заттарды немесе энергияларды адамның тікелей немесе жанама түрде әкелуі;
      "Жер үсті көздерінен ластану" - ластайтын заттардың су немесе әуе жолымен, не тікелей жағалаудан, немесе тоннель, құбыр арқылы, не өзге де жолмен кез келген түрде аластау нәтижесінде түсіп, құрлықта жатқан барлық нүктелі және шоғырланған көздерінен ластануы;
      "Төтенше экологиялық жағдай" - Каспий теңізінің теңіз ортасына залал немесе сөзсіз қауіп төндіретін немесе басқа да зиян келтіретін және табиғи апаттың немесе антропогендік қызметтің нәтижесінде туындайтын авариялардың нәтижесі болып табылатын жағдай;
      "Өндірістік авария" - өндірістік объектідегі, мысалы, өндіру, пайдалану, сақтау, ауыстыру немесе аластау барысында не осындай заттарды тасымалдау кезіндегі қауіпті және зиянды заттармен байланысты кез келген қызмет барысындағы бақыланбаған өзгерістердің нәтижесінде туындайтын оқиға;
      "Кеме" - теңіз ортасында пайдаланылатын кез келген үлгідегі кеме, оның ішінде ауа жастықтарындағы кеме, сүңгуір қанатты кеме, су асты кемесі, тіркемелі және өздігінен жүзетін құралдар, сондай-ақ платформалар және теңіздегі басқа да жасанды салынған конструкциялар;
      "Инвазивті түрлер-жаратылыстар" - пайда болуы мен таратылуы экожүйеге немесе Каспий теңізінің биологиялық ресурстарына экономикалық немесе экологиялық залал келтіруі мүмкін түрлер-жаратылыстар.

       2-бап. Мақсаты

      Осы Конвенцияның мақсаты Каспий теңізінің ортасын, оның биологиялық ресурстарын қорғау, сақтау, қалпына келтіру, тұрақты және ұтымды пайдалануды қоса алғанда, ластанудан қорғау болып табылады.

       3-бап. Қолданылу саласы

      Осы Конвенция Каспий теңізінің теңіз ортасына оның деңгейінің ауытқуы мен жер үсті көздерінен ластануы ескеріле отырып қолданылады.

       ІІ. ЖАЛПЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

       4-бап. Жалпы міндеттемелер

      Уағдаласушы Тараптар:
      (а) Каспий теңізінің ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін барлық қажетті шараларды дербес немесе бірлесіп қабылдайды;
      (b) Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау, сақтау және қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды дербес немесе бірлесіп қабылдайды;
      (с) Каспий теңізі ресурстарын оның теңіз ортасына залал келтірмейтіндей етіп пайдаланады;
      (d) осы Конвенцияның мақсатына қол жеткізу үшін бір-бірімен және халықаралық құзыретті органдармен ынтымақтасады.

       5-бап. Қағидаттары

      Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияның мақсатына қол жеткізу және оның ережелерін орындау үшін өздерінің іс-әрекеттерінде, оның ішінде:
      (а) Каспий теңізінің теңіз ортасы үшін маңызды қауіп төнген немесе қайтымсыз залал болған кезде осыған сәйкес сақтық шараларын қабылдау қағидаты, осындай залалдың алдын алу жөнінде экономикалық тиімді шараларды кейінге қалдыру үшін толық ғылыми сенімділіктің болмауына сілтеме жасау себеп ретінде пайдаланылмайды;
      (b) Каспий теңізі теңіз ортасының ластануын болдырмау, бақылау және азайту шараларын жүзеге асыру жөніндегі шығыстарды ластағыштың туындауына сәйкес "ластаушы төлейді" қағидатын;
      (с) Уағдаласушы Тараптар барынша толық көлемде бір-біріне тиісті ақпарат беретін Каспий теңізінің теңіз ортасы ластануы туралы ақпараттың қол жетерлік қағидатын басшылыққа алады.

       6-бап. Ынтымақтасу міндеттері

      Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияны орындау үшін қосымша шараларды, рәсімдерді және стандарттарды белгілейтін хаттамаларды әзірлеу негізінде екі жақты және көп жақты негізде ынтымақтасады.

       ІІІ. ЛАСТАНУДЫ БОЛДЫРМАУ, АЗАЙТУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ

       7-бап. Жер үсті көздерінен ластану

      1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің жер үсті көздерінен ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін шаралар қолданады.
      2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің жер үсті көздерінен ластануын болдырмау, азайту және бақылау жөнінде қосымша шаралар белгілейтін осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуде ынтымақтасады. Мұндай хаттамаларға, соның ішінде мынадай:
      (а) ластағыш заттарды шығаратын көздерді болдырмау, азайту және бақылауға арналған аз қалдықты және қалдықсыз технологияларды қолдану;
      (b) жер үсті көздерінен ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін Уағдаласушы Тараптардың ұлттық органдарының ағынды су төгінділерін лицензиялауы;
      (с) ағынды су төгінділерін лицензиялау кезінде экологиялық негізделген технологияларды енгізу;
      (d) Каспий теңізі суларының немесе экожүйесінің жай-күйі осыны талап еткен жағдайларда, осы Конвенцияға қосымша хаттамалармен осы тармақтың (b) және (с) тармақшаларында көзделгеннен барынша қатаң талаптар белгіленуі;
      (е) қалалық ағынды суларды, оның ішінде ол қажет жерлерде кезең-кезеңімен тазартудың әр түрін қолдану;
      (f) коммуналдық және өндірістік көздерден органикалық заттардың ағынын азайту үшін қолда бар ең озық технологияларды пайдалану;
      (g) шоғырланған көздердің органикалық, оның ішінде ауыл шаруашылығында барларын қоса алғанда, қауіпті заттардың ағынын азайту үшін қолда бар ең озық тәсілдерді пайдалану;
      (h) Каспий теңізінің теңіз ортасына теріс әсер етуін тоқтатпаған құрлықтағы ластау көздерін консервациялау және толық жою шараларын қамтуы мүмкін.
      3. Егер, екі немесе одан көп Уағдаласушы Тараптардың немесе олардың арасында шекара құрайтын аумақ арқылы ағатын ағын судан түсетін ластағыш заттар Каспий теңізін ластауы мүмкін болса, Уағдаласушы Тараптар ықтимал ластану проблемаларын анықтау және шешу үшін жауапты бірлескен органдар құрудың орындылығы жағдайын қоса алғанда, мұндай ластануларды болдырмау, азайту және бақылау жөніндегі барлық қажетті шараларды қолдануға ынтымақтасады.

       8-бап. Теңіз түбіндегі қызметке байланысты болған
               ластану

      Уағдаласушы Тараптар теңіз түбіндегі қызметтің нәтижесінде Каспий теңізінің ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін барлық қажетті шараларды қолданады. Осы мақсатта олар осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуге ынтымақтастықты қолдайды.

       9-бап. Кемелерден ластану

      Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін барлық қажетті шараларды қолданады және осы мақсатта тиісті халықаралық талаптарды ескере отырып, келісілген шараларды, рәсімдерді және стандарттарды белгілейтін осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуде ынтымақтасады.

       10-бап. Төгіндіден болған ластану

      1. Уағдаласушы Тараптар олардың туы астындағы кемелерден және олардың аумақтарында тіркелген әуе кемелерінен болған төгіндіден Каспий теңізінің ластануын болдырмау, азайту және бақылауға арналған барлық қажетті шараларды қолданады.
      2. Уағдаласушы Тараптар осы нәтижеге қол жеткізу үшін келісілген шараларды, рәсімдерді және стандарттарды белгілейтін осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуде ынтымақтасады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кемеге және әуе кемесіне теңізде күйреу немесе толық жойылу қаупі төнсе немесе кез келген жағдайда адамдардың өміріне және теңіз организмдеріне қауіп төнсе, егер төгінді мұндай қауіпті болдырмаудың бірден-бір тәсілі болса және егер төгіндіден болған залал басқа жағдайға қарағанда аз болады деп ұйғаруға барлық негіздер болса қолданылмайды. Мұндай төгінді адамдардың өмірі мен теңіз организмдеріне қауіп төнудің немесе өңірлік, құқықтық құралдарды қоса алғанда, халықаралық құралдарды қолдануға сәйкес теңізді заңды пайдалануға кедергі жасау мүмкіндігін барынша азайтуға әкелу үшін, осылайша жүзеге асырылады. Жасалған төгінді туралы Уағдаласушы Тараптарға мәлім етіледі.

       11-бап. Қызметтің өзге де түрлерінен болған ластану

      1. Уағдаласушы Тараптар жерді мелиорациялауды және осымен байланысты топырақ қазу және дамба салу жөніндегі жұмыстарды қоса алғанда, 7-10-баптарда айтылмаған қызметтің өзге де түрлерінен болған Каспий теңізінің ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
      2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің экожүйесіне теңіз деңгейінің ауытқу зардаптарын жеңілдетуге бағытталған антропогендік қызметтің теріс әсері мүмкіндігін азайту үшін барлық қажетті шараларды қолданады.

       12-бап. Инвазивті түрлердің-жаратылыстардың енгізілуін
                болдырмау, бақылау және олармен күресу

      Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізіне инвазивті түрлердің-жаратылыстардың енгізілуін болдырмау, бақылау және олармен күресу жөніндегі барлық қажетті шараларды қолданады.

       13-бап. Төтенше экологиялық жағдайлар

      1. Уағдаласушы Тараптар адамдар мен теңіз ортасын табиғи апаттардың немесе антропогенді қызметтің нәтижесінде туындайтын авариялардың зардаптарынан қорғау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, ынтымақтасады. Ол үшін қалпына келтіру бойынша шараларды қоса алғанда, болдырмау жөніндегі, дайындықты қамтамасыз ету және әрекет ету шаралары қолданылады.
      2. Алдын алу шараларын және дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында түпкі Уағдаласушы Тарап төтенше экологиялық жағдайларды болдыруы мүмкін және басқа Уағдаласушы Тарапты кез келген мұндай жоспарланған немесе жүзеге асырылатын қызмет туралы хабарлауды қамтамасыз ете алатын өзінің құқығы шегінде қызметтің қауіпті түрлерін анықтайды. Уағдаласушы Тараптар қызметтің қауіпті түрлерінің теңіз ортасына әсер етуін бағалауды жүргізуге және қатерді азайту жөніндегі шараларды іске асыруға келіседі.
      3. Уағдаласушы Тараптар өндірістік авариялар және төтенше экологиялық жағдайлар туралы алдын ала хабарлау жүйелерін құруда ынтымақтасады. Төтенше экологиялық жағдай немесе ол тежеусіз қауіп төндірген ретте аумағында осындай жағдай орын алған Уағдаласушы Тарап тиісті деңгейде және осындай әсер етуге ұшырауы мүмкін. Уағдаласушы Тараптарды кешіктірмей хабарламамен қамтамасыз етеді.
      4. Уағдаласушы Тараптар төтенше экологиялық жағдайлар кезінде, осындай шараларды қолдану үшін пайдаланылатын тиісті жабдықтар мен білікті персоналдардың болуын қоса алғанда, төтенше экологиялық жағдайларға барабар дайындықты қамтамасыз ету және сақтау жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдайды.

       IV. ТЕҢІЗ ОРТАСЫН ҚОРҒАУ, САҚТАУ ЖӘНЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

       14-бап. Биологиялық ресурстарды қорғау, сақтау,
                қалпына келтіру және ұтымды пайдалану

      1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғауға, сақтауға, қалпына келтіруге, сондай-ақ ұтымды пайдалануға ерекше назар аударады және мыналар:
      (а) адамдардың тамаққа қажеттіліктерін қанағаттандыру мен әлеуметтік және экономикалық мақсаттарға қол жеткізу кезінде экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қалпына келтіру мақсатында биологиялық ресурстардың әлеуетін дамыту мен арттыру;
      (b) тиісті экологиялық және экономикалық факторлармен және түрлердің арасындағы арасалмақты назарға ала отырып анықталатын, оларды өндірудің ең тұрақты көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін деңгейлерде теңіз түрлерінің популяцияларын сақтау немесе қалпына келтіру;
      (с) шамадан тыс пайдаланудан биологиялық түрлерді құрып кету қаупіне ұшыратпайтын осындай жағдайларды қамтамасыз ету;
      (d) балықтардың өнеркәсіптік түрлерін аулау және өнеркәсіптік емес түрлерін аулау кезінде ең аз шығынға әкелетін таңдаулы әдістері мен тәсілдерін дамытуға және қолдануға жәрдемдесу;
      (е) эндемидті, сирек және құрып кету қаупі төнген биологиялық түрлерін қорғау, сақтау және қалпына келтіру;
      (f) сирек және құрып кету қаупі төнген түрлердің, сондай-ақ әлсіз экожүйелердің биологиялық әр түрлілігі мен мекендеу ортасын сақтау үшін қолда бар озық ғылыми деректердің негізінде барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      2. Уағдаласушы Тараптар биологиялық ресурстарды қорғау, сақтау және қалпына келтіру жөніндегі қажетті шараларды жүргізу үшін осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуде ынтымақтасады.

       15-бап. Теңіз жақындығының әсерінде болатын
                құрлықтарды басқару

      Уағдаласушы Тараптар теңіз жақындығының әсерінде болатын құрлықтарды жоспарлау мен басқару бойынша ұлттық стратегиялар мен жоспарларды әзірлеу және орындау жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға ұмтылады.

       16-бап. Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы

      Уағдаласушы Тараптар қажетті ғылыми-зерттеулерді жүргізуді және Каспий теңізі деңгейінің ауытқу салдарларын жеңілдету жөнінде мүмкін болғанынша келісілген шаралар мен рәсімдерді қабылдауды белгілейтін осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуде ынтымақтасады.

       V. РӘСІМДЕР

       17-бап. Каспий теңізінің теңіз ортасына әсер етуін
                бағалау

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап Каспий теңізінің теңіз ортасына елеулі түрде теріс әсерін тигізуі мүмкін кез келген жоспарланған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуін бағалау рәсімдерін қолдану үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалаудың нәтижелерін басқа Уағдаласушы Тараптар арасында тарату жөніндегі барлық қажетті шараларды қолданады.
      3. Уағдаласушы Тараптар трансшекаралық контексінде Каспий теңізінің теңіз ортасына әсер етуін бағалау рәсімдерін белгілейтін осы Конвенцияның хаттамаларын әзірлеуде ынтымақтасады.

       18-бап. Уағдаласушы Тараптар арасындағы ынтымақтастық

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес қағидаларды, стандарттарды, ұсынылған әдістер мен рәсімдерді қалыптастыруда, әзірлеуде және үйлестіруде Каспий теңізі теңіз ортасының ластануын болдырмауға, азайтуға және бақылауға, сондай-ақ оны қорғауға, сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған әлемдік практикада жалпы танылған талаптарды ескере отырып, ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізі теңіз ортасының ластануын болдырмау, азайту және бақылау мақсатында, сондай-ақ оны қорғау, сақтау және қалпына келтіру үшін Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғауға арналған Іс-әрекет жоспарын әзірлеуде ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      3. Осы баптың 1 және 2-параграфтарында баяндалған өздерінің міндеттемелерін орындау үшін Уағдаласушы Тараптар, атап айтқанда, мыналарды:
      (а) Каспий теңізін ластайтын немесе ластауға ықпал ететін көздерді анықтау мақсатында деректер жинауды, жинақтауды және бағалауды және басқа Уағдаласушы Тараптармен тиісті ақпараттар алмасуды;
      (b) судың сапасы мен санының мониторингі бағдарламаларын әзірлеуді;
      (с) төтенше экологиялық жағдайлар кезінде әрекет ету жоспарларын әзірлеуді;
      (d) қалдық төгінділерінің, шығарындыларының және оны аластаудың нормативтерін әзірлеуді, сондай-ақ бақылау бағдарламаларының тиімділігін бағалауды;
      (е) судың сапасын анықтау нормативтері мен өлшемдерін және қолда бар судың сапасын жақсартуды қолдау және қажет ететін жерлерде жақсарту үшін қажетті шаралардың ұсынысын әзірлеуді;
      (f) ауыл шаруашылық, қалалық және өзге де суағарларды қоса алғанда, муниципалдық және өндірістік нүктелі және шоғырланған көздерден ластану салмағын азайту үшін іс-әрекеттердің үйлестірілген бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысты дербес немесе бірлесіп жүргізеді.

       19-бап. Мониторинг

      1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізі теңіз ортасының жай-күйі мониторингінің тиісті дербес және/немесе бірлескен бағдарламаларын құру және жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсайды.
      2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінде мониторингі жүзеге асырылатын ластағыш заттардың шығарындылары және шоғырындылары үшін тізбесі мен параметрлерін келіседі.
      3. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізі теңіз ортасының жай-күйін және Каспий теңізі теңіз ортасының ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалауды дербес және/немесе бірлесіп жүйелі түрде жүзеге асырады.
      4. Уағдаласушы Тараптар мониторинг бағдарламаларын, өлшеу жүйелерін, талдау әдістерін, деректерді өңдеу және деректердің сапасын бағалау әдістерін дайындау мен қолдану ережелерін үйлестіруге күш-жігер жұмсайды.
      5. Уағдаласушы Тараптар шешім қабылдау үшін негіз және мамандар, әкімшілер және халық үшін ақпарат пен білімнің жалпы көзі болып табылатын орталықтандырылған деректер базасын әзірлейді.

       20-бап. Ғылыми зерттеулер және әзірлемелер

      Уағдаласушы Тараптар ғылыми зерттеулер жүргізудің және Каспий теңізі теңіз ортасының ластануын болдырмаудың, азайтудың және бақылаудың тиімді әдістерін әзірлеу саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады және осы мақсатта Уағдаласушы Тараптар, атап айтқанда, мыналарға:
      (а) улы зиянды заттарды бағалау әдістерін әзірлеуге және олардың Каспий теңізінің экожүйесіне әсер ету процесін зерделеуге;
      (b) қолда бар ең озық технологияларды әзірлеуге және қолдануға;
      (с) ластануға ықпал ететін заттарды айналымнан шығаруға және/немесе ауыстыруға;
      (d) қауіпті заттардан аластаудың экологиялық негізделген немесе қауіпсіз әдістерін әзірлеуге;
      (е) дренаж жұмыстары мен ағындыларды реттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің экологиялық негізделген немесе қауіпсіз әдістерін әзірлеуге;
      (f) келтірілген ластанудың залалын бағалауға;
      (g) теңіз деңгейінің ауытқуы мен мұндай ауытқудың теңіз және жағалау бойының экожүйесіне ықпалын қоса алғанда, Каспий теңізі экожүйесінің гидрологиялық режимі мен серпіні туралы білімді жетілдіруге;
      (h) Каспий теңізіндегі радиациялық және радиоактивті деңгейді зерделеуге бағытталған арнайы ғылыми бағдарламалардың қажетіне қарай әзірлеу немесе интенсификациялау бойынша күш жұмсайды.

       21-бап. Ақпарат алмасу және оған қол жеткізу

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес тікелей немесе Хатшылық арқылы тұрақты негізде пікір алмасады.
      2. Уағдаласушы Тараптар өздерінің заңнамасына сәйкес және жұртшылықтың теңіз ортасы туралы ақпаратқа қол жеткізуі туралы халықаралық келісімдердің ережелерін ескере отырып, ластануды болдырмау, азайту және бақылау жөнінде көзделген немесе жоспарланған шаралармен Каспий теңізі теңіз ортасының жай-күйі туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылады.

       VI. ҰЙЫМДЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАР

       22-бап. Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы

      1. Осымен Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы құрылады.
      2. Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы әрбір Уағдаласушы Тараптың бір дауысқа ие бір өкілінен тұрады. Әр өкілдің бір немесе одан көп кеңесшісі болуы мүмкін.
      3. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының бірінші сессиясы осы Конвенция күшіне енген күнінен кейін он екі айдан кешіктірілмей шақырылады. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясынан кейін тұрақты негізде Уағдаласушы Тараптар Конференциясының бірінші сессиясында белгіленген кезеңділікпен өткізіледі.
      4. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының кезектен тыс сессиясы қажет болған кезде Уағдаласушы Тараптардың кем дегенде екеуі осы талапты қолдаған ретте Уағдаласушы Тараптар Конференциясының шешімі бойынша немесе кез келген Уағдаласушы Тараптардың жазбаша талабы бойынша өткізіледі.
      5. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясы ағылшын әліпбиінің тәртібімен кезек бойынша Уағдаласушы Тараптар аумағында немесе Хатшылық орналасқан жерде өткізіледі.
      6. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының Төрағасы лауазымын ағылшын әліпбиінің тәртібімен Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы кезек бойынша атқарады. Егер, Төрағаның лауазымы босаса, Конференцияда төрағалық етуші Уағдаласушы Тарап осындай Уағдаласушы Тараптың өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін осы лауазымда қалатын заңды мұрагерін тағайындайды.
      7. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының жұмыс тілі ағылшын және Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік тілдері болып табылады. Осы Конвенцияның Хатшылығы БҰҰ-ның ресми тілдерінде Конвенция органдарының жұмысын қамтамасыз етеді.
      8. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының барлық шешімдері бір ауыздан қабылданады.
      9. Уағдаласушы Тараптар Конференциясы өзінің бірінші сессиясында, мыналар:
      (а) Конвенцияның қажет болатын басқа да органдарын құру;
      (b) оның орналасқан жері мен персоналын қабылдауды қоса алғанда, осы Конвенция Хатшылығының ұйымдастыру мәселелері;
      (с) Хатшылықтың және оның көмекші органдарының рәсімдеу ережелері мен қаржылық ережелері бойынша шешімдер қабылдайды.
      10. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының функциялары:
      (а) осы Конвенция ережелерінің, оның хаттамаларының және Іс-әрекет жоспарының орындалуын бақылау;
      (b) осы Конвенция мен оның хаттамаларына жүйелі түрде шолу жасау;
      (с) осы Конвенция мен оның хаттамаларына қосымша хаттамаларды немесе түзетулерді қарау мен қабылдау және қажет болған кезде осы Конвенция мен оның хаттамаларына қосымшаларды және осындай қосымшаларға түзетулер қабылдау;
      (d) Уағдаласушы Тараптар ұсынған есептерді алу мен қарау, сондай-ақ Каспий теңізі теңіз ортасының жай-күйін, атап айтқанда, Уағдаласушы Тараптар және кез келген құзырлы халықаралық ұйымдар ұсынған есептер негізінде ластанудың жай-күйі мен оның әсеріне шолу жасау және бағалау;
      (е) осы Конвенцияға байланысты мәселелер бойынша Хатшылық дайындаған есептерді қарау;
      (f) осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған жағдайда тиісті халықаралық ұйымдар мен ғылыми институттардың техникалық және қаржылық қызмет көрсетуі үшін өтініш білдіру;
      (g) осы Конвенцияны және оның хаттамаларын орындау үшін қажет болуы мүмкін көмекші органдарды құру;
      (h) Уағдаласушы Тараптардың тең өкілдіктерін ескере отырып, қажетіне орай, осы Конвенцияның Атқарушы Хатшысын және басқа да қажетті персоналын тағайындау;
      (і) осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізу үшін талап етілуі мүмкін кез келген басқа функцияларды орындау болып табылады.

       23-бап. Конвенцияның Хатшылығы

      1. Осымен Конвенцияның Хатшылығы тағайындалады.
      2. Хатшылық Конвенцияның Атқарушы Хатшысынан және төменде көрсетілген функцияларды орындау үшін қажетті персоналдан тұрады.
      3. Атқарушы Хатшы осы Конвенция Хатшылығының бас әкімшілік тұлғасы болып табылады және ол қабылдаған рәсімдеу ережелері мен қаржы ережелеріне сәйкес Тараптар Конференциясы анықтаған осы Конвенция Хатшылығының жұмысын басқару үшін қажетті функцияларды орындайды.
      4. Хатшылықтың функциялары:
      (а) Тараптар Конференциясының сессияларын және оның көмекші органдарының отырыстарын ұйымдастыру және өткізу;
      (b) Уағдаласушы Тараптарға баяндамаларды, хабарламаларды және басқа да алынған ақпараттарды дайындау және беру;
      (с) Уағдаласушы Тараптардан алынған ақпараттар мен сұрау салуларды қарау және осы Конвенцияның және оның хаттамаларының орындалуына байланысты мәселелер бойынша олармен консультация өткізу;
      (d) осы Конвенцияның және оның хаттамаларының орындалуына байланысты мәселелер бойынша есептер дайындау және тарату;
      (е) Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғауға қатысты деректер қорын құру мен жүргізу және Уағдаласушы Тараптардың заңдары мен халықаралық құқық актілері туралы ақпараттандыру;
      (f) кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Конвенцияны және оның хаттамаларын тиімді орындау үшін техникалық жәрдем көрсетуді қамтамасыз ету және консультациялар беруді ұйымдастыру;
      (g) осы Конвенцияның хаттамаларына сәйкес белгіленуі мүмкін басқа да функцияларды жүзеге асыру;
      (h) өңірлік және халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен тиісті түрде ынтымақтасу;
      (і) осы Конвенцияның ережелерін орындау үшін Тараптардың Конференциясы анықтауы мүмкін басқа да функцияларды орындау болып табылады.

       VII. ХАТТАМАЛАР МЕН ҚОСЫМШАЛАР

       24-бап. Хаттамаларды қабылдау

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Конвенцияға хаттамаларды қабылдау туралы ұсыныстар енгізуі мүмкін. Мұндай хаттамалар Тараптар Конференциясының шешімімен бір ауыздан қабылданады. Хаттамалар егер, хаттамалардың өзінде өзгеше тәртіп көзделмесе, олардың заңнамасына сәйкес Уағдаласушы Тараптар оларды ратификациялағаннан, қабылдағаннан немесе бекіткеннен кейін күшіне енеді. Хаттамалар осы Конвенцияның ажырамас бөлігін құрайды.
      2. Кез келген ұсынылған хаттаманың мәтінін Уағдаласушы Тараптың Хатшылығы хаттаманы қабылдау ұсынылатын Тараптар Конференциясының сессиясы ашылуына дейін ең аз дегенде алты ай ішінде беріледі.

       25-бап. Қосымшалар мен түзетулерді қабылдау

      1. Осы Конвенцияның немесе кез келген оның хаттамасының қосымшасы осы Конвенцияның немесе оның хаттамасының ажырамас бөлігі болып табылады. Егер, анық өзгеше жағдайлар көзделмесе, осы Конвенцияға немесе оның хаттамасына жасалған сілтеме бір мезгілде оның кез келген қосымшасына жасалған сілтемені білдіреді. Мұндай қосымшалар рәсімдік, ғылыми, техникалық және әкімшілік мәселелермен шектеледі.
      2. Осы Конвенцияның немесе кез келген оның хаттамасының қосымшасы осы Конвенцияның 24-бабында баяндалған рәсімге сәйкес ұсынылады және қабылданады.
      3. Осы Конвенцияның немесе оның кез келген хаттамасының қосымшаларына ұсыныстарды, түзетулерді қабылдау мен күшіне енуі осы Конвенцияның немесе оның кез келген хаттамасының қосымшаларына ұсыныстарды, қабылдау мен күшіне енуі үшін белгіленген рәсімдермен реттеледі.
      4. Егер, осы Конвенцияның қосымшасына немесе қосымшаға түзету енгізу осы Конвенцияның немесе кез келген оның хаттамасына түзету енгізумен байланысты болса, онда мұндай қосымша немесе түзету осы Конвенцияға немесе оның тиісті хаттамасына енгізілген түзету күшіне енгеннен кейін ғана күшіне енеді.

       VIII. ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ МЕН САҚТАЛУЫ

       26-бап. Конвенцияның жүзеге асырылуы

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап оның аумағында және оның юрисдикциясымен осы Конвенцияның ережелерін орындауды үйлестіретін ұлттық органды анықтайды.
      2. Осы Конвенцияның ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Конвенцияда белгіленгеннен барынша қатаң шараларды дербес және/немесе бірлесіп қабылдау және жүзеге асыру құқығына ықпал етпейді.

       27-бап. Есептер

      Әрбір ұлттық орган осы Конвенцияның Хатшылығына Конвенцияның ережелерін және оның хаттамалары мен қосымшаларын Тараптардың Конференциясы анықтаған нысанда және кезеңділікте орындау үшін қабылданған шаралар туралы есептерді ұсынады. Осы Конвенцияның Хатшылығы алынған есептерді барлық Уағдаласушы Тараптарға жібереді.

       28-бап. Сақтау

      Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияның ережелерін немесе оның хаттамаларын әрбір Уағдаласушы Тараптың сақтауын қамтамасыз ету рәсімдерін әзірлеуде ынтымақтасады.

       29-бап. Материалдық жауапкершілік және залал
                үшін өтемақы

      Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың тиісті қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып, осы Конвенция ережелері мен оның хаттамаларының бұзылуы нәтижесінде Каспий теңізінің теңіз ортасына келтірілген залал үшін материалдық жауапкершілікке және өтемақыға қатысты ережелер мен рәсімдерді әзірлеу жөнінде күш-жігер жұмсайды.

       30-бап. Дауларды реттеу

      Осы Конвенцияны қолдануға немесе түсіндіруге қатысты даулар Уағдаласушы Тараптардың қалауы бойынша консультациялар, келіссөздер жолымен немесе басқа да бейбіт жолмен шешіледі.

       IX. ҚОРЫТЫНДЫ БАПТАР

       31-бап. Қол қою, ратификация, қабылдау, бекіту және
                қосылу

      1. Осы Конвенция Тегеран қаласында 2003 жылдың 4 қарашасынан бастап 2004 жылдың 3 қарашасына дейін тек Каспий өңірі мемлекеттерінің қол қоюы үшін ғана ашық.
      2. Конвенция кез келген Каспий өңірі мемлекеттерінің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады. Ол кез келген Каспий өңірі мемлекеттерінің қол қоюы үшін оның жабылатын күнінен бастап қосылуы үшін ашық болады.
      3. Ратификациялау, қабылдау туралы, бекіту туралы немесе оған қосылу туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға тапсырылады.

       32-бап. Ескертпелер

      Осы Конвенцияға ешқандай ескертпе жасауға жол берілмейді.

       33-бап. Күшіне енуі

      Осы Конвенция оған барлық Каспий өңірі мемлекеттерінің оны ратификациялау, қабылдау туралы, бекіту туралы немесе оған қосылу туралы құжаттарды сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

       34-бап. Конвенцияға немесе хаттамаларға тузетулер

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Конвенцияға немесе кез келген хаттамаға түзетулер енгізуді ұсынуы мүмкін. Мұндай түзетулер Тараптар Конференциясының сессиясында бір ауыздан жасалған шешім арқылы қабылданады.
      2. Осы Конвенцияға немесе кез келген хаттамаға түзетулер осы Конвенцияның күшіне енуі үшін көзделген рәсімдерге сәйкес күшіне енеді.

       35-бап. Депозитарий

      Иран Ислам Республикасы осы Конвенцияның Депозитарийі болып табылады.

       36-бап. Мәтіндердің теңтүпнұсқалылығы

      Осы Конвенцияның әзірбайжанша, қазақша, орысша, түркменше, парсыша және ағылшынша мәтіндерінің теңтүпнұсқалары теңдес болып табылады, Депозитарийге сақтауға тапсырылады. Осы Конвенцияны немесе оның хаттамаларын түсіндіру немесе қолдану туралы даулы жағдайларда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

       37-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі
                жөніндегі келіссөздерге қатынасы

      Осы Конвенцияның ешқандай ережесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін айқындап беру ретінде түсіндірілмейді.

      ОСЫЛАРДЫ РАСТАП, осыған уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар тиісті түрде осы Конвенцияға қол қойды.

      ЕКІ МЫҢ ҮШІНШІ ЖЫЛДЫҢ ҚАРАША АЙЫНЫҢ ТӨРТІНШІ КҮНІ ТЕГЕРАН ҚАЛАСЫНДА ЖАСАЛДЫ.

       Әзірбайжан Республикасы үшін

       Иран Ислам Республикасы үшін

       Қазақстан Республикасы үшін

       Ресей Федерациясы үшін

       Түрікменстан үшін

      Осы мәтін 2003 жылғы 4 қарашада Тегеран қаласында жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға куәландырылған көшірмесімен расталған көшірме болып табылатынын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Қоршаған ортаны қорғау
      министрі міндетін атқарушы

  Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі
негіздемелік конвенциясын қабылдау және қол қою
бойынша уәкілетті өкілдер конференциясы ҚОРЫТЫНДЫ АКТІ

      1. Қазақстан Республикасында, Астанада 2003 жылғы 14-15 шілдеде өткен үкіметтер тағайындаған сарапшылардың 8-ші кездесуінің ұсынымдарына сәйкес Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау және қол қою бойынша уәкілетті өкілдер конференциясы БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен шақырылды.
      2. Уәкілетті өкілдер конференциясы Иран Ислам Республикасы Үкіметінің ілтипатты шақыруы бойынша 2003 жылғы 3-4 қарашада Тегеранда өтті.
      3. Конференцияға төменде аты аталған мемлекеттер қатысты:
      Әзірбайжан Республикасы,
      Иран Ислам Республикасы,
      Қазақстан Республикасы,
      Ресей Федерациясы,
      Түрікменстан.
      4. Сол сияқты төмендегі келесі үкіметаралық ұйымдардың байқаушылары қатысты:
      БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы,
      БҰҰ-ның даму бағдарламасы,
      Әлемдік банк,
      Каспий Экологиялық Бағдарламасының үйлестіру бюросы.
      5. Ашылу салтанаты барысында Конференцияға қатысушыларға Масуме Эбтекар ханым, Иран Ислам Республикасының Вице-президенті және Иран Ислам Республикасының Қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы құттықтау сөз арнады.
      6. Конференция алдында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) атынан Атқарушы Директордың Орынбасары Шафкат Какахель мырза сөз сөйледі.
      7. Конференция аккламациямен құрамында төмендегі адамдар бар Бюроны сайлады:
      Төрайым:
      Иран Ислам Республикасының Вице-президенті, Қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы, Масуме Эбтекар ханым.
      Төрайымның орынбасарлары:
      Әзірбайжан Республикасы - Әзірбайжан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы Гусейн Багиров мырза,
      Қазақстан Республикасы - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Нұрлан Ысқақов мырза,
      Ресей Федерациясы - Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар министрінің орынбасары Иван Глумов мырза,
      Түркменстан - Түркменстанның Табиғатты қорғау министрінің орынбасары Махтумкули Акмурадов мырза.
      8. Фриц Шлингеманн мырза, ЮНЕП-тің Өңірлік өкілі және ЮНЕП-тің Еуропа үшін Өңірлік Бюросының Директоры Конференцияның атқарушы хатшысы болып тағайындалды.
      9. Конференция мандаттық комиссия функциясын Бюро атқаратындығы жөнінде шешім қабылдады.
      10. Конференцияда төмендегі делегация басшылары сөз сөйледі:
      Әзірбайжан Республикасы - Әзірбайжан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы Гусейн Багиров мырза,
      Қазақстан Республикасы - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Нұрлан Ысқақов мырза,
      Ресей Федерациясы - Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар министрінің орынбасары Иван Глумов мырза,
      Түркменстан - Түркменстанның Табиғатты қорғау министрінің орынбасары Махтумкули Акмурадов мырза.
      11. Сонымен қатар Конференцияда Каспий Экологиялық Бағдарламасынан байқаушы Хамид Гаффарзаде мырза сөз сөйледі.
      12. Конференция 1-қосымшадағы Күн тәртібін мақұлдады.
      13. Конференция барысында талқыланған құжат Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция болды.
      14. Конференция Мандаттық комиссияның қатысушы мемлекеттер өкілдерінің уәкілеттілігін мойындау ұсынымын мақұлдады.
      15. Конференция 2003 жылғы үшінші қарашада Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияны қабылдады. Негіздемелік конвенция Каспий өңірінің мемлекеттері қол қою үшін 2003 жылғы 4 қарашадан бастап ашық. Ол қол қойылу үшін 2004 жылға 3 қарашаға дейін Тегерандағы Депозитарий бюросында ашық болып қала береді, одан кейін ол Каспий өңірі мемлекеттерінің қосылуы үшін ашық.
      16. Конвенция күшіне енгенге дейін және Тараптар Конференциясының бірінші кездесуіне дайындалу мақсатында Конференция БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Еуропа үшін Өңірлік Бюросына Конвенция шеңберіндегі процестерге жәрдем көрсетуді жалғастыру туралы өтініш жасауға келісті.
      17. Уағдаласушы Тараптар Конференциясының жұмыс тілдері болып ағылшын және Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік тілдері болып табылатындығы туралы айтылатын Негіздемелік конвенцияның 22-бабына (7-тармақ) сүйене отырып, Конференция ЮНЕП жұмысты БҰҰ-ның ресми тілдерінде қамтамасыз ететіндігіне келісті. Құжаттарды барлық Каспий өңірі елдерінің мемлекеттік тілдерінде дайындау қажеттігін мойындай отырып, Конференция ЮНЕП-ке қолдағы бар ресурстар шеңберінде құжаттарды басқа тілдерде дайындау жөнінде барлық күшті жұмсауға өтініш жасады.
      18. Конференция Иран Ислам Республикасына Тегеранда Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау және қол қою бойынша уәкілетті өкілдер конференциясын өткізгені, сондай-ақ өзіне Депозитарий функцияларын қабылдағаны үшін алғыс білдірді.
      19. Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясының мәтіні (Тегеран конвенциясы) осы Қорытынды актінің 2-қосымшасында бар.
      ОСЫЛАРДЫ РАСТАЙ ОТЫРЫП өкілдер осы Қорытынды актіге қол қойды.
      ТЕГЕРАНДА екі мың төртінші жылғы төртінші қарашада ағылшын және орыс тілдеріндегі теңтүпнұсқада ЖАСАЛДЫ, екі мәтіннің күші бірдей. Қорытынды актінің теңтүпнұсқасы Иран Ислам Республикасының Үкіметіне сақтауға тапсырылады.

      Осымен 2003 жылғы төртінші қарашада Тегеран қаласында жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау және қол қою бойынша уәкілетті өкілдер конференциясы қорытынды актінің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Қоршаған ортаны қорғау
      министрі міндетін атқарушы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады