Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттама жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 28 қаңтардағы
№ 486 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНДЫ
Жоба
Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға Каспий теңізін жер үсті көздерінен және құрлықта
жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі
ХАТТАМА
Кіріспе
Каспий маңы мемлекеттері:
Әзербайжан Республикасы,
Иран Ислам Республикасы,
Қазақстан Республикасы,
Ресей Федерациясы,
Түрікменстан,
бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатындар,
2003 жылғы 4 қарашада Тегеранда, Иран Ислам Республикасы, жасалған, бұдан әрі Конвенция деп аталатын, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясының Тараптары бола отырып,
Конвенцияны және атап айтқанда, оның 7-бабы мен 11-бабының 1-тармағын орындау шешіміне бекініп,
2008 жылғы 12 қарашада Тегеранда, Иран Ислам Республикасы, қабылданған Каспий теңізі үшін Конвенцияның Стратегиялық іс-қимыл бағдарламасын назарға ала отырып,
Каспий теңізінің планетадағы ең ірі ішкі су қоймасы ретінде экологиялық және гидрологиялық сипаттамаларының бірегейлігін мойындай отырып,
даму процесінің ажырамас бөлігі ретінде Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңы аудандарын қорғау мен сақтауды және оның табиғи ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып, бұл ретте қазіргі және келешек ұрпақтың қажеттіліктерін әділетті негізде қанағаттандыра отырып,
жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудың теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарға, биологиялық ресурстар мен адамдар денсаулығына елеулі қатерін түсіне отырып,
атап айтқанда, теңіз деңгейінің ауытқуынан туындайтын экологиялық проблемаларды назарға ала отырып,
1995 жылғы 3 қарашада Вашингтонда, Колумбия округі, қабылданған Теңіз ортасын құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі жаһандық іс-қимыл бағдарламасының Каспий маңы мемлекеттері үшін маңыздылығын атап өте отырып,
төмендегілер туралы УАҒДАЛАСТЫ:
1-бап. Хаттаманың мақсаты
Осы Хаттаманың мақсаты Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және оны сол қалпында ұстау үшін жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызметтер нәтижесінде теңіз ортасының ластануын болдырмау, бәсеңдету, бақылау және барынша мүмкін болатын дәрежеде жою болып табылады.
2-бап. Терминдерді пайдалану
Осы Хаттаманың мақсаты үшін:
a) «Уағдаласушы Тараптардың конференциясы» Конвенцияның 22-бабында көрсетілген органды білдіреді;
b) «Хатшылық» Конвенцияның 23-бабында көрсетілген органды білдіреді;
c) «Қолда бар ең үздік технологиялар (ҚБЕҮТ)» термині шығарындылар мен қалдықтарды шектеу үшін нақты шаралардың тәжірибелік жарамдылығын көрсететін қазіргі заманғы (алдыңғы қатарлы) технологияларды, жабдықтарды немесе қызмет әдістерін білдіреді. «Технологиялар» жеке өзінде пайдаланылатын технологияларды, сондай-ақ өндірістік қондырғыны жобалауға, құруға, оған қызмет көрсетуге, оның жұмыс істеуіне және оны бөлшектеуге көмегі тиетін тәсілдер мен әдістерді қамтиды;
d) «Ең үздік табиғат қорғау практикасы (ЕҮТҚП)» қоршаған ортаның жай-күйін бақылау саласындағы шаралар мен стратегияларды неғұрлым ұтымды үйлестіріле пайдалануды білдіреді;
e) «Жағалау маңындағы аудан» жағалау жиегімен шектесетін және теңіздің жақындығы мен теңіз деңгейінің ауытқуы әсеріне ұшырап отырған құрлық белдеуін білдіреді;
f) «Шиеленісті нүкте» адамдар денсаулығына, экожүйеге немесе табиғи ресурстарға, сондай-ақ экономикалық маңызы бар артықшылықтарға іс жүзіндегі немесе әлеуетті қолайсыз әсерді болдырмау немесе төмендету мақсатында шектен тыс ластануға ұшыраған және бірінші кезекте назарға алуды талап ететін алаңы бойынша шектеулі және бөлшектенуге ұшырайтын құрлық учаскесін, жер беті сулары учаскесін немесе нақты сулы қабатты білдіреді;
g) «Жер үсті көздерінен ластану» су жолымен, атмосфера арқылы немесе тікелей жағалаудан теңіз ортасына түсетін, құрлықта жатқан барлық нүктелі және шашыраңқы көздер түрлерінен теңіздің ластануын білдіреді;
h) «Нүктелі көздер» шығарындылары ажыратылатын, шектелген және атап айтқанда ластайтын заттарды шығаратын немесе шығаруы мүмкін құбырларды, су ағызып жіберу арналарын, жыраларды, тоннельдерді, құбыржолдарды немесе ұңғымаларды қоса алғанда, бөлек көлік құрылғылар арқылы қоршаған ортаға түсетін, құрлықта жатқан ластау көздерін білдіреді;
i) «Шашыраңқы көздер» нүктелі көздерден ерекшеленетін, сорғыту, сіңіру немесе гидрологиялық өзгерістер немесе мекендеу орындарының бұзылуы нәтижесінде заттары қоршаған ортаға жер үсті суағарларымен, жауын-шашындармен, атмосфералық булармен өтетін, құрлықта орналасқан ластау көздерін білдіреді;
j) «Шығарындылар» суға, атмосфераға немесе топыраққа ластаушы заттардың төгінділерінің, ағындыларының немесе ағызып жіберулерінің кез келген түрін білдіреді;
k) «Шығарындыларды реттеу» шығарындылардың шекті мөлшерін белгілеу немесе шығарындылардың әсерлеріне, сипатына немесе басқа сипаттамаларына қатысты шектеулер мен қойылатын шарттарды не шығарындыларға әсер ететін пайдаланудың шарттарын өзге нысанда айқындау сияқты арнайы шектеуді талап ететін реттеу шараларын білдіреді;
l) «Шығарындылардың шекті шамасы» қандай да бір нақты параметрлерде көрсетілген массаны, уақыттың бір немесе бірнеше кезеңі ішінде шамадан аспайтын шығарындылардың шоғырлануын немесе деңгейін білдіреді. Заттар шығарындыларының шекті шамасы, әдетте, сұйылту есепке алынбай қондырғыдан шығарындылардың шығу нүктесі үшін қолданылады;
m) «Сапаның экологиялық стандарты (СЭС)» суда, шөгінділерде немесе биотада белгілі заттың немесе заттар тобының шоғырлану мағынасын білдіреді, ол адамдар денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында шамадан аспау керек;
n) «Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіші (ҚОСНК)» қоршаған орта сапасының талапқа сай нысаналы деңгейін айқындайтын міндетті білдіреді, ол қоршаған ортаның нақты бір компонентіне, мысалы, өзенге, жағажайға немесе өндірістік объектіге қатысты қол жеткізілуге тиіс.
3-бап. Қолданылу аясы
Конвенцияның 3-бабына және осы Хаттаманың 1-бабына сәйкес осы Хаттама:
a) Каспий теңізінің теңіз ортасына және/немесе жағалау маңындағы аудандарға жағымсыз әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін жер үсті нүктелі және шашыраңқы көздерден шығатын ластаушы заттар шығарындыларына қолданылады. Осы шығарындыларға өзгелердің ішінде тұзды суларды, марштарды және жағалаудағы лагуналарды қоса алғанда, өзендер сағалары, арналар немесе өзге де су тораптары, жерасты суағарлары, жағалаудағы қалдық жою орындары және суын жіберу, құрлықта төселгендерді және теңіз түбіне орналастырылғандарды қоса алғанда, солар арқылы да, жер үсті суағарлары арқылы да теңіз ортасына түсетіндер жатады;
b) Осы Хаттамаға III қосымшада айқындалған жағдайларда Каспий теңізінің теңіз ортасына атмосфера арқылы жер үсті көздерінен таралатын ластаушы заттардың түсіміне; және
c) жағалау сызығының табиғи жай-күйінің физикалық өзгеруі және ландшафттың немесе мекендеу орындарының өзгеруі мен бұзылуы нәтижесінде ластануды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасына және/немесе жағалау маңындағы аудандарына әсер ететін қызметтің осындай түрлері нәтижесінде ластануға қолданылады.
4-бап. Жалпы міндеттемелер
1. Уағдаласушы Тараптар жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде Каспий теңізінің теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың ластануын және оған басқа да жағымсыз әсерлерді болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою үшін Конвенция ережелеріне сәйкес барлық тиісті шараларды дербес немесе бірлесіп қолданады.
2. Уағдаласушы Тараптар, атап айтқанда:
a) сақтық қағидатын қолданады, оған сәйкес теңіз ортасына немесе халық денсаулығына елеулі немесе қайтымсыз нұқсан келу қатері болған, ғылыми тұрғыдан толық сенімді болмаған кезде мұндай залалды болдырмау жөніндегі экономикалық тиімді шараларды кейінге қалдыру үшін негіз ретінде пайдаланылмайды;
b) «ластаушы төлейді» қағидатын қолданады, оған сәйкес ластануды болдырмау, бақылау және бәсеңдету жөніндегі шараларды жүзеге асыруға арналған шығыстарды ластаушы көтеруге тиіс;
c) Уағдаласушы Тараптардың Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға елеулі түрде жағымсыз әсер тигізуі мүмкін қызмет түрлерінің қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысты екіжақты және көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдеседі;
d) тиісті жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеу кезіндегі экологиялық факторларды, оның ішінде адамдардың денсаулығына байланысты аспектілерді жан-жақты есепке алуды қамтамасыз етеді;
e) зілзалаларға әзір болуды және ден қоюды қамтамасыз ету арқылы өнеркәсіптік авариялар мен дүлей зілзалалар нәтижесінде ластану тәуекелін барынша азайту үшін алдын алу шараларын қолданады;
f) бекіре, каспий арқан балығы мен басқа да бағалы түрлердің табиғи уылдырық шашуы үшін ықтимал түрде зиянды болатын жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі арнайы шараларды қолданады;
g) жағалау маңындағы аудандардың дамуына кешенді түрде қарау арқылы жағалау маңындағы аудандардың орнықты дамуына жәрдемдеседі;
h) өзара келісім негізінде, аумағында Каспий теңізі гидрологиялық бассейнінің бір бөлігі орналасқан жағалау маңына жатпайтын мемлекеттермен Хаттама мақсаттарына қол жеткізуде ынтымақтастыққа ұмтылады.
5-бап. Орындау шаралары
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың орындалуын үйлестіруге және басқа Уағдаласушы Тараптарға Хатшылық арқылы тиісті ақпаратты ұсынуға құқығы бар ұлттық органды тағайындайды.
2. Осы Хаттаманы орындау барысында Уағдаласушы Тараптар:
a) ластану көздеріне бақылау жасау шараларына негізделген және шараларды, қажет жерлерде оларды орындау кестелерін қамтитын өңірлік немесе ұлттық іс-қимыл бағдарламаларын немесе жоспарларын қабылдайды. Осындай бағдарламаларды немесе жоспарларды әзірлеу кезінде олар Теңіз ортасының құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі жаһандық іс-қимыл бағдарламасының ұсынымдарын және Каспий теңізі бойынша стратегиялық іс-қимыл бағдарламасының тиісті ережелерін назарға алғаны жөн;
b) мыналарды біртіндеп әзірлеу, қабылдау және жүзеге асыру жолымен I қосымшада санамаланған қызмет түрлері мен заттарды:
(i) тиісті заттар үшін шығарындылардың шекті шамасын, сапаның экологиялық стандарттарын және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, сондай-ақ I қосымшада айқындалатын факторларға негізделген басқару тәжірибесін қоса алғанда, шығарындыларды бақылауды; және
(ii) шекті шамада қол жеткізу, тиісті басқару практикасын енгізу және Уағдаласушы Тараптармен келісілген шараларды орындау кестелерін қамтуды қамтамасыз етеді;
c) ҚБЕҮТ және ЕҮТҚП-ны пайдаланады немесе пайдалануға, сондай-ақ, экологиялық негізделген технологияны қолдануға, осы Хаттамаға V қосымшада санамаланған әлеуметтік, экономикалық және технологиялық жағдайлар мен критерийлерді ескере отырып, мейлінше экологиялық таза өндірісті қоса алғанда, оған қол жеткізуге және оны беруге жәрдемдеседі.
6-бап. Жалпы басшылыққа алынатын қағидаттар және стандарттар
1. Конвенцияның 18-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар қажет болған жағдайда құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, біртіндеп жалпы басшылыққа алынатын қағидаттарды және мән-жайларға байланысты, атап айтқанда:
a) жағалау маңында су ағызып жіберуге арналған, атап айтқанда, шығарындыларды тазарту үшін пайдаланылатын әдістерді ескере отырып, құбырлардың ұзындығына, төселу тереңдігіне және орналастыруына;
b) бөлек тазартуды талап ететін шығарындыларға қойылатын арнайы талаптарға;
c) оны нақты мақсаттарда пайдалану кезінде адамдар денсаулығын, биологиялық ресурстар мен экожүйелерді қорғауға қажетті теңіз суының сапасына;
d) теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандардың елеулі дәрежеде ластануына себепші болатын өнімдерді, объектілер мен өнеркәсіптік және өзге де процестерді бақылауға және қажет болған жағдайда біртіндеп ауыстыруға;
e) тасталынатын заттардың санына осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған, олардың шығарындыларда шоғырлануына және оларды тастау әдістеріне қатысты нақты талаптарға орай стандарттарды немесе критерийлерді әзірлейді және қабылдайды.
2. Осы Хаттаманың 5-бабы 2-тармағының а) тармақшасында көрсетілген өңірлік бағдарламалар мен іс-қимыл жоспарлары мынадай ережелер ескеріле отырып әзірленеді және жүзеге асырылады:
a) Уағдаласушы Тараптар шығарындылардың жалпы шекті шамасын, сапаның экологиялық стандарттарын немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, сондай-ақ осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттар үшін жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластану мән-жағдайларына қарай болдырмауға, бәсеңдетуге немесе жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру кестелерін белгілейді және кезең-кезеңмен қайта қарайды; және
b) Уағдаласушы Тараптар конференциясы ластануды болдырмау критерийлерін айқындайды және Каспий теңізінің теңіз ортасының жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануын бәсеңдету, бақылау және жою жөніндегі тиісті шараларға ұсынымдар береді және осы Хаттаманың 13-бабында көрсетілген мониторинг бағдарламаларын жүргізу, өнеркәсіптік және басқа да антропогендік қызметтегі өзгерістер мен ғылым және ластануға қарсы күрес технологиялары саласындағы болуы мүмкін прогресс нәтижелері бойынша ақпарат көлемінің ұлғаюын көрсете отырып, оларды кезең-кезеңмен жаңартып отырады.
7-бап. Нүктелі көздерден ластану
1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға жағымсыз әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін, осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттардың ластануының нүктелі көздерінен түсетін шығарындыларды реттеу қолда бар ең үздік технологияларға, ең үздік табиғат қорғау практикасына немесе шығарындылардың тиісті шекті шамаларына негізделуі үшін шаралар қолданады.
2. Уағдаласушы Тараптар «шиеленісті нүктелер» тізімінің негізінде нүктелі көздерден түсетін ластаушы заттардың айтарлықтай азаюына қол жеткізу кестесімен ұлттық іс-қимыл жоспарларын қабылдайды және жүзеге асырады, олар бекітіледі, кейін Уағдаласушы Тараптар конференциясында қайта қаралып, екі жыл сайын жаңартылып отырады.
3. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті ұлттық органдарынан рұқсат алған жағдайда нүктелі көздерден шығарындыларға жол беріледі немесе осы Хаттаманың ережелерін, оған IV қосымшаны және Уағдаласушы Тараптар конференциясының тиісті шешімдері мен ұсынымдарын ескере отырып осы органдардың реттеуіне жатады.
4. Осы мақсатпен Уағдаласушы Тараптар берілген рұқсаттар мен қоршаған ортаға шығарындыларды реттейтін, қабылданған нормативтік актілер талаптарының сақталуын бағалау үшін өздерінің құзыретті ұлттық органдары жүзеге асыратын жүйелі түрде инспекциялау және қадағалау жүйесін құруды қамтамасыз етеді. Рұқсаттар мен нормативтік актілер талаптары сақталмаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар тиісті санкцияларды енгізеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді.
8-бaп. Шашыраңқы көздерден ластану
1. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған және Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарға әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін заттардың ластануы шашыраңқы көздерінен шығарындыларды реттеу әдістері ҚБЕҮТ-ге және ЕҮТҚП-ға негізделуі үшін шаралар қолданады.
2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға әсерін тигізетін ауыл шаруашылығы қызметіне байланысты ластану ауыртпалығын айтарлықтай азайту үшін, оның осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттар бойынша келісілген сапаның экологиялық стандарттарына және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында, осы Хаттамаға II қосымшада айқындалған критерийлерге сәйкес барлық қажетті шараларды қолданады.
9-бап. Қызметтің өзге де түрлерінен туындайтын ластану
1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға жағымсыз әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін және осы Хаттаманың 7 және 8-баптарында қамтылмаған қызмет түрлері ҚБЕҮТ және ЕҮТҚП негізінде жүзеге асырылуы үшін шараларды қолданады.
2. Уағдаласушы Тараптар теңіз деңгейінің ауытқуы нәтижесінде теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандардың ластануын болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою үшін барлық тиісті шараларды қолданады. Осы мақсаттарда олар мұнай және химия өнеркәсібі қондырғыларын, сондай-ақ мұнай басып кету қатері бар жерлерді мұнаймен ластанудан қорғау жөнінде шараларды қолданады және ескірген жағалау қондырғылары мен қоймаларын пайдаланудан шығарады.
10-бап. Жағалау маңындағы аудандарды дамытуға кешенді көзқарас
1. Уағдаласушы Тараптар өзгелер қатарында жағалау маңындағы аудандарды жоспарлау негізінде, жеке-дара және ұтымды болған жағдайда, бірлесіп жағалау маңындағы аудандарды кешенді дамытуды қолданады. Олар теңіздің ұзақ уақыт бойы ауытқуын, жел қума-айдау құбылыстары, дауыл, жер сілкіністері және жағалау эрозиясы сияқты қауіпті табиғи факторлардың жағалау маңындағы аудандардың халқына және инфрақұрылымына жағымсыз әсерлерін азайту үшін жеңілдету шараларын қолданады және жүзеге асырады.
2. Уағдаласушы Тараптар жағалау маңындағы аудандардағы жерлердің орманы жойылуын және жұтаңдауын азайту және тоқтата тұру үшін барлық қажетті шараларды қолданады және ормандарды қалпына келтіруге және шөлейттенуге қарсы күресуге бағытталған ұлттық іс-қимыл жоспарларын және бағдарламаларын әзірлейді және жүзеге асырады.
11-бап. Трансшекаралық әсер ету
1. Кез келген Уағдаласушы Тараптың жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызметі нәтижесінде ластану басқа немесе бірнеше басқа Уағдаласушы Тараптардың жағалау маңындағы аудандарына немесе Каспий теңізінің теңіз ортасына жағымсыз әсерін тигізетін жағдайларда тиісті Уағдаласушы Тарап ықтимал қатысы болатын Уағдаласушы Тараптарды хабардар етеді және проблеманы шешу мақсатында олармен консультациялар өткізеді.
2. Егер екі немесе одан да көп Уағдаласушы Тараптардың аумағы арқылы өтетін немесе олардың арасында шекара құрайтын ағын судан төгінділер Каспий теңізінің теңіз ортасының ластануы қаупін туғызса немесе туғызуы мүмкін болса, оған қатысы бар Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманы толық көлемде, оның ішінде орынды болатын жерлерде қолдануды ластанумен байланысты проблемаларды анықтауға және шешуге жауапты бірлескен органдарды құру жолымен қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтасады.
3. Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың Тарапы болып табылмайтын мемлекеттің немесе мемлекеттердің аумағында туындайтын кез келген ластану үшін жауап бермейді.
12-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
1. Уағдаласушы Тараптар Конвенцияның 17-бабын орындау мақсатында болуы мүмкін трансшекаралық әсерлерді қоса алғанда, құрлықта жүзеге асырылатын жобалар мен қызмет түрлерінің қоршаған ортаға болуы мүмкін әсерді бағалауға қатысты өңірлік және тиісті ұлттық басшылыққа алынатын қағидаттарды әзірлейді және қабылдайды және бұл ұтымды болған кезде, осы басшылыққа алынатын қағидаттарды қайта қарайды және жаңартады.
2. Әр Уағдаласушы Тарап құрлықта оның аумағының шегінде құрлықта жүзеге асырылатын, Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарына елеулі түрде жайсыз әсерін тигізуі мүмкін кез келген жоспарланған қызмет түрінің немесе жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау рәсімдерін енгізеді және қолданады.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған қызмет түрлері мен жобалар Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдарының алдын ала жазбаша рұқсаты бойынша жүзеге асырылады, онда қоршаған ортаға әсерін бағалаудың тұжырымдары мен ұсынымдары толық көлемде ескеріледі.
13-бап. Ақпараттар мен деректерді жинау, олардың мониторингі
және оларды бағалау
1. Конвенцияның 19-бабының ережелері және онда көзделген мониторинг бағдарламалары шеңберінде, ал қажет болған кезде құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта Уағдаласушы Тараптар, мүмкіндігінше:
a) Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі туралы, оның физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамаларына қатысты деректер мен ақпараттар жинауды жүзеге асырады, дерекқорды дайындайды және жүргізеді;
b) Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарына енгізілген заттардың көздерін бөлу және мұндай заттардың саны туралы ақпаратты қоса алғанда, осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттардың жер үсті көздерінен түсімдері туралы деректер мен ақпарат жинауды жүзеге асырады, дерекқорды дайындайды және жүргізеді;
c) жүйелі түрде (бес жылда кемінде бір рет) Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйіне өңірлік бағалауды жүргізеді;
d) өзінің жағалау сызығы бойындағы, әсіресе осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған қызмет түрлеріне және заттарға қатысты ластану деңгейін жүйелі бағалайды және Хатшылыққа аталған мәселе бойынша кезең-кезеңмен ақпарат ұсынады.
2. Уағдаласушы Тараптар сапаны талдамалық бақылауды көздейтін мониторингтің өңірлік бағдарламасының және мониторингтің бірлескен ұлттық бағдарламаларының компоненттерін дайындау кезінде, сондай-ақ деректерді сақтау мен алуға және олармен алмасуға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған ақпарат басқа Уағдаласушы Тараптарға Хатшылық арқылы беріледі.
14-бaп. Ақпарат алмасу
Конвенцияның 21-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар тікелей немесе Хатшылық арқылы теңіз ортасы және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі және осы Хаттаманың орындалуы жөніндегі қолжетімді деректермен және ақпаратпен жүйелі түрде алмасып отырады. Уағдаласушы Тараптар ақпаратпен алмасу үшін жүйелер мен желілер құрады.
15-бап. Жұртшылықтың қатысуы
1. Уағдаласушы Тараптар Конвенцияның 21-бабына және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасы және жағалау маңындағы аудандарын жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға және осы Хаттаманы орындаумен байланысты шешімдер қабылдау процестеріне жергілікті билік органдарының және жұртшылықтың қатысуына жәрдемдеседі.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап Конвенцияның 21-бабына және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өздері Тараптары болып табылатын, экологиялық ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігі туралы қолданыстағы халықаралық келісімдердің ережелерін назарға ала отырып, Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандарының жай-күйі туралы, ластануды болдырмау, бақылау және бәсеңдету бойынша қабылданған немесе жоспарланып отырған шаралар туралы ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігін жеңілдетеді.
16-бап. Ынтымақтастық және жәрдемдесу
1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандарының жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануды болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою мақсатында ынтымақтастықты өңірлік негізде Хатшылық арқылы немесе ұтымды болған кезде екіжақты негізде жүзеге асырады.
2. Конвенцияның 20-бабына сәйкес Тараптар жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластану мәселелері, атап айтқанда, түсімдердің сапалық және сандық құрамын, ластаушы заттардың таралу жолдарын, олардың қайта өзгеруін және қоршаған ортаға әсерін зерттеу бойынша, сондай-ақ ластануды болдырмау, бәсеңдету және жоюдың жаңа әдістері мен тәсілдерін әзірлеудегі, оның ішінде осы мақсаттар үшін неғұрлым экологиялық таза өндірістік процестерді әзірлеуде және қолдануда ғылыми-техникалық ынтымақтастықты ынталандырады.
3. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманы орындауға жәрдемдесуді сұрайтын Уағдаласушы Тараптармен тікелей және Хатшылық арқылы, оның ішінде:
a) ғылыми, техникалық, білім беру және қоғамдық-ағартушылық бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ ғылыми, техникалық және әкімшілік кадрларды даярлау;
b) техникалық консультациялар, ақпараттар ұсыну және өзге де жәрдем көрсету кезінде ынтымақтасуға ұмтылады.
4. Уағдаласушы Тараптар теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануды болдырмауға, бәсеңдетуге және бақылауға қатысы бар халықаралық ұйымдармен, бағдарламалармен және халықаралық келісімдер органдарымен ынтымақтасады.
17-бап. Баяндамаларды ұсыну
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап Хатшылыққа Уағдаласушы Тараптар конференциясында қабылданған форматта осы Хаттаманы орындау жөнінде қолданылған шаралар туралы баяндамаларды ұсынады. Хатшылық алған баяндамаларды барлық Уағдаласушы Тараптар арасында таратады.
2. Аталған баяндамалар, өзгелер қатарында:
a) нормативтік-құқықтық сипаттағы шаралар, іс-қимыл жоспарлары, бағдарламалар және осы Хаттаманы орындау үшін қолданылған басқа да қадамдар туралы ақпаратты, оған қосымшаларды және оларға байланысты қабылданған ұсынымдарды;
b) Каспий теңізіне тасталатын, I қосымшаға сәйкес бақыланатын заттардың мөлшері туралы деректерді;
c) осы Хаттаманың 7-бабына сәйкес берілген рұқсаттарға қатысты статистикалық деректерді;
d) осы Хаттаманың 13-бабында көзделген мониторинг нәтижесінде алынған деректер мен ақпаратты;
e) жағалау сызығын өзгертетін немесе жағалау маңындағы аудандар шегінде мекендеу орындарына жағымсыз әсерін тигізетін қызмет нәтижесінде ластану туралы ақпаратты;
f) шиеленісті нүктелерден ластануды жою және бақылау процесінде қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпаратты;
g) егер осы Хаттаманы орындау кезінде туындаған жағдайда, ондай қиындықтар туралы ақпаратты қоса алғанда, осы Хаттаманың шеңберінде жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың ластануын болдырмау, бақылау, бәсеңдету және мүмкін болғанынша жою жөнінде қабылданған және жүзеге асырылатын іс-қимыл жоспарларының, бағдарламалардың және шаралардың орындалу барысы туралы ақпаратты қамтиды.
3. Хатшылық жәрдемімен ұлттық баяндамаларда қамтылған деректер мен ақпаратты пайдаланумен осы Хаттаманың орындалуы және Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі туралы өңірлік баяндамалар дайындалады.
4. Осы Хаттамада ешнәрсе қандай да бір Уағдаласушы Тараптан ашылуы оның ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келетін ақпаратты ұсынуды талап етпейді.
18-бап. Сақтау
1. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманың орындалуына жәрдемдесу үшін Уағдаласушы Тараптар конференциясында бекітілуге жататын осы Хаттаманы сақтау рәсімдерін әзірлейді.
2. Уағдаласушы Тараптардың конференциясы:
a) 17-бапта аталған баяндамалардың және Уағдаласушы Тараптар ұсынған кез келген өзге де ақпараттың негізінде Хаттаманы, сақтау туралы баяндамаларды, сондай-ақ оған байланысты қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды қарайды және бағалайды;
b) тиісті жағдайларда Хаттаманың және оған байланысты қабылданған шешімдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін шешімдер қабылдайды және шараларды көздейді, шығарылған ұсынымдардың, оның ішінде Уағдаласушы Тараптардың өз міндеттемелерін орындауына жәрдемдесетін шаралардың жүзеге асырылуына ықпал етеді.
19-бап. Ұйымдастыру ережелері
1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 22-бабының 10-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың конференциясы, өзгелер қатарында:
a) осы Хаттаманың орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
b) Хатшылықтың жұмысын қадағалауды жүзеге асырады және оның қызметін басқарады;
c) осы Хаттамаға шолуды жүзеге асырады;
d) осы Хаттамаға немесе оның қосымшаларына түзетулерді, сондай-ақ кез келген үстеме қосымшаларды қарайды және қабылдайды;
e) осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша Хатшылық ұсынатын есептерді қарайды;
f) қабылданған шаралардың нәтижелерін және қосымшаларда баяндалған шараларды қоса алғанда, басқа шараларды қабылдаудың орындылығын қарайды;
g) осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес тиісті өңірлік бағдарламаларды, іс-қимыл жоспарларын және шараларды қабылдайды және қажет болған жағдайда қайта қарайды;
h) осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес өңірлік басшылыққа алынатын қағидаттарды, стандарттарды немесе критерийлерді қабылдайды және қажет болған жағдайда қайта қарайды;
i) осы Хаттаманың 14-бабына сәйкес ақпаратпен алмасу рәсімдерін қабылдайды және қажет болған жағдайда қайта қарайды және ақпаратпен алмасу үшін ақпараттық жүйелер мен желілерді құруға жәрдемдеседі;
j) осы Хаттаманың 13, 14 және 17-баптарына сәйкес Уағдаласушы Тараптар ұсынған ақпаратты қарайды және бағалайды;
k) осы Хаттаманың 18-бабында көзделгендей Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманың ережелерін және онымен байланысты қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды сақтауын қарайды және бағалайды;
l) «шиеленісті нүктелер» тізімін қабылдайды және қайта қарайды және осы Хаттаманың 7-бабында көзделгендей қажет болған жағдайда оған өзгерістер енгізеді;
m) осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған жағдайда тиісті халықаралық ұйымдар мен ғылыми институттарға техникалық және қаржылық қызмет көрсетілуіне өтініш білдіреді;
n) Конвенцияның 22-бабы 9 (а) және (с) тармақтарына сәйкес осы Хаттаманың орындалуы үшін қажет деп танылуы мүмкін кез келген қосалқы органдарды құрады.
2. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес Хатшылық, өзгелер қатарында:
a) осы Хаттаманың орындалуы үшін талап етілуі мүмкін немесе олар сұрататын баяндамаларды және зерттеулер нәтижелерін дайындайды және Уағдаласушы Тараптардың иелігіне береді;
b) осы Хаттаманың 13-бабына сәйкес Хатшылыққа ұсынылған ақпаратты Уағдаласушы Тараптарға жолдайды;
c) осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар конференциясының бекітуі үшін өңірлік бағдарламалардың, іс-қимыл жоспарларының немесе шаралардың жобаларын дайындайды;
d) осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар конференциясының бекітуі үшін өңірлік басшылыққа алынатын қағидаттар, стандарттар немесе критерийлер жобаларын дайындайды.
20-бап. Хаттаманы қаржыландыру
1. Осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін Уағдаласушы Тараптар мүмкіндік болғанда:
a) тиісті ішкі, екіжақты және көпжақты бағдарламаларды, жобалар мен шараларды әзірлеуді және орындауды қаржылай қамтамасыз етуді қарайды және жүзеге асырады;
b) гранттар мен несиелерді қоса алғанда, қаржыландырудың екіжақты және көпжақты көздерінің және тетіктерінің қаржы ресурстарын тартуға жәрдемдеседі;
c) қорлардың, басқа елдердің үкіметтік мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке сектор құрылымдарының қаражатын қоса алғанда, ресурстарды тарту және бөлу үшін инновациялық әдістер мен ынталандыруды зерделейді.
2. Егер Уағдаласушы Тараптар конференциясы басқа шешімді қабылдамаса, Конвенцияның қаржылық қағидалар mutatis mutandis осы Хаттамаға қолданылады.
21-бап. Дауларды реттеу
Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты кез келген дау Конвенцияның 30-бабына сәйкес реттеледі.
22-бап. Хаттаманың қабылдануы және күшіне енуі
1. Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптар конференциясының сессиясында Уағдаласушы Тараптардың бірауыздан мақұлданған шешімімен қабылданады.
2. Осы Хаттама Тегеран қаласында 2012 жылғы 12 желтоқсаннан 2013 жылғы 12 маусымға дейін тек Каспий маңы мемлекеттерінің қол қою үшін ашық.
3. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады. Хаттама қол қою үшін жабылған күнінен бастап, кез келген Каспий маңы мемлекетінің қосылуы үшін ашық болады.
4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттар Конвенция Депозитарийіне сақтауға тапсырылады.
5. Осы Хаттама барлық Каспий маңы мемлекеттері ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттарды Депозитарийге сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
23-бап. Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды және оның
қосымшаларына түзетулерді қабылдау
Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды, сондай-ақ оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау туралы ұсыныстар енгізе алады. Уағдаласушы Тараптар осындай түзетулер мен қосымшаларды қабылдайды және олар үшін Конвенцияның 24 және 25-баптарына сәйкес күшіне енеді.
24-бап. Хаттаманың ұлттық заңнамаға әсері
Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманы орындау бойынша тиісті мейілінше қатаң ұлттық шаралар қолдану құқығына әсер етпейді.
25-бап. Өзге де халықаралық келісімдермен байланыс
Осы Хаттамада ешнәрсе Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
26-бап. Ескертпелер
Осы Хаттамаға ешқандай ескертулерге жол берілмейді.
27-бап. Депозитарий
Осы Хаттаманың Депозитарийі Конвенция Депозитарийі болып табылады.
28-бап. Мәтіндердің теңтүпнұсқалығы
Осы Хаттаманың әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Хаттаманы түсіндіру немесе қолдану туралы даулар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.
29-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі
келіссөздерге қатынас
Осы Хаттама ережелерінің ешқайсысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін айқындаушы ретінде түсіндірілмейді.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған тиісті түрде өкілеттік берілген, төменде қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
Екі мың он екінші жылғы желтоқсанның он екісі күні Мәскеу қаласында жасалды.
Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға Каспий теңізін жер үсті көздерінен және құрлықта
жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау
жөніндегі Хаттамаға
I ҚОСЫМША
Бақыланатын қызмет түрлері және заттар санаттары
Осы қосымшада осы Хаттаманың 5 және 6-баптарында айтылған жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануды болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды және шараларды дайындау кезінде Уағдаласушы Тараптар назарға алатын элементтер санамаланған.
Осындай іс-қимыл жоспарлары, бағдарламалар және шаралар осы қосымшаның С бөлімінде санамаланған сипаттамалар негізінде іріктелген А бөлімінде санамаланған қызмет түрлерін, сондай-ақ В бөлімінде санамаланған заттар санаттарын қамтуға бағытталған. Іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды және шараларды дайындау кезінде Уағдаласушы Тараптар тиісті халықаралық құралдардың ережелерін назарға ала алады.
Іс-қимылдар басымдылығын теңіз және жағалау маңындағы экожүйелерге және ресурстарға, халық денсаулығына, әлеуметтік-экономикалық игіліктерге, оның ішінде мәдени құндылықтарға әсер ету маңыздылығының дәрежесін бағалау жолымен айқындаған жөн.
A. Қызмет түрлері
Жер үсті көздерінен ластануды болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларында, бағдарламаларда және шараларда басымдылықтарды айқындау кезінде Уағдаласушы Тараптар жеке-дара немесе бірлесе отырып, теңіз ортасын ластауға қабілеттілігі негізінде айқындалған және маңыздылығы тәртібімен санамалап көрсетілмеген қызметтің мына түрлерін назарға алады:
1. Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы.
2. Өнеркәсіп:
- аквамәдениет;
- электрондық өнеркәсіп;
- электр энергиясы өндірісі;
- тыңайтқыштар өндірісі;
- тамақ өнеркәсібі;
- орман шаруашылығы;
- ядролық өнеркәсіп;
- металлургия өнеркәсібі;
- пайдалы қазбаларды өндіру;
- мұнаймен және газбен байланысты қызмет;
- қағаз және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі;
- фармацевтика өнеркәсібі;
- құрылыс материалдары өндірісі;
- биоцидтер өндірісі және олардың әзірленуі;
- қалдықтарды рециркуляциялау;
- кеме жасау және кеме жөндеу;
- былғары өнеркәсібі;
- тоқыма өнеркәсібі.
3. Қалдықтарды басқару:
- қауіпті және улы қалдықтар;
- өнеркәсіптік сарқынды сулар;
- қаланың қатты қалдықтары және сарқынды сулар;
- радиоактивті қалдықтар;
- сарқынды сулардың қалдықтарын жою;
- қалдықтарды жағу және олардың жану өнімдерімен жұмыс істеу;
- зымыран отыны.
4. Туризм.
5. Көлік.
6. Жасанды аралдардың құрылысы және оларды басқару.
7. Автомагистральдар мен автомобиль жолдарын салу.
8. Химиялық қаруды және оқ-дәрілерді жою.
9. Түп тереңдету жұмыстары.
10. Порттарды салу және ондағы жұмыстар.
11. Жағалау сызығының физикалық табиғи жай-күйінің өзгеруі.
12. Теңіз деңгейінің ауытқуына ұшыраған пайдаланылмайтын қондырғылар.
B. Заттар санаттары
Жер үсті көздерінен ластануды болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды дайындау және шараларды қолдану кезінде Уағдаласушы Тараптар қауіпті немесе өзге де зиянды сипаттамаларының негізінде айқындалған, маңыздылығы тәртібімен санамалап көрсетілмеген заттардың мына санаттарын назарға алады:
1. Су сапасын нашарлата алатын қышқылды немесе сілтілі қосылыстар.
2. Биоцидтер және өзге бөлімдерде қамтылмаған олардың туындылары.
3. Шикі мұнай мен мұнай текті көмірсутектер және өңделген жағар материалдар.
4. Цианидтер мен фторидтер.
5. Ауыр металлдарды және олардың қосылыстары.
6. Теңіз қоқысы (кез келген төзімді өнеркәсіптік немесе өңделіп тасталған, кәдеге жаратылған немесе қалдырылған қатты материалдар).
7. Эвтрофикацияны туындатуға қабілетті заттар.
8. Биохимиялық ыдырауға бой бермейтін детергенттер және биохимиялық ыдырауға бой бермейтін басқа да үстіңгі белсенді заттар.
9. Теңіз ортасында оттегінің болуына жағымсыз әсер ететін немесе теңіз суының физикалық немесе химиялық сипаттамаларына жағымсыз әсер ете алатын немесе теңізді заңды түрде пайдалануға кедергі жасауға қабілетті уытты емес заттар.
10. Органогалогендік қосылыстар және теңіз ортасында осындай қосылыстар түзуге қабілетті заттар.
11. Фосфороорганикалық қосылыстар және теңіз ортасында осындай қосылыстарды түзуге қабілетті заттар.
12. Қалайы органикалық қосылыстар және теңіз ортасына осындай қосылыстарды түзуге қабілетті заттар.
13. Патогендік микроағзалар.
14. Полициклдік хош иісті көмірсутектері.
15. Ядролық заттарды да қоса алғанда, радиоактивті заттар.
C. Заттар сипаттамасы
Жер үсті көздерінен ластануды болдырмау, бақылау, бәсеңдету және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды және шараларды дайындау кезінде Уағдаласушы Тараптар тиісті жағдайларда басымдылық ретімен санамалап көрсетілмеген заттар мен факторлардың мынадай сипаттамаларын:
1. Ластаушылардың биожинақталуын және шоғырлануының тағам тізбегі бойынша ұлғаюын.
2. Заттардың кумулятивті әрекетін.
3. Заттар таратылуының заңдылықтарын (яғни саны, пайдаланылу түрлері, теңіз ортасына түсу ықтималдығы).
4. Адамдардың тағам ретінде тұтынуына арналған теңіз өнімдерінің органолептикалық сипаттамаларына әсерін.
5. Теңіз суының иісіне, түсіне, мөлдірлігіне, температурасына немесе басқа да қасиеттеріне әсер етуін.
6. Денсаулыққа әсер етуі және денсаулыққа қатерін.
7. Теңіз флорасы мен фаунасына жағымсыз әсер тигізуін және биологиялық ресурстарды тұрақты пайдаланылуын немесе теңізді өзге де заңды түрде пайдаланылуын.
8. Заттар беріктігін.
9. Эвтрофикацияны туындату қабілеттілігін.
10. Радиоактивтілікті.
11. Көзге көрінетін әсерлерге апаратын және апармайтын шоғырланудың арақатынасының коэффициентін (NOEC).
12. Теңіз экожүйесіндегі келеңсіз өзгерістердің қатерін және әсер етудің қайтымсыздығын немесе ұзақтығын.
13. Уытты немесе өзге де зиянды қасиеттерді (мысалы, канцерогендік, мутагендік, тератогендік).
14. Алысқа көшірілуге қабілеттілігін назарға алады.
II ҚОСЫМША
Ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздері
A. Анықтамалар
Осы Қосымшаның мақсаттары үшін:
1. «Ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздері», керісінше, нүктелі көздерге жататын жануарларды қарқынды өсіру объектілерін қоспағанда, ауыл шаруашылық дақылдарын өсірумен және үй жануарларын молайтумен байланысты ластанудың нүктелі емес көздерін білдіреді.
2. «Ең үздік практика» Каспийдің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарына ластаушы заттардың ағынын болдырмау, бәсеңдету немесе бақылау мақсатындағы құрылымдық және құрылымдық емес сипаттағы рентабельді және қолжетімді шараларды білдіреді.
B. Ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы көздерден ластануды
болдырмау, бақылау және бәсеңдету жөніндегі жоспарлар
Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттама күшіне енген кезден бастап келісілген қысқа мерзімде Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарына жағымсыз әсер тигізуі мүмкін ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы көздерден ластануды болдырмау, бақылау және бәсеңдету жөніндегі жоспарлар мен шараларды әзірлейді. Мұндай жоспарлар мен шаралар, атап айтқанда, құрамында эвтрофикацияға алып келетін заттар, пестицидтер, тұнба шөгінділер және патогендік организмдер бар шашыраңқы ластану көздерін қамтиды.
Жоспарларды әзірлеу кезінде мыналар назарға алынады:
1. Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарына жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін:
a) Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарына жағымсыз әсер тигізуі мүмкін шоғырланулар деңгейін бағалауды;
b) адамдардың денсаулығына әлеуетті қатерлерді анықтауды;
c) қолданыстағы ең үздік практиканы және олардың тиімділігін бағалауды;
d) мониторинг бағдарламаларын енгізуді қоса алғанда, ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздерін бағалау және талдау.
2. Мыналарды:
a) олардың жеткіліктілігі тұрғысынан ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздерін басқаруға бағытталған жоспарларды, саясат және құқықтық тетіктер қағидаттарын бағалау мен талдауды және ең үздік практикаларға қол жеткізу үшін қажетті осындай өзгерістердің жүзеге асыру жоспарын әзірлеуді;
b) ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздерін басқарудың қолданыстағы әкімшілік жүйесін бағалауды; сондай-ақ
c) Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандарының ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздерінен ластануын болдырмау, бақылау және бәсеңдету үшін ең үздік практикаларды пайдалануды кеңейту мақсатында экономикалық және экономикалық емес ынталандыру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесуді қоса алғанда, саяси, заңнамалық және экономикалық шаралары.
3. Мыналарды:
a) ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы ластану көздері және олардың теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға, адамдар денсаулығына және экономикаға әсері туралы хабардар болуды арттыру мақсатында бағдарламалар әзірлеуді және ауыл шаруашылығы секторында және бүкіл халық арасында жүзеге асыруды;
b) теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың маңызды роліне және ауыл шаруашылығы қызметі нәтижесінде ластану әсеріне қатысты ағарту бағдарламаларын әзірлеуді және білім жүйесінің барлық деңгейлерінде жүзеге асыруды;
c) ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы көздерден ластануды болдырмау, бәсеңдету және бақылау мақсатында ауыл шаруашылығы секторының қызметкерлері үшін ең үздік құрылымдық және құрылымдық емес тәжірибелер жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуді қоса алғанда, мемлекеттік басқару органдары қызметкерлерін және ауыл шаруашылығы секторының қызметкерлерін ең үздік практикаларды енгізу мәселелері бойынша дайындау бағдарламаларын әзірлеуді және жүргізуді;
d) тиімді технологияларды беруге және ақпарат алмасуға жәрдемдесу бағдарламаларын әзірлеуді қоса алғанда, оқыту, дайындау және хабардар болуды арттыру бағдарламалары.
C. Баяндамаларды ұсыну
Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың 17-бабына сәйкес Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандарының ауыл шаруашылығында бар шашыраңқы көздерден ластануын болдырмау, бақылау және бәсеңдету жөніндегі өз жоспарлары туралы баяндамаларды ұсынады.
III ҚОСЫМША
Ластанудың атмосфера арқылы таралуы
Осы қосымша, 3-баптың 2b) тармағының ережелеріне сәйкес осы Хаттаманы жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде атмосфера арқылы таралатын ластануға қатысты қолданудың шарттарын айқындайды.
1. Осы Хаттама, атмосфераға ластаушы шығарындыларға мынадай шарттар болған:
a) шығарылатын заттар Каспий теңізі теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарына басым метеорологиялық жағдайлар кезінде таралатын немесе таралуы мүмкін болған;
b) Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарына түсетін зат мөлшері теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға басқа жолдармен жететін осы заттың мөлшерімен салыстырғанда Хаттаманың 6-бабына сәйкес әзірленген критерийлер бойынша қауіпті болып табылған жағдайда қолданылады.
2. Каспий теңізінің теңіз ортасы және жағалау маңындағы аудандары жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанған жағдайда осы Хаттаманың 4 және 7-баптарының ережелері Уағдаласушы Тараптар арасындағы келісім бойынша осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған тиісті қызмет түрлері мен заттарға біртіндеп қолданылады.
3. 1-тармақта, жоғарыда санамаланған шарттар болған жағдайда осы Хаттаманың 6-бабы 1-тармағының ережелері, сондай-ақ:
a) Уағдаласушы Тараптардың иелігіндегі бар ауаны ластаушы көздерінің орналасуына және бөлінуіне қатысты ақпарат негізінде атмосфераға заттардың шығарындыларына - олардың саны мен шоғырлануына;
b) отын мен шикізаттағы бақыланатын заттар құрамына;
c) ауаның ластануына бақылау технологияларының тиімділігіне және неғұрлым тиімді өндірістік және отын жағу процестеріне;
d) ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында бақыланатын заттардың пайдаланылуына қолданылады.
4. Осы Хаттамаға IV қосымшаның ережелері атмосфера арқылы ластану қолданылатын жерде соларға қатысты болады. Атмосферадан шығатын тұнбаны бағалау, сондай-ақ олардың мөлшері мен шоғырлануы тұрғысынан жер үсті көздерінен ластаушы заттар шығарындыларының кадастрын жасаған кезде шығарындылардың жалпы қолдануға болатын коэффициенттерін және әдіснамаларын пайдалану арқылы ауаның ластану мониторингі және оны моделдеу жүргізіледі.
5. Осы Хаттаманың барлық баптары қолдануға болатын жерлерде және 1-тармақта, жоғарыда санамаланған шарттарға сәйкес атмосфера арқылы таралатын жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануларға бірдей қолданылады.
IV ҚОСЫМША
Шығарындыларға рұқсат
Осы Хаттаманың 7-бабының 3-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған құрамында бақыланатын заттар бар шығарындыларға рұқсат беру туралы мәселені қарау кезінде тиісті жағдайларда мына факторларды бағалайды және қарастырады:
A. Шығарындылардың сипаты мен құрамы
1. Нүктелі немесе диффуздық көздің түрі мен мөлшері (мысалы, өндірістік процесс).
2. Шығарындылардың түрі (мысалы, шыққан жері, орташа құрамы).
3. Қалдықтардың жай-күйі (мысалы, қатты, сұйық, тұнба, шлам).
4. Жалпы көлемі (шығарындының көлемі, мысалы, жылына).
5. Шығарындылар режимі (тұрақты, тұрақты емес, маусымдық өзгеретін және т.б.).
6. I қосымшада санамаланған заттардың және егер қолданылатын болса, басқа да заттардың тиісті компоненттерінің шоғырланулары.
7. Ағынды сулардың физикалық, химиялық және биохимиялық қасиеттері.
B. Шығарындылар компоненттерінің зияндылығы тұрғысынан
сипаттамалары
1. Теңіз ортасындағы тұрақтылығы (физикалық, химиялық, биологиялық).
2. Уыттылығы және зиянды әсерлердің өзге де түрлері.
3. Биологиялық материалдарда немесе тұнбаларда жиналуы.
4. Зиянды қосындыларға биохимиялық қайта өзгеруі.
5. Оттегі құрамы мен теңгеріміне жағымсыз әсер етуі.
6. Су ортасындағы физикалық, химиялық және биохимиялық өзгерістерге бейімділігі және Ғ бөлімінде, төменде санамаланған пайдалану түрлеріне зиянды биологиялық немесе өзге де әсер ете алатын теңіз суының басқа да компоненттерімен өзара іс-қимылы.
7. I қосымшаның С бөлімінде санамаланған барлық басқа да сипаттамалары.
C. Шығарындылар объектісінің және белгіленген ортаның
сипаттамалары
1. Жағалау маңындағы ауданның гидрографиялық, метеорологиялық, геологиялық және топографиялық сипаттамалары.
2. Көздердің орналасқан жері мен түрі (арнаның су жібергіші, су ағызғышы және т.б.) және оның басқа аймақтарға (рекреациялық аймақтар, уылдырық шашу орындары, көшеттіктер, балық аулау аймақтары, ұлуларды аулау банкілері сияқты) және басқа шығарындыларға қатысты орналасуы.
3. Қабылдайтын ортаға шығарынды нүктесінде бастапқы араластыру дәрежесі.
4. Ағындардың, тасулардың және желдің көлбеу көшіруге және тігінен араластыруға әсері сияқты дисперсиялық сипаттамалары.
5. Төгу аймағындағы физикалық, химиялық, биологиялық және экологиялық тұрғыдан белгіленген су ортасының сипаттамалары, сондай-ақ
6. Белгіленген теңіз ортасының қолайсыз салдарсыз тасталатын қалдықтарды қабылдау қабілеттілігі.
D. Қызмет немесе көздер санаттарының сипаттамалары
1. Осы жерге тән технологиялар мен басқару әдістерін қоса алғанда, қолда бар технологиялар мен басқару әдістерінің сипаттамалары.
2. Объектілердің ахуалға қарай қолданыста болған мерзімі, сондай-ақ
3. Қолда бар экономикалық, әлеуметтік және мәдени ерекшеліктері.
E. Өндірістің, қалдықтарды тазартудың баламалы
технологиялары немесе басқару әдістері
1. Рециркуляция, регенерация және қайта пайдалану мүмкіндігі.
2. Шикізат материалдарын онша қауіпті емес немесе қауіпсіз түрлеріне алмастыру.
3. Неғұрлым экологиялық таза қызмет түрлеріне немесе өнімдерге алмастыру.
4. Аз қалдықты және экологиялық таза технологиялар немесе процестер, сондай-ақ
5. Төгінділердің баламалы нұсқалары (мысалы, жер бетіне шығару).
F. Теңіз экожүйелеріне және теңіз суын пайдалану түрлеріне
әлеуетті залал келтірілуі
1. Ластанудың:
a) тамаққа тұтынуға жарамды теңіз организмдеріне;
b) шомылатын жерлердегі суға; сондай-ақ
c) эстетикалық құндылыққа ықпал ету есебінен адамдар денсаулығына әсері.
2. Теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне, атап айтқанда, биологиялық ресурстарға, құрып кету қаупі бар түрлерге және мекендеуге қиын орындарға әсері.
3. Теңізді заңды пайдаланудың өзге де түрлеріне әсері.
V ҚОСЫМША
Қолда бар ең үздік технологиялар мен ең үздік табиғат қорғау
практикасы бойынша басшылық
Осы Хаттаманың тиісті ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Тараптар қолда бар ең үздік технологияларды (ҚБЕҮТ) және ең үздік табиғат қорғау практикасын (ЕҮТҚП) қолданады немесе оларды енгізуге ықпал етеді.
A. Қолда бар ең үздік технологиялар
1. «Қолда бар ең үздік технологиялар (ҚБЕҮТ)» термині шығарындылар мен қалдықтарды шектеу үшін нақты шаралардың практикалық жарамдылығын көрсететін қазіргі заманғы (алдыңғы қатарлы) технологияларды, жабдықтарды немесе қызмет әдістерін білдіреді. «Технологиялар» өзі пайдаланылатын технологияларды, сондай-ақ олардың көмегімен өндірістік қондырғы жобаланатын, құрылатын, қызмет көрсететін, жұмыс істейтін және бөлшектенетін тәсілдер мен әдістерді қамтиды.
2. Қолда бар ең үздік технологиялар пайдаланылғанда қалдықсыз технологияларды, ондайлар болған жағдайда, пайдалануға назар аударылады.
3. Технологиялық процестер, жабдықтар мен жұмыс әдістері тобының қолда бар ең үздік технологияларға жататындығын айқындау кезінде жалпы және нақты жағдайларда:
a) жақында сынақтан сәтті өткен ұқсас технологиялық процестерге, жабдыққа немесе жұмыс әдістеріне;
b) технологиялық прогреске және ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардағы өзгерістерге;
c) осындай технологиялардың экономикалық орындылығына;
d) жаңа да, жұмыс істеп тұрған зауыттарда да монтаждау мерзіміне;
e) тиісті шығарындылардың сипаты мен көлеміне;
f) сақтық қағидатына ерекше назар аударылуы тиіс.
4. «Қолда бар ең үздік технологиялардың» нақты технологиялық процесс үшін нені білдіретіндігін түсіну технологиялық прогресс, экономикалық және әлеуметтік факторлар, сондай-ақ ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардың өзгеруі нәтижесінде уақыт өте келе өзгереді.
5. Егер қолда бар ең үздік технологияларды пайдалану нәтижесінде шығарындылардың азаюы экономикалық жағынан қолайлы нәтижелерге алып келмесе, қосымша шаралар қолдану қажет.
B. Ең үздік табиғат қорғау практикасы
1. «Ең үздік табиғат қорғау практикасы (ЕҮТҚП)» термині қоршаған ортаның жай-күйін бақылау саласындағы шаралар мен стратегиялардың неғұрлым ұтымды үйлесімділігін пайдалануды білдіреді.
2. Әдістерді таңдаған кезде әрбір нақты жағдайда, ең болмағанда, мынадай дәйектілікпен орналастырылған шаралар жиынтығы қарастырылуға тиіс:
a) халыққа және пайдаланушыларға қызмет пен өнімнің белгілі бір түрлерін таңдаудың, пайдаланудың және түпкілікті жоюдың экологиялық салдарларына қатысты ақпарат беру және оларды оқыту;
b) өнімнің тіршілік ету циклі барысында қызметінің барлық аспектілерін қамтитын тиісті экологиялық практика кодекстерін әзірлеу және қолдану;
c) тұтынушыларды өнімге, оны пайдаланумен және түпкілікті жоюмен байланысты экологиялық тәуекелдер туралы хабардар ететін затбелгілерді міндетті түрде қолдану;
d) электр энергиясын қоса алғанда, ресурстарды үнемдеу;
e) қалдықтарды жинау және жою жүйелеріне халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
f) қауіпті заттарды немесе өнімдерді пайдаланудан және қауіпті қалдықтарды жинақтаудан бас тарту;
g) рециклдеу, регенерациялау және қайтадан пайдалану;
h) қызмет түрлеріне, өнімдерге немесе өнімдер топтарына экономикалық құралдарды қолдану;
i) бірқатар шектеу шараларын немесе тыйымдарды қамтитын лицензиялау жүйесін құру.
3. Тұтас алғанда да, нақты жағдайларда да «ең үздік табиғат қорғау практикасы» шаралардың қандай үйлесімін білдіретіндігін айқындау кезінде:
a) өнімнің және оның өндірісінің, пайдаланылуын мен түпкілікті жойылуының экологиялық қауіптілігіне;
b) қызметтің немесе заттардың неғұрлым аз ластайтын түрлеріне алмастыруға;
c) қолдану ауқымдарына;
d) алмастырылатын материалдардың немесе қызмет түрлерінің қоршаған орта үшін әлеуетті пайдаларға немесе қатерлерге;
e) ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардағы прогреске және өзгерістерге;
f) енгізу мерзімдеріне;
g) әлеуметтік және экономикалық салдарларға; сондай-ақ
h) сақтық шараларын қолдану қағидатына ерекше назар аударылуға тиіс.
4. Бұл нақты көз үшін «ең үздік табиғат қорғау практикасы» уақыттың өтуімен технологиялық прогресс, экономикалық және әлеуметтік факторлар, сондай-ақ ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардағы өзгерістер нәтижесінде өзгереді дегенді білдіреді.
5. Егер ең үздік табиғат қорғау практикасын пайдалану нәтижесінде түсетін заттар көлемінің азаюы экологиялық қолайлы нәтижелерге алып келмесе, қосымша шаралар қолдану және осындай ең үздік табиғат қорғау практикасын қайта қарау қажет.