Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 15.06.2016 № 281; 01.03.2018 № 646 Жарлықтарымен.3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 969 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған
адамдарды беру туралы
ШАРТ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Моңғолия
егемендікті және теңдікті өзара құрметтеуді негізге ала отырып,
екі мемлекет арасындағы қылмыстық құқық қатынастарында құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
сотталған адамдардың өздері азаматтары болып табылатын мемлекетте жазаны өтеуі олардың қоғамға қайта араласуына ықпал тигізетінін ескере отырып,
мыналар туралы уағдаласты:
1-бап Анықтамалар
Осы Шарттың мақсатында мынадай анықтамалар пайдаланылады:
а) "Беруші Тарап" - сотталған адамды өз аумағынан беретін немесе берген Тарап;
б) "Қабылдаушы Тарап" - сотталған адамды өз аумағына қабылдайтын немесе қабылдаған Тарап;
в) "Сотталған адам" - Беруші Тараптағы сотпен белгіленген мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адам.
2-бап Жалпы ережелер
Әрбір Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес басқа Тарапқа сотталған адамды Беруші Тараптың сотымен шығарылған үкімді орындау үшін беруге құқылы.
3-бап Орталық органдар
1. Тараптар осы Шартты іске асыру мақсатында сол үшін айқындалған орталық органдар арқылы бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.
2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Моңғолия үшін Әділет министрлігі осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар болып табылады.
3. Тараптардың кез келгені көрсетілген орталық органдарын өзгерткен жағдайда, басқа Тарап бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етіледі.
4-бап Беру шарттары
1. Сотталған адамды беру, егер:
а) сотталған адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылса;
б) адам Қабылдаушы Тараптың да заңдары бойынша қылмыс болып табылатын әрекет үшін сотталса;
в) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енсе және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде бір жылды құраса;
г) сотталған адамның немесе сотталған адам жасы, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты өзінің еркін білдіре алмайтын жағдайда, оның заңды өкілінің жазбаша келісімі бар болса;
д) екі Тарап беруге келіссе, жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Ерекше жағдайларда Тараптар, егер сотталған адамның жазаны өтейтін уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының в) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да, беруге келісе алады.
5-бап Беруден бас тарту
1. Егер:
а) Тараптардың бірі беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнаманың іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
б) сотталған адам Беруші Тараптың аумағында талап қою рәсімдеріне тартылған болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
2. Тараптардың әрқайсысы осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, басқа Тарап сұрау салып отырған беруге келісім беретіндігін немесе келісім бермейтіндігін өз қалауы бойынша шеше алады.
6-бап Сұрау салу және жауап беру
1. Сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы Шартқа сәйкес беруге қатысты Тараптардың кез келгеніне өтінішпен жүгіне алады. Сотталған адам беру туралы мәселе бойынша жүгінген Тарап бұл туралы басқа Тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.
2. Беру туралы сұрау салуды Тараптардың кез келгені жасай алады. Сұрау салынған Тарап сұрау салынған беруге келісетіні немесе келіспейтіні жөніндегі өз шешімі туралы сұрау салушы Тарапты жедел хабардар етеді.
3. Беру туралы сұрау салулар мен жауаптар жазбаша нысанда жасалады және осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар бойынша жолданады.
7-бап Құжаттарды ұсыну
1. Егер беру туралы сұрау салынса және сұрау салынған Тарап одан бас тартпаса, Беруші Тарап Қабылдаушы Тарапқа мынадай құжаттарды және мәліметтерді ұсынады:
а) оған негіз болған заңның тиісті ережелерін қоса алғанда, заңды күшіне енген үкімнің расталған көшірмесі;
б) жаза түрі мен мерзімі, сондай-ақ оны есептеу басталған күн көрсетілген мәліметтер;
в) адамның жазаны өтеу режимі, сотқа дейін ұстау мерзімін қоса алғанда, жаза бөліктерінің өтелген және өтелуге тиіс мерзімдері көрсетілген мәліметтер, үкімді өзгерту туралы мәліметтер және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;
г) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының г) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісім;
д) сотталған адамның физикалық және психикалық жай-күйі туралы ақпарат.
2. Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа мынадай құжаттарды және мәліметтерді ұсынады:
а) сотталған адамның Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылатынын растайтын құжаттар немесе мәліметтер;
б) сол үшін сотталған адамға қатысты үкім шығарылған әрекеттің қылмыстық жазалауға жататынын куәландыратын Қабылдаушы Тарап заңының нормалары;
в) Беруші Тарап шығарған үкімнің Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындалу тәртібі туралы ақпарат.
8-бап Сотталған адамды хабардар ету
1. Тараптардың әрқайсысы өз аумағында өздеріне осы Шарт қолданыла алатын сотталған адамдарды олардың осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуінің мүмкін екендігін хабардар етуге тиіс.
2. Тараптардың әрқайсысы өз аумағындағы сотталған адамдарды осы Шарттың 6-бабында көзделген беру туралы сұрау салу бойынша Беруші немесе Қабылдаушы тараптардың қабылдаған шешімдері туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
9-бап Сотталған адамның келісім беруі және оның расталуы
1. Қабылдаушы Тарап сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің беруге оның құқықтық салдарларын толық түсінушілікпен өз еркімен келісім беретіндігіне және мұны беруге келісім беру жолымен растайтынына көз жеткізуге құқылы.
2. Беруші Тарап Қабылдаушы Тараптың сұрау салуы бойынша Қабылдаушы Тарапқа уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге келісім білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік береді.
10-бап Сотталған адамды беру
Беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда, Тараптар беру уақытын, орнын және тәртібін осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар бойынша консультациялар жолымен айқындайды.
11-бап Үкімнің орындалуы
1. Сотталған адамды алғаннан кейін Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Беруші Тарап шығарған үкімнің орындалуын жалғастырады.
2. Егер Беруші Тарап айқындаған үкім бойынша жазаны өтеу режимдері мен мерзімдері Қабылдаушы Тараптың заңнамасымен үйлеспейтін болып табылса, Қабылдаушы Тарап өз ұлттық заңнамасында соған ұқсас қылмыс үшін көзделген жаза шарасын тағайындай отырып, үкімді өзгерте алады. Мұндай өзгерту жағдайында:
а) Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптың үкімінде қамтылған фактілерді мойындауға міндетті;
б) Қабылдаушы Тарап бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алу жазасына ауыстыруға құқылы емес;
в) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі өзінің мәні бойынша және мүмкіндігінше Беруші Тараптың үкіміне сәйкес келуге тиіс;
г) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі Беруші Тараптың үкімін ауырлатпауға және Қабылдаушы Тараптың заңнамасында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазаның ең көп мерзімінен аспауға тиіс;
д) үкімді өзгерту Қабылдаушы Тараптың заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге тиіс;
е) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне Беруші Тараптың аумағындағы өтелген мерзім қоса есептеледі.
3. Беруден кейін одан әрі үкімді орындау, жазаны жеңілдетуді және мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолдануды қоса, Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасымен және қағидаларымен реттеледі.
12-бап Заңдық құзырын сақтау
1. Беруші Тараптың өзінің соты шығарған үкімді өзгерту немесе оның күшін жою үшін заңдық құзырын сақтауға құқығы бар.
2. Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптан, Беруші Тараптың соты шығарған, осы бапқа сәйкес өзгертілген немесе күші жойылған үкімді алған жағдайда, үкімнің орындалуын өзгертеді немесе оның күшін жояды.
13-бап Кешірім жасау және рақымшылық жасау
Тараптардың әрқайсысы, басқа Тарапқа бұл туралы осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар арқылы дереу хабарлай отырып, берілген сотталған адамға қатысты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім жасау актісін және рақымшылық жасауды қолдануға құқылы.
14-бап Үкімді орындау туралы хабардар ету
Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапты үкімнің орындалуы туралы мынадай жағдайларда:
а) үкім орындалғанда;
б) сотталған адам қашып кеткенде немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болғанда;
в) беруші Тарап арнайы хабарлауды талап еткенде хабардар етуге тиіс.
15-бап Транзит
1. Тараптардың бірі үшінші мемлекетпен ынтымақтаса отырып, басқа Тараптың аумағы арқылы сотталған адамдардың транзитін жүзеге асыратын жағдайда, біріншісі соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алуға сұрау салу жіберуге тиіс.
2. Әуе көлігін пайдаланған және басқа Тарап аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген рұқсат талап етілмейді.
3. Сұрау салынған Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы Тараптың транзит туралы өтінішхатын қанағаттандыруға тиіс.
16-бап Тілі
Осы Шарттың мақсаттарында Тараптардың орталық органдары бір-бірімен өзара іс-қимыл жасаған кезде орыс тілін пайдаланады. Бір Тараптың ресми тілінде әзірленген материалдар басқа Тараптың ресми тіліне немесе орыс тіліне аудармамен қамтамасыз етіледі.
17-бап Құжаттардың жарамдылығы
Осы Шарттың мақсаттарында Тараптардың бірінің құзыретті органы дайындаған және осы Шарттың 3-бабының 1-тармағында көзделген арналар бойынша жолдаған кез келген құжат қолтаңбамен және осы құзыретті органның елтаңбалық мөрімен бекітіледі және басқа Тараптың аумағында расталусыз және заңдастырылусыз пайдаланылады.
18-бап Шығыстар
1. Қабылдаушы Тарап:
а) тек қана Беруші Тарап аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, сотталғанды тасымалдауға байланысты;
б) беруден кейінгі үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.
2. Қабылдаушы Тарап сотталған адамнан шығыстарды толық немесе ішінара өтеуді талап етуге құқылы.
19-бап Келіспеушіліктерді шешу
Егер орталық органдар өз араларында келісімге қол жеткізбесе, осы Шартты түсіндіруге және қолдануға байланысты кез келген келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
20-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 21-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
21-бап Шарттың күшіне енуі және тоқтатылуы
1. Осы Шарт ратификациялануға жатады және ратификациялық грамоталармен алмасқан күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы, бұл туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлап, осы Шарттың қолданылуын кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Шарттың қолданылуы оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабарлама алынған күннен бастап жүз сексен (180) күн өткен соң тоқтатылады. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылған кезеңде басталған, сотталған адамдарды беру жөніндегі іс-шаралар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
3. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін өздеріне қатысты үкім шығарылған сотталған адамдарды беруге де қолданылады.
Осыны куәландыру үшін, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойған өкілдер, осы Шартқа қол қойды.
______________ қаласында 20 жылғы " " _______ әрқайсысы қазақ, моңғол және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтініне жүгінеді.
Қазақстан Республикасы | Моңғолия |
үшін | үшін |