ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Ақпарат саласындағы қылмыстық іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 982 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Ақпарат саласындағы қылмыстық іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл
бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше
мемлекеттердің өзара іс-қимылы туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-қимылдар туралы өз міндеттемелерін растай отырып,
Тараптардың ақпараттық кеңістігі мен ақпараттық ресурстарын қорғаудың аса қажеттілігіне көз жеткізе отырып,
Тараптар аумақтарындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін ақпараттық технологияларды пайдалануға кедергі жасау бойынша уағдаластықтарды іске асыру мақсатында,
ақпарат саласындағы ыдыратушылық ақпараттық ықпал етулер мен төтенше жағдайлардың алдын алу, оларға жедел ден қоюды үйлестіру және олардың салдарын жою саласында өзара көмек көрсетудің маңыздылығын түсіне отырып,
ақпарат саласындағы қылмыстық іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша тиімді ұжымдық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресте Тараптардың арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдары ынтымақтастығының құқықтық негізін құруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Хаттаманың мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
ақпарат саласы - ақпараттың, ақпараттық инфрақұрылымның, ақпаратты жинауды, қалыптастыруды, таратуды және пайдалануды жүзеге асыратын субъектілердің, сондай-ақ осы кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу жүйесінің жиынтығы;
ақпарат кеңістігі - жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылымға және ақпараттың өзіне әсер ететін ақпаратты қалыптастыруға, жасауға, өзгертуге, беруге, пайдалануға, сақтауға байланысты қызмет саласы;
ақпараттық инфрақұрылым — ақпаратты қалыптастыру, жасау, өзгерту, беру, пайдалану мен сақтаудың техникалық құралдарының және жүйелерінің жиынтығы;
ақпараттың ресурстар - ақпараттық инфрақұрылым, ақпараттың өзі және оның ағымдары;
ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс — ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын, Тараптың қылмыстық заңнамасында көзделген, қасақана жасалған қоғамға қауіпті әрекет;
компьютерлік ақпарат - компьютердің (ЭЕМ) жадындағы, машиналық немесе өзге де тасығыштардағы ЭЕМ-ге қабылдауға қолжетімді нысандағы немесе байланыс арналары арқылы берілетін ақпарат;
уәкілетті құзыретті орган - ҰҚШҰ форматында ынтымақтастықтың аталған саласында уәкілетті құзыретті орган ретінде айқындалған, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау өз құзыретіне кіретін мемлекеттік орган;
ақпараттық технологиялар — ақпаратты жинауды, жасауды, сақтауды, жинақтауды, өңдеуді, іздеуді, шығаруды, көшіруді, беруді және таратуды қамтамасыз ететін технологиялық кешенге біріктірілген әдістердің, өндірістік процестердің және бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы.
2-бап
Осы Хаттама ақпарат саласындағы қылмыстық іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша Тараптардың өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.
3-бап
Тараптар осы Хаттамаға, ұлттық заңнамаға және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес, ыдыратушылық әсер етуден Тараптардың ақпарат кеңістігін қорғау және ұлттық заңнамада тыйым салынған мақсаттарда Интернет желісінің ұлттық сегменттерін пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау мүддесінде ынтымақтасуға, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын және ұлттық заңнамада:
конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы,
бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы,
ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстар деп жіктелетін қылмыстардың белгілері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға міндеттенеді.
Тараптар осы Хаттаманың ережелерін орындау үшін қажетті ұйымдастырушылық шараларды қабылдайды.
4-бап
Осы Хаттама шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар айқындаған уәкілетті құзыретті органдар арасында тікелей жүзеге асырылады.
Тараптардың әрқайсысы уәкілетті құзыретті органның айқындалғаны/өзгертілгені туралы ҰҚШҰ-ның Бас хатшысын хабардар етеді.
ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы хабарламаны алған кезде дереу бұл туралы Тараптардың әрқайсысына хабарлайды.
5-бап
Тараптар осы Хаттама шеңберінде ынтымақтастықты:
1. Мыналар:
ақпараттық технологиялар саласындағы дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар;
оларға қатысы бар жеке және заңды тұлғалар;
ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу нысандары мен әдістері;
ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды жасаудың жаңа нысандары мен тәсілдері;
ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу мәселелерін реттеу мақсатында қабылданған/қабылданатын ұлттық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер;
Тараптар қатысушылары болып табылатын/жаңадан болып жатқан тиісті халықаралық шарттар туралы ақпарат алмасу.
2. Тараптар қатысушысы болып табылатын құқықтық көмек туралы халықаралық шарттарға және басқа да тиісті халықаралық шарттарға сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын, сондай-ақ іс жүргізу әрекеттерін жүргізу туралы өтініштерді орындау.
3. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша үйлестірілген іс-шаралар мен операцияларды жоспарлау және өткізу.
4. Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыруда жәрдем көрсету, оның ішінде мамандарды тағылымдамадан өткізу, конференциялар, семинарлар, оқу курстары мен тренингтер ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсету.
5. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелер құру.
6. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрестің өзара қызығушылық білдіретін проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрес мәселелері бойынша ғылыми-техникалық әдебиетпен алмасу нысандарында.
7. Басқа да өзара қолайлы нысандарда жүзеге асырады.
6-бап
Осы Хаттама шеңберіндегі ынтымақтастық жәрдем көрсету қажеттігі туралы уәкілетті құзыретті органның өтініші (бұдан әрі - өтініш) негізінде жүзеге асырылады.
Өтініште сұрау салушы Тараптың уәкілетті құзыретті органының және сұрау салынған Тараптың уәкілетті құзыретті органының атауы, өтініштің мақсаты мен негіздемесі көрсетіледі, мәселенің мәні және сұрау салынатын жәрдемнің мазмұны, заңнамада көзделген орындау мерзімдері, өтінішті орындау үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа да ақпарат баяндалады.
Өтініш жазбаша нысанда жіберіледі.
Осы Хаттаманың 3-бабында тізбеленген дайындалып жатқан қылмыстар туралы, оларға қатысы бар адамдарға қатысты жедел ден қоюды талап ететін жедел ақпарат алынған кезде, Тараптардың уағдаласуы бойынша өтініш байланыстың техникалық құралдарын пайдалана отырып, кейіннен үш тәулік ішінде ресми жазбаша растаумен берілуі мүмкін.
Берілген немесе жазбаша нысанда расталған өтінішке сұрау салушы уәкілетті құзыретті органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды.
7-бап
Сұрау салынатын Тарап өтінішті жылдам және анағұрлым толық орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Өтініш, егер өзара көмек туралы халықаралық шарттарға сәйкес басқа мерзім келісілмеген болса, әдетте, оны алған күннен бастап 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде орындалады.
Өтінішті орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындауды айтарлықтай кешеуілдететін мән-жайлар болған кезде сұрау салушы Тарап дереу хабардар етіледі.
Егер өтінішті орындау сұрау салынған уәкілетті құзыретті органның құзыретіне жатпаса, онда ол алған күннен бастап үш күн ішінде өтінішті оны орындауға құзыретті өз мемлекетінің органына береді және бір мезгілде бұл туралы сұрау салушы уәкілетті құзыретті органды хабардар етеді.
Сұрау салынған Тарап өтінішті тиісті түрде орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
Егер сұрау салынған Тарап өтінішті дереу орындау өз мемлекеті аумағында жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге де іс жүргізуге кедергі болуы мүмкін деп пайымдаса, онда ол сұрау салушы Тарапты хабардар ете отырып, өтінішті орындауды кейінге қалдыра алады немесе оны орындауды сұрау салушы Тараппен консультациялардан кейін қажетті деп анықталған шарттарды сақтай отырып байланыстыра алады.
Егер сұрау салушы Тарап ұсынылған шарттарда оған жәрдем көрсетуге келіссе, онда ол осы шарттарды сақтауға тиіс.
Сұрау салынған Тарап өтінішті орындау нәтижелері туралы сұрау салушы Тарапты мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.
8-бап
Қажет болған кезде және сұрау салынған Тараппен келісу бойынша, оның ұлттық заңнамасын ескере отырып, жәрдем көрсету туралы өтінішті орындаған кезде сұрау салушы Тараптың уәкілетті құзыретті органдары өкілдерінің қатысуы мүмкін.
9-бап
Егер сұрау салынған Тарап оны орындау өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп пайымдаса, осы Хаттама шеңберінде өтінішті орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
Сұрау салушы Тарап бас тартудың себептерін көрсете отырып, өтінішті орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша түрде хабардар етіледі.
10-бап
Тараптардың уәкілетті құзыретті органдары өтінішті орындауға байланысты ақпараттың қажетті құпиялылық деңгейін қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнамаға сәйкес қажетті шараларды қабылдайды.
Осы Хаттама шеңберінде алынған ақпарат өтініште көрсетілгеннен және оған сұрау салынған уәкілетті құзыретті орган келісімін бергендерді қоспағанда, сұрау салынған уәкілетті құзыретті органның келісімінсіз өзге мақсаттар үшін пайдаланылмайды.
Мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтермен алмасу қажеттігі кезінде, мұндай мәліметтер 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімде көзделген тәртіппен беріледі және қорғалады.
11-бап
Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
12-бап
Осы Хаттаманың шарттарын орындау барысында туындауы мүмкін шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, Тараптар өздері дербес көтереді.
13-бап
Осы Хаттама шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптардың уәкілетті құзыретті органдары жұмыс тілі ретінде орыс тілін пайдаланады.
14-бап
Осы Хаттаманың ережелері өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
15-бап
Осы Хаттамаға Тараптардың келісімі бойынша осы Хаттаманың 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
16-бап
Осы Хаттама оған қол қойған Тараптардың қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Осыған ұқсас мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
17-бап
Осы Хаттама 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт қолданысының мерзімі ішінде қолданылады.
18-бап
Әрбір Тарап осы Хаттаманың қолданылуы кезінде туындаған барлық міндеттемелерді реттеп, шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей, бұл туралы ҰҚШҰ-ның Бас хатшысына жазбаша хабарлама жолдап, осы Хаттамадан шыға алады.
______________ қаласында 201__ жылғы __ _____ орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Армения Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін