Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевқа Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 3 шілдедегі
№ 51 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы
арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы (бұдан әрі - Уағдаласушы мемлекеттер деп аталатын)
сотталған адамдардың өз елдерінде әлеуметтік оңалтылуына жәрдем беруге ниет білдіре отырып, және
қылмыс жасау салдарынан кінәлі деп танылған және сотталған шетелдіктерге жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігін беру арқылы осы мақсатқа қол жеткізуге болатындығын пайымдай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
а) «сот шешімі» жазаны тағайындайтын соттың не трибуналдың шешімін немесе үкімін білдіреді;
b) «Қабылдаушы мемлекет» сотталған адам жазасын немесе оның қалған бөлігін өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген мемлекетті білдіреді;
с) «үкім» қылмыс жасағаны үшін белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімін білдіреді;
d) «сотталған адам» Уағдаласушы мемлекетте сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан адамды білдіреді;
е) «Беруші Мемлекет» берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты жаза тағайындалған мемлекетті білдіреді.
2-бап
Жалпы ережелер
1. Бір Уағдаласушы мемлекеттің аумағында сотталған адам осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жазасын одан әрі өтеу үшін екінші Уағдаласушы мемлекеттің аумағына берілуі мүмкін. Бұл үшін ол Беруші мемлекетке немесе Қабылдаушы мемлекетке өзінің осы Келісімге сәйкес берілуіне ниетін білдіруі мүмкін.
2. Беруді Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болып табылатын кез келген сотталған адам немесе Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның атынан әрекет етуге құқығы бар кез келген басқа адам Уағдаласушы мемлекетке өтініш беру арқылы және сол Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасымен бекітілген тәртіппен сұрата алады.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты орталық органдар:
Қазақстан Республикасы үшін: Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
Үндістан Республикасы үшін: Үндістан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Үкіметі болып табылады.
2. Егер Уағдаласушы мемлекет өзінің орталық органын ауыстырған жағдайда, ол бұл туралы екінші мемлекетті дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге тиіс.
4-бап
Беру шарттары
1. Осы Келісімге сәйкес сотталған адам мынадай шарттарда:
а) адам Қабылдаушы мемлекеттің азаматы болып табылса;
b) сотталған адам өлім жазасы үкіміне кесілмесе;
с) үкім түпкілікті болып табылса;
d) Беруші мемлекетте сотталған адамға қатысты оның қатысуы талап етілетін басқа да қылмыстық немесе өзге де талқылаулар жүргізіліп жатпаса;
е) сотталған адам әскери қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылмаса;
f) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адам үкім бойынша өтеуге тиіс мерзім кемінде алты айды құраса немесе ол өмір бойғы мерзімге сотталса;
g) сол үшін Беруші мемлекетте сотталған адамның әрекеттері немесе әрекетсіздігі Қабылдаушы мемлекетте қылмыстық жазаланатын деп танылса немесе аумағында жасалған кезде қылмысты құрайтын болса;
h) Қабылдаушы мемлекетке сотталған адамды беру және оны этаппен апару Беруші мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе кез келген басқа да мүдделеріне залал келтірмейтін болса;
і) сотталған адам немесе Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгені оның жасына не физикалық немесе психикалық жағдайына байланысты қажет деп есептесе, кез келген заңды өкілі немесе Уағдаласушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның атынан әрекет етуге құқығы бар өзге де адам беруге келісім берсе; және
j) Қабылдаушы және Беруші мемлекет беруге келіссе, берілуі мүмкін.
2. Айрықша жағдайларда, Беруші және Қабылдаушы мемлекеттер сотталған адам өтеуге тиіс қалған кезең алты айдан аз болса да, беруге келісуі мүмкін.
5-бап
Ақпаратты ұсыну міндеттемесі
1. Егер сотталған адам Беруші мемлекетке осы Келісімге сәйкес берілуге ниетін білдірсе, Қабылдаушы немесе Беруші мемлекет беруге келісімін бермеуге шешім қабылданып қойған жағдайларды қоспағанда, Беруші мемлекет Қабылдаушы мемлекетке мынадай ақпаратты және құжаттарды:
а) оның төлқұжатының немесе жеке басын сәйкестендіретін кез келген басқа құжаттың көшірмесімен және мүмкіндігінше сотталған адамның саусақ іздерімен бірге сотталған адамның аты және тегі, азаматтығы, туылған күні мен жері және егер бар болса, оның Қабылдаушы мемлекеттегі мекенжайы туралы;
b) үкім шығаруға негіз болған фактілердің баяндалымын;
с) жазаның түрі, мерзімі және оны орындаудың басталу күні туралы;
d) үкімнің куәландырылған көшірмесін және оларға сәйкес сотталған адамға қатысты үкім шығарылған заңнаманың тиісті баптарының көшірмелерін;
е) сотталған адамның өтінішін қарау үшін немесе түрмеге қамау түрін айқындау үшін қажет жағдайда, оның өткен өміріне және мінез-құлқына қатысты медициналық, әлеуметтік немесе кез келген басқа да есепті;
f) беру мүмкіндігін қарау үшін Қабылдаушы мемлекетке қажет болатын, сондай-ақ сотталған адамды өз заңнамасы бойынша оны берудің барлық салдары туралы хабардар етуге мүмкіндік беретін кез келген басқа да ақпаратты;
g) сотталған адамның немесе Беруші мемлекеттің заңнамасына сәйкес сотталған адамның мүдделеріне орай әрекет етуге уәкілеттік берілген адамның беруге сұрауына байланысты өтініші;
h) ол жазаның қанша мерзімін өтегенін көрсететін құжатты, оның ішінде сотқа дейін күзетпен қамауға алу туралы, жазаны жеңілдету немесе үкімді орындауға қатысы бар кез келген басқа да факторлар туралы ақпаратты жіберуге тиіс;
2. Осы Келісімге сәйкес сұрау салу бойынша шешім шығару мақсатында, Қабылдаушы немесе Беруші мемлекет берумен келіспеу туралы шешім қабылдаған жағдайды қоспағанда, Қабылдаушы мемлекет Беруші мемлекетке мынадай ақпаратты және құжаттарды:
а) сотталған адам Қабылдаушы мемлекеттің азаматы болып табылатындығын куәландыратын растауды немесе құжаттың куәландырылған көшірмесін;
b) адамның Беруші мемлекетте үкім шығаруға негіз болған әрекеттері немесе әрекетсіздігі Қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмыс құрайтындығы немесе аумағында жасалған жағдайда қылмысты құрайтындығы көзделетін Қабылдаушы мемлекеттің тиісті заңнамасының көшірмесін;
с) сотталған адамды бергеннен кейін Қабылдаушы мемлекетте жазаны орындау тәртібі көрсетілген кез келген заңға немесе нормаларға қатысты мәліметтерді, оның ішінде егер осы Келісімнің 10-бабы 1-тармағы с) тармақшасының ережелері қолданылатын болса;
d) Қабылдаушы мемлекеттің сотталған адамды беруге келісуіне және сотталған адамға қатысты жазаның қалған бөлігінің орындалуы бойынша міндеттемені қабылдауына дайындығын; және
е) Беруші мемлекетке қажет болатын кез келген басқа да ақпаратты немесе құжатты жіберуге тиіс.
6-бап
Сұрау салулар мен жауаптар
1. Сотталған адамды беруге сұрау салуларды, егер мұндай бар болса, алдын ала жазылған үлгіде, жазбаша жасап, Беруші мемлекеттің орталық органы дипломатиялық арналар арқылы Қабылдаушы мемлекеттің орталық органына жіберуге тиіс. Жауаптарда сол арналар арқылы берілуге тиіс.
2. Қабылдаушы мемлекет сұратылып отырған беруге қатысты келісуі немесе келіспеуі туралы өз шешімін Беруші мемлекетке дереу хабарлауға тиіс.
7-бап
Келісім және оны растау
1. Беруші мемлекет осы Келісімнің 4-бабы 1-тармағының і) тармақшасына сәйкес беруге келісімі талап етілетін адам оны өз еркімен және оның нәтижесіндегі заңдық салдарды толық сезіне отырып, бергеніне көз жеткізуге тиіс. Мұндай келісімді беру рәсімі, егер бұл Беруші мемлекеттің заңнамасында көзделсе регламенттеледі.
2. Беруші мемлекет Қабылдаушы мемлекетке келісім осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес берілгеніне көз жеткізуге мүмкіндік беруге тиіс.
8-бап
Қабылдаушы Мемлекет үшін берудің салдары
1. Қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдары, егер өзінің ұлттық заңнамасы бойынша талап етілсе, осы Келісімнің 10-бабында көрсетілген шарттарға сәйкес сот немесе әкімшілік шешімін шығару арқылы үкімнің орындалуын жалғастырады.
2. Осы Келісімнің 12-бабының ережелерін ескере отырып, үкімнің орындалуы Қабылдаушы мемлекеттің заңнамасымен реттелуге тиіс және тек осы мемлекет барлық тиісті шешімдерді қабылдауға құзыретті.
9-бап
Сотталған адамды беру
Беруші мемлекеттің сотталған адамды Қабылдаушы мемлекетке беруі Беруші және Қабылдаушы мемлекеттер арасында келісілген орында жүзеге асырылады. Қабылдаушы мемлекет сотталған адамды Беруші мемлекеттен этаппен апаруға жауапты болады және Беруші мемлекеттің аумағынан тыс жерде сотталған адамның күзетпен ұсталуына да жауапты болады.
10-бап
Үкімді орындауды жалғастыру
Сотталған адамды алғаннан кейін Қабылдаушы мемлекет мыналарды қамтамасыз етуге тиіс:
а) үкімді орындау тәртібі мен рәсімі оның қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес келуге тиіс;
b) үкімді орындау жазаның мерзімі және оны өтеу шарттары өзгертілмей сот шешіміне сәйкес келуге тиіс. Кез келген жағдайда үкім ауырлатылмауға тиіс;
с) егер Қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген жазаның ең көп мерзімі Беруші мемлекет айқындаған жаза мерзімінен аз болса, Қабылдаушы мемлекет өзінің заңнамасында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазаның ең көп мерзімін тағайындауға тиіс. Үкімді мұндай өзгерту болған жағдайда, Қабылдаушы мемлекет үкімді өзгерту туралы ресми құжаттың көшірмесін Беруші мемлекетке дереу беруге тиіс;
d) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне сотталған адамның Беруші мемлекеттің аумағында үкіммен өтеген мерзімі есептеледі;
е) Қабылдаушы мемлекет бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алумен ауыстырмауға міндеттенеді.
11-бап
Беруші мемлекет үшін үкімді орындаудың салдары
Егер Қабылдаушы мемлекет Беруші мемлекетті осы Келісімнің 15-бабы 1-тармағының а) тармақшасына сәйкес үкімнің орындалуы туралы хабардар етсе, мұндай хабарлама Беруші мемлекетте жазадан босатылу түріндегі салдарға ие болады.
12-бап
Сот шешімін қайта қарау, кешірім, рақымшылық жасау немесе жазаны жеңілдету
1. Беруші мемлекет қана қайта қарау туралы кез келген өтініш бойынша өз үкімін қайта қарауға құқылы.
2. Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгені өзінің конституциясына немесе басқа да заңдарына сәйкес кешірім, рақымшылық жасауға немесе жазаны жеңілдетуге құқылы.
13-бап
Үкімді орындауды тоқтату
1. Беруші мемлекет үкімді немесе оның бір бөлігін орындауды тоқтатуға әкеп соғатын, өз аумағында қабылданған кез келген шешімдері туралы дереу Қабылдаушы мемлекетті хабардар етуге тиіс.
2. Беруші мемлекет нәтижесінде үкім заңды күшін жоғалтатын кез келген шешімі немесе шарасы туралы хабарлаған кезден бастап Қабылдаушы мемлекет үкімді немесе оның бір бөлігін орындауды тоқтатуға тиіс.
14-бап
Қосарланған жазаға жол бермеу
Сотталған адам берілгеннен кейін Беруші мемлекетте жазаның тағайындалуына әкеп соққан нақ сол әрекеттері үшін Қабылдаушы мемлекетте қылмыстық қудалауға тартылмайды немесе сотқа берілмейді.
15-бап
Үкімнің орындалуы туралы ақпарат
1. Қабылдаушы мемлекет Беруші мемлекетке:
а) үкімді орындаудың аяқталуы туралы; немесе
b) егер сотталған адам үкімнің орындалуы аяқталғанға дейін күзетпен ұстаудан қашып кетсе, мұндай жағдайларда Қабылдаушы мемлекет жазаның қалған бөлігін өтеу мақсатында қамаққа алуды қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолдануға және осы қылмысты жасағаны үшін Қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес оны жауапқа тартуға тиіс;
с) егер берілген сотталған адам жаза мерзімін өтеу аяқталғанға дейін қайтыс болса, хабарлауға тиіс.
2. Қабылдаушы мемлекет үкімді орындауға қатысты арнайы есепті де, егер мұны Беруші мемлекет талап етсе, ұсынуға тиіс.
16-бап
Транзит
1. Егер Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгені сотталған адамды беру туралы кез келген үшінші мемлекетпен уағдаласса, осындай уағдаластыққа сәйкес екінші Уағдаласушы мемлекет берілетін сотталған адамдарды:
а) егер сотталған адам өзінің азаматы болып табылса;
b) егер сұрау салу Уағдаласушы мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе кез келген басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса, транзиттен бас тарту құқығы болатын жағдайды қоспағанда, өзінің аумағы арқылы транзитті жеңілдетуде ынтымақтасуға тиіс.
2. Мұндай транзитті жүзеге асыруға ниетті Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекетті осындай транзит туралы алдын ала хабардар етуге тиіс.
17-бап
Шығыстар
Осы Келісімді қолдану бойынша кез келген шығыстарды, тек қана Беруші мемлекеттің аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, Қабылдаушы мемлекет жабуға тиіс. Егер Үндістан Қабылдаушы мемлекет болып табылса, ол беру бойынша шығыстардың барлығын немесе бір бөлігін өтеу туралы сотталған адамнан немесе басқа көзден сұрауға құқылы.
18-бап
Тілдер
Осы Келісім мақсатында Уағдаласушы мемлекеттер екінші Уағдаласушы мемлекеттің ресми тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасын қамтамасыз ете отырып, өздерінің ресми тілдерін қолданады.
19-бап
Қолданылу аясы
Осы Келісім күшіне енгенге дейін де, кейін де шығарылған үкімдерді орындауға қатысты осы Келісім қолданылады.
20-бап
Дауларды шешу
1. Орталық органдар осы Келісімді түсіндіру, іске асыру немесе қолдану кезінде туындаған кез келген дауды өзара шешуге күш-жігерін салуға тиіс.
2. Егер орталық органдар дауды екі жақтан өзара шеше алмаса, онда бұл дипломатиялық арналар арқылы шешілуге тиіс.
21-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Уағдаласушы мемлекеттермен келісілген кез келген толықтырулар мен өзгерістер Келісімнің өзі сияқты осындай жолмен күшіне енеді.
22-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім ратификациялауға жатады. Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті құқықтық рәсімдерді аяқтағаны туралы екінші мемлекетті мүмкіндігінше тезірек дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етуге тиіс. Келісім соңғы хабарлама алынған күннен бастап екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген уақыт ішінде күшінде болады. Алайда, оны Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгені екінші Уағдаласушы мемлекетке тоқтату туралы жазбаша нысанда хабарлама жолдау арқылы тоқтатуы мүмкін. Тоқтату осындай хабарлама жолданған күннен бастап алты айдан кейін күшіне енеді.
3. Кез келген тоқтатуға қарамастан, осы Келісім осындай тоқтатудың күшіне ену күніне дейін осы Келісімге сәйкес берілген сотталған адамдарға қатысты үкімдерді орындауға қатысты қолданылады.
Осыны растау үшін бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
2015 жылғы «__» шілдеде Астанада әрқайсысы қазақ, хинди және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық үш мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін Үндістан Республикасы үшін