Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
Ескерту. Жарлықтың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н.Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 787 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
|
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ
АРАСЫНДАҒЫ СОТТАЛҒАН АДАМДАРДЫ БЕРУ ТУРАЛЫ ШАРТ
Ескерту. Шарт жобасындағы "Македония Республикасы" тиісінше "Солтүстік Македония Республикасы" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы
егемендікті және теңдікті өзара кұрметтеу негізінде,
екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
сотталған адамдардың, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында өздері азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеуі үшін,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-БАП
АНЫҚТАМАЛАР
Осы Шартты іске асыру мақсатында мынадай анықтамалар пайдаланылады:
a) "Үкім шығарушы Тарап" - сотталған адамды өз аумағынан беретін немесе берген Тарап;
b) "Үкімді орындаушы Тарап" - сотталған адамды өз аумағына қабылдайтын немесе қабылдаған Тарап;
c) "сотталған адам" - қандай да бір Тараптың соты шығарған үкімге сәйкес белгілі бір мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адам;
d) "үкім" - қылмыстық іс-әрекет жасағаны үшін сот шешімі бойынша белгілі бір мерзімге немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыру көзделетін кез келген жазаны немесе шараны білдіреді;
е) "сот шешімі" - үкім шығаратын сот шешімін немесе қаулысын білдіреді.
2-БАП
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес сотталған адамдарды беру мәселелерінде барынша жоғары дәрежеде ынтымақтасуға міндеттенеді.
2. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес Үкім шығарушы Тарап адамдарға қатысты шығарған үкімдерді Үкімді орындаушы Тараптың аумағында орындау үшін сотталған адамдарды бір-біріне бере алады.
3. Беру туралы сұрау салуды не Үкім шығарушы Тарап, не Үкімді орындаушы Тарап жасай алады.
3-БАП
ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар бір-бірімен осыған арналған орталық органдар арқылы тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Солтүстік Македония Республикасы үшін Әділет министрлігі осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар болып табылады.
3. Әрбір Тарап орталық органдарына байланысты кез келген өзгеріс туралы немесе олардың функцияларын басқа органдарға беру туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабар береді.
4-БАП
БЕРУ ШАРТТАРЫ
1. Сотталған адам осы Шартқа сәйкес мынадай шарттарда ғана:
а) сотталған адам Үкімді орындаушы Тараптың азаматы болса;
b) адам Үкімді орындаушы Тараптың заңдары бойынша да қылмыс болып табылатын іс-әрекет үшін сотталса;
c) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған сот шешімі түпкілікті болса және сотталған адам өтеуге тиісті уақыт кезеңі кемінде алты айды құраса;
d) сотталған адамның немесе сотталған адамның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты оның заңды өкілінің беруге жазбаша келісімі болса; және
e) екі Тарап беруге келіссе берілуі мүмкін.
2. Айрықша жағдайларда Тараптар, тіпті егер сотталған адам өтеуге тиісті уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағы с) тармақшасында көрсетілгеннен аз болса да, беруге келісуі мүмкін.
5-БАП
БЕРУДЕН БАС ТАРТУ
1. Сотталған адамды беруден, егер:
a) бір Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыс үшін шығарылса;
c) сотталған адам Үкім шығарушы Тараптың аумағында талап қою рәсімдеріне тартылса, бас тартылуы мүмкін.
2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап сұратып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шеше алады.
6-БАП
СОТТАЛҒАН АДАМДЫ ХАБАРДАР ЕТУ
1. Әрбір Тарап өз аумағында осы Шартты қолдануға болатын сотталған адамдарды олардың осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екенін хабардар етуге тиіс.
2. Егер сотталған адам не оның заңды өкілі Үкім шығарушы Тарапқа өзінің осы Шартқа сәйкес берілгісі келетіні туралы мәлімдесе, бұл Тарап сот шешімі түпкілікті болғаннан кейін іс жүзінде мүмкін болатын қысқа мерзімдерде бұл туралы Үкімді орындаушы Тарапқа хабар береді.
3. Бұл ақпаратта:
a) сотталған адамның тегі, туған күні мен жері;
b) сотталған адамның азаматтығы;
с) Үкімді орындаушы Тарап аумағындағы оның мекен-жайы, егер бар болса;
d) үкім негізделген фактілерді баяндау;
е) жазаның сипаты, мерзімінің ұзақтығы және басталу күні көрсетіледі.
4. Егер сотталған адам не оның заңды өкілі Үкімді орындаушы Тарапқа өз ниеті туралы мәлімдесе, онда Үкім шығарушы Тарап Үкімді орындаушы Тарапқа оның өтінуі бойынша осы баптың 3-тармағында айтылған ақпаратты береді.
5. Әрбір Тарап өз аумағында сотталғандарды осы Шарттың 7-бабына сәйкес беру туралы сұрау салу бойынша Үкім шығарушы Тараптың немесе Үкімді орындаушы Тараптың қабылдаған шешімдері туралы жазбаша нысанда хабардар етуге тиіс.
7-БАП
СҰРАУ САЛУЛАР МЕН ЖАУАПТАР
1. Беру туралы сұрау салулар мен жауаптар жазбаша нысанда жасалады.
2. Адамдарды беру туралы сұрау салуды кез келген Тараптың жасауы мүмкін. Сұрау салынатын Тарап сұратылып отырған беруге келісетіні немесе келіспейтіні жөніндегі өз шешімі туралы Сұрау салушы Тарапты жедел хабардар етуге тиіс.
8-БАП
ҚҰЖАТТАРДЫ БЕРУ
1. Бір Тараптың беру туралы сұрау салуы келіп түскен жағдайда және егер екінші Тарап одан бас тартпаса, Үкім шығарушы Тарап Үкімді орындаушы Тарапқа мынадай құжаттарды немесе мәліметтерді:
a) заңды күшіне енген сот шешімінің куәландырылған көшірмесін, ол негізделген заңның тиісті ережелерін қоса алғанда;
b) жазаның түрі мен мерзімі, сондай-ақ оның есептеле бастаған күні көрсетілген мәліметтерді;
c) сотқа дейінгі ұстап алу, жазадан босату мерзімдерін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтелуге жататын бөліктерінің мерзімдері туралы мәліметтерді және үкімнің өзгеруі туралы мәліметтерді және үкімді орындау үшін маңызды өзге де мәліметтерді;
d) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағында d) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісімді;
e) сотталған адамның денсаулық жай-күйі туралы ақпаратты;
f) адамның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтерді, оның Үкім шығарушы Тарапта емделуі туралы ақпаратты және Үкімді орындаушы Тарапта оның одан әрі емделуі туралы кез келген ұсынымды береді.
2. Үкімді орындаушы Тарап Үкім шығарушы Тарапқа мынадай құжаттарды:
a) сотталған адамның Үкімді орындаушы Тараптың азаматы болып табылатынын растайтын құжаттарды;
b) Үкім шығарушы Тарапта үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік Үкімді орындаушы Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын немесе егер оның аумағында жасалған болса, қылмыстық құқық бұзушылықты білдіретінін көздейтін, Үкімді орындаушы Тараптың тиісті заңнамасынан үзінді көшірмені;
c) Үкім шығарушы Тарап шығарған үкімнің Үкімді орындаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындалу тәртібі туралы мәліметтерді береді.
9-БАП
СОТТАЛҒАН АДАМНЫҢ КЕЛІСІМІ ЖӘНЕ ОНЫ РАСТАУ
1. Сотталған адам не оның заңды өкілі берудің құқықтық салдарын толық сезіне отырып, оған өз еркімен келісім беретініне және беруге келісімі туралы өтініште мұны растайтынына Үкім шығарушы Тарап кепілдік беруге тиіс.
2. Үкім шығарушы Тарап Үкімді орындаушы Тараптың сұрау салуы бойынша Үкімді орындаушы Тарапқа уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік беруге тиіс.
10-БАП
СОТТАЛҒАН АДАМДЫ БЕРУ
Беруге келісуге қол жеткізілген жағдайда, Тараптар консультациялар арқылы беру уақытын, орнын және тәртібін айқындауға тиіс.
11-БАП
ҮКІМ ШЫҒАРУШЫ ТАРАП ҮШІН БЕРУДІҢ САЛДАРЫ
1. Сотталған адамды Үкімді орындаушы Тарап билігінің қарауына беру Үкім шығарушы Тарапта үкімнің орындалуын тоқтатуға алып келеді.
2. Егер Үкімді орындаушы Тарап үкімнің орындалуы аяқталды деп есептесе, Үкім шығарушы Тарап үкімді орындауды жалғастыра алмайды.
12-БАП
ҮКІМДІ ОРЫНДАУШЫ ТАРАП ҮШІН БЕРУДІҢ САЛДАРЫ
1. Үкімді орындаушы Тарап:
a) осы Шарттың 13-бабында жазылған талаптарға сәйкес сот немесе әкімшілік қаулыны қабылдау арқылы немесе тікелей үкімді орындауды жалғастырады; немесе
b) осы Шарттың 14-бабында жазылған талаптарға сәйкес Үкім шығарушы Тарапта айқындалған жазаның орнына Үкімді орындаушы Тараптың заңында осындай қылмыс үшін көзделген жазаны тағайындай отырып, сот немесе әкімшілік рәсімін қолдану арқылы осы Тараптың үкімін алмастырады.
2. Үкімді орындаушы Тарап сұрау салынған жағдайда, сотталған адам берілгенге дейін Үкім шығарушы Тарапқа оның осы рәсімдердің қайсысын ұстанатыны туралы хабар береді.
3. Үкімді орындау Үкімді орындаушы Тараптың заңнамасымен реттеледі және осы Тарап қана барлық тиісті шешімдерді қабылдауға құзыретті.
13-БАП
ҮКІМДІ ОРЫНДАУДЫ ЖАЛҒАСТЫРУ
1. Үкімді орындауды жалғастырған жағдайда, Үкімді орындаушы Тарап Үкім шығарушы Тарап айқындаған жазаның мазмұнымен және ұзақтығымен байланысты болады.
2. Алайда егер бұл жаза өзінің мазмұны немесе ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы Тараптың заңнамасымен үйлеспейтін болса немесе егер оның заңнамасы мұны талап етсе, бұл Тарап сот немесе әкімшілік қаулы арқылы бұл жазаны осыған ұқсас қылмыс үшін өзінің заңнамасында көзделген жазаға немесе шараға сәйкес келтіре алады. Өзінің мазмұны бойынша бұл жаза немесе шара орындалуға жататын үкіммен тағайындалған жазаға немесе шараға мүмкіндігінше сәйкес келуге тиіс. Өзінің мазмұны немесе ұзақтығы бойынша олар Үкім шығарушы Тарапта тағайындалған жазаны қиындатпауы және Үкімді орындаушы Тараптың заңнамасында көзделген ең жоғары жазадан аспауға тиіс.
14-БАП
ҮКІМДІ МОЙЫНДАУ
1. Үкім мойындалған жағдайда Үкімді орындаушы Тараптың заңнамасында көзделген рәсімдер қолданылады. Үкім мойындалған кезде Үкімді орындаушы Тарап:
а) Үкім шығарушы Тарапта шығарылған сот шешімінен тікелей немесе жанама туындайтын дәрежеде фактілердің баяндалуымен байланысты болады;
b) бас бостандығынан айыруға байланысты жазалау шарасын ақшалай өндіріп алумен алмастыра алмайды;
с) бас бостандығынан айырудың сотталған адам өтеген толық мерзімін есептейді; және
d) сотталған адамға жазалау шарасын қатаңдатпайды және Үкімді орындаушы Тараптың заңнамасында көзделуі мүмкін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін ең төмен жазаны қолданбауға тиіс.
2. Егер сотталған адам берілгеннен кейін мойындау рәсімі орын алса, онда Үкімді орындаушы Тарап оны күзетпен ұстайды немесе осы рәсім аяқталғанға дейін Үкімді орындаушы Тарапта оның болуын өзге түрде қамтамасыз етеді.
15-БАП
ЮРИСДИКЦИЯНЫ САҚТАУ
1. Үкім шығарушы Тараптың өзінің соты шығарған үкімді өзгерту немесе оның күшін жою үшін юрисдикциясын сақтауға құқығы бар.
2. Үкімді орындаушы Тарап Үкім шығарушы Тараптың соты шығарған, осы бапқа сәйкес өзгертілген немесе күші жойылған үкімді Үкім шығарушы Тараптан алған жағдайда, үкімнің орындалуын өзгертуге немесе оның күшін жоюға тиіс.
16-БАП
КЕШІРІМ ЖАСАУ, РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАУ, ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТУ
Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, берілген сотталған адамға қатысты кешірім жасау, рақымшылық жасау немесе жазаны жеңілдету актісін, бұл туралы екінші Тарапты дереу хабардар ете отырып, қолдануға құқылы.
17-БАП
ҮКІМДІ ОРЫНДАУ ТУРАЛЫ ХАБАР БЕРУ
Үкімді орындаушы Тарап үкімнің орындалуы туралы мынадай жағдайларда:
a) егер үкімді орындау аяқталса;
b) егер сотталған адам күзеттен жасырынып қалса немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса;
c) егер Үкім шығарушы Тарап арнайы есепті сұратса, Үкім шығарушы Тарапқа хабар беруге тиіс.
18-БАП
ТРАНЗИТ
1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, екінші Тараптың аумағы арқылы сотталған адамдардың транзитін жүзеге асыратын жағдайда, бірінші Тарап соңғы Тарапқа осындай транзиттерге рұқсат алуға сұрау салуды жіберуге тиіс.
2. Әуе көлігін пайдаланған және екінші Тарап аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, мұндай рұқсат талап етілмейді.
3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тараптың транзит туралы өтініш хатын қанағаттандыруға тиіс.
4. Тарап:
а) егер сотталған адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылса; немесе
b) егер жаза тағайындалған қылмыс оның ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмаса, транзиттік тасымалдауға рұқсат бермеуі мүмкін.
19-БАП
ТІЛДЕР
Осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізу үшін барлық құжат Тараптардың ресми тілінде жасалуға және ағылшын тіліндегі аудармасымен ұсынылуға тиіс.
20-БАП
ҚҰЖАТТАРДЫҢ ЖАРАМДЫЛЫҒЫ
Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптардың бірінің орталық органы жіберген, қол қойылған және елтаңбалы мөрмен бекемделген кез келген құжат екінші Тараптың аумағында заңдастырусыз пайдаланылуға тиіс.
21-БАП
ШЫҒЫСТАР
1. Осы Шартты орындауға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің заңнамасына және осы Шартқа сәйкес көтереді.
2. Үкімді орындаушы Тарап:
a) тек қана Үкім шығарушы Тараптың аумағында шеккен шығыстардан басқа, сотталған адамды тасымалдауға байланысты; және
b) берілгеннен кейін үкімді орындауды жалғастырумен байланысты шығыстарды көтереді.
3. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалдауға рұқсат беру туралы өтінумен жүгінген Тарап көтереді.
22-БАП
ДАУЛАР МЕН КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ
1. Осы Шарттың ережелерін іске асыру барысында туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптардың орталық органдары консультациялар жүргізу арқылы шешеді.
2. Егер мұндай даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасында шешілмесе, олар дипломатиялық арналар арқылы шешілуге жатады.
23-БАП
ШАРТТЫҢ КҮШІНЕ ЕНУІ ЖӘНЕ ТОҚТАТЫЛУЫ
1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталарымен алмасқан күннен бастап 30 тәулік өткен соң күшіне енеді.
2. Әрбір Тарап осы Шарттың қолданысын екінші Тарапты бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Шарттың қолданысы оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарламаны алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткен соң тоқтатылады.
3. Тараптардың келісуі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар түрінде ресімделеді.
4. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін үкім шығарылған сотталған адамдарды беруде де қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
20 __ жылғы ___ _______ _________ әрқайсысы қазақ, македон және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ |
ҮШІН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН |