Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында жариялануға тиiс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 12 желтоқсандағы № 471 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ДОМИНИКАН РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ ШАРТ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы
Тараптар арасында егемендік пен тең құқықтылықты өзара құрметтеу негізінде қылмыскерлікке қарсы іс-қимыл мәселелерінде тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуді қалай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-БАП
ҰСТАП БЕРУ МІНДЕТТЕМЕСІ
Тараптар осы Шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан, өздерінің аумағында жүрген кез келген адамды өзара ұстап беруге міндеттенеді.
2-БАП
ҰСТАП БЕРУГЕ ӘКЕП СОҒАТЫН ҚЫЛМЫСТАР
1. Осы Шарттың мақсатында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп екі Тараптың ұлттық қылмыстық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып танылатын және жасалғаны үшін бір (1) жыл немесе одан көп мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделетін іс-әрекеттер танылады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмысы үшін өзіне қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, адам өтелуге жататын бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі алты (6) немесе одан көп айды құраған жағдайда ғана ұстап берілуі мүмкін.
3. Ұстап беру, егер тіпті қылмыстың саралануы мен санкциясы Тараптардың құқықтық жүйелерінде өзара ұқсас болып табылмаса да, оны құрайтын әрекет немесе әрекетсіздік нысанындағы қылмыс үшін жүзеге асырылады.
4. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған болса, ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында дәл сондай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін қылмыстық қудалау көзделетін жағдайда жүзеге асырылады.
5. Егер ұстап беру туралы сұрау салу әрқайсысы екі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жазаланатын, бірақ кейбіреуі осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген белгілерді қамтымайтын екі немесе одан да көп қылмысқа қатысты болса, онда Сұрау салынатын Тарап барлық қылмысқа қатысты адамды ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.
3-БАП
ҰСТАП БЕРУДЕН БАС ТАРТУ ҮШІН НЕГІЗДЕР
1. Мынадай мән-жайлардың кез келгенінде:
a) Сұрау салынатын Тарап сұрау салу жіберілген қылмыс саяси қылмыс болып табылады деп санаса;
b) Сұрау салынатын Тараптың ұстап беру туралы сұрау салу адамды нәсілі, діни сенімі, ұлты, азаматтығы, жынысы, әлеуметтік мәртебесі белгісі, этностық тиесілігі, саяси нанымы бойынша қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында жалпы қылмыстық әрекеті үшін жіберілген немесе осы адамның жағдайы осындай фактілерге байланысты нашарлауы мүмкін деп пайымдауға елеулі негіздері болса;
с) егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмыс Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын болса;
d) Тараптардың бірінің ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімдерінің өтуі салдарынан қылмыстық қудалауды бастау мүмкін болмаса, үкімді тағайындау мүмкін болмаса немесе жазаны орындау мүмкін болмаса;
e) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Тараптың аумағында дәл сол іс-әрекет үшін заңды күшіне енген сот үкімі шығарылса немесе оған қатысты қылмыстық іс жүргізу түпкілікті тоқтатылса, тоқтатыла тұрса немесе оған қарсы айып түпкілікті алып тасталса;
f) өзіне қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берген болса;
g) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру өзінің егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не өзінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп санаса;
h) Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өзіне қатысты ұстап беру сұратылып отырған, жалпы қылмыстық құқық бойынша қылмыстар болып табылмайтын әскери қылмыстарға жататын іс-әрекет жағдайында ұстап беруден бас тартылуға тиіс.
2. Мынадай мән-жайлардың кез келгенінде:
a) егер өзіне қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түсетін қылмыс Сұрау салынатын Тараптың аумағында жасалса және оның юрисдикциясына жатса, ал іздестіріліп жатқан адам өзіне қатысты ұстап беру туралы сұрау caлу келіп түскен дәл сол қылмыс үшін тергеуде болса және оны Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сот тәртібімен қудалайтын болса;
b) егер Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін назарға ала отырып, адамды ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе жеке басының өзге де мән-жайларына орай ізгілік түсініктері тұрғысынан үйлеспейді деп есептесе, адамды ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруден бас тартудың орнына осы ұстап беру іздестіріліп жатқан адам үшін ауыр зардаптар алып келеді деп пайымдаудың себептері жойылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыруға құқылы.
4-БАП
ӨЗ АЗАМАТТАРЫН ҰСТАП БЕРУ
1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатын адамды ұстап беруге міндетті емес. Алайда Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы, егер бұл орынды деп саналса, осы Тараптың тиісті заңнамасы сақталған жағдайда, өз Тарапының азаматын өз қалауы бойынша ұстап беруге құқылы. Бұл жағдайда Тараптар әрдайым қатаң түрде өзара түсіністік қағидатына сәйкес әрекет етуге тиіс.
2. Өз азаматын ұстап беруден бас тартқан жағдайда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша осы адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауға тиіс. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 5-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы қылмыстық істі, дәлелдемелерді және өзінің иелігінде бар кез келген басқа да құжаттар мен ақпаратты береді.
3. Сұрау салынатын Тарап осындай сұрау салу бойынша қолданылған әрекеттер туралы, іс бойынша талқылау қорытындылары туралы немесе қабылданған түпкілікті процестік шешім туралы Сұрау салушы Тарапқа уақтылы хабарлайды.
5-БАП
ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей немесе дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
2. Мыналар:
Қазақстан Республикасы үшін – Бас прокуратура;
Доминикан Республикасы үшін – Республиканың Бас прокуратурасы, прокуратура (Халықаралық құқықтық көмек және ұстап беру департаменті) орталық органдар болып табылады.
3. Орталық органдарға қатысты қандай да бір өзгерістер болған жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
6-БАП
ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ
1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалуға, дипломатиялық арналар арқылы ұсынылуға және мыналарды:
a) іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегін, туған күнін, жынысын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді және оның жеке басын және тұрған жерін сәйкестендіруге септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болған кезде, тану деректерін, фотосуреттерді және саусақ іздерін;
b) қылмыс жасалған күнді және орынды көрсете отырып, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;
c) оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмысты саралайтын және ол үшін жазаны белгілейтін тиісті заңның мәтінін;
d) қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың уақытын шектеуге қатысты тиісті заңның мәтінін;
e) қажет болған жағдайларда Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған қылмыс бойынша оның юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтінін қамтуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:
a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы куәландырған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы шешімнің, айыптау актісінің және қамаққа алу туралы сот шешімінің/ордерінің көшірмелері;
b) егер сұрау салу сот үкімін орындауға байланысты болса, Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы куәландырған соттың заңды күшіне енген үкімінің көшірмесі, жазаның өтелген және өтеуге жататын бөліктері туралы анықтама қоса берілуге тиіс.
3. Егер адам сырттай сотталған болса, егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа осы адамның қорғалу құқығын қамтамасыз ету мақсатында соттың сырттай үкімін қайта қарауға құқығы болатынына кепілдік берсе, ұстап беру жүзеге асырылуы мүмкін.
7-БАП
ҚОСЫМША АҚПАРАТ
1. Егер Сұрау салушы Тарап ұсынған, ұстап беру туралы сұрау салуға ілеспе ақпарат Сұрау салынатын Тараптың осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап қосымша ақпарат беруді сұратуға құқылы. Сұратылатын қосымша ақпарат осындай сұрау салу алынған кезден бастап қырық бес (45) тәулік ішінде берілуге тиіс.
2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамақта болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам босатылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай босату бұдан әрі қосымша ақпарат түскен кезде іздестіріліп жатқан адамды қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі келтірмеуге тиіс.
3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес босатылса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы мүмкіндігінше қысқа мерзімде Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге тиіс.
8-БАП
ҚҰЖАТТАРДЫҢ ЖАРАМДЫЛЫҒЫ
1. Орталық немесе құзыретті органдар куәландырған құжаттар іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімінде одан әрі сертификатталмай, түпнұсқалылығы анықталмай және заңдастырылмай жарамды болуға тиіс.
2. Іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.
9-БАП
ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ БОЙЫНША ШЕШІМ
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлай отырып, ұстап беру туралы сұрау салу бойынша осы Шарттың ережелеріне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды.
2. Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды қабылдамаса, мұндай шешім негізді болуға тиіс.
3. Ұстап беруден формалды негіздер бойынша бас тартылған жағдайда, Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы қайталап сұрау салуды жіберуге құқылы. Ұстап беру туралы мұндай сұрау салуды жіберген кезде сол формалдылықтар ескерілуге тиіс.
4. Іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына экстрадициялауға өз еркімен келісім берген жағдайда, Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес ұстап беруді қанағаттандыруға құқылы. Бұл ретте мұндай келісімнің кейіннен күші жойылмайды.
10-БАП
АРНАУЛЫ ҚАҒИДА
1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам, Сұрау салынатын Тарап бұған келісім берген жағдайларды қоспағанда, өзі ұстап берілгенге дейін жасалған кез келген өзге қылмыс үшін қылмыстық қудаланбайды, сотталмайды немесе жазаланбайды не оған бас бостандығын шектеудің өзге шарасы қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағы мынадай:
а) егер қылмыс ұстап бергеннен кейін жасалған;
b) егер ұстап берілген адам ұстап берілгеннен кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалған және өз еркімен қайта оралған;
с) егер ұстап берілген адам мұндай мүмкіндігі болған кезден бастап отыз (30) тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалмаған жағдайларда қолданылмайды. Алайда бұл кезеңге жоғарыда көрсетілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан өзіне байланысты емес себептер бойынша кетіп қалмаған уақыт кірмейді.
3. Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз Сұрау салушы Тарап осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды ол ұстап берілгенге дейін жасалған кез келген қылмыс үшін үшінші мемлекетке қайта экстрадициялауға немесе беруге құқылы емес.
11-БАП
ҰСТАП БЕРУ МАҚСАТЫНДА ҚАМАҚҚА АЛУ
1. Сұрау салушы Тараптың қамаққа алу туралы сұрау салуы бойынша іздестіріліп жатқан адам ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін қамаққа алынуы мүмкін.
2. Қамаққа алу туралы сұрау салу орталық органдар арасында тікелей не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының (Интерпол) көмегімен жіберілуі мүмкін. Қамаққа алу туралы сұрау салу техникалық коммуникация құралдары пайдалана отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы дипломатиялық арналар арқылы бір мезгілде жіберілуге тиіс.
3. Қамаққа алу туралы сұрау салуда мыналар:
а) сәйкестендіру деректері мен азаматтығы туралы мәліметтерді қоса алғанда, іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасы;
b) егер белгілі болса, оның тұрған жері туралы мәліметтер;
с) қылмыстың қысқаша сипаттамасы, оның жасалу уақыты мен орны;
d) қылмыстық заңнаманың қолданылатын ережелері;
е) іздестіріліп жатқан адамға қатысты сот шешімінің немесе қамаққа алу туралы ордердің бар екені туралы мәлімдеме; және
f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу ең таяу уақытта ұсынылатынына кепілдемелер қамтылуға тиіс.
4. Сұрау салынатын Тарап қамаққа алу туралы сұрау салуды қарау нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.
5. Егер адам қамаққа алынған күнінен бастап алпыс (60) тәулік өткен соң Сұрау салынатын Тараптың орталық органы ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамаққа алынған адам босатылуға тиіс. Алайда адамды мұндай босату, егер Сұрау салынатын Тарап кейіннен ұстап беру туралы сұрау салуды алса, қайта қамаққа алуға және экстрадициялауға кедергі келтірмеуге тиіс.
12-БАП
БІРНЕШЕ МЕМЛЕКЕТ ЖІБЕРГЕН ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУЛАР
1. Егер Сұрау салынатын Тарап екі немесе одан да көп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Тараптан да сол бір немесе әртүрлі қылмыстар үшін сол бір адамға қатысты ұстап беру туралы сұрау салуларды алса, Сұрау салынатын Тарап осы адамды қай мемлекетке ұстап беретінін айқындайды.
2. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес шешім қабылдай отырып, барлық мән-жайларды және әсіресе:
a) сұрау салулардың халықаралық шарттар негізінде жіберілгенін-жіберілмегенін;
b) қылмыстың жасалған орнын және уақытын;
c) сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;
d) қылмыстардың ауырлық дәрежесін;
e) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын;
f) сұрау салушы мемлекеттер арасында кейіннен ұстап беру мүмкіндігін; және
g) сұрау салушы мемлекеттерден сұрау салуларды алудың хронологиялық тәртібін ескеруге тиіс.
13-БАП
ҰСТАП БЕРІЛГЕН АДАМДЫ БЕРУ
1. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, Тараптар ұстап беруге байланысты күнді, орынды және басқа да тиісті талаптарды дереу келіседі. Сұрау салушы Тарапқа іздестіріліп жатқан адамның ұстап беру мақсатында қамауда болған кезеңінің ұзақтығы туралы хабарланады және бұл уақыт жазаның жалпы мерзіміне есептеледі.
2. Ұстап берілген адамды беру үшін уақыт кезеңі Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешімді алған күннен бастап отыз (30) тәулікті құрайды.
3. Егер Сұрау салушы Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде ұстап берілген адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Тарап бұл адамды дереу босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы адамға қатысты дәл сол қылмыс үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды қабылдамауға құқылы.
4. Ұстап берілген адамды беруге немесе қабылдауға кедергі келтіретін күтпеген немесе форс-мажорлық мән-жайлар жағдайында Тараптардың орталық органдары берудің жаңа күнін және басқа да қажетті талаптарын келісуге тиіс.
5. Егер беруден кейін ұстап берілген адам қылмыстық қудалаудан жасырынса немесе сот үкімін орындаудан жалтарса және Сұрау салынатын Тараптың аумағына қайта оралса, бұл адам жағдайды түсіндіретін ұстап беру туралы жаңа сұрау салу негізінде қайта ұстап берілуі мүмкін. Бұл жағдайда ұстап беру туралы сұрау салуға осы Шарттың 6-бабында санамаланған құжаттарды ұсыну қажеттілігі талап етілмейді.
14-БАП
ҰСТАП БЕРУДІ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ НЕМЕСЕ УАҚЫТША ҰСТАП БЕРУ
1. Егер іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып жатқан қылмыстан өзге қылмысты жасағаны үшін қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса немесе ол жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді талқылау аяқталғанға дейін немесе үкім толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Тарап бұл жөнінде Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру істі тергеп-тексеруді елеулі қиындатуы немесе ескіру мерзімдерінің өтуіне әкеп соқтыруы мүмкін болса, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды өзара келісілген шарттармен уақытша ұстап беруге құқылы. Уақытша ұстап берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын кезеңде күзетпен ұсталуға және Сұрау салынатын Тарапқа келісілген мерзімде қайтарылуға тиіс. Адамды күзетпен ұстау уақыты Сұрау салынатын Тараптың сот үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
3. Ұстап берілген адамды беру адамның денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қауіп төндіруі немесе денсаулық жағдайын нашарлатуы мүмкін кезде де кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті медициналық мекемесі берген кеңейтілген медициналық есепті ұсынуы қажет.
15-БАП
ЗАТТАР МЕН ҚҰЖАТТАРДЫ АЛЫП ҚОЮ ЖӘНЕ БЕРУ
1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдемелер ретінде қолданылуы мүмкін кез келген заттар мен құжаттарды алып қоюға, тәркілеуге және беруге тиіс. Мұндай жағдайда заттар мен құжаттар мүмкіндігінше Сұрау салушы Тарапқа ұстап берілген адамды беру кезінде беріледі.
2. Сұрау салынатын Тарап басқа қылмыстық талқылауды жүргізу үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттарды беруді уақытша кейінге қалдыруға немесе оларды қайтару шартымен беруге құқылы.
3. Алып қойылған немесе тәркіленген заттар мен құжаттарды Сұрау салушы Тарапқа беру Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап, егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, алынған заттар мен құжаттарды талқылау аяқталғаннан кейін бір (1) ай ішінде осы тараптардың осындай мүлікке құқықтарына мөлшерлес етіп дереу және өтеусіз қайтарады.
16-БАП
ТРАНЗИТ
1. Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей, екінші Тарапқа үшінші мемлекет ұстап берген адамдарды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат етуге құқылы.
2. Бұл үшін Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа орталық органдар арқылы не аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданушы адамның сәйкестендіру деректері, оның азаматтығы туралы мәліметтер және істің қысқаша мән-жайлары қамтылатын транзит туралы сұрау салуды жібереді. Транзит туралы сұрау салуға адамның ұстап берілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Сұрау салынатын Тарап өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит Тарапының аумағында қону жоспарланбаса, транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзит Тарапының аумағында жоспарланбаған қону болған жағдайда, Сұрау салушы Тарап бұл жөнінде транзит Тарапын дереу хабардар етеді, ол транзит туралы сұрау салуды күте отырып, тасымалданатын адамды он бес (15) тәулікке дейінгі мерзімде күзетпен ұстауға тиіс.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімде транзит туралы сұрау салу алынбаса, егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, адам босатылуға тиіс.
17-БАП
ШЫҒЫСТАР
1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды олар аумағында туындаған Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес көтереді.
2. Транзитке байланысты шығыстарды Сұрау салушы Тарап көтереді.
3. Адамды транзиттік тасымалдау уақытында күзетпен ұстауға байланысты шығыстарды Сұрау салынатын Тарап көтереді.
18-БАП
НӘТИЖЕЛЕР ТУРАЛЫ ХАБАР БЕРУ
Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не сот үкімінің орындалуы туралы ақпаратты не ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке қайта экстрадициялау туралы ақпаратты береді.
19-БАП
ОСЫ ШАРТТЫҢ БАСҚА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДЕРМЕН АРАҚАТЫНАСЫ
Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
20-БАП
КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ РЕТТЕУ
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
21-БАП
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
3. Тараптардың кез келгені осы Шарттың қолданысын тоқтатуға құқылы. Тоқтату Тараптардың бірі екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткен соң күшіне енеді.
4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылған кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру жөніндегі рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
5. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін және одан кейін жасалған қылмыстарға да қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
20__ жылғы ___ ________________ ____________ әрқайсысы қазақ, испан және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтіні басым болып табылады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН |
ДОМИНИКАН РЕСПУБЛИКАСЫ |