"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған 2021 жылғы 15 қазанда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесін құру туралы келісім бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесін құру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
сот жүйелерін тұрақты дамытуға және Тараптардың сот төрелігін жүзеге асыру саласындағы заңнамасын жетілдіруге үлкен мән бере отырып,
сот саласындағы мемлекетаралық құқықтық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Тараптардың сот органдары арасында өзара құқықтық көмек көрсету тетіктерін кеңейтуге ұмтыла отырып,
Тараптардың бірінің соттары шешімдерінің екінші Тараптың аумағында орындалуын қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктірудің және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде ұлттық заңнаманы және сот ісін жүргізу нормаларын қолдану тәжірибесімен тұрақты алмасудың объективті қажеттілігін негізге ала отырып,
заңнама мен оны қолдану жөніндегі сот практикасын үндестіру мәселелерін шешуде келісілген тәсілдерді тұжырымдау мақсатында соттардың бірлескен тұрақты кездесулері мен консультацияларын өткізуге үлкен мән бере отырып,
тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты ұйымдық ресімдеудің маңыздылығын түсіне отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесін (бұдан әрі – Кеңес) құрады.
Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесі туралы ереженің негізінде жүзеге асырады.
2-бап
Тараптар депозитарийді Тараптардың әрқайсысының осы Келісімді іске асыруға жауапты жоғары сот органдары туралы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 күн ішінде хабардар етеді.
3-бап
Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
4-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2002 жылғы 7 қазандағы Экономика саласындағы даулар бойынша істерді шешетін жоғары төрелік, шаруашылық, экономикалық және басқа да соттар төрағаларының кеңесін құру туралы келісімге қатысушылар болып табылатын Тараптар үшін осы Тараптар арасындағы қатынастарда аталған Келісім осы Келісім күшіне енген күннен бастап қолданысын тоқтатады.
5-бап
Осы Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы, оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім:
а) депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру кезінде Келісім күшіне енген жағдайда, депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң;
б) депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру кезінде Келісім күшіне енбеген жағдайда, Келісім күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығуға құқылы, бұл туралы депозитарийді жазбаша хабардар етеді.
Мұндай Тарапқа қатысты Келісім тиісті хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 6 айдан кейін қолданысын тоқтатады.
2021 жылғы 15 қазанда орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін |
Ресей Федерациясы үшінТәжікстан Республикасы үшінТүрікменстан үшінӨзбекстан Республикасы үшінУкраина үшін |
Молдова Республикасы үшін |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ I. Жалпы ережелер
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (бұдан әрі – ТМД) мемлекетаралық органы болып табылады және соттар арасындағы ынтымақтастықтың келісілген қағидаттары мен қағидаларын әзірлеу, оны ұйымдастырушылық қамтамасыз ету және практикалық іске асырылуына жәрдемдесу үшін құрылды.
2. Кеңестің құрамына 2021 жылғы 15 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттары төрағаларының кеңесін құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің Жоғарғы (жоғары) соттарының төрағалары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар (бұдан әрі – Кеңес мүшелері) кіреді.
3. Кеңес өз қызметінде ТМД Жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдерді, осы Ережені басшылыққа алады.
4. Кеңес өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД-ның басқа да органдарымен, қажет болған жағдайда – халықаралық ұйымдардың хатшылықтарымен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот және басқа да мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
II. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары
5. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
сот төрелігін жүзеге асыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында тұратын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында сот органдары ынтымақтастығының басым бағыттары мен нысандарын айқындау;
ТМД шеңберінде қабылданған құқықтық ынтымақтастық саласындағы халықаралық шарттар мен өзге де актілерді іске асыруға жәрдемдесу және ТМД шеңберінде мемлекетаралық қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар тұжырымдау;
құқықтық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, құқықтық көмек көрсету, сот актілерін тану және олардың орындалуын шешу саласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру және үйлестіру;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер соттарының халықаралық актілерді және ұлттық заңнаманы қолдануы, сот ісін жүргізу және соттардың қызметін ұйымдастыру қағидалары туралы ақпарат алмасуға жәрдемдесу;
судьялар мен сот жұмыскерлерін даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыруда ынтымақтастықты ұйымдастыру;
ұлттық сот органдарының ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарын қолданудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуде ТМД-ның экономикалық сотымен ынтымақтастығына жәрдемдесу болып табылады.
6. Кеңестің негізгі функциялары:
құқықтық реттеудің өзекті проблемалары бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасы мен сот практикасы, сот органдарының жұмысын ұйымдастыру және оның тәжірибесі туралы ақпарат алмасу;
ұлттық соттардың ТМД шеңберінде жасалған құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы халықаралық шарттарды қолдану практикасын қарау, оларды іске асырудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот органдары үшін өзара мүддені білдіретін сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері бойынша келісілген ұстанымдар мен ұсынымдар тұжырымдау;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық соттары мен басқа да мемлекеттік билік органдарының соттар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру туралы ұсыныстарын қарау;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқықтық ынтымақтастығы саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
сот төрелігін жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша ТМД және басқа да халықаралық ұйымдар органдарымен өзара іс-қимыл жасау болып табылады.
Кеңес соттар арасындағы ынтымақтастықтың келісілген қағидаттары мен қағидаларын әзірлеуге, оны ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге және оның практикалық іске асырылуына жәрдемдесуге бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асыруы мүмкін.
III. Кеңестің құқықтары
7. Кеңес:
өз құзыреті шеңберінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер соттарының арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытуға, ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің, Үкіметтері басшылары кеңесінің шешімдерін, сондай-ақ ТМД шеңберінде жасалған халықаралық шарттарды іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдауға және ұсынымдар әзірлеуге;
өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің, Үкіметтері басшылары кеңесінің қарауына енгізуге;
ТМД-ның және оның институттарының халықаралық шарттар, басқа да актілері ережелерінің қолданылуын түсіндіру туралы ТМД Экономикалық сотына сұрау салулармен жүгінуге;
өз функцияларын орындау үшін уақытша немесе тұрақты жұмыс топтарын құруға, қажет болған жағдайда олар туралы ережелерді бекітуге, олардың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыруға;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот және басқа да органдарынан, сондай-ақ ТМД органдарынан өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
IV. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
8. Кеңес отырыстары Келісімге қатысушы мемлекеттерде, әдетте, қажеттілігіне қарай мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен кезек-кезек, бірақ екі жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.
Кеңестің кезектен тыс отырыстары Кеңестің бір немесе бірнеше мүшелерінің бастамасы бойынша Кеңестің жалпы құрамының кемінде жартысы келіскен кезде шақырылуы мүмкін. Мұндай отырыс, әдетте, оны шақыруға бастамашы мемлекетте өткізіледі.
Қажет болған жағдайда және техникалық мүмкіндік болған кезде Кеңес отырыстары қашық нысанда (бейнеконференцбайланыс пайдаланыла отырып) өткізілуі мүмкін.
Отырысқа қатысуға мүмкіндігі жоқ Кеңес мүшесі өкілеттіктері расталуға тиіс өз өкілін жіберуге құқылы.
Кеңес отырыстары, егер оған Кеңес мүшелерінің немесе олардың өкілдерінің кемінде жартысы қатысса, заңды болады.
Кеңес отырыстарына кеңесу дауысы құқығымен ТМД Экономикалық сотының Төрағасы, Кеңес хатшысы, ТМД Атқарушы комитетінің өкілі қатысады.
Кеңес мүшелерінің келісуімен отырыстарға байқаушылар ретінде басшылары Кеңес мүшелері болып табылмайтын соттардың өкілдері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің басқа да органдары мен ұйымдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
9. Кеңесте төрағалық ету, егер Кеңес өзгеше белгілемесе, өкілдік ететін Кеңес мүшесінің атынан кезек-кезекпен мемлекет атауларының орыс әліпбиі тәртібімен ротация қағидатының негізінде, әдетте, екі жыл ішінде жүзеге асырылады.
Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
Кеңес Төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.
10. Кеңес Төрағасы:
Кеңестің жұмысын ұйымдастырады және Кеңеске жалпы басшылықты жүзеге асырады, Кеңес шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді;
Кеңестің қызметіне байланысты мәселелер бойынша ТМД органдарымен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Кеңестің атынан өкілдік етеді;
Кеңестің басқа мүшелерімен келісу бойынша кезекті отырысты өткізу уақытын айқындайды, Кеңестің қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылықты жүзеге асырады;
Кеңес отырысын ұйымдастырады және өткізеді;
Кеңес отырысының шешімдері мен хаттамасына қол қояды;
Кеңестің бекітуі үшін Кеңес хатшысының кандидатурасын ұсынады және Кеңес хатшылығының қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
Кеңестің жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де функцияларды орындайды.
11. Кеңес отырыстарында шешімдер қабылданады.
Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңесте бір дауысқа ие болады. Кеңес құрамына бір мемлекеттен Кеңестің екі немесе одан да көп мүшесі қатысқан жағдайда, шешім қабылдау кезінде олар бір дауыс ретінде есептелетін келісілген ұстанымды ұсынуға тиіс.
Кеңестің рәсімдік мәселелер жөніндегі шешімдері отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
Кеңестің басқа мәселелер бойынша шешімдері консенсуспен қабылданады және ұсынымдық сипатта болады. Консенсус қаралатын мәселе бойынша шешім қабылдау үшін кедергі ретінде өзі ұсынған, отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің ең болмағанда біреуінің ресми қарсылығының болмауы ретінде айқындалады.
Кеңестің кез келген мүшесі қандай да бір мәселеге мүдделі еместігі туралы мәлімдей алады, бұл шешім қабылдау үшін, сондай-ақ болашақта қабылданған шешімге қосылу үшін кедергі болып табылмайды.
12. Кеңес өз жұмысының регламентін қабылдай алады.
13. Кеңес хатшылығы екі жылда бір рет ТМД Атқарушы комитетіне Кеңестің қызметі туралы ақпарат береді.
14. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
V. Кеңестің хатшылығы
15. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді оның хатшылығы жүзеге асырады.
Хатшылықтың функцияларын басшысы Кеңестің Төрағасы болып табылатын соттың құрылымдық бөлімшесі ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп орындайды.
Хатшылықтың басшысы (Кеңес хатшысы) хатшылықтың функцияларын орындау жүктелген сот бөлімшесінің өкілі, ал хатшылық басшысының орынбасары – ТМД Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
16. Хатшылық:
Осы Ережеде және Кеңес жұмысының регламентінде көзделген тәртіппен Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
отырыстар арасында Кеңестің жұмысын ұйымдастырады;
Кеңес отырыстарында қарауға материалдарды келісуді және дайындауды жүзеге асырады;
Кеңес отырысы күн тәртібінің жобасын қалыптастырады, күн тәртібінің жобасын және Кеңестің қарауына енгізілетін құжаттардың жобаларын отырысқа қатысушыларға таратады;
Кеңес шеңберінде қабылданған шешімдерді уақтылы ресімдеуді және жіберуді қамтамасыз етеді;
Кеңес шешімдеріне сәйкес құрылған жұмыс топтарының жұмысын ұйымдастырады;
Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады, Кеңес мүшелерін Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуы туралы хабардар етеді;
өз құзыреті шегінде ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдарымен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот және басқа да мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасайды;
Кеңес Төрағасының тапсырмасы бойынша басқа да функцияларды орындайды.
17. Кеңес хатшысы Кеңес шешімімен тағайындалады.
Кеңес Хатшысы:
хатшылыққа жүктелген функциялардың орындалуын қамтамасыз етеді;
Кеңес отырысын жүргізеді және оның хаттамасына қол қояды.
18. Өкілі кеңес хатшылығының құрамына кіретін ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесі Кеңес құжаттарын есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады.
VI. Қаржыландыру
19. Кеңес отырысын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар Келісімге қатысушы қабылдаушы мемлекеттің ұлттық бюджетінде Жоғарғы (жоғары) соттың қызметін қамтамасыз етуге көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
20. Кеңес мүшелерін іссапарға жіберу шығыстары Келісімге қатысушы жіберуші мемлекеттердің ұлттық бюджеттерінде жоғарғы (жоғары) соттардың қызметін қамтамасыз етуге көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Отырысқа қатысушыларды іссапарға жіберу шығыстары жіберуші органдар мен ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.