Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесін құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесін құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 11 қазандағы
№ 371 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесін құру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
Тараптардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың халықаралық сипаты мен қазіргі ауқымын және сот-сараптама қызметін қылмысқа қарсы іс-қимылдың маңызды элементі ретінде ескере отырып,
сот-сараптама қызметі саласындағы ынтымақтастық Тараптардың қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін ұғына отырып,
ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән бере отырып және сот-сараптама қызметі саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіруге ұмтыла отырып,
Тараптардың сот-сараптама қызметі саласындағы өзара іс-қимылын нығайту ниетін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесін (бұдан әрі - Кеңес) құрады.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сот сараптамасы органдары (бұдан әрі - сот сараптамасы органдары) деп Тараптардың заңнамасына сәйкес құрылған, сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын және сот, сот сараптамасын тағайындауға құқығы бар орган (тұлға) сот сараптамасын процестік тәртіппен жүргізуді тапсыруы мүмкін мамандандырылған мемлекеттік органдар (мекемелер, ұйымдар) түсініледі.
2-бап
Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыруға, ұлттық сот сараптамасы органдарының (бұдан әрі - құзыретті орган) ынтымақтастығын үйлестіруге жауапты құзыретті мемлекеттік органды (мекемені) айқындайды және бұл туралы депозитарийге осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламамен бір мезгілде хабарлайды.
Құзыретті орган өзгерген жағдайда Тараптар 30 күн мерзімде бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлайды.
4-бап
Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.
5-бап
Тараптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа рәсім арқылы шешіледі.
6-бап
Осы Келісім депозитарий оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
7-бап
Осы Келісім өз күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Келісім қосылатын мемлекет үшін депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
8-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің шығу ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2023 жылғы 13 қазанда Бішкек қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін
Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін
Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Молдова Республикасы үшін
Украина үшін
2023 жылғы 13 қазандағы
Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы
мемлекеттердің Сот-сараптама
қызметі саласындағы үйлестіру
кеңесін құру туралы келісімге
ҚОСЫМША
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (бұдан әрі - ТМД) салалық ынтымақтастық органы болып табылады және өз құзыреті шеңберінде сот-сараптама қызметі саласындағы құзыретті органдардың өзара іс-қимылын және халықаралық ұйымдармен әрі олардың құрылымдарымен сындарлы ынтымақтастықты ұйымдастыруды және үйлестіруді қамтамасыз етуге арналған.
2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, ТМД шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Кеңес өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД-ның басқа органдарымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сот-сараптама қызметі саласындағы үйлестіру кеңесін құру туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен, ал қажет болған жағдайда халықаралық ұйымдармен және олардың құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
4. Кеңес өз қызметінде ТМД Мемлекет басшыларының кеңесіне есеп береді.
5. Кеңес өз жұмысын өзі әзірлеген және бекіткен жоспарлардың негізінде ұйымдастырады.
6. Кеңес жыл сайын ТМД Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат береді.
II. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары
7. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
сот-сараптама қызметі саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау;
сот-сараптама қызметі саласында ақпараттық-талдау және ғылыми-әдістемелік жұмысты жүзеге асыру;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары мен өзге де мүдделі ұлттық қызметтерінің және ведомстволарының негізгі аспектілер бойынша практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру;
Келісімге қатысушы мемлекеттер арасында сот-сараптама қызметі саласында техникалық жәрдемдесу бағдарламаларын үйлестіру;
ТМД шеңберінде қабылданған сот-сараптама қызметі саласындағы құжаттардың орындалуын ұйымдастыру және үйлестіру болып табылады.
8. Кеңестің негізгі функциялары:
Келісімге қатысушы мемлекеттердің сот-сараптама қызметі саласындағы ұлттық заңнамасын жақындастыруға және үйлесімді етуге жәрдемдесу;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдарымен, ТМД органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің сот-сараптама қызметі саласындағы ынтымақтастығының құқықтық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
сот-сараптама қызметі саласы қозғалатын мемлекетаралық бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің сараптамалық зерттеулер әдістемелерін жүйелеуге, стандарттауға және біріздендіруге қатысу;
сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ақпарат алмасуға жәрдемдесу;
сот-сараптама қызметінің өзекті мәселелері бойынша әдістемелік басылымдар мен өзге де әдістемелік материалдарды дайындауды және таратуды ұйымдастыру;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің сот-сараптама қызметі саласында кадрлар даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру мәселелерін қарау;
сот-сараптама қызметі саласында өзара қызығушылық тудыратын проблемалар бойынша бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін қарау;
Кеңестің құзыретіне кіретін өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
III. Кеңестің құқықтары
9. Кеңестің:
өз құзыреті шеңберінде Келісімге қатысушы мемлекеттердің сот-сараптама қызметі саласындағы құзыретті органдарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылын дамытуға бағытталған шешімдер мен ұсынымдар қабылдауға;
ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Экономикалық кеңесінің қарауына Кеңес қызметіне қатысты Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын, сондай-ақ ТМД Мемлекет басшылары кеңесі, Үкімет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Экономикалық кеңесі шешімдерінің орындалуы туралы ақпаратты белгіленген тәртіппен енгізуге;
ТМД-ның басқа да мүдделі органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
қажет болған кезде Кеңестің алдында тұрған міндеттерді орындау үшін қызмет бағыттары бойынша уақытша жұмыс топтарын құруға және олар туралы ережелерді бекітуге;
Кеңестің жекелеген функцияларын іске асыру үшін ғалымдар мен мамандарды белгіленген тәртіппен тартуға;
сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ақпаратты ТМД-ның мүдделі органдарына жіберуге, сондай-ақ оны ТМД органдарының баспа басылымдарында жариялауға;
өз құзыреті шегінде өзге де мәселелерді шешуге құқығы бар.
IV. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
10. Құзыретті органдардың басшылары лауазымы бойынша Кеңес мүшелері болып табылады.
Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңесте бір дауысқа ие.
Отырысқа келуге мүмкіндігі жоқ Кеңес мүшесі Кеңестің отырысында шешім қабылдауға өкілеттік берілген өзінің өкілін жіберуге құқылы.
Кеңестің құрамына Кеңес хатшылығының басшысы, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кеңесші дауыс құқығымен кіреді.
11. Кеңесте төрағалық етуді ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекеттің атынан өкілдік ететін Кеңестің мүшесі оның атынан, егер Кеңес шешімінде өзгеше белгіленбесе, әдетте, бір жыл ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен ротациялау қағидаты негізінде кезек-кезек жүзеге асырады.
Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
Кеңес төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері, егер Кеңес шешімімен өзгеше белгіленбесе, тең төрағалардың біріне жүктеледі.
12. Кеңес қызметінің негізгі нысаны отырыстар болып табылады, олар қажеттілігіне қарай, бірақ жылына бір реттен сиретпей өткізіледі.
Кеңестің кезектен тыс отырыстарын төраға өз бастамасы бойынша немесе Кеңестің кемінде үш мүшесінің ұсынысы бойынша шақыра алады.
13. Кеңестің отырыстарына ТМД-ның мүдделі органдары хатшылықтарының басшылары, Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің сот сараптамасы органдарының басшылары, Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері байқаушылар ретінде шақырылуы мүмкін.
14. Кеңес отырысы өткізілетін орын Кеңес мүшелерінің алдын ала уағдаласуы бойынша айқындалады.
15. Кеңес отырыстарын шақыру, оларды өткізу тәртібі, кворум, құжаттарды дайындау, шешімдер мен ұсынымдарды қабылдау рәсімі, сондай-ақ оның қызметінің басқа да мәселелері Кеңес бекіткен регламентте айқындалады.
16. Кеңес төрағасы:
Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға жауапты болады;
Кеңестің отырыстарын өткізеді;
Кеңестің атынан құжаттарға қол қояды және оларды жібереді;
белгіленген тәртіппен ТМД органдарында, сондай-ақ Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарында Кеңестің атынан өкілдік етеді;
Кеңестің тапсыруы бойынша өз құзыреті шегінде ТМД органдарымен, халықаралық ұйымдармен және олардың құрылымдарымен байланысты қолдап отырады және дамытады;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл жасауына жәрдемдеседі;
Кеңестің қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де іс-қимылды жүзеге асырады.
17. Кеңес мүшелерінің құқықтары бірдей.
Кеңес мүшесінің Кеңестің құзыреті шегінде кез келген мәселелерді талқылауға енгізуге және қаралатын мәселелер мен Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуы туралы қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.
Кеңес мүшесі Кеңес қабылдаған шешімдерді ұлттық сот сараптамасы органдарына жеткізеді.
Кеңес мүшесі Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді және орындалуы туралы Кеңес хатшылығына уақтылы хабарлайды.
Кеңестің шешімдері мен ұсынымдары Кеңестің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады және ұсынымдық сипатта болады.
V. Кеңес хатшылығы
18. Хатшылық Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Кеңестің шешімі бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттің құзыретті органы бөлімшелерінің бірі хатшылықтың функцияларын, оның ішінде тұрақты негізде орындайды. Хатшылық қызметінің қаржылық және өзге де қамтамасыз етілуі Келісімге қатысушы мемлекеттің ұлттық бюджетінде бөлімшесіне хатшылықтың функциялары жүктелген құзыретті органға көзделетін қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Хатшылықтың функцияларын орындау жүктелген Келісімге қатысушы мемлекеттің құзыретті органы бөлімшесінің басшысы хатшылықтың басшысы, ал ТМД Атқарушы комитетінің өкілі хатшылық басшысының орынбасары болып табылады.
19. Кеңес хатшылығы:
осы Ережеде және регламентте көзделген тәртіппен Кеңестің отырыстарын ұйымдастырады және өткізуді қамтамасыз етеді. Келісімге қатысушы мемлекеттерде көшпелі отырыстарды өткізу кезінде көрсетілген жұмыс қабылдайтын мемлекеттің құзыретті органымен бірлесіп жүргізіледі;
Кеңестің отырыстарында қарауға келіп түскен материалдарды дайындайды;
белгіленген тәртіппен құзыретті органдарға алдын ала күн тәртібін және Кеңестің алдағы отырысының қарауына енгізілетін құжаттардың жобаларын таратады;
Кеңес шеңберінде қабылданған шешімдерді құзыретті органдарға уақтылы жіберуді қамтамасыз етеді;
Кеңестің шешімдеріне сәйкес Кеңестің отырыстарында қаралатын құжаттардың жобаларын дайындау мәселелері жөніндегі кеңестерді ұйымдастырады;
Кеңестің жұмыс топтары отырыстарының хаттамаларын жүргізеді;
Кеңестің отырысына және Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне енгізілетін мәселелерді талқылау жөніндегі оның алдындағы кеңеске қатысушыларды уақтылы айқындау бөлігінде құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
құзыретті органдармен бірлесіп Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады, нәтижесі туралы Кеңес төрағасы мен мүшелеріне хабарлайды;
оз құзыреті шегінде ТМД-ның басқа органдарымен, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің тиісті бөлімшесімен құжаттардың жобаларын келісу және дайындау бөлігінде өзара іс-қимыл жасайды.
Кеңес хатшылығы өз функцияларын іске асыру мақсатында Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес құзыретті органдардан қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
20. Хатшылық басшысы Кеңес шешімімен тағайындалады.
Хатшылық басшысы:
Кеңес хатшылығының қызметін басқарады;
Кеңестің отырыстар арасындағы жұмысын ұйымдастырады;
ТМД Атқарушы комитетімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
хатшылықтың қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де іс-қимылды жүзеге асырады.
Хатшылық басшысы өз қалауы бойынша немесе Кеңестің шешімімен міндеттерді орындаудан босатылуы мүмкін.
21. Кеңестің құжаттарын есепке алу мен сақтауды хатшылықтың құрамына өкілі кіретін ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
VI. Қаржыландыру
22. Кеңестің отырыстарын қаржыландыруға байланысты шығыстар Келісімге қатысушы қабылдайтын мемлекеттің тиісті мемлекеттік билік органдарының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
23. Кеңес мүшелері мен оның отырыстарына қатысушыларды іссапарға жіберуге жұмсалатын шығыстарды Келісімге қатысушы жіберетін мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдары жүзеге асырады.