Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.05.24 № 377 Бұйрығымен және (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.06.30 N 476 бұйрығымен).
"Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында Бұйырамын:
1. Қоса берiлiп отырған қышыма кезiндегi профилактика және дезинфекция жөнiндегi әдiстемелiк нұсқау бекiтiлсiн.
2. Облыстардың, Астана, Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының (департаменттерiнің) басшылары:
1) терi-венерология диспансерінің қызметiнде қышыманы диагностикалауды, емдеудi, диспансерлiк қадағалау және оның алдын алуды қамтамасыз етсiн;
2) қышыманы ертерек диагностикалауды, тiркеудi, емдеудi, диспансерлiк қадағалау мен алдын алуды жақсартуға бағытталған ұйымдастыру-әдiстемелiк жұмысты жүргiзсiн;
3) меншiк нысанына қарамастан, емдеу-алдын алу ұйымдарын, фильтрлерде қышымамен алғаш рет ауырған науқастарды қарау және скабиозорий-кабинеттерде емдеу жөнiндегi жұмыстарды қамтамасыз ету бөлiгiнде бақылауды жүзеге асырсын;
4) асқынған және әдеттен тыс нысандары кезiнде қышыманы зертханалық диагностикалауды қамтамасыз етсiн;
5) жыл сайын емдеу-алдын алу ұйымдарының кадрларын қышыманың клиникасы, диагностикасы, емдеу және алдын алу мәселелерi бойынша даярлауды ұйымдастырсын.
3. Тиiстi аумақтардың, көлiктегi бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлерi қышыма таралуының алдын алуға бағытталған шараларды сақтауды ескере отырып, жатақханаларды, мектептердi, мектеп-интернаттарын, балалар үйлерiн, мектепке дейiнгi ұйымдарды, қонақ үйлерiн, моншаларды, сауналарды, душтарды, кiр жууларды, шаштараздарды, косметология салондарын, жолаушы поездарын мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз етсiн.
4. Тиiстi аумақтардың бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлерi:
1) облыстардың, Астана, Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары (департаменттерi) алқаларының қарауына қышыма ауруы және алдын алу iс-шараларының жағдайы мәселелерiн уақтылы енгiзсiн;
2) меншiк нысанына қарамастан, емдеу-алдын алу ұйымдарының қызметiн қышымамен ауыратын науқастар мен ауруға күдiктi кездерде шұғыл хабарламаларды уақтылы беру бөлiгiнде бақылауды қамтамасыз етсiн;
3) адамдар мен үй жануарлары арасында қышымаға қарсы күрес жөнiндегi кешендi iс-шараларды жүргiзуде ветеринарлық қызметпен және өзге де мүдделi ведомстволармен тұрақты өзара байланысты орнатсын;
4) жыл сайын 25 қаңтарға қарай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгінің Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетiне және республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияға осы бұйрықтың орындалуы туралы есеп берсiн.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бiрiншi вице-министрi, Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi А.А. Белоногқа жүктелсiн.
6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Министр
"Қазақстан Республикасындағы қышыма
кезіндегі профилактика және
дезинфекция жөніндегі нұсқаулықты
бекiту туралы"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2004 жылғы 19 қаңтардағы
N 48 бұйрығымен
бекiтiлген
Қышыма кезiндегi профилактика және
дезинфекция жөнiндегi нұсқаулық
1. Санитарлық-iндетке қарсы (профилактикалық) iс-шаралар
1. Қышымамен ауыратын науқасқа науқастық қағаз беру туралы мәселенi дәрiгер әрбiр жағдайда жеке, науқастың жұмыс сипатын, тұрмыстық жағдайын, емдеу тиiмдiлiгiн, асқынулардың болуын, ауру процесiнің таралуы мен басқа да себептердi ескере отырып шешедi.
2. Халықтың декреттелген тобы ішіндегі қышымамен ауырған науқастарға, сондай-ақ алдын ала және мерзiмдiк медициналық тексеруден өтпегендерге жұмыс iстеуге рұқсат берiлмейдi және олар жұмыстан шеттетiледi.
3. Аурудың таралуына септiгiн тигiзетiн инфекция көздерiн, берiлу факторлары мен жағдайларын анықтау мақсатында қышыма ауруы көптеп таралған кезде әрбiр ошақты ұйымдастырылған ұжымдарда ғана емес, сол сияқты тұрғылықты мекенi бойынша да мұқият эпидемиологиялық тексерудi жүргiзу қажет.
4. Қышымаға тексерудi медицина қызметкерi:
1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмдерде өткiзiлетiн профилактикалық медициналық тексерулер кезiнде;
2) балабақшаларда, мектеп-интернаттарда - әрбiр он күн сайын;
3) мектептерде, кәсіптiк-техникалық мектептерде, колледждерде - каникулдан кейiн;
4) балалардың сауықтыру лагерлерiне барар алдында;
5) студенттердi жатақханаға орналасар алдында;
6) науқастарды емдеу-профилактикалық ұйымдарға барған кезде;
7) адамдарды санаторлық-сауықтыру ұйымдарға ресiмдеу кезiнде;
8) ошақтарда қарым-қатынаста болғандарды медициналық қадағалау кезiнде.
5. Отбасында, ұйымдастырылған ұжымда науқас анықталған кезде дәрiгер немесе арнайы орта медициналық бiлiмдi медицина қызметкерi науқасты емдеуге дәрiгер-дерматологқа жiбередi. Стационарлық науқасты емдеу оны жекелеген палатаға, бокске оқшаулаған кезде жүргiзiледi.
6. Отбасында, ұйымдастырылған ұжымда, жатақханада науқас анықталған кезде он күнде бiр рет қышымамен ауырғанмен қарым-қатынаста болған барлық адамдарды, сондай-ақ бұл мекемелердің қызмет көрсететiн персоналын 1,5 ай iшiнде тексеру жүргiзiледi.
7. Науқастың отбасы мүшелерiнiң барлығы дереу мұқият тексерiледi, сонымен қатар, барлық анықталған науқастар мен қалған отбасы мүшелерi профилактикалық емделедi.
8. Ауырған балаға емдеу кезеңiнде толық айыққанға және барлық санитарлық-індетке қарсы iс-шараларды өткiзiп болғанға дейiн мектепке дейiнгi ұйымдарға, мектепке баруға тыйым салынады.
9. Ұйымдастырылған ұжымдарда ошақтарды медициналық қадағалауды терi-венерологиялық диспансер (кабинет) маманының бақылауымен осы ұйымның медицина қызметкерi, отбасындағы ошақты терi-венерологиялық диспансерінің (кабинетінің) немесе емхананың тиiстi кабинетінің маманы жүргiзедi.
10. Әрбiр анықталған науқасқа дәрiгер (фельдшер) N 089/у нысаны бойынша хабарлама толтырады, ол терi-венерологиялық диспансерге (ол болмағанда орталық аудандық ауруханаға) жiберiледi және сонымен қатар телефон арқылы тиiстi аумақтағы мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына хабарланады (N 089/у нысаны).
11. Тиiстi аумақтағы мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органы ошақтарда: балалардың ұйымдастырылған ұжымында, жатақханаларда және отбасы ошақтарында жағдайдың қайталануы тiркелген кезде қышыма жағдайларын мiндеттi түрде эпидемиологиялық тексерудi жүргiзедi.
12. Эпидемиологиялық тексеру "Жұқпалы аурулар ошағын эпидемиологиялық тексеру картасын" (N 357/у нысаны) толтырумен аяқталады.
2. Дезинфекциялық iс-шаралар
13. Тиiстi аумақтағы мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органының дезинфекциялық бөлiмшесi мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы ағымдағы дезинфекциялауға (көзкөрiм, химиялық) басшылық етудi, оның сапасын бақылауды және қышыма қайта пайда болған ұйымдастырылған ұжымдар мен үйлерде қорытынды дезинфекциялауды (дезинфекцияның камералық әдiсi) жүзеге асырады.
14. Қышыма ошақтарында ағымдағы дезинфекциялауды үйде емделiп жатқан науқастардың үйiнде, скабиозорий-кабинеттерiнде, стационарларда, мектептердің, сәбилер үйлерiнiң, балалар үйлерi мен басқа да объектiлердің оқшаулау бөлмелерiнде жүргiзедi.
15. Yй жағдайында науқас үшiн жекелеген төсек орны мен отбасының басқа мүшелерi қолданатын заттардан бөлек тұратын жеке пайдаланатын заттарды (iш киiм, сүлгi, ойыншық) бөлiп беру керек.
16. Науқастың заттары iс жүзiнде жұқтыру қаупiн төндiредi, өйткенi әсiресе екi-үш күн бойы жедел емдеу әдiстерi кезiнде сақталатын және организмнен тыс екi аптаға дейiн өмiр сүретiн қышыма кенелерi сақталады. Осыған байланысты науқастың іш киiмi мен киiмiн күн сайын мiндеттi түрде дезинфекциялауды, дезинсекциялауды жүргiзу керек.
17. Ағымдағы дезинфекциялау кезiнде қайнаған сәттен бастап 5-10 минут бойы 1-2% сода немесе кез келген порошок ерiтiндiсiнде iш киiм мен төсек керек-жарақтарын қайнатумен залалсыздандырады. Iш киiмдi қайнату мүмкiн болмаса, Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген инсектицидтiң бiрiмен өңдейдi және одан кейiн әдеттегiдей жуады. Науқастың сыртқы киiмiн дымқыл мата арқылы өтекпен өтектейдi.
18. Күн сайын үй-жайды дымдап тазалау, ал балалар ұжымдарында күнiне екi-үш рет 1-2% ыстық сабынды-тұзды ерiтiндiмен жүргiзiледi. Тазалау материалдарын пайдаланғаннан кейiн қайнатады немесе дезинфекциялық ерiтiндiге салып қояды.
19. Науқасты күткеннен, иш киiмi мен төсек орнын ауыстырғаннан, үй-жайды тазалағаннан кейiн қолды қара сабынмен мұқият жуу керек.
20. Ошақтарда қорытынды дезинфекциялауды науқасты ауруханаға жатқызғаннан немесе амбулаториялық емдеу аяқталғаннан (ауылдық жерлерде бiр тәулiк iшiнде, қалада - алты сағаттан кейiн) кейiн жүргiзедi. Yй жағдайында ағымдағы және қорытынды дезинфекциялауды науқасты күтушi немесе науқастың өзi (емдейтiн дәрiгер ұйымдастырады), емдеу-алдын алу ұйымдарында, балалар ұжымдары мен басқа да объектiлерде осы ұйымның орта медициналық қызметшiсi жүргiзедi.
21. Қорытынды дезинфекциялау ошақта науқаспен қарым-қатынас жасалған адамдарды санитарлық өңдеудi; киiмдi, төсек керек-жарақтарын, тұрмыстық заттар мен үй-жайды дезинфекциялауды қамтиды. Осы барлық iс-шаралар бiр уақытта орындалады, қарым-қатынас жасағандар санитарлық өткiзу жерлерiнде санитарлық өңдеуден өтедi, заттарын дезинфекциялық камерада өңдейдi.
22. Науқастың заттарымен жанасқан науқастың төсек керек-жарақтары, киiмi, аяқ киiмi, жұмсақ ойыншықтары мен басқа да заттары инсектицидтердің бiрi сіңiрiлген арнайы қапқа салынып, залалсыздандыру үшiн дезинфекциялық камераға салынады.
23. Науқастың төсек керек-жарақтары, киiмi, жұмсақ ойыншықтар мен науқастың заттарымен жанасатын басқа да заттар инсектицидтердiң бiрi сіңiрiлген арнайы қаппен қатталады да, залалсыздандыру үшiн дезинфекциялық камераға жiберiледi.
24. Аяқ киiмдi 10% формалин ерітіндісіне батырылған тампонмен сүртiп, 20 минут қояды. Жиhазды, тұрмыстық заттарды өңдеу 1-2% сабынды-содалы ерiтiндiмен сүрту жолымен жүргiзiледi. Жұмсақ мүкәммалдар мен басқа заттар инсектицидтермен өңделедi.
25. Инсектицидтермен жұмыс iстеу кезiнде қолданылып жүрген санитарлық ережелер мен нормалардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптары сақталуға тиiс.