Күші жойылды - ҚР Туризм және спорт министрінің м.а 2011.09.13 № 02-02-18/179 және ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің м.а 2011.09.16 № 298 (ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бірлескен бұйрығымен.
«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Туристік қызмет (туроператорлық, турагенттік қызмет) және ойын бизнесі саласындағы қауіп-қатерлер дәрежесін бағалау критерийлері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті (Қ.Ғ.Кәкен):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Қ.А.Өскенбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының
Туризм және спорт Экономика және бюджеттік
министрінің міндетін жоспарлау министрі
атқарушы ____________ Б. Сұлтанов
___________ Т. Ермегияев
Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт министрінің
міндетін атқарушының
2010 жылғы 16 ақпандағы
№ 01-01-07/26 және
Қазақстан Республикасы
Экономика және бюджеттік
жоспарлау министрінің
2010 жылғы 18 ақпандағы № 70
бірлескен бұйрығымен
бекітілген
Туристік қызмет (туроператорлық, турагенттік қызмет) және ойын бизнесі саласындағы қауіп-қатерлер дәрежесін бағалау критерийлері
1. Осы Критерийлер «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы» және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес туристік қызмет (туроператорлық, турагенттік қызмет) және ойын бизнесі субъектілерін қауіп-қатерлілік дәрежесіне жатқызу мақсатында қауіп-қатер көрсеткіштерін айқындау үшін әзірленді.
2. Осы Критерийлерде мынадай ұғымдар пайдаланылған:
1) қауіп-қатер – зардап ауырлығы дәрежесін ескере отырып зиян келтіру ықтималдығы:
туристерге – туристік қызмет субъектісінің қажетті ақпаратты ұсынбауы нәтижесінде;
құмар ойынға қатысушыға - ойын бизнесі субъектісінің ұтыс ақшасын төлемеуі, толық немесе уақтылы төлемеуі, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуі салдарынан, зардабының ауыртпалық дәрежесін ескере отырып, зиян келтіру ықтималдығы;
2) қауіп-қатерлер дәрежесін бағалау критерийлері – туристік қызмет және ойын бизнесі туралы заңнама талаптарын бұзушылықтарды анықтау және сыныптау;
3) бақылау субъектісі – туристік операторлар (туроператорлар), туристік агенттер (турагенттер), казино, ойын автоматтары залы, букмекер кеңсесі мен тотализатор.
3. Қауіп-қатер дәрежесіне байланысты бақылау субъектілері жоғары, орташа не мардымсыз қауіп-қатерлік дәрежесі бар топтарға жатқызылады.
4. Қауіп-қатер дәрежесін бағалау критерийлері объективті және субъективті критерийлерге бөлінеді.
5. Объективті – бақылау субъектілерінің қызметін жүзеге асырған кезде болуы мүмкін қауіп-қатердің маңыздылығына негізделген.
Туристік қызмет және ойын бизнесі субъектілері объективті критерийлер бойынша мынадай қауіп-қатер дәрежелеріне бөлінеді:
- қауіп-қатердің жоғары дәрежесі – ойын бизнесі саласындағы қызмет;
- қауіп-қатердің орташа дәрежесі – туристік қызметті 5 жылдан кем жүзеге асыратын туроператорлардың қызметі;
- қауіп-қатердің мардымсыз дәрежесі – туристік қызметті 5 жылдан артық жүзеге асыратын туроператорлардың қызметі.
Ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілер ұдайы қауіп-қатердің жоғары дәрежесінде болады.
Бақылау субъектілерін қауіп-қатер дәрежесіне бірінші реттік жатқызу қауіп-қатер дәрежесін объективті бағалау критерийлері негізінде жүзеге асырылады.
6. Туристік қызмет субъектілерін (туроператор, турагент) субъектілерін қауіп-қатер дәрежесіне екінші реттік жатқызу тексеру нәтижелері бойынша субъективті критерийлерді ескере отырып жүзеге асырылады.
Субъективті критерийлер туристік қызмет (туроператор, турагент) субъектілері жол берген белгіленген талаптарды бұзушылықтарға байланысты анықталады.
Субъективті критерийлер дөрекі, елеулі және мардымсыз бұзушылықтарды қамтиды:
1) дөрекі бұзушылықтар тобы:
туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының болмауы – 3 балл;
туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың туристерге саяхаттың ерекшеліктері, саяхат жасаған кезде олар кездесуі мүмкін қауіп-қатерлер туралы туристік қызмет көрсету ережесінде көрсетілген мәліметтерді ұсынбауы, уақытында немесе толық ұсынбауы, не туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асырмауы – 3 балл;
туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мүдделі мемлекеттік органдарға және туристің жанұясына саяхат жасау барысында туристермен болған төтенше жағдайлар туралы ақпарат бермеуі немесе ақпаратты уақтылы ұсынбауы – 3 балл;
2) елеулі бұзушылықтар тобы:
туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың туристік қызмет көрсетуге арналған жазбаша шартты жасаспай туристік қызмет көрсетуі – 2 балл;
туристік білімі бар қызметкердің, соның ішінде гидтердің (гид-аудармашының), саяхат жетекшісінің, туризм нұсқаушысының қызметін көрсетуге лицензиясы бар туризм нұсқаушыларының болмауы – 2 балл;
меншікті немесе жалға алынған материалдық базасының және (немесе) туристік өнімге кіретін жекелеген қызметтерді ұсынатын тұлғалармен шарттардың болмауы – 2 балл;
меншікті кеңсесінің немесе кеңсе үшін жалға алынған үй-жайының болмауы – 2 балл;
3) мардымсыз бұзушылықтар тобы:
туристерге қызмет көрсету бағдарламасының болмауы - 1 балл;
лицензия алған кезде лицензиаттың алдын ала жалған ақпарат беруі – 1 балл.
7. Алған баллдарының жалпы қосындысына байланысты:
қауіп-қатердің жоғары дәрежесіне 6 және одан жоғары балл алған бақылау субъектілері жатқызылады;
қауіп-қатердің орташа дәрежесіне 4 балдан 6 балға дейін;
қауіп-қатердің мардымсыз дәрежесіне 4 балға дейін.
8. Соңғы жоспарлы тексеру кезінде бұзушылықтар анықталмаған туристік қызмет субъектілері (туроператор, турагент) қауіп-қатердің кіші дәрежесі тобына ауыстырылады.
9. Тексеру жүргізілген субъектілер қауіп-қатердің белгілі санатына жатқызу тұрғысында қайталап талдауға жатады.
10. Туристік қызмет (туроператор, турагент) саласындағы тексерулерді жоспарлау туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мемлекеттік тізілімінен алынған деректердің негізінде субъектінің лицензияны барынша кеш алған күні бойынша жүргізіледі.
11. Тексерулерді жоспарлау соңғы тексеру күнін ескере отырып жүргізіледі.