Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Көксу ауданы әкімдігінің 2012.02.13 N 57 Қаулысымен.
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабы 1-тармағының 13)-тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 5-бабы 2-тармағына, 7-бабының 5-4)-тармақшасына, 18-1-бабына сәйкес, Көксу ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Нысаналы топтарға әдейі арналған, жұмыс орындарының саны шектелмейтін жұмыс уақытша сипатта болатын және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындар мен бос орындар пайдаланылмайтын ерекшеліктерді ескере отырып, жұмыс берушілердің олардың еңбегіне ақы төлеу шығындары ішінара өтелетін, нысаналы топтардағы (табысы аз адамдар, жиырма бір жасқа дейінгі жастар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма үш жасқа дейінгі балалар, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызілікті, көп балалы ата-аналар, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен асырауында тұрақты күтімді, көмекті немесе қадағалауды қажет етеді деп танылған адамдар бар азаматтар, зейнеткерлік жас алдындағы адамдар (жасына байланысты зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған), мүгедектер, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан босаған адамдар, бас бостандығынан айыру және (немесе) мәжбүрлеп емдеу орындарынан босатылған адамдар, оралмандар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілер, жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметін тоқтатуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған адамдар) жұмыссыздарды уақытша, жұмыс орындарын беру немесе құру арқылы, әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылсын.
2. Әлеуметтік жұмыс орнын құруды жұмыс беруші жергілікті атқарушы органмен шарттық негізде жүзеге асырылады. Шартта тараптардың міндеттері, жұмыстың түрлері, көлемі, еңбекақы төлеу мөлшері мен шарттары, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландырудың мерзімі мен көздері қамтылуға тиіс.
3. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген нысаналы топтағы жұмыссыздардың айлық жалақысы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшеріне кем емес белгіленсін.
4. "Көксу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (А.Н. Шаяхметова):
1) Нысаналы топтағы жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орындарын қабылдау мен жолдауды.
2) Нысаналы топтағы жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орнын ұсынатын жұмыс берушілермен келісім шарттар жасауын қамтамасыз етсін.
5. Көксу ауданы әкімдігінің 2009 жылдың 19 мамырдағы " Көксу ауданында әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы" N 102 қаулысының, нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылдың 01 маусымда N 2-14-75 нөмірімен тіркелген, 2009 жылдың 5 маусымдағы N 23 (4437) "Көксу таңы" газетінде жарияланған күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Әлия Секерғалиқызы Садықоваға жүктелсін.
7. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі М. Өсербаев