Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.04.2016 № 115 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.02.2016 № 76 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу және облигацияларды орналастыру және өтеу, облигациялар шығарылымының күшін жою қорытындылары жөніндегі ережені бекіту туралы" 2005 жылғы 30 шілдедегі № 269 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3822 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік емес облигациялардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу және облигацияларды орналастыру және өтеу, облигациялар шығарылымының күшін жою қорытындылары туралы есептi қарау ережесiнде:
1-тармақ мынадай мазмұндағы он бірінші бөлікпен толықтырылсын:
"Егер облигациялар (облигациялық бағдарлама) шығарылымы жүзеге асырылатын эмитент шешімі эмитент органының отырысынан үзінді көшірме нысанында ұсынылған болса, осы үзінді көшірмеде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
эмитенттің атқарушы органының толық атауы мен орналасқан жері;
отырысты өткізу күні, уақыты және орны (ішкі отырыс болған жағдайда);
отырысқа қатысқан (сырттай дауыс беру жолымен шешім қабылдаған) тұлғалар туралы мәліметтер;
отырыс кворумы;
шешімдері облигацияларды (облигациялық бағдарламаны) шығаруға әкеп соқтырған отырыс күн тәртібінің мәселелері;
облигацияларды (облигациялық бағдарламаны) шығару жүзеге асырылатын дауысқа салуға шығарылған отырыс күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру нәтижелері;
облигацияларды (облигациялық бағдарламаны) шығару жүзеге асырылатын мәселе бойынша қабылданған шешім.
Эмитент органы отырысының шешімінен үзінді көшірме басқару органы хатшысының (корпоративтік хатшының) және эмитенттің бірінші басшысының не оның орнындағы адамның қолымен және эмитент мөрінің бедерімен расталады.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Уәкiлеттi орган осы Ереженiң талаптарына сәйкес тiркеген облигациялық бағдарлама шегiндегi облигациялар шығарылымын мемлекеттік тiркеу үшiн эмитент:
1) еркiн нысанда жазылған өтiнiштi;
2) облигациялық бағдарлама шегiндегi облигациялар шығарылымының осы Ереженiң 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасалған проспектiсiн қағаз тасымалдағышта екi данада және Acrobat Reader форматында электрондық тасымалдағышта (қоғамның қаржылық есептілігiнсіз) қазақ және орыс тілдерінде бiр данада ұсынады. Бұл ретте екі дананың әрқайсысында қазақ және орыс тілдеріндегі облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығарылымының проспектісі қамтылады;
3) эмитент органының облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу, облигацияларды орналастыру нәтижесiнде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртiбi, облигациялардың шығарылу көлемi, саны мен түрi, облигациялардың нақтылы құны, облигациялар ұстаушылардың құқықтары туралы мәлiметтер қамтылатын облигациялар шығару туралы шешiмiнiң көшiрмесiн ұсынады.
Егер облигациялық бағдарлама шеңберінде облигациялар шығарылымы жүзеге асырылатын эмитент шешімі эмитенттің органы отырысының хаттамасынан үзінді көшірме нысанында ұсынылса, осы үзінді көшірмеде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
эмитенттің атқарушы органының толық атауы мен орналасқан жері;
отырысты өткізу күні, уақыты және орны (ішкі отырыс болған жағдайда);
отырысқа қатысқан (сырттай дауыс беру жолымен шешім қабылдаған) тұлғалар туралы мәліметтер;
отырыс кворумы;
отырыстың күн тәртібінің облигациялардың шығарылымына, орналастырылуына, айналысына, өтелуіне қатысты мәселелері;
дауысқа салуға шығарылған отырыс күн тәртібінің облигациялардың шығарылымына, орналастырылуына, айналысына, өтелуіне қатысты әрбір мәселесі бойынша дауыс беру нәтижелері;
облигациялардың шығарылымына, орналастырылуына, айналысына, өтелуіне қатысты әрбір мәселесі бойынша қабылданған шешім.
Эмитенттің органы отырысының шешімінен үзінді көшірме басқару органы хатшысының (корпоративтік хатшының) және эмитенттің бірінші басшысының не оның орнындағы адамның қолымен және эмитент мөрінің бедерімен расталады.";
4-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4-1. Облигацияларды қоғамның жай акцияларына айырбастауды жүзеге асыратын тұлғалар "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 17-бабының 5-тармағында, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 4-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келеді.";
5-1-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) облигациялар шығарылымы (облигациялық бағдарламаның) проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген эмитент органы шешімінің көшірмесі.
Егер облигациялар шығарылымының проспектiсiне (облигациялық бағдарлама) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген эмитент шешімі эмитенттің органы отырысының хаттамасынан үзінді көшірме нысанында ұсынылған болса, осы үзінді көшірмеде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
эмитенттің атқарушы органының толық атауы мен орналасқан жері;
отырысты өткізу күні, уақыты және орны (ішкі отырыс болған жағдайда);
отырысқа қатысқан (сырттай дауыс беру жолымен шешім қабылдаған) тұлғалар туралы мәліметтер;
отырыс кворумы;
дауысқа салуға шығарылған отырыс күн тәртібінің облигациялар шығарылымының проспектiсiне (облигациялық бағдарлама) өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгізілген әрбір мәселесі бойынша дауыс беру нәтижелері облигациялар шығарылымының проспектiсiне (облигациялық бағдарлама) өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгізілген мәселе бойынша қабылданған шешім.
Эмитенттің органы отырысының шешімінен үзінді көшірме эмитент органы хатшысының (корпоративтік хатшының) және эмитенттің бірінші басшысының не оның орнындағы адамның қолымен және эмитент мөрінің бедерімен расталады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Облигацияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау үшiн эмитент уәкiлеттi органға Заңның 24-бабының 1-тармағында белгiленген құжаттарды ұсынады. Облигацияларды орналастыру қорытындылары туралы есеп осы Ереженiң 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасалады және қағаз тасымалдағышта екi данада және Acrobat Reader форматында электронды тасымалдағышта ұсынылады. Бұл ретте екі дананың әрқайсысында облигацияларды орналастыру қорытындысы туралы қазақ және орыс тілдеріндегі есеп қамтылады.";
10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау үшiн эмитент уәкiлеттi органға Заңның 32-бабының 2-тармағында белгiленген құжаттарды ұсынады. Облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есеп Ереженiң 6-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасалады және қағаз тасымалдағышта екі данада ұсынылады. Бұл ретте екі дананың әрқайсысында облигацияларды өтеу қорытындылары туралы қазақ және орыс тілдеріндегі есеп қамтылады.
11. Облигацияларды орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есепті қарау үшін эмитент ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган:
1) облигацияларды орналастыру және (немесе) өтеу қорытындылары туралы есептi бекiтедi және эмитентті есептің бекітілгені туралы жазбаша хабардар етеді;
2) эмитентке облигацияларды орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есептiң уәкiлетті органның оны бекiткендiгi туралы белгiсi қойылған бiр данасын қайтарады.";
12-тармақ алып тасталсын;
5-қосымша осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес редакцияда жазылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк | |
Төрағасы | Қ. Келімбетов |
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 29 қарашадағы № 268 қаулысына 1-қосымша |
Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.02.2016 № 76 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
_______ бастап _________ дейінгі кезеңде облигацияларды
орналастыру қорытындылары туралы
ЕСЕП
1. Эмитенттің атауы.
2. Эмитенттің мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтер.
Осы тармақта эмитентті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың немесе куәліктің күні және нөмірі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді) жүзеге асырған органның атауы көрсетілу қажет.
3. Эмитенттің орналасқан жері.
4. Облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу күнi және нөмiрi.
5. Облигациялар туралы мәлiметтер:
шығаруға жарияланған облигациялардың жалпы саны және түрi, номиналдық құны, купонның және (немесе) дисконттың мөлшерi, облигацияларды орналастырудың есепті кезеңі аяқталған күнге орналастырылған, сатып алынған және орналастырылмаған облигациялардың саны.
6. Меншік иелерiнiң санаттары бойынша облигацияларды иеленушiлердiң саны туралы мәліметтер:
резиденттер және резидент еместер; жеке және заңды тұлғалар;
жоғарыда көрсетілген әр санаттағы тұлғалардың иеленушiлерiне жататын облигациялар санын көрсете отырып зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары, екiншi деңгейдегі банктер, банктік емес ұйымдар, брокер-дилерлер және басқалар.
7. Облигацияларды орналастыру туралы мәліметтер:
1) орналастыру кезеңiнiң басталу күнін және аяқталу күнiн, орналастырылған облигациялар санын және әрбiр алдыңғы есептi облигацияларды орналастыру кезеңіне жеке тартылған ақша сомасын, сондай-ақ облигацияларды орналастырмау туралы ақпаратты мәлімет үшін қабылдаған күнін көрсете отырып, алдыңғы есепті (есептердi) бекіту күні;
2) есепті кезеңде ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығындағы жазу және аукциондық жолмен орналастырылған облигациялар саны және тартылған ақша сомасы, оның ішінде облигациялар шығарылымының мемлекеттік тіркелу күнін және нөмiрiн, осы облигациялар түрін, санын көрсете отырып, төленуі осы эмитент бұрын шығарған, айналыста болу мерзiмi аяқталған облигациялар бойынша талап ету құқықтарымен жасалатын есепті кезеңде орналастырылған облигациялар туралы ақпарат. Облигацияларды аукцион өткізу жолымен орналастырған жағдайда оларды жүргізген күні және аукциондағы ең жоғарғы сату бағасы көрсетіледі;
3) бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында облигацияларды орналастыру туралы ақпарат (caуда-саттықты ұйымдастырушылар тiзiмiнiң санаты, облигацияларды орналастыру аяқталған күнге облигациялардың нарықтық құны, сауда-саттықтағы ең жоғарғы баға және бiрiншi және соңғы сауда-саттықтағы күні, орналастырылған акциялардың саны және тартылған ақшаның сомасы) оның ішінде шет мемлекеттің аумағында облигацияларды орналастыруға уәкілетті органнан рұқсат алу күнін көрсете отырып шет мемлекеттің аумағында есепті кезеңде орналастырылған облигациялардың саны;
4) есепті кезеңде орналастырылған облигациялардың жалпы саны;
5) есептi кезең аяқталған күнге сатып алынған облигациялардың саны, сатып алу туралы шешiм қабылданған күн, сондай-ақ проспектіде және (немесе) Заңмен көзделген ковенантты бұзған кезде сатып алған себебін көрсете отырып, эмитент оларды сатып алған кезде шеккен шығындар сомасы;
6) эмитент бұрын сатып алған және есепті кезеңде қайта сатылған облигациялардың саны;
7) осы үлестес тұлғалардың деректерін көрсете отырып, үлестес тұлғаларға орналастырылған облигациялар саны.
8. Облигацияларды шығару андеррайтерлерi (эмиссиялық консорциумдар) туралы ақпарат. Осы тармақта мынадай ақпарат көрсетіледі:
бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының атауы, эмитентпен жасалған андеррайтер қызметін көрсетуге шарттың күнi мен нөмiрi, сондай-ақ эмиссиялық консорциумның қатысушылары туралы;
андеррайтерлерге немесе орналастырудың басқа қатысушыларына, орналастырудың жалпы көлемiнiң пайыздық көрсетiлiмде, әрбір орналастырылған облигациялардың дисконты және комиссиясы көлемінде өкілдерге төленген (төленуі тиіс) дисконт және комиссия және шығыстар туралы басқа да мәліметтер;
андеррайтерлердi тартпастан орналастырылған облигациялардың саны және орналастырудың болашақ жоспарлары туралы көрсетіледі.
9. Арнайы қаржы компаниясының облигациялары шығарылған кезде қосымша мынадай ақпарат ұсынылады:
1) оригинатордың, кастодиан-банктің, басқарушы агенттің және басқаға берілген талап ету құқықтары бойынша төлемдерді жинайтын тұлғаның атауы мен орналасқан жері;
2) талап ету құқықтарының сипаттамасы, бөлінген активтердің құрамына кіретін талап ету құқықтары бойынша ақша түсімінің шарттары, тәртібі мен мерзімі және олардың орындалуына бақылау жасау тәртібі;
3) арнайы қаржы компаниясы облигацияларының шығарылым проспектісіне сәйкес арнайы қаржы компаниясы облигацияларының қамтамасыз етуі болып табылатын бөлінген активтердің сомасы;
4) есепті кезеңнің аяқталу күніне арнайы қаржы компаниясы облигацияларының қамтамасыз етуі болып табылатын бөлінген активтердің сомасы;
5) есепті кезеңнің аяқталу күніне арнайы қаржы компаниясы бөлінген активтердің құрамына кіретін талап ету құқықтары бойынша алған ақша сомасы;
6) есепті кезеңде секьюритилендіру мәмілесі бойынша қызметті төлеумен байланысты шығыстар сомасы;
7) бөлінген активтердің құрамына кіретін талап ету құқықтары бойынша міндеттемелерді уақтылы орындамау немесе орындамау фактілерінің болуы туралы мәліметтер.
10. Тiркеушi туралы мәлiметтер.
Тiркеушiнiң атауы және орналасқан жерi, шарт жасалған күн және нөмiрi.
11. Баспасөз басылымының атауы және облигациялар шығарылымы туралы ақпараттық хабар жарияланған күн.
12. Шығарылым проспектісінде көзделген шектеулерді (ковенантты) бұзу жағдайлары туралы ақпарат.
13. Облигациялардың орналастыруы (қаржы ұйымдары левередж мөлшерін көрсетпейді) аяқталған күніне левередж мөлшері, бұрын шығарылған облигациялар бойынша дефолт жағдайларының болуы, облигацияларды әрі қарай орналастыруға байланысты бар проблемалар.
14. Облигациялар бойынша сыйақы төлеу туралы мәлiметтер:
1) облигациялар бойынша сыйақы төлеу кезеңдiлiгi және мерзiмдерi;
2) облигациялар бойынша сыйақының мөлшерi және мөлшерiн белгiлеу тәртiбi. Есептi кезең iшiнде осы шығарылымның облигациялар бойынша төленген жалпы сыйақы сомасы;
3) облигациялар бойынша сыйақы төлеу кезiндегi есеп айырысу тәртiбi (есеп айырысу нысаны: қолма-қол, қолма-қол емес);
4) кезекті сыйақы төлеуге байланысты және (немесе) осы шығарылымның облигацияларын өтеуге байланысты ықтимал проблемалардың және осы жағдайдан шығу үшін эмитент қолданатын іс-шаралардың сипаттамасы. Облигациялар бойынша сыйақының уақтылы төленбеу жағдайлары болса, эмитенттiң қандай шаралар қабылдағанын көрсету керек.
Есепке эмитенттің бiрiншi басшысы, бас бухгалтері қол қояды және эмитенттiң мөрiнiң таңбасымен куәландырылады. Есептің әрбір данасы есепті айдың соңындағы жағдай бойынша немесе облигацияларды орналастыру аяқталған күнгі қаржылық есептілігімен және облигацияларды орналастыру кезеңінің аяқталу күнінен кейінгі күнге тіркеуші берген облигациялар ұстаушылар тізілімінің көшiрмесiмен бірге тiгiледi, тiгiстiң түйiнiне және жартылай параққа желiмделген қағаз пломбамен бекiтiледi. Мөрдiң таңбасы жартылай қағаз пломбаға, жартылай құжаттың парағына басылуы және бірінші басшысының немесе оның орнын ауыстыратын тұлғаның қолымен куәландырылуы тиіс.
Осы қосымшаның 7-тармағының 2), 3), 4) тармақшалары есепті кезеңде облигациялар орналастырылмаған жағдайда толтырылмайды.".