РҚАО ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 39-3 бабының 2-тармағына сәйкес Алматы облыстық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Жергілікті қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткізу және шешімдер қабылдау тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.
2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат | |
сессиясының төрағасы | С.Донбаев |
Облыстық мәслихат | |
хатшысы | Е. Келемсейіт |
Алматы облыстық мәслихатының 2013 жылғы 18 сәуірдегі N 16-108 шешіміне қосымша |
Жергілікті қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткізу және
шешімдер қабылдау тәртібі
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы жергілікті қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткізу және шешімдер қабылдау тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148 Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2126 Заңына сәйкес әзірленді және жергілікті қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткізу және жергілікті қоғамдастық жиналысымен (жиынымен) шешімдер қабылдау тәртібін айқындайды.1.2. Осы Тәртіпте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) жергiлiктi өзiн-өзi басқару - халық тiкелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын жергiлiктi маңызы бар мәселелердi өзiнiң жауапкершiлiгiмен дербес шешуге бағытталған қызмет;
2) жергiлiктi қоғамдастық - шекараларында жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс iстейтiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тұратын тұрғындардың (жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң) жиынтығы;
3) жергiлiктi маңызы бар мәселелер - реттелуi тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс тұрғындарының басым бөлiгiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс қызметiнiң мәселелерi;
4) жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысы - жергiлiктi қоғамдастық мүшелерінің жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыруының тікелей нысаны.
1.3. "Жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысы" және "жергiлiктi қоғамдастықтың жиыны" деген ұғымдардың мағынасы бірдей.
1.4. Тәртіп жергiлiктi қоғамдастықтың барлық мүшелері үшін міндетті болып табылады.
2. Жергілікті қоғамдастық жиналысын (жиынын)
өткізу қағидаттары
2.1. Жергiлiктi қоғамдастықтың мүшелері шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге қатынасына, сенiмiне, саяси партияларға және қоғамдық бiрлестiктерге тиесiлiгiне қарамастан, жергiлiктi қоғамдастық жиналыстарына (жиындарға) қатысуға құқылы.2.2. Жергiлiктi қоғамдастық жиналыстарына (жиынына) бастамашы болған және оларды өткізген кезде кімде-кімге қатысты тіл тигізуге және жала жабуға, балағат сөздерді қолдануға, жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуға мәжбүрлеуге не оған қатысуға кедергі келтіруге жол берілмейді.
2.3. Қазақстан Республикасының азаматын шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркеу фактісі оны жергiлiктi қоғамдастықтың мүшесі деп тану үшін негіз болып табылады. Қазақстан Республикасы азаматтарының жергілікті қоғамдастықтың мүшесі болып кіруіне қандай да бір өзге шарттар қоюға жол берілмейді.
2.4. Жергiлiктi қоғамдастық жиналыстары (жиындары) тек қана бейбіт сипатта өтуге тиіс.
2.5. Жергiлiктi қоғамдастық аумағында тұрғылықты тұратын шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында немесе халықаралық шартта белгiленген шекте жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыруға қатысады.
2.6. Жергiлiктi қоғамдастықтың мүшелерi жиналысқа (жиынға) жеке өзi қатысады, әрi олардың әрқайсысы бiр дауысқа ие.
2.7. Жергiлiктi қоғамдастықтың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға негізделеді.
3. Жергiлiктi қоғамдастық жиналыстарының
(жиындарының) өкілеттіктері
3.1. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысы (жиыны): 1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың сайлау органдарын қалыптастырады;
2) қоғамда болып жатқан процестерді талдау негізінде тиiстi жергiлiктi қоғамдастық - шекараларында жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүзеге асырылатын әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстің әлеуметтік-экономикалық жағдайын кешенді бағалауды жүзеге асырады;
3) реттелуi тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң құқығы мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты жергiлiктi маңызы бар мәселелердi қарайды;
4) мемлекеттiк органдарға және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына жергiлiктi қоғамдастық жиналысында (жиынында) қойылған келелі мәселелердi шешу бойынша қажеттi шаралар қолдану үшiн хат жолдайды;
5) елдi мекендердi көрiктендiру, тұрғын үй қорының сақталуы мен тиiстi пайдаланылуы, тұрғындарға коммуналдық-тұрмыстық және басқадай қызмет көрсету, дене тәрбиесi мен спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, тұрғылықты жерлерi бойынша азаматтардың бос уақытын ұйымдастыру, табиғатты қорғау, азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарын дамыту мәселелерiн талқылайды;
6) елдi мекендерге, көшелерге, алаңдарға ат қоюға және оларды қайта атауға байланысты мәселелердi талқылайды;
7) әкімшілік-аумақтық бөліністің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуының негізгі бағыттары бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді;
8) жиналыстың қарауына шығарылатын құқықтық актілерді, әкімшілік-аумақтық бөліністің мемлекеттік билік органдарының өзге де құжаттарын талдайды және бағалайды;
9) мемлекеттік билік органдарының, қоғамдық ұйымдардың, азаматтардың әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының құқықтарын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау проблемалары бойынша ұсыныстарын қарайды;
10) мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуге және олардың орындалуына мониторинг жасауға қатысады;
11) қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда қабылданатын аса маңызды шешімдер туралы қоғамдық пікірді білдіреді;
12) тиісті лауазымды тұлғаларға тұрғындардың оның араласуын қажет ететін аса өзекті проблемалары туралы ақпарат береді;
13) әкімнің бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы есептерін тыңдайды.
14) жергiлiктi қоғамдастық әрекетiнiң өзге мәселелерiн шешеді.
4. Жергілікті қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткізуге
дайындық және жүргізу тәртібі
4.1. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткiзуге дайындықты және оны жүргiзудi тиiстi өзiн-өзi басқару органы, жергiлiктi қоғамдастық мүшелерi қамтамасыз етедi.4.2. Жиналыстың (жиынның) өту уақыты мен орны және талқылауға қойылған мәселелер туралы жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың жауапты мүшесi тұрғындарға жиналысқа (жиынға) кем дегенде 10 күн қалғанда, ал кезектен тыс жиналыс (жиын) шақырылғанда – кем дегенде 3 күн қалғанда хабарлайды.
4.3. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысын (жиынын) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының басшысы (орынбасары) немесе осыған уәкiлеттi тұлға ашады.
4.4. Жиналысты (жиынды) жүргiзу үшiн төраға мен хатшы ашық дауыс беру арқылы сайланады.
4.5. Күн тәртiбiн жиналыс (жиын) бекiтедi.
4.6. Жиналыста (жиында) хаттама жүргiзiледi, онда мыналар: жиналыстың (жиынның) өту уақыты мен орны, жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң, яғни аумағында жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүзеге асырылатын әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелгендердiң және жиналысқа (жиынға) қатысушылардың саны, төраға мен хатшының тегi, аты, әкесiнiң аты, күн тәртiбi, сөз сөйлеулердiң мазмұны, қабылданған шешiмдер, ол бойынша дауыс берудiң қорытындылары көрсетiледi.
4.7. Жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) сайлау құқығы бар тиісті аумақтың кем дегенде 5% тұрғындарының бастамасымен немесе тиісті жергілікті өзін өзі басқару органдарының бастамасымен шақырылады.
4.8. Жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) шақыру мүмкiн болмаған немесе қиындық тудырған жағдайда жиналыс (жиын) елдi мекен, көше, тұрғын үйдегi жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiмен өткiзiледi. Сәйкес аумақтағы тұрғындар пiкiрiн бiлу үшiн жалпы нәтижесiн анықтау жиналыс (жиын) шешiмдерiн талдап қорыту жолымен жүзеге асырылады.
4.9. Жиналыстың (жиынның) төрағасы Жергiлiктi қоғамдастық жиналысын өткізудің бастамашыларымен бірлесе отырып жиналыстың күн тәртібін жасайды, онда күн тәртібін дайындау күні, айы, жылы, жиналыс өткізілетін болжамды уақыт, жиналыстың ұзақтығы және өткізілетін орны, жиналыстың қарауына шығарылатын жергілікті маңызы бар мәселелер тізбесі көрсетілуге тиіс, бұл ретте діни ғимарат және оған жалғасып жатқан аумақ (құдайға құлшылық етуге, намаз оқу мен діни жиналыстарға, діни құрметтеуге (қажылыққа) арналған объект, мысалы, мешіт немесе шіркеу) жиналыс өткізу орны бола алмайды.
4.10. Жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) қажеттiлiгiне қарай шақырылады.
4.11. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынның) күн тәртібін бастамашылар өз қол қоюларымен растайды.
4.12. Жиналыс (жиын) бастамашылары "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ауданның, қаланың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына жиналыс өткізу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.
4.13. Тиісті жергілікті атқарушы органның оң шешімі алынғаннан кейін ғана жергiлiктi қоғамдастық жиналысын (жиынды) өткізуге жол беріледі.
4.14. Мемлекеттік органдар жиналыстың (жиынның) Қағидада айқындалатын жергілікті өзін-өзі басқаруды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде өткізілуіне жәрдемдеседі.
4.15. Өткізілгелі отырған жергiлiктi қоғамдастық жиналысы (жиын) туралы ақпарат тиісті жергілікті атқарушы органның оң шешімі алынғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылуы мүмкін.
4.16. Тәртіпке сәйкес ұйымдастырылған жергiлiктi қоғамдастық жиналысын (жиынын) өткізуге қандай да бір заңсыз кедергі келтіруге жол берілмейді.
4.17. Жергілікті қоғамдастық жиналыстарын (жиынын) өткізуді қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.
4.18. Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілдері жергiлiктi қоғамдастық жиналысына (жиынға) ешбір кедергісіз қатысуға құқылы.
4.19. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысы (жиын), егер оған қатысқан жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны, жиналысты өткізу туралы бастаманы қолдаған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы санынан кем болмаса, өткізілген болып есептеледі.
5. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынының) шешiмдерi
5.1. Жиналысқа (жиынға) қатысушылар күн тәртiбiне енгiзiлген мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.5.2. Шешiмдер ашық және құпия дауыс беру арқылы қабылданады.
5.3. Шешiм оған жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң жиналысына (жиынына) қатысушылар санының көпшiлiк дауысымен қабылданды деп есептеледi. Дауыстар тең түскен жағдайда жиналыс (жиын) төрағасының пiкiрi шешушi дауыс болып саналады.
5.4. Шешiм хаттама түрiнде рәсiмделедi және мүдделi тұлғаларға жеткiзiледi.
5.5. Қабылданған шешiмге өзгертулер мен толықтырулар енгiзу тек жиналыс (жиын) арқылы ғана енгiзiледi.
5.6. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынның) шешімі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жіберілуі мүмкін.
5.7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы жергiлiктi қоғамдастық жиналысының шешімін "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қарайды.
5.8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынның) шешімін қарау нәтижелері туралы жиналыс бастамашыларына хабарлайды, сондай-ақ жауапты ведомстволық веб-сайтта жариялайды.
5.9. Жиналыстың (жиынның) шешiмдерi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жатады немесе жиналыс (жиын) өткiзу үшiн белгiленген аумақта тұратын жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң назарына мерзiмдiк баспа болмаған жағдайда басқа әдiстер арқылы ол қабылданған күннен он күннен кешiктiрмей хабарланады.
5.10. Қабылданған шешiммен келiспеген жағдайда қоғамдастық мүшелерi мен басқа тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiпте шағым-арыз бере алады.
6. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысына (жиынына) қатысушылардың
жауапкершілігі
6.1. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысына (жиынына) қатысушылар:1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;
2) жалпы мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатқа, оның ішінде қаржылық және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;
3) бірыңғай еңбек нарығын, капиталды қалыптастыруға, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді еркін алмасуға, Қазақстан Республикасының біртұтас мәдени және ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытуға кедергі келтіретін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасының мүдделерін сақтауға;
5) қоғамдық маңызы бар қызмет салаларында белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды сақтауға;
6) жергiлiктi қоғамдастық мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
7) жариялылық пен ашықтық, өз қызметін жүзеге асыру кезінде қоғамдық пікірді ескеру қағидаттарын ұстануға міндетті.
6.2. Жергiлiктi қоғамдастық жиналысына қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.