Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 10.12.2015 № 29/435 шешімімен(жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 38 - бабының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 3 - бабының 2 - тармағына және «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн - өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңының 6 - бабының 2 - 2 - тармағына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қоса беріліп отырған Маңғыстау облысында ортақ су пайдаланудың Қағидасы бекітілсін.
2. «Маңғыстау облысында ортақ су пайдаланудың Қағидасы туралы» облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 7 желтоқсандағы № 7/79 шешімі жойылсын.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Ж. Дәрменов
Облыстық
мәслихат хатшысы Б. Жүсіпов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы Денсаулық
сақтау министрлігі Мемлекеттік
санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау
комитетінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің директоры
М. Қадыр
27 ақпан 2013 ж.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы Қоршаған
ортаны қорғау министрлігі Экологиялық
реттеу және бақылау комитетінің
Маңғыстау облысы бойынша
Экология департаментінің бастығы
Д. Әлиев
27 ақпан 2013 ж.
«КЕЛІСІЛДІ»
Маңғыстау облыстық
ішкі істер департаментінің бастығы
М. Жаманбаев
27 ақпан 2013 ж.
«КЕЛІСІЛДІ»
Маңғыстау облысының табиғи
ресурстар және табиғат пайдалануды
реттеу басқармасы бастығының
міндетін атқарушы
О. Тоқжанов
27 ақпан 2013 ж.
Облыстық мәслихаттың 2013 жылғы
27 ақпандағы № 9/122 шешімімен
бекітілді
Маңғыстау облысында ортақ су пайдаланудың Қағидасы
1. Ортақ суларды пайдаланудың бұл Қағидасы Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 38 - бабының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 3 - бабының 2 - тармағына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн - өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңының 6 - бабының 2 - 2 - тармағына және «Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1215 қаулысына сәйкес әзірленді.
2. Бұл қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ортақ су пайдалану – халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшін су объектілері жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекітіліп берілмей және судың жай - күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылатын су пайдалану;
2) гидротехникалық құрылыстар – су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;
3) су шаруашылығы құрылыстары – су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында жасанды түрде құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
4) жерасты шаруашылық - ауыз сулары – өзінің табиғи жай - күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және тұрмыстық қажетіне, не ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жерасты сулары;
5) сарқынды сулар - адамның шарушылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
6) су – су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;
7) су пайдалану – жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;
8) су пайдаланушы – өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;
3. Ортақ су пайдалануға мынадай су объектілерін пайдалану жатады:
1) техникалық құралдарды қолданбай, жерүсті көздерінен су алу кезінде;
2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;
3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;
4) мал суару үшін.
Ортақ су пайдалану ортақ су пайдаланылатын су объектілерінде де, ортақ пайдалануға жатпайтын су объектілерінде де жүзеге асырылады және арнайы рұқсат болуын талап етпейді.Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне рұқсат етілмейді.
4. Осы Қағида Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық шекараларында орналасқан су объектілерінде ортақ су пайдалану тәртібін анықтайды және меншік нысанына қарамастан, барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
5. Су объектілерінде ортақ су пайдалану бойынша қызметтерді үйлестіруді және ұйымдастыруды Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғалары, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органдары, су пайдалану мекемелері мен кәсіпорындарының басшылары жүзеге асырады.
6. Халықтың экологиялық, техникалық және санитарлық - эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында мынадай жерлерде тыйым салынады деп белгіленсін;
1) халықтың шомылуы;
ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде;
шлюздерге,гидроэлектростанцияларға, ағынды суды жіберетінорындарға, малдардың тұрағына және суарылатын жерлерге және басқа да ластау көздеріне, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген ластау көздеріне кемінде 500 метр жақын ара қашықтықта;
температурасы төмен жерасты сулары шығатын, су иірімдері мен шұңқыр жерлерде;
судың ағысы секундына 0,5 метрден асатын жерлерде;
сазбалшықты учаскелерде, сондай - ақ қолайсыз және қауіпті табиғи факторлары бар кезде (жағалауы жайпақ, құлама жарсыз және шұңқырсыз, ал су айдынының түбі құмды, шалаңсыз, балдырсыз, бұталарсыз және үшкір тастарсыз болуға тиісті).
2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның оң қорытындысынсыз және облыстың жергілікті атқарушы органында міндетті тіркелмеген тікелей жерүсті және жерасты су объектілерінен ауыз суға және тұрмыстық қажеттіліктер үшін су алуға;
3) санитарлық қорғау аймақтарында және суат алаңдары мен су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болмаған жағдайда су объектілерін ортақ су пайдалану тәртібінде мал суару үшін пайдалануға;
4) адамдар көп шоғырланатын жерлердегі су айдындарында зардап шеккендерді құтқару үшін пайдаланатын шағын кемелер мен жабдықтардан басқа, шағын кемелер мен басқа да жүзу құралдарында жүзу.
7. Адамдар көп шоғырланатын жерлердегі су айдынындағы суды жыл сайын, шомылу маусымы басталар алдында кемінде екі рет химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша химиялық және микробилогиялық тексеруден өткізу қажет.
Шомылу маусымы кезеңінде су айдынындағы су айына кемінде екі рет химиялық - микробиологиялық тексеруден өткізіледі (сынама кемінде екі жерден алынады).
Су шомылу аймағынан бір километр (бұдан әрі – км) жоғары ара қашықтықтағы ағыннан және шомылу аймағының екі жағынан 0,1 - 1,0 км ара қашықтықтағы су айдынынан, сондай - ақ, шомылу аймағының шекараларынан алынады.
8. Шомылуға арналған су бетінің шекаралары қызыл түсті қалқитын белгілермен белгіленеді.
9. Мемлекеттің қауіпсіздігін және еліміздің қорғанысын, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны және тарихи - мәдени мұраларды, басқа тұлғалардың заңды және құқықтық мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жекелеген су объектілерін немесе олардың бөліктерін пайдалану шектелуі, тоқтатылуы немесе тыйым салынуы мүмкін.
10. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе тыйым салуды белгілеу үшін дербес немесе бірлесе су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы облыстық мәслихатқа ортақ су пайдалану шарттарын белгілеу немесе тыйым салу қажеттілігін негіздейтін ұсыныс енгізеді.
11. Ортақ су пайдаланудың шарттары немесе тыйым салуды белгілеу негізсіз болған жағдайда, облыстық мәслихат ұсынылған ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе тыйым салуды белгілеуден бас тарту себептерін түсіндіре отырып, су пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
12. Облыстық мәслихат шомылуға тыйым салу және ортақ су пайдаланудың басқа да шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты хабардар етеді, арнайы ақпараттық белгілер қоюды су пайдаланушы жүзеге асырады.
13. Ортақ су пайдалануға тыйым салу немесе шектеу жөніндегі ақпараттық белгілерді орнату шығындарын осы су объектілері дербес немесе бірлесіп пайдалануға берілген жеке және заңды тұлғалар көтереді.
14. Бекітілмеген су объектілерінде осы Қағидаларды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері туралы ескертулер бар тыйым салу белгілерін, плакаттар орнатуды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
15. Су объектілерін мал суару үшін пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан, сондай-ақ, көпшілік демалу орындарынан, мәдени - тұрмыстық, рекреациялық және спорттық мақсаттағы жерлерден тыс жерде және суат алаңдары мен су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртібімен жол беріледі.
Суат алаңдарын жайластыру жөнінде іс - шараларды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.
16. Су пайдаланушылар мынадай су қорғау іс - шараларын жүзеге асырады:
белгіленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына, жерүсті және жерасты суларынан су жинау алаңының ластануына, санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау саласындағы уәкілетті органның шешімінсіз ауыз су сапасындағы суды өндірістік және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермейді.
17. Су шаруашылығы құрылғыларының меншік иелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес олардың техникалық жай - күйінің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікте болады.
18. Суда азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, су объектілері иелерінің, су пайдаланушылар мен ұйымдардың меншік нысанына қарамастан міндеттері мен жауапкершіліктері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.
19. Кеме қатынасы қауіпсіздігі, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жүктердің сақталуы мақсатында жүзеге асырылатын кеме қозғалысын шектеу немесе тыйым салу, «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
20. Осы Қағиданың сақталуын бақылауды өз құзыреттері шегінде ішкі істер және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары жүзеге асырады.
21. Осы Қағиданы бұзғаны үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.